«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» пәнінің жаңартылған бағдарламасы
09.03.2018
16072
3

Жанғара Дәдебаев


10-11 сыныптарға арналған (қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша) жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасында қазақ әдебиетін оқытуға бөлінген сағат көлемі аз емес. Бірақ бағдарламаға қазақ халқының ауыз әдебиетінің ешқандай үлгісі енбеген,
ХІХ ға­сыр­дағы қазақ әдебиетінен Абайдың жеті өлеңі, үш қарасөзі, бір поэмасы енген. Бір ғасырдан – бір ақын.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті бір роман, екі өлең көлемінде қамтылған. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті бір роман-эпопея, екі роман, бір повесть, бір драма, бір өлең көлемінде оқытылатын болады.

Бағдарламаға енгізілген шығар­малар кезеңінен, жанрынан тыс әр жерде шашырап жүр. І.Есенбер­­-
ли­н­нің «Көшпенділер» тарихи три­ло­гиясының, С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясының басы, ортасы берілмей, аяғы ұсынылған. Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы – «повесть» ретінде, Б.Мо­мышұлының «Ұшқан ұя» повесі әңгіме ретінде оқытылмақ.
Бағдарламаның үшінші тарауы «Оқу мақсаттарының жүйесі» деп аталады. Осы жүйенің 1) «Түсіну және жауап беру», 2) «Анализ және интерпретация», 3) «Бағалау және салыстыру» деген бөлімдері бар. Олар «Орыс әдебиеті» пәнінің бағ­дарламаларында да осылай ата­лады. Ал енді осы атаулар «Назар­баев Зият­керлік мектептерінің» бағдар­ла­малық құжаттарында оқыту мақ­саттарының таксономия­сы тү­рін­де былай көрсетілген: білу (зн­ание), түсіну (понимание), қолдану (при­менение); талдау (анализ), жинақтау (синтез), бағалау (оценка). Бұлар – білім алушы­лардың таны­мында кезең-кезеңімен қалыптаса­тын ойлау дағдыларының, білім алушы­лардың оқу материал­дарын меңге­руінің танымдық дең­гейлері. Тал­дау, жинақтау, бағалау – жоғары танымдық деңгейдегі дағдылар.
Білім алушылардың ойлау құзі­реттілігін қалыптастыру мен дамыту ісінде аталған алты таным­дық дағдының әрқайсысының өмірлік маңызы бар. Олар өзара сатылы түрде сабақтасқан. Бір деңгейге көтерілмейінше келесі деңгейге асу мүмкін емес. Мысалы, қолдану үшін түсіну шарт, түсіну үшін білу шарт. Білу, білім болмаған жерде қалған танымдық дағдыларға орын жоқ. Бұл дағдылардың әрқайсысы­ның қалыптасу деңгейі білім алу­шы­ның тыңдау (тыңдалым), айту (айты­лым), оқу (оқылым), жазу (жазы­лым) сияқты төрт түрлі нақты еңбек-әрекеттерінің нәтижелері арқылы анықталады. Оқытудан күтілетін нәтижелерді оқу мақсаты түрінде тұжырымдап бекітуге үлкен мән беріледі. Оқу бағдарламасында күтілетін нәтижелерді анықтау, оны дамытуды ақпараттандыру үшін қолданылатын негізгі бағыт — Блум­ның таксономиясы (1956). Орта білім берудегі (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) қазақ әдебиеті пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарла­мары «Назарбаев Зияткерлік мек­теп­­терінің» бағдар­ламалық құжат­та­рымен осы бағытта оң­­тай­ландырылуы орайлы болатын еді.
Блум таксономиясының таным­дық, аффектілік, психомоторлық аспектілері өзара сабақтас. Олардың ішкі жүйесін нақты пәннің мазмұ­нымен, оқытудың мақсаттарымен, оқытудан күтілетін нәтижелермен, оқушылардың оқу жетістігі деңгей­лерінің сипатымен үйлестіру бағ­дарламаны, бақылау-бағалау құралдарын жасаушылардан да, мұғалімдерден де үздік кәсіби біліктілікті талап етеді.
«Назарбаев Зияткерлік мектеп­тері» ұйымының қолданыстағы бағдарламалық құжаттарында басты бағыт ретінде қолданылған таным­дық дағдыларды қалыптыс­тыру, дамыту мақсаттары, оқу мақсаттары таксономиясы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларында (5-9, 10-11-сыныптарға арналған) бұр­ма­ланып пайдаланылған. Білу, қол­дану сияқты дағдылар бағдарла­маны жасаушылар мен бекітуші­лер­дің назарынан тыс қалған. Білім, білу – аталған таксономиядағы бас­тапқы саты. Ол жоқ жерде қал­ған бес танымдық дағдыны немесе байырғы жүйедегі білім, білік, дағ­ды (ЗУН) үшеуін қалыптас­тыр­мақ, дамытпақ болу — бос әуре­шілік.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің бағ­дарламаларында «Назарбаев Зият­кер­лік мектептері» ұйымының бағдарламалық құжаттарында анық көрсетілген танымдық сипаттағы дағдылардың біразы қолданылмай, олардың орнына жауап беру, ин­терпретация, салыстыру дегендер қосылған. Мұндағы жауап беру – «білім» құрамындағы бірлік, ин­терп­ретация – «түсіну» құрамын­дағы бірлік, салыстыру – «анализ» құрамындағы бірлік. Бұл бірліктер білім алушылардың танымдық деңгейлерінің иерархиялық жүйесі­нің құрамдастары бола алмайды. Жаң­артылған бағдарламаларда оқыту мақсаттарын 1) «Түсіну және жауап беру», 2) «Анализ және ин­терпретация», 3) «Бағалау және салыстыру» бойынша жүйелеу – білім берудің тарихы мен теория­сын­да, оқыту мақсаттары бойынша ғылым мен білім қорында қалып­тас­қан, білім беру өндірісінде кеңі­нен қолданылып отырған ғылыми-әдістемелік, психология­лық, та­­ным­­дық жүйе негізінен ауытқу­дың көрінісі. Тек пен түр, бүтін мен бөлшек, жалпы мен жалқы, таным деңгейлері арасындағы иерархиялық жүйені бұзу жүйесіздікке әкеліп соқпай қоймайды. Оның үстіне «Анализ», «интерпретация» секілді ұғымдардың қазақ тілінде лайықты баламасын таба алмау қазақ әдебиеті үшін де, қазақ әдебиеттануы үшін де, бағдарламаны жасаушылар мен бекітушілер үшін де жетістік емес.
1995-2000 жылдары Л.Андерсен мен Д.Кратвол басшылығымен жұмыс жасаған психологтардың тобы 2001 жылы Блум таксо­но­миясы­ның жаңартылған нұсқасын айналымға енгізді. Жаңартылған нұсқада білім – есте сақтау болып аталды, жинақтау жасау деп атал­ды. Танымдық дағды деңгейлері таным­дық процесс деңгейлері ре­тінде нақтыланды: есте сақтау (пом­нить), түсіну (понимать), қолдану (при­ме­нять), талдау (анализировать), бағалау (оценивать), жасау (соз­да­вать). «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламалары «Назарбаев Зият­кер­лік мектептері» бағдарла­ма­ларының басты бағытын анықтаған Блум таксономиясының дәстүрлі нұсқасы бойынша да, жаңартылған нұсқасы бойынша да ыңғайлас­тырылмаған.
«Назарбаев Зияткерлік мектеп­тері» бағдарламаларының басты бағытын анықтаған таксономия бойынша танымдық саладағы әр дағдының бірнеше деңгейі бар. Пән мазмұнын анықтайтын бағдарла­мада ондай деңгейлердің жүйесін жа­сау терең білімді, кемел кәсіби құ­зіреттілікті, бай тәжірибені талап етеді. Танымдық дағдылардың қайсысының қандай деңгейіне қан­дай тақырып, қандай оқу ма­те­риалдары сай келетінін, қандай мақсат қойылатынын, оларға сай оқытудан күтілетін нәтижелер қан­дай болатынын анықтау бұрын қиын болса, қазір де оңай емес, біздің жағдайымызда бұл қиынның қиынына айналғанға ұқсайды.
«Жалпы орта білім берудің мем­лекеттік жалпыға міндетті стандар­тын», «Негізгі орта білім берудің мем­лекеттік жалпыға міндетті стан­дартын» қолдану оқытудан күтілетін нәтижелер түрінде көрсетілген жалпы орта білім беру мақсат­та­рының жүйесіне қол жеткізу ар­қылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға бағытталған. Оқытудан күтілетін нәтижелер – оқыту процесі аяқталғанда білім алушының нені біліп, түсініп, көр­сете алатынын сипаттайтын құзірет­тіліктер жиынтығы. Осы талаптар тұрғы­сынан «Қазақ әдебиеті» пәні­нің бағдарламаларына ортақ осын­дай 12 (5-9 сынып) – 14 (10-11 сынып) мақсат/нәтиженің бірінің сипатына назар аударайық. «Анализ және интерпретация» бөлімінің құра­мындағы бес бөлімшенің бірі – Автор бейнесі. Осы бөлімшеде қойылған оқу мақсаттарының жүйе­сі бойынша, білім алушылар
5 сыныпта «эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтауға» тиіс болса, 6 сыныпта «эпикалық, поэ­зиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтайды». Әдеби шы­ғар­маларды бұлайша «эпикалық, поэзиялық шығармалар» деп топтау – қателік. Өйткені, «эпикалық шығармалар» қатарында поэзиялық шығармалар да болады, ал «поэзия­лық шығармалар» қатарында эпи­ка­лық шығармалар да болады.
7 сыныпта «эпикалық, поэзиялық, дра­малық шығармадағы автор бей­несін анықтау» мақсаты қойылады. Бұл да қате. Өйткені, сөз өнері, көр­кем әдебиет туындыларының «эпи­калық, поэзиялық, драмалық» деп топтастырылмайтыны, жіктел­мейтіні Аристотель заманынан бері белгілі. 8-9 сыныптардағы мақсат – «автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көріні­сін талдау». 10 сыныпта «шығар­мада­ғы авторлық идеяның өмір шын­дығымен байланысын айқын­дау» қажет болса, 11 сыныпта «автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау» шарт.
«Автор бейнесі» — поэтикадағы, лингвопоэтикадағы күрделі, қиын мәселе. Әдеби шығармада автор бейнесі затты келбетімен көрін­бей­ді, имплицитті. Білім алушылардың зат­ты келбеті көрініп тұрмаған бейнені анықтау дағдысын қалып­тастыру – әуресі көп іс. Автор бей­несін анықтау әл-Фараби сипат­таған «әрекетшіл ақыл-парасат» деңгейінде ғана мүмкін болмақ. Бұл – кәсіби зерттеушілердің ісі.
Енді «автор бейнесін анықтау» деп аталып отырған оқыту мақса­тының орындалуы жайына келейік. Мысалы, 5-сыныптағы «Керқұла атты Кендебай» ертегісін, «Қобы­лан­ды батыр» жырын, «Асан­ қайғы­ның жерге айтқан сынын» оқытуда мынадай мақсаттар қойылады:
Түсіну және жауап беру (бойын­ша):
5.1.1.1 – әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сю­жеттік дамуын сипаттау…
Анализ және интерпретация (бойынша):
5.2.2.1 – эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтау.
5.2.4.1 – көркем шығармадан алған әсерін сипаттап, авторға хат, өлең жазу…
«Керқұла атты Кендебайды», «Қобыланды батырды», «Асан қай­ғының жерге айтқан сынын» оқыту­да мұндай мақсаттарға жету мүмкін емес. «Негізгі орта білім берудің мем­лекеттік жалпыға міндетті стан­дарты» білім алушыдан а) шығарма авторының көзқарасын түсінуді талап етеді. «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптары шегінде білім алушы а) шығарма авторларының өмірлік және шығар­машылық жолы туралы негізгі деректерді біледі, ә) автордың ұстанымын түсінеді. Білім беру аяқталғанда, оқытудан автор ұғымымен байланысты күтілетін нәтижелер осындай. Дұрыс. Оны орындау жалпыға міндетті. Ал жаңартылған бағдарламалардың оқытудан күтілетін нәтиже түрінде стандартта көрсетілген мақсатты ескермеуі, оның орнына білім алушылардан автордың бейнесін анықтауды талап етуі дұрыс емес.
Негізгі және Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға мін­детті стандарттарында автор ұғы­мына қатысты оқытудан күтілетін нәтижелер қандай екені жоғарыда көрсетілді. Оқытудан күтілетін стандарттық нәтижелер – оқу мақ­саттарын, білім мазмұнын анықтау­дың негізі. «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларындағы «Автор бей­несін анықтау» мақсаты мем­ле­кет­тік стандарттар бойынша оқыту­дан күтілетін нәтижелерге сай кел­мейді.
Түйін: а) бағдарлама мазмұны толымды емес; ә) бағдарламада ұсынылатын білім мазмұнының құрылымында жүйе жоқ; б) бағдар­ламада оқытудан күтілетін нәти­желердің оқыту мақсаттарымен нақтылану жүйесін анықтауда жүйесіздік орын алған; в) бағдарлама тиісті деңгейде білім берудің мем­лекеттік жалпыға міндетті стандар­тында анықталған оқыту нәти­же­леріне сай келмейді; г) бағдарлама «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бағдарла­ма­лық құжаттарында басты бағыт ретінде негізге алынған оқу мақ­сат­тарының таксономиясына ың­ғай­лас­тырылмаған; д) бағдарламаның мазм­ұны, ғылыми-әдістемелік және нормативтік негізі тұтыну­шы­лардың талаптарына жауап бере алмайды.
Жаңартылған мазмұндағы үл­гілік оқу бағдарламасының сапасы оны жасаудың ғылыми-әдістемелік, нормативтік-құқықтық негізіне байланысты. Бұл жерде заң, мем­ле­кеттік жалпыға міндетті стандарт, тиісті білім беру деңгейі бойынша үлгілік білім беру бағдарламасы өзара тығыз бірлікте болуы аса маңызды. Білім беру жүйесі жетілген жұртта үлгілік білім беру бағдар­ла­масы тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт негізінде жаса­лып, талқыланады, мемлекеттік оқу-әдістемелік бірлестікте қарас­тырылады, соның мақұлдауынан кейін бекітіледі. Оның құрамына барлық оқу пәндерінің үлгілік бағдарламалары енеді. Білім берудің мақсаты мен міндеттері, оқытудан күтілетін нәтижелер және басқа құндылықтар осы құжатта жинақта­лып, тиянақталады, ғылыми тұр­ғыда жеткілікті негізделеді. Бұл – өте аумақты, маңызды, әлеуметтік, мемлекеттік мәні зор құжат. Ел қа­тарлы біздің білімдарларымыздың да осындай жүйеде үлгілік білім беру бағдарламасын жасауына болу­шы еді.

ПІКІРЛЕР3
Фарида 18.03.2018 | 18:45

Негізі бағдарламаны оқушының жасерекшелігіне сай, түсінікті, қысқа, нұсқа етіп жазу керек…
Айта — айта…

Аноним 23.10.2019 | 21:05

Кендебаи деген сондаи оку барма

Аноним 15.04.2021 | 16:36

10-сыныпта берілген шығармалар өте жеңіл,А.Кемелбаеваның ,,Шашты» деген шығармасының өзі бес сағатқа берілген.Оқушылардың жас ерекшелігі ескерілмеген сияқты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір