САЛТ-ДӘСТҮРДЕ «БІЗ ЖАҚ», «СІЗ ЖАҚ» ДЕУ ДҰРЫС ЕМЕС
09.03.2018
2273
0

«Үйге қарай жүгірме, бүйіріңді таянба, таяққа сүйенбе, есікті керме, табалдырыққа тұрма, тізеңді құшақтама, қолыңды төбеңе қойма, жағыңды таянба, аяғыңды айқастырма» деген тыйымдарды бәріміз де естіп өстік.

«Неге?» дейтін едік ондайда. Олар­дың бәріне берілетін жалғыз ғана жауап болатын – «жаман болады». Не жаман болады, неге жаман болады, оны ешкім түсін­діріп айтқан емес. Бала күнімнен естіп өскен дәл осы тыйымдарды қазір өзім де айтамын. Маған да «неге?» деген сұрақ қойылады. «Жа­ман болады» деп қысқа қа­йы­ра­­мын. Өйткені жауабын өзім де білмеймін. Дұрысы, осы күнге дейін білмейтінмін. Өйткені маған ешкім оны түсіндіріп айтқан емес. Ақын Қасымхан Бегманов пен этнограф Жағда Бабалықұлының сұхбаты негізінде жазылған «Хал­қы мықтының – салты мықты» деген кітаптан, Жәрдем Кейкіннің «Қазақы атаулар мен байламдар» кітабынан бұл сұрақтарға там-тұм­дап жауап тапқандай да болғанмын. Ал жуырда ғана жарыққа шыққан жазушы Зейнеп Ахметованың «Кү­ретамыр» деген кітабында мұ­ның бәріне тиянақты да түсінікті жауап берілген екен. Сегіз-тоғыз баспатабақтық кітапты бір деммен оқып шықтым. Неліктен бүйірді таянуға болмайтынын, тізені неге құшақтамайтынын, жағыңды таянудың нені білдіретінін енді ғана білдім.
«Күретамыр» деген аты жақсы, заты соған сай кітапта адамның дүниеге келуінен, тіпті бойға бі­туінен бастап, өмірден өткенге дейінгі бүкіл салт-дәстүр, ырым-тыйым тегіс қамтылған екен. Кей­бір салтты дұрыс істемей жүр­ге­німізді түсіндім, кей дәстүрлерді мүлдем ұмыт қалдырған екенбіз. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, қазір әр өңір «өз заңымен» жүретін болған. Әсіресе, дәстүр-салтқа кел­генде «біз жақта олай емес», «ол жақтың салты мынадай» деп «тіреліп» алатындар көп. Зейнеп апа бұған да тоқталыпты. «Мен бұл кітапта халықтың мол мұрасы­ның шетпұшпағын, онда да өзім білетін, өзім тұрмыста қолдана­тын­дарды ғана жаздым. Тіпті со­ның өзі еліміздің басқа өңірінде өзгешелеу болуы әбден мүмкін. Осы шығарманы оқыған соң «біздің жақта мұндай емес, мынау қате айтып отыр» дейтіндердің табылатынына күмәнім жоқ. Оған таңғалмаймын. Дегенмен «біздің жақ» деген қай жақ? Бөтен ел, жат жұрт па?..», – дейді Зейнеп апа. Бұл сұ­рақ­қа жауапты алыстан ізде­мейді, өзінің қайын атасы, қазақ­тың батыр ұлы Бауыржан Момыш­ұлының сөзімен жауап береді. Бауыржан атамыз сонау 1974 жы­лы былай деген екен: «Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарында үлкен ауытқу болмағанымен, әр өлкенің өзіне тән өзгешелігі бар. Ол – заңды құбылыс. Өйткені қазақ халқы тарих жолында то­маға-тұйық өмір сүрген жоқ. Әртүрлі халықтармен шекаралас, көрші-қоңсылас тіршілік етті. Олардан ештеңе жұқпады деп кесіп айта алмайсың. Содан кейін, әр таудың өзіне тән қиясы бола­ты­ны секілді, әр өңірдің жер жағ­дайы, табиғаты, соған орай тіршілі­гі адамның санасына, әдет-дағдысына, тіпті киім үлгілері мен тамақ түрлеріне дейін өз таңбасын, ізін салады. Оны ескермей, түсін­бестен «біздің жақтікі дұрыс, се­кіні бұрыс» деп айтуға ешкімнің хақысы жоқ. Ол – надандық. Ұлыстық, рулық санадан көтеріліп, біртұтас ұлттық деңгейден қарасаң, сол өзгешеліктің бәрі – қазақтікі. Оны басқа ұлт жасап берген жоқ, қазақ қалыптастырған, қазақ пай­даланған. Олай болса, ала қойды бөле қырықпай, «бұл – біздің қазақтікі» деп ауыз толты­рып айту өзі бір уыс қазақтың тұтастығына ауадай қажет». «Се­нікі», «менікі» деп бөліне кететін­дер­ге осыдан артық жауап беріп көріңіз!


«АДАМНЫҢ АТЫ – ИТТІҢ КЛИЧКАСЫ ЕМЕС…»

Журналистиканың айналасында жүрген, жасы елуге таяп қалған бір апай қызымның атын сұрады. Нұрилә екенін айттым. «Ойбай, кемпірдің атын қойыпсыңдар ғой», – деді апай. Мұндай жауап күтпеген басым абдырап қалдым. «Енді-і, кейін кемпір болады ғой», – дедім жөпелдемеде аузыма басқа сөз түспей. Бір қарағанда, балаға ат қою дегеннің үлкен жауапкершілік екенін жұрттың бәрі білетін секілді. Бірақ, не мәні, не мағынасы жоқ ат-есімдерді көргенде балаға да, оның әке-шешесіне де жаның ашиды.

«Әрбір ата-ана өзінің көз нұры, қолқа-жүрегі санаған баласына әдемі әрі мағыналы ат қоюды қалайды. Ізгі ниеттен ырымшыл болған халқымыз перзентіне қол бастаған батыр­лар­дың, сөз бастаған шешендер­дің, қара қылды қақ жарған әділ билердің, дәулескер күйшілер­дің, шашасына шаң жұқпаған ақын-жыраулардың атын қоюға пейілді болған. Бірақ әулие-пірлердің атын қоймаған. «Бала­ға ауыр болады, киесін көтере ал­майды» деп, астамшылықтан сақтаныпты», – дейді Зейнеп апа.
Арғы-бергі тарихымызға қарасақ, үлкен адамдардың атын қойғанның өзінде оны тура атамай, еркелетіп басқаша атағандарын көреміз. Ал қазір, тіпті, пайғамбарлардың атын да аспай-саспай қоя береміз. Қой­ғаннан кейін соның салма­ғын білсек те жақсы ғой, «әй, Мұхам­мед, бас аяғыңды», «осы Иса деген иттің баласынан-ақ тарт­тым ғой» деп қарғанып жатқан ата-ананы әр ауладан, әр мек­теп­тен кездестіруге болады. «Ұрпағына қасиетті адамның есімін бере отырып, соған лайық­ты етіп өсірмесе, ол ата-ананың кінәсі», – дейді Зейнеп апа. Өкініштісі, мұндай жауап­кершілік жүгін жұрттың бәрі бірдей сезіне бермейді. Сериал­дан естіген, өзі мағына­сын да білмейтін есім-сойды баласына мақтанышпен қойып жүргендер көп. Сондай қазақтардың бірі қызына «әдемі естіледі» деген желеумен қойған бір есім «жеңіл жүрісті әйел» деген мағынаны білдіреді екен. Арианна, Дар­иан­на, Шарлотта деп те ат қо­йып жүрген қазақтар көп. «Адамның аты иттің кличкасы емес, атты абайлап қою керек. Неге десең, адам есімі мен бол­мы­сы­ның тылсым байланысы бар екені күмәнсіз», – деген екен Бауыржан атамыз бірде.
Ат-есім дегеннен шығады, қазақта батырдың құрметіне Бауыржан атанған балалар мыңдап саналады. Тіпті, Бауыр­жан деген атты иеленген басқа ұлт өкілдері де бар көрінеді. Дегенмен, «Күрета­мырдан» оқыған мына бір жайт бір жағы жағамызды ұстатса (қазір өзі «жаға ұстатты» деген сөз трендке айналды ғой, дегенмен бұл расында да жаға ұстататын жайт екен. – авт.), екінші жағынан адамның аты мен оның тағдыры­ның арасында байланыс бар еке­нін көрсеткендей болды. Зей­неп апа «Күретамырда» Ау­ған соғысының ардагері, Мә­жіліс депутаты Бақытбек Сма­ғұлдан естіген бір әңгімені былайша баяндайды:
– Амангелді Оспанов дейтін бауырымыз Талғар қаласына тойға шақырды. «Бұл не той?» десек, баласына төлқұжат алып, соның қуанышына жайылған дастарқан екен. Е-е, баласының азамат болғанына жасалған той екен ғой деп бармаймын ба! Сөйтсем, баланың Бауыржан деген атын шетелге оқуға бар­ған­да айтуға қиын деп Майклға ауыстырып төлқұжат алыпты. Мы­на той-думан соның құрме­тіне екен. Өзінің аты Амангелді Иманов батырға баланып қойылса керек. Оның әкесі ардақты тұлға Оспан батырмен аттас. Ал баласына Баукеңнің есімін атасы ырымдап қойған екен, енді оны Майклға өзгерт­кен. Түңіліп, күйіп кеттім. «Май­кл демей, бірден маймыл деп қоймадың ба?» – деп бірден бетке айтуға тура келді. Ол маған кәдімгідей реніш танытты. Мен де ары қарай қалмай, тойдан кетіп қалдым. Сол тойдан кейін көп ұзамай Амангелді қайтыс болды. Арада төрт жыл өткенде Майкл мені өзі іздеп келді. Ол маған: «Аға, өмірім біртүрлі өзгеріп, әралуан кедергілер көп кездесіп, берекем кетті. Үлкен бір атаның ақылымен өзімнің бұрынғы Бауыржан деген атым­ды қайтардым. Мазақ болғым келмеді, батыр ата секілді қазақ болғым келді», – деп ағынан жарылды. Баукең атамыздың киелі адам екенін түсінгеніне қуандым.
Адам айтса нанғысыз секілді көрінгенімен, өмірде мұндай да жайттар болып жатқанға ұқсай­ды. Зейнеп апа адамның азан шақырып қойған атынан бөлек, қосалқы лақап аты туралы да әдемі әңгімелеген екен. Абайдың шын аты Ибраһим екенін, Шо­қан Уәлихановтың есімі Мұха­мед-Қанапия екенін мысалға келтіріпті. Келіндердің ат тергеуіне де тоқталыпты. Мұның бәрін біле жүрсек, білгенімізді айта жүрсек, айып болмас. Ал өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтындар болса, олардың обалы өзіне делік.
Бәлкім қателесуім де, бірақ қазіргі кезде қазақтың басын біріктіретін ең негізгі діңгек дін де, тіл де емес, салт-дәстүр ме дей­мін. Ақыл-парасаты мен ақи­дасы, көзқарас-пікірі мен ұстаным-ұстыны әртүрлі, әлеу­м­еттік жағдайы да ала-құла той иелеріне қараған уақытта еріксіз осындай ойға келесің. Қазақша екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтыны да, атеистік көз­қарас­тан айнымағаны мен жаңа молда болғаны да кәдені біледі. Титтей той жасаса да, дәстүрге сай жасағысы келеді. Бұл қуана­тын-ақ жағдай. Тек сол дәстүрдің жөн-жосығын білсе, білмегенін оқып, сұрап барып жасаса дейсің. Бұл ретте «Күретамыр» бағдар іспетті десек, асыра айтқанымыз емес. Сонымен бірге, салт-дәстүрімізді тек той-томалақта, Наурыз мейрамы жақындағанда ғана емес, жай­шылықта да сақтап, ұстансақ, ұтылмасымыз анық.

Жұлдыз Әбділда,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір