Әлемнің мәні – әйелде…

0
121 қаралды

Әлемдегі ең Ұлы соғыс – Рух соғысы екенін ұмытпа!
Жанна Д’АРК, революционер.

Тарих – жақсы ұстаз, бірақ оның шәкірттері әлсіз.
Индира ГАНДИ, саясаткер.

Мода өтеді, алайда стиль қалмақ!
Коко ШАНЕЛЬ, модельер.

Өміріңдегі ең Ұлы сәттердің қадірін бәрі өткен соң білесің.
Агата КРИСТИ, жазушы.

Жаратушының қалауы – Сіз ойлаған, не жоспарлағаннан да биік дүние.
Опра УИНФРИ, журналист.

Даңқ дегеніңіз – түтін секілді.
Анна АХМАТОВА, ақын.


ХАДИША АНА

Хадиша анамыз – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жары, ис­лам және Әлем тарихындағы бе­делді әйелдердің бірі. Адам­зат­тық асыл тәжі – Пайғам­бары­мыз (с.ғ.с.) Хадишаны ерек­ше құрметтеп әрі әркез: «Ер адам­ның жүрегінде тек бір әйел­ге орын бар!» – деп жүреді екен. Хадиша анамыз Мұхаммед пай­ғам­бар (с.ғ.с.) үшін ең керемет әйел ғана емес, адал дос және ис­лам­ды таратуда таптырмас кө­мекші бола алған. Тіпті, ол дү­ниеден өткеннен кейін де Пай­­­ғамбарымыз (с.ғ.с.) анамыз жайлы махаббатпен еске алып, Ал­лаға шексіз алғыс айтумен болыпты. Хадиша анамыз өте бай әрі өзі саудамен айналысқан екен. Оның әкесі құрайыш тай­пасынан шыққан көпес-тін. Ол өз әкесінен сауда ісін жүргізуді үйренеді. Әкесі қайтыс болған соң, оның ісін мұра ретінде иеленіп, алыс-жақын елдерге сапар шегіп, тек ең сенімді, әділ, қауіпті сауда жолына төзе алатын ерлерді жұмылдыруды көздейді. Дәл осы сауда ісі Хадиша анамыз бен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) табыстырған-ды. Хадишаға ақылмен және білімімен керуендерді басқа қалаға алып жүретін адам керек еді. Осы мақсатта қажет адамдарды табу үшін Меккеге бірнеше рет адам жіберген-ді. Арада көп уақыт өтпей, сенімділігі, көркем мінезімен танылған Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) есімді жас жігіт жайлы естиді. Бұл жағдай Хадишаны қатты қуантады. Хадиша оған жұмыс ұсынып, керуенді басқаруға жіберді. Бірнеше күн өткен соң Мұхаммед сауданы бітіріп, Меккеге көп пайдамен оралады. Хадиша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әркез жанынан табылды, оны қолдап, оған адал болды. Анамыз – Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алланың соңғы елшісі ретінде қа­былдап, Хақ дінге алғаш мойынсұнғандардың бірі!..

ДОМАЛАҚ АНА

Қазақта елге ұйытқы, ерге серік бола білген аналар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – До­малақ ана. Осынау бір ұлы кісі­нің кейінгі ұрпаққа өнеге болар ісі өте көп. Жастайынан бауыр­мал да мейірімді боп өскен До­ма­лақ ана маңына шуақ шашып, ба­рынша кішіпейіл, алдағы күн­нің жайын ойлап, айтар сөзі ақи­қатқа айналған болжампаз қа­сиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын тікелей атамаған екен. Ел ау­зындағы ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме өте көп…
Бәйдібек би бабамыз уақытында жайлауында үйір-үйір жыл­қысы, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүр­гізген асқан бай адам болыпты. Бірде Алатау асып келген қа­лың жау Қаратау жонын жайлап отырған бидің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. О кезде Бәйдібек би бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан «жау шапты» деген хабарды естіп, бабамыз елден жасақ жиып, қа­сына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, ат­танғалы жатқанда Нұрила анамыз: «Малдың құты – бие қол­да! Амандық болса, алты күннен соң жылқы жауға қайыру бер­мей өзі ауылға келеді. Артынан қумаңыз! Тілегім – осы!» – деп белдеуде байлаулы тұрған биені көрсетіпті. Бірақ жауға кек­тенген батыр әйелінің тілін алмай, кетіп қалады. Бәйдібек би жасағы алдыдағы асуға жетіп, жауға қырғын ұрыс салыпты. Алайда, жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Би соғыста қаза тапқан алты ұлын сондағы жазыққа жерлеп, кері қайтады. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған бие жер күңіренте дүлей күшпен кісінеп, сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай бабамыздың қалың жылқысы көрінеді…

Маргарет ТЭТЧЕР

Әлем жұртшылығы Маргарет Тэтчерді «Темір леди» деп «Крас­ная звезда» басылымы журна­ли­сінің мақаласынан кейін атап кетіпті. Бұл лақап ат Ұлыбри­та­ния Премьер-министрінің Совет одағының саясатын сынағаннан соң артынан ерген-ді. Әлгі ат Тэт­чердің көкейіне қона кетсе ке­рек, сұңғыла саясаткер өзінің ең ілкі сайлауалды науқанында: «Бри­танияға «Темір леди» қа­жет!» – деп ұрандатыпты. Бүгін­д­ері «те­мір леди» деп жоғары лауазымдағы қызметте, бизнесте, не ешкімге бағына қоймайтын, бірбеткей азаматшаларды атайтын ғадет қалыптасыпты. М.Тэтчер бакалейщик отбасында дүниеге келген соң, онда ешбір титул, ешбір дәреже, қылаяғы қаржы да болмаған екен. Алайда, соған қарамастан ол ел басқару ісіне араласып, жалпақ Жаһанға та­нылды. Саясат сахнасында жеңіске жету үшін оған асқан шы­дамдылық пен тұрақтылық қажет еді. «Темір леди» тек ел­тұтқа ғана емес, отбасында да абыройлы-тын. Ол жолдасы – сэр Дэнис Тэтчермен ұзақ жыл бақытты өмір сүрді. Бас айналдырар ман­сап Тэтчерге ұл-қыз тәрбиелеуге кедергі келтірмеді. Кейіндеу ол өз естелігінде: «Ар­қасүйер жолдасым болмағанда Премьер-министр дәре­жесіне дейін жетпес ем», – деп ағынан жарылады.

Мэрилин МОНРО

Ол мына жалғанда бар бол­ғаны отыз алты жас қана тіршілік кешті. Бірақ, тарихта қалды! Мон­­роны сол кездегі Амери­ка­ның символына балағандар да бар еді. Өнерпаздың өмір жолы тақтайдай түп-түзу болды деп айтсақ, қателесер ек. Ұлы акт­ри­саның анасы киномонтаж са­ласында еңбек етіпті. Шешесі қызын жастайынан-ақ өнер жолын қуады деп шешкен. Шын аты – Норма Джин!.. Монроның анасы жындыханаға түскен соң, актриса үйден-үйге көшіп жүріп, ақыры балалар үйіне кеп тұрақтайды. Сол кездері бай-бақуатты тұратын балалар оларға саусақтарын шұқшитып: «Жетімдер келді, жетімдер!» – деп кекетеді екен. Сол сәттен бастап Монро тек өзіне ғана сену керектігін ұғынады. Он төрт жастағы Монро өмірді танып, алуан қиындықты басынан өткеріп, ерте есейеді. Тұстастарының оның бойындағы бағалайтын ең игі қасиеті – құлшыныс пен өзін-өзі дамыту еді. Қыз кезінен киноактрисалардың қимылын қайталап, айнаның алдынан шықпайтын болған-ды. Өзін-өзі жетілдіру арқасында кекештіктен құтылу үшін күнде қолына кітап алып ап, барынша даусын шығарып оқитын болған-ды. Бірде Монро Эйнштейнге: «Мен Сіздей Ұлы физиктен бала сүйгім келеді!» – дегенде, ғалым: «Ойыңыз – орынды! Алайда, оның асқан сұлу бола тұра, ақымақтау болғанын қаламаймын!» – десе керек. Бірақ, Монроны тым ақымақ әйел дегенге де қимайсың! Иә, қателік көп жібергенімен де онысынан сабақ алып отырған. Әйел бола тұра, сондай биікке көтерілу – бақ! Ұлы тұлғаның ең үлкен қорқынышы – бір сәтте-ақ ешкімге қажетсіз боп қалу еді…

КЛЕОПАТРА

Бұл есімді білмейтін адам кем­­де-кем! Клеопатра – Мы­сырдың патшайымы боп қана қойған жоқ, ол өз патшалығын рим­діктердің тегеурінен құт­қару­ға тырысқан Ұлы адам. Жә­не оның Әлемге әйгілі Гай Юлий Цезарьмен Марк Антоний ара­сын­дағы байланыс та алуан-алуан аңызбен астасқан. Пат­шайымның өмірінде қызықты де­­ректер өте көп. Мәселен, ол он сегізінде тоғыз жастағы інісі – Птоломеймен некелеседі. Ал, медик Галеннің сөзіне сенсек, Клеопатра космологиямен шұғылданып, Цезарь шашының түсуіне тосқауыл боп, ем-дом жасаған екен. Көбісі патшайымды сұлу деп ойласа керек. Дегенмен, тарихшылардың көбі өзге пікірде. Кембридж уни­верситеті ғалымдарының болжамына сай, Клеопатра аса әдемі әйел болмапты. Және, оның өлімі әлі күнге дейін құпия түрде қалу­да. Бірі, оны у ішіп өлді десе, енді бірі ажалы кобрадан де­седі…

Валентина ТЕРЕШКОВА

Валентина Терешкова – космонавтика тарихына өз атын алтын әріппен жазған кісі. Ра­сын­да да, ғарыш кеңістігіне шығу – оңай дүние емес. Одан бұрын, егер Аспанға ұшқан кісі әйел болса, тағы! Шаруалар отба­сында дүниеге келген Те­реш­кова бала кезінен-ақ Көк­ке ынтызар боп өседі. Ғарышкердің балалық шағы ауыр жылдар, азап­ты кезеңге тап келіпті. 1939 жы­лы әкесі Кеңес-фин қартығы­сы кезінде өмірден озады. 1945 жылы мектепке барған Валентина, жетінші сыныптан соң еріксіз оны тастап, Ярославлдағы зауытқа жұмысқа тұрады. Он жеті жасында сол қаладағы аэроклубқа жазылып, ұшудың қыр-сырын меңгере бастайды. Әсіресе, Терешкова парашютпен секіргенді жанындай жақсы көрген. Жалпы, бас-аяғы ол 163 рет парашютпен секіріпті. 1963 жылы «Восток-6» ғарыш ке­месіне отырып, беймәлімдеу кеңістікті жалғыз өзі шарлап, шар­тарап жұртшылығын таң-тамаша қалдырады. Терешкованың күйеуі де ғарышкер екен: Андриян Григорьевич Николаев.

Ирена СЕНДЛЕР

Ирена Сендлер (Кшижа­новская) – тек әйелдер үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін өте аяулы есім. Поляк халқының ту­масы Екінші Дүниежүзілік со­ғыс кезінде екі жарым мыңға жуық баланы Варшава геттосы­нан аман алып шыққан. Бұл ерлікті атап өтпесек болмас деп түйдік. Оның өмірі таңғажайып­тарға толы. Ирена Гитлер бас­қын­шылығынан азап шеккен ев­рей балаларына көмектескен екен. Сонда батыл әйел бүлдір­шін­дерді көйлегінің астына, кейбірін артына жасырып, жау шеңгелінен аман алып қалып отырған-ды. Бұл әрекеті үшін Сендлер өзін ауыр жаза күтіп тұрғанын біле тұра, ісін ары қарай жалғастыра беріпті. 1943 жылы ол ұсталып, түрмеге түседі. Онда фашистер Иренаны қатты қинайды. Сөйтіп, ату жазасына ке­сіліп кетіп бара жатқан жерінен амалын тауып, құрбы-құр­дастары көмектесіп, қашып шығады. Бірақ, Сендлер құжат бойын­ша «атылған» боп саналып, өңге фамилияны иеленуге мәж­бүр болса керек. Ол құтқарған балалардың аты-жөнін қағаз­ға жазып, бөтелкеге салып, тығып сақтап жүреді. Ержүрек әйел 2008 жылы 99 жасқа қараған шағында өмірден озады. Но­бель сыйлығына ұсынылғанмен, белгілі бір себептермен ал­май қалады.

Малала ЮСУФЗАЙ

Ол – Әлем әйелдерінің білім алуы үшін күрескен және сол үшін Нобель сыйлығын алған ең жас лауреат. Малала 11 жасында ар­найы Би-Би-Си үшін жазған блогы арқылы Жаһанға таны­лады. Онда пәкістандық қыз талибандар режимі, елдегі саяси ахуал мен білімсіздік жайлағаны жөнінде ашына жазады. 2012 жылы Малала кетіп бара жатқан автобусты кенеттен лаңкестер тоқтатып, соны іздеп жүргенін ай­тып, бәрін тінтіп, тергей бас­тайды. Сонда іздеп жүрген адамы өзі екенін айтқанда лаңкестер оқ атып, оны қатты жарақаттайды. Қыз комаға түсіп, ұзақ уақыт бойына есін жия алмай жатады. Ақыры Пәкістаннан Англияның Бирменгем қаласына ауыстырылып, ота жасалынып, ол Ажал аузынан қалады. 2013 жылы Малаланы Барак Обама «Ақ үйде» қабылдайды. Ал, 2014 жылы ол он жеті жасында Нобельді ие­ленеді.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.