Гүлдің де сірә, болады екен-ау тағдыры…

0
236 қаралды

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Сен қайда жүрсің?

Сен қайда жүрсің,
мені осыншама сағындырып,
жүрегімді лаулатып жалын қылып?
Мен сені іздеп жүрмін
шығар-ау деп жарқ етіп түзден бір күн,
мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.

Жинап жүрмін жүрекке
ашу, ыза – кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән-арманым,
басқаларға айта алмас сырымды мен
ішімде бүгіп жүрем –
ақтаруға тек қана саған бәрін.

Жанымды жайып салам,
көмілмей жасқа, мұңға!
Орап сені сағыныш – ақ сағымға
(қымсынбаймын бар әлем қарап қалса),
сені ұйықтатып алдымда таң атқанша,
отырамын көз ілмей бас жағыңда.


Марфуға АЙТҚОЖИНА

Қыздар-ай

Кешегі қайран қыздар!
Қос бұрымды,
Толқындап қос бұрымы тосты кімді,
Жүрсем де өздеріңнен мен алыста,
Толғаймын мен кешегі жас күніңді.

Сыйғызып құшағыма барлығыңды,
Аламын есіме сол бал күніңді.
Тұнып тұр жүрегімде
Сыңғыр үнің,
Тыңдадым тебіреніп зар-мұңыңды.

Әр тұсқа кететіндей тарап тасқын,
Өмірге өздерінше аяқ бастың.
Жүрсең де бірің ойда,
Бірің қырда,
Тағдырлас,
Өздеріңмен қанаттаспын.

Кетсем де өздеріңнен ірге бөліп,
Бірге ұшып жүремін,
Бірге қонып.
Өздеріңе ұқсаған қоңыр тірлік,
Шаттыққа деме мені жүр кенеліп.

Отырмын қарап, міне,
Жүздеріңе,
Көз тастап алыстаған іздеріңе.
Жанарға келе жатыр жас мөлдіреп,
Сендерді сағынды ма,
Іздеді ме…

Балалық бал дәуренді іздеді ме,
Телміріп қарай берем жүздеріңе.
Жыр жазып жарқын жазда сәлем жолдап,
Жүзімді төсей түсем күз лебіне.

Байқаймын,
Ызғырық бар күз лебінде,
Ұқсаған жандармыз ғой
Гүлге біз де.
Әуенін тырналардың тыңдай түсіп,
Кетіп бара жатамын тізбегінде…


Күләш АХМЕТОВА

Көк көйлекті қыз

Көктем келіп көк гүлдерін санасаң,
Көтерілсе көк таулармен таласа ән.
Көлбей ұшқан көк бұлттарға қарасаң,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Кешір, барлық сырымды да жоқ ашқам,
Жол да бөлек болған екен о бастан.
Мөп-мөлдір боп көзді тартса көк аспан,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Торын құрып ой деген бір өрмекші,
Көз алдыңда көкшіл теңіз дөңбекшіп.
Көктеміңді есіңе алсаң сен де өксіп,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…

Тым ертерек ойлаппыз ғой ұятты,
Сол үшін де кейін жасым жиі ақты.
Жеткізбеген көкжиегің сияқты
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы…


Қанипа БҰҒЫБАЕВА

Жүрек

Кезі жоқ бір шабыстан болдыратын,
Байқасаң жүрек деген ол бір ақын.
Емес пе осы жүрек қасиетті,
Бойыңды қыздыратын, тоңдыратын.

Әнеки, жатыр қанша артта белес,
Ол бізді есіне алып жоқтар емес.
Келмейді күшім әсте паршалауға,
Өйткені жүрек маған көкпар емес.

Бұл жүрек осы өмірмен егіз мәңгі,
Жол біреу,
Жол үстінде көп із қалды.
Адам бар,
Сол адамда жүректер бар,
Көбі отты
болғанымен, көбі ызғарлы.

Бұл уақыт жас жаныма от қаласын,
Басқаның бақытына жоқ таласым.
Осы бір жүрегіммен сырт-сырт соғып,
Сағаты өмірімнің тоқтамасын.


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Ақжелең

Бойжетіп бұрым талда өріп,
Сұлу бол көзді ұрлаған.
Аруда қандай бар көрік
Жайраңдап күліп тұрмаған.

Думанға, тойға сән беріп
«Ақкербез» әнін айтпаған.
Жігітте қанша бар көрік
«Ақжелең» күйін тартпаған.

Қыздырып текке денені
Күн-түні күтіп баптаған,
Жүйріктің қанша керегі,
Бәйгеде оза шаппаған.

Ағатын құздан құлап тым,
Кәусар деп суын мақтаған,
Қажеті қанша бұлақтың,
Шөлдеген адам таппаған.

Кімдерге қажет дана-би
Қамқоры досқа жетпеген,
Несіне керек сарай-үй
Ішінде бір той өтпеген.

Қырлардың қандай сәні бар
Көктемде гүлдер өспеген,
Жастықтың қандай мәні бар
Ақжелең дәурен кешпеген…


Нәзікен АЛПАМЫСҚЫЗЫ

Меже

Жүректің өзі білер –
Кімге құларын.
Бүйректің өзі білер –
Кімге бұрарын.
Көңілдің өзі білер –
Неден қаларын.
Сағыңның өзі білер –
Неден сынарын.
Тек,
Ой-сана, парасаттан,
Намыс пен ар-ұяттан
Білсін деп менің сұрарым:
Адамды хайуанаттан,
Әділдікті қиянаттан,
Тіршілікті қияметтен
Бөліп
Меженің қайда тұрарын!


Гүлнар САЛЫҚБАЙ

Мен бақытты бола салам бір күні…

Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!

Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам –
Көресің!


Жадыра ДӘРІБАЕВА

Қиылыста

Қуаныш сыйла, өтінем,
Азайды өмір шуағы,
Ақ жібек арман сетінер,
Жалбырап күндер құрағы.

Дәулет те, бақ та мен үшін
Сәттерден мөлдір тұрады,
Үрей-құс жайлап ел ішін
Бұл ғасыр бізді сынады.

Шатасып кеткен тірліктің
Болмай да қойды тұрағы,
Береке, ауызбірліктің
Өшті ме әлде шырағы?

Қаңқылдап ұшты беталды
Қаздиған дала қыраны,
Бірінен бірі кек алды
Дауы көп дәуір ұланы.

Берекесіз кей көптіктен
Артық-ау аздың бұла әні.
Көрінген жерге көз тіккен
Белгілі бір күн құлары.

Шаршады жүйке жұқарып,
Көбейіп ұрыс ұраны,
Көгенге көңіл тұсалып,
Қашанға дейін тұрады?

Жөн таппай жортып жүр әлі,
Жамырап дала құланы,
Іздеме бұған кінәні
Сейілмей сана тұманы.

Жегідей жейді жанымды
Жамиғат сөзге құмары,
Дегенді «сақта барыңды»,
Белгісіз қашан ұғары?…


Биғайша МЕДЕУОВА

Тас

Жылатпайды.
Күйзелтпейді тасты мұң.
Қара тастың
тастығында – мықтылық!
Тасты кімге
лақтырсаң да
қастығың.
Тұрады ол
құрметті де ұқтырып.

Тас бетінен
мені іздеңіз сабылып,
Тас сияқты
мықтымын мен
көнтерлі!
Шаршайсыздар,
өшіре алмай
жабылып,
Миығыма қонақтаған
Вольтерді.

Бұл күндері мықты болу мазақ па,
Тас туралы жыр жазу да біртүрлі…
Дұшпандарым түсу үшін азапқа
Тас бетіне қалдырамын күлкімді.


Жәния ЕРАЛИЕВА

Жақсылыққа жорыдым

Жүректің шымшылағанын,
Көңілдің тыншымағанын,
Жақсылыққа жорыдым.
Өзге бақтан гүл атпағанымды,
Өзге жанды ұнатпағанымды,
Жақсылыққа жорыдым.
Бір ұлы сезім пендеде бар деп,
Мендегі жайлар сенде де
бар деп,
Өзімді өзім алдадым,
Үміттің жолын жалғадым.
Жүрегімнің жарлығын,
Барлығын да барлығын,
Жақсылыққа жорыдым.


Баян БЕКЕТОВА

Қанатыма байлапсың қарлығаш-жыр

Жаһаннамның қыспағы қақап-ақ тұр!
Бота көзі дәуреннің боталап тұр…
Жастық – базар жаратып оқысын деп,
Жас дәуренге қалдырдым махаббат жыр.

Өлең жаздым Қаратау қабағыңа,
Сахи далам, сала бер парағыңа.
Қанатыма байлапсың қарлығаш-жыр,
Биік-биік ұшсын деп қарағыңа.

Тұмадайын мөлдіреп тұнғанымды,
Жырларымды қосатын мұңға-мұңды,
«Өлең-Патша!» – «Қыз-ғұмыр» айырығында,
Жаутаң қағып, сезіппе ең, тұрғанымды.
Таба алмастан күй-өмір ырғағыңды,
Тепкіледім жүрек боп құндағыңды.
Мен сүрінген соқпақпен жүрмесін деп,
Сіңіліме ашамын сырларымды…

Алатауды жаңғыртқан үнімменен,
Алтын қанат байланған жырымменен,
Туған үйге асыққан қарлығаштай,

Ұшып саған бар жұрттан бұрын келем.
Аспаныңнан азаттық күнін көрем,
Шаян-өзен шабытым дүрілдеген.
Ақ жаулықты Анам боп қол бұлғайды,
Ақшаңқан үй түндігі түрілмеген…


Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Қара гүл

Ақ гүл де тердім,
Қызыл гүл көрдім.
Ал, мұны
Көргенім осы, қозғалып кетті жан мұңы.
Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға
Гүлдің де сірә, болады екен-ау тағдыры.

Нәп-нәзік болмыс неліктен ғана қаралы,
Жалғыз бұл емес, гүл біткен ертең солады.
Жаудырап тұрып қараған сәтте көзіме
Елестеп кетті қара көз қыздың жанары.

Тұңғиықтанып, түнеріп тұрды қара гүл,
Төбенің төсін қақ жарып шыққан нала бұл!
Бұрылып кеттім… құйындай ұйтқып көңіліме
Беймазаланып, тап бола кетті нала бір…

Мына гүл менің мұңымды жаяр жаршы ма,
Сығылар мұңың, қансыра, жүрек, қансыра!
…Көз орынында көз емес, кейде қарасаң,
Қара гүл тұрар қауызы тұнып тамшыға…


Роза СЕЙІЛХАН

Келген соң көктем

Келген соң көктем
Мұз-қарды ерітпей ме екен,
Қаһарлы қысқа
Ол әлде еліктей ме екен,
Астаң да кестең,
Бір ғажап сезімге бөлеп,
Жүрегі нәзік жандарды
Елітпей ме екен.

Қырмызы гүлді қырдағы
Термегем бе екем,
Көктемді күткен кісілер
Кемде-кем бе екен?
Ызғары қарған аяздың
Жазығы бар ма,
Суыққа тоңған жүрегім,
Емделер ме екен.

Аңсаған көңіл,
Аптығың басылар ма екен,
Кешіккен бақыт,
Мен жаққа асығар ма екен.
Табиғат-Ана жылады
Күн шығып еді,
Менің де онда
Көзімнің жасы бар ма екен.


Танагөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

Мың жылдан соң өлең
жылар солқылдап…

Бір жерлерде, бір сөнбейтін бардай Күн
Елегзимін… Кім бар мені алдайтын?
Сен қайтер ең халге жетсем бір күні
Сенсіз мүлде өмір сүре алмайтын?

Мен қорқамын өртенуден… жанудан…
Шатасудан… Мүлде есімнен танудан…
Сен қорқасың көп өлеңнің біріне
Қысқартылған әріп болып қалудан.

Бізге неге бұлдай берді көркін бақ?
Жатыр бізді ертең жұтар жол тыңдап.
Мен жылаймын…
Менен кейін сені іздеп
Мың жылдан соң Өлең жылар солқылдап…

Пікір қосу