ӨТКЕННІҢ САҚТАУШЫСЫ
09.03.2018
1008
0
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұрасын сақтап, оны халыққа дәріптеуші – Д.А.Қонаев музейі. Музей халыққа өз есігін 2002 жылы Д.А.Қонаевтың 90 жылдық мерейтойына орай ашқан. 2012 жылы көрнекті тұлғаның 100 жылдық мерейтойына орай өзі тұрған пәтері Д.А.Қонаевтың пәтер-музейі болып, Тулебаева 119 үй №5 пәтерде ашылған.
Бірінші музей экспозициясы Д.А. Қонаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған тың деректермен жабдықталған. Қызықты экс­по­наттардың қатарына Д.А. Қонаевтың өзі киген костюмын және 1955-60 жылдары Қазақ КСР министерлер кеңесінің төрағасы болған уақытында отырған жұмыс үстелі бар. Бұл үстелдегі Д. А. Қо­наевтың қай орындықта отырғандығы белгісіз, себебі Д.А. Қо­наев қарамағындағы қызмет­керлермен бірдей орындықта отырған. Аңшылыққа, қару-жарақ жинауға деген қызығушылығын білген бас­қа мемлекет басшылары әртүрлі қару түрлерін сыйға тартуға ты­рысқан. Музей қорында қарудың 81 түрі жинақталған. Ерекше атап өтетін Югославияның басшысы Б. Титоның, ГДР басшысы Э. Хонеккердің, Кубаның басшысы, революционер Ф. Кастроның сый­ға тартқан қару түрлерін айтуға болады. КСРО бойынша үш мәр­те Социалистік Еңбек ері атағы Л.И.Брежневтен кейін санаулы ғана адамдарда болған. Соның бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Олар­ды 1972, 1976, 1982 жылдары алған.
Келесі өзі тұрған пәтері тұрғын үйде орналас­қан­дықтан, апата­сы­на екі күн: сәрсенбі және сенбі күндері ғана жұмыс істейді. Музей Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына ай­нал­ған. Музейде барлық заттар Д.А.Қонаевтың көзі тірі кезін­дегідей сол қалпында өзгертілместен сақталған. Қонаевтың жұмыс бөл­месінен кітаптардың 5000 -нан астам түрі қойылған. Ол кітап­тардың басым көпшілігі арнайы автордың тілектерімен қол­таңбалары қойылып сыйға тартылған кітаптар. Танымал оттықтар коллекциясында оттықтардың 476 түрі бар. Басым көпшілігі мем­лекет басшылар, танымал қоғам қайраткерлері сыйға тартқан оттықтар. Д.А. Қонаев өзінің шетелдерге барған сапарларынан арнайы күйтабақтарды өзімен бірге алып келіп отырған.
Д.А.Қонаевтың жұбайы Зухра Шәріпқызы мінезі жайдары өте қонақжай, он саусағынан өнер тамған, ісмер әйел болған. Зухра Шәріпқызының өз қолымен тоқыған кестелері музейдің сәнін келтіруші элементтердің бірі. Суретші А. Китаев тек политбюро мүшелерінің ғана портретін салған. Кейін осы үйде қонақ болып, Д. Ахметұлының портретін бірнеше айда салған уақытында, Зухра Шәріпқызының қонақжайлығына риза болып, З. Шәріпқызының портретін де салып, сыйға тартқан.
Музейде жыл сайын ауқымды іс-шаралар өт­кізіледі. Дәстүрлі түрде жыл сайын 12-қаңтар Д.А. Қо­наевтың туған күні аталып өтілсе, 22-тамыз Д.А. Қонаевтың дүниеден қайтқан күні еске алы­нады. Көктемнің сәуір айында өтетін «Д.А. Қонаевтың сүйікті әндері» қайырымдылық концерті – қала тұрғындарының асыға күтетін концерттерінің бірі. Музейде Ашық есік күндері, Дөңгелек үстелдер, жиындар, Д.А. Қонаевтың туысқандары, замандас­тарымен кездесулер ұйымдастырылады. Соңғы кез­дері музейге келушілер қатарында өз отбасыларымен ке­летін жанұялардың саны артқан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері де осы мұражайға әр­дайым келіп, тиісті деңгейде жарнамалап отырады. Қа­зіргі таңда
Д.А.Қонаев музейі мемориалды му­зей­лердің ішінде келушілердің саны көп музей ретінде өткен тарихтың сақтаушысы, жарқын бола­шақтың бастамасына айналып отыр.
Гүлжан МЕЙРМАНОВА,
Археология, этнология
және музеология кафедрасының доценті, т.ғ.к.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір