Күн түбіне жортқан жұрт

0
214 қаралды

Ваджаоның ақыры


Дидар АМАНТАЙ


Бірінші бөлім. Елайырылған

Желге қарсы көлденең тартқан ақ желкендерін босатып, жүзетін бағытын дәлдеп, түзетіп, бекітіп алған соң, діңгектерге қайта керіп, мықтап байлап, шылбыр арқан­да­рын шешіп, жағада қалқып тұрған Ваджао қайықтары қаптап ашық теңізге шыға бастады.
Мана, көліктеріне мініп, сал­мағы ауыр жүктерін суға тастаған ер-азамат енді тегіс үнсіз, бәрі тү­гел тесіле алға қарап, жауды күт­кен, тас-түйін, майдангер шерік­тер­дей міз бақпайды. Қарсы соқ­қан жел ұзын шаштарын, ілгері ұмтылған қара қайықтардың сырықтарына байланған байрақты туларындай, желбіретеді.
Ваджао, сірә, қайтпас сапарға аттанып бара жатыр. Ол жақта
өм­ір бар ма, әлде есігін ашып ажал тұр ма, оны азат ғұмырын ақындай жақсы көрген, еркіндігіне ескі пұт­­тай табынған, тәуелсіздігіне жеті атасына дейін құлақ кесті құлындай сенген, ердің сойы, байыр­­­ғы жұрт соңы, көне Ваджао, қара қа­йық­тарды қозғап, қаң­та­рыл­ған жерінен көтеріп, құм беті­мен сырғытып, жабыла сүйреп, жағалау­дан суға құлатқан жаужүрек әрі жауынгер, көне Ваджао, өзі де білмейді.
Көмескі үміт күмәнді ноқталап ертеңге жетелеп келеді. Шалқып жатқан теңіз толқыны, қайық тұмсығына соғылып, тік шапшып, үдемелей жоғары көтерілгенде, биік қарғып барып, шаншыла бағаналарға соғылады, қарағайдан шапқан ұядай қуысқа жылға тап­қан тасқынсудай құйылады.
– Қалды ма? – деді көсем.
– Иә.
Он шақты, үлкенді-кішілі, ұзын­ды-қысқалы ағаш қайықтар сықырлай жүзіп, жылдамдығын көбейткен сайын қарыштап ілгері ұмтылады.
Су бетімен майда сырғиды.

Екінші бөлім. Жаратылыс

Ваджао теңізде туды.
Туғанда, су түбінен көтерілген таудай алып толқындары, биіктен құлап, қайта жасырынған, шет-қиырсыз әлемді жайлаған, көк мұхиттар тосын тынышталып бей­біт қалпында шалқып жатты.
Әлқисса, көне аңыз, ескі әф­сана желістері Ваджаоның судан жаратылғаны туралы ел ішінде ұзақ сонар әңгіме, жұмбақ сыр шер­теді. Ежелден келе жатқан құ­пия шежіре, сан қилы бәйіт, не­түрлі баян, көптеген қисса-дас­тан­дар ұлы уақиғаларды асыра әспеттеп, теңіз тайпаларының жұмбақ жаратылысын асқақ жыр­ларына шабыттана қосып жырлай­ды. Әуелі теңіз қалыптасты, сосын Ваджао дүниеге келді, деседі.
Әпи, ертеде, әкесінен естісе кер­ек, Ваджао дүниеге келгенде, әлемде ел кезген кезбе жолаушыдан басқа ешкім жоқ екен. Көздерін ашқанда, бетпақ даланы аралап келе жатқан бір жиһангерді кө­ріпті. Бұл кім деп сұрастырыпты Вад­жао бір-бірінен, бірақ, сол ме­зет өзіне сауал жолдап үлгер­ме­ген деседі, жиһангер көштің ірге­сінен аяңдап өтіп, теңізге қарай бет тү­зеп кете барыпты.
Djanggawul…
Ваджао қайда барып тұрақ­тай­тынын шешуі қажет еді. Біреулер құрлықтан кетпеу керек, құрлық – адамзатқа ұя, тіршілік кемесі, нәсіл бесігі, содан соң, тән азығы, жан панасы, деп қаулай сөйлепті, абыздар от жағып, алауды шең­бер­лей айнала билеп, жаңғыртып шыңдауылды ұрған, бір сәт Әпидің бергі аталарының арғы бабалары иегімен су жақты меңзейді, біздің Отанымыз – ұлы мұхиттар, шал­қыған теңіздер, айдынды көлдер, дейді әулие-әнбиелер көсемі.
Ваджао теңізді қалады.
Сондықтан, Ваджао теңізде қалды.
Тегі, содан бері суда тұрып жа­тыр. Су бетіне қала салды, қор­ған тұрғызды, қамал орнатты, қара­ғайдан қиып қайық жасады.
Ваджао – теңіз перзенті.

Үшінші бөлім. Мемлекеттер

Ваджао төрт елдің қоршауын бұзып, теңізге сүрлеу салды. Жол сілемін Ваджао ғана білетін еді. Жат нәсіл теңізге тесіліп қанша қараса да көз алдында жатқан даң­ғыл жолды ешқашан көрмейді екен.
Су көшпелілерін тізе бүктіре алмаған алып халықтар азғана жұртты топырақты өлке, азыққа бай жерден қорыққан азғын са­нады. Негізі, адам баласы құрлықта өмір сүруі керек. Пенденің отаны – піл сауырлы қара жер. Ваджао ескі аңыздың болжамын күтіп ғұмыр кешті. Әдетте, елге қамқор аруақтар – жиында айтқан сөзінен жаңылмайтын, сілтеген бағыт-бағдарынан бір сәт адаспайтын құдырет. Әпи. Кәдімгі әулие, нақ көріпкел, анық көреген Әпи. Вад­жао енді бір ұлы жылдардан соң, балыққа айналуы тиіс еді. Ваджао күнде таңертең үстін қарап, құрғақ денесі қабыршықтанып келе жа­тыр ма, жоқ па, бір тексеріп қою­шы еді. Ол өзінің балыққа ай­налуын күтті.
Оң тұстық ел қынадай қыра­мыз, деді, Сол тұстық жұрт бауы­ры­мызға басып, басынан си­пай­мыз, деcті, Батыс жерінен қу­ды, Шығыс шекарасын жапты. Ваджао жалғыз қалды.
Көне низам бойынша, Ваджао тек Ваджаоға сенетін еді.
Олар ешкімге керек емес. Алай­да, Ваджао да ешкіммен са­нас­пайтын. Десек те, Ваджао дү­ние­де жоқ сияқты. Еш жұрт есеп­тес­пейді, туған жерсіз халық – туған суы бар, бірақ, ешкім ке­рек қылмайды.
Ваджао – Отансыз, дәлірек айтсақ, көшпелі жұрт – піл сауыр­лы қара Жердің емес, Ғалам­шар­дың баласы, Планета перзенті.
Бұл Ғаламшар да көшпелі. Ға­рышта өзін-өзі айналып кетіп бара жатыр. Космос, Ваджао түсіні­гінше, алып мұхит. Әр жұлдызда бір-бір қайық. Әркім өз қайығына ие болуы тиіс. Төңкерілген қайық енді қайтып бұрынғы қалпына түсе алмайды, ол басқа кеңістікке батып кетеді. Оның ізін өзге әлем­нен іздейсің.

Төртінші бөлім. Теңізшілердің ақыры

Ваджао кітабы бойынша, тір­шілік – суда, қаза – топырақта. Жау­жүрек теңізшілер ұзақ өмірінде теңіз жағасына екі-ақ мәрте аяқ ба­сады: әуелі, отау тігіп, оқшау шық­­қанда, қайық жасауға тоғай жағалап, орманға барады, сосын, дүние салғанда, ағайын-туысы қайығына жатқызып, бетін тақтай­мен шегелеп жауып, Ваджаолардың зиратына қоюға апарады.
Ваджао өлген адамды түнде қояды. Себебі, адам күндіз туады, түн­де – өледі. Яғни, Ваджао то­пы­раққа тұрған үйімен бірге көміледі. Тұрған үйі – туған үйі. Дүниеге келген нәресте ержетіп, өз қайы­ғын өзі шауып, жеке шаңырақ құр­ғанша, тізімге ілініп, адам са­на­тына қосылмайды.
Ваджао төрт тұсынан жасалған қыспаққа шыдай алмай, су бетімен күн түбіне жортып барады. Күн мен теңіз қабысқан жік, ілік-ша­тыс ұлы көкжиекте Ваджао хал­қы­ның жұмбақ мекені бар деседі. Ваджао Отанын іздеп келе жа­тыр.
Оң тұстық ел толқындарды жа­рып, қақ айырып жүзіп келе жатқан Ваджаоны тек қарсы ал­ды­нан ғана көре алады, сол тұстық ел ту сыртынан танып отыр. Баты­сы­нан қарағандар қайық санын біле алмай дал, шығыстағылар қанша санаса да қайықтың есебіне жете алмай қойды. Шын мәнісінде, Вад­жао төрт әлемдік кеңістікте жү­зіп барады. Қайықтағы Әпи бастаған абыздар дұға оқып, Вад­жаоның ізін жасырып келе жатыр. Сондықтан, Ваджао жоқ. Теңіз бе­тінде Ваджаоның тек елесі ғана қалды.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.