Түркілердің Қайсыны

0
120 қаралды
Қайсын Құлиев – поэзияға тау үнімен келіп қосылған ақын. Оның жырларында таудың асқақтығы, тау өзенінің арыны басым. Өзі туып-өскен балқар жұртында Қайсын Құлиев өлеңдерін жатқа білмейтін адам жоқ деседі. Ал түбі бір түрік жұрты Қайсын жырларын қалай қадірлеп, қалай құрмет тұтып отыр? Бұл сұрақтың жауабына әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Шығыстану факультеті, ТҮРКСОЙ кафедрасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел барысында қаныққандай болдық.
Қайсын Құлиевтің шығар­ма­шы­лы­­ғына арналған бұл жиынның өтуіне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Шы­ғыстану факультеті мұрындық бол­ды.
Шығыстану факультетінің де­каны Ық­тияр Палтөре түбі бір түркі жұр­ты­ның шығармашылық мұра­лары, ортақ құндылықтары бір екенін, түркі жұр­ты­ның тілі, ділі, мәдениеті бір арнада то­ғысып, әлем­дік өркениетке бастап ба­рар асыл қазынамызға арналуы тиіс еке­нін атап өтіп, Шығыстану факу­ль­теті мен ТҮРКСОЙ кафедра­сының осы мақ­сатта бірталай шар­уалар ат­қа­рып жатқанын тілге тиек етті.
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мын­­дағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаев Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойы түркі әлемінде қалай аталып өткені жайлы айтып өтті: «2017 жылдың 1 қарашасында туғанына жүз жыл толған көрнекті ақынның ме­рейтойы балқар жұр­тында кең кө­лемде тойланды. Оған дүние­жүзіндегі түркі халықтарының зиялы қауым өкіл­дері қатысып, Қайсын рухын ас­қақтатты. Қазақс­тан тарапынан Жазу­шылар одағы­ның мүшелері, белгілі қа­ламгерлер Темірғали Көпбаев пен Әділ­ғазы Қайырбековтер барып қа­тысқан болатын. ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымының басты мақсаты – түрікке ортақ шығармашыл мұраларды насихаттау. Осы мақсатта Қайсын жылы түркі мемлекеттерінде кең кө­лем­де аталып өтті. Былтырғы жылдың 7-8 желтоқсан айында Әзір­байжан ас­танасы Баку қаласында Қайсын Құ­лиев­тің мерейтойын өткіздік. Осы жыл­дың ақпан айының соңында Қыр­ғызстанда өткен кеш Қазақстанда жал­ғасып отыр.
Бұл шарамызды студент-жас­тар­дың арасында өткізуімізге ниет біл­діргеніміздің өзіндік себебі бар. Кеңес өкіметі тұсында қазақ оқыр­маны Қай­сынды көбірек білетін еді. Қазіргі жас­тар Қайсын Құлиевті ұмытып бара жатқандай. Бұл аудар­маның, әлде насхаттың кемшілігі ме – әдебиет­тану­шылар ара-жігін ажырата жатар. Біздің мақсат – түркі жұртына белгілі қалам­герлерді наси­хат­тау, олардың шығар­ма­шылық мұрасын кеңінен таныс­тыру, әсіресе, жастар арасында түбі бір түркі жұр­ты­ның мәдени мұрасын толық­қан­ды жеткізу. Себебі, Қайсын поэзиясы кез келген түркі баласына ортақ мұ­ра».
Шара барысында Қайсын Құ­лиев­тің екі бірдей кітабының тұсау­кесер рә­сімі өтті. «Тәңірінің қы­лы­шы» деп ата­латын кітапта Қай­сын жырлары же­ті тілде сөйлеген екен. Одан өзге, Қ.Құлиевтің «Бұл таулар тұ­рып тұр­ғанша» атты, тау тақыры­бында жазған өлеңдері түрік тілінде жарық көрген.
Жиын барысында ақын, Қа­зақстан Жазушылар одағы Басқарма төраға­сының бірінші орынбасары Ғалым Жай­лыбай: «ТҮРКСОЙ ха­лықаралық ұйы­мы түркі дүниесіне қатысты ша­раларды ұдайы жоғары деңгейде ұйым­дастырып келеді. Қайсын да – түркі жұртына ортақ үлкен тұлға. Ол – үлкен тағдыр иесі. Ақындықтың бақытын да, азабын да кешті. Халқымен бірге ай­дауда да болды. Соғыстың да ауырт­палығын көрді.
Сталиндік қуғын-сүргінді бастан кеш­кен балқар халқының қазіргі саны бар-жоғы 120 000 айналасында. 1944 жыл­дың 8 наурызында, бір апта­ның ішінде балқарларды жер аударғаны белгілі. Олардың ең үлкен бөлігі қазақ пен қырғыз даласына қоныстанған. Деректер Қазақстанға 20 мыңға жуық балқарлардың келге­нін айтады. Бал­қарларға сол жылда­ры тағылған небір аяусыз жалаға қарамастан, түбі бір туыс балқарды қазақ меймандос көңіл­мен қарсы алды. Тіпті, мың жылдық құда болы­сып кеткендер де көп. Қазір Қазақс­танда мыңдаған балқарлар тұрады. 1950 жылдардың аяғына қарай еліне қайта кеткен кезде, балқарлар ұрпа­ғына: «Қазақтың баласын көр­сеңдер, сыйлап өтіңдер», – деп аманат­тап кет­кен екен. Міне, осындай азап кеш­кен кішкентай халықтардан үлкен-үл­кен тұлғалар шықты. Балқар деген ха­лықтың байрағын көтеріп, бал­қар­дың алмас қылышы болып Қай­сын Құ­лиев жасындай жарқылда­ды.
Өзім Нальчик қаласында бол­дым. Қайсын ағаның туған жері Че­гем деген ауылдағы мұражайын көр­дім. Ұрпа­ғының қолынан дәм таттым.
Кішкентай Чегем деген ауылда туып, әлемге Қайсын Құлиевтің үні жет­ті. Ол тұтас халықтың үніне, жы­рына, намысына айналды», – десе, про­фессор, филология ғылымы­ның докторы, әдебиет сын­шы­сы Дан­дай Ысқақұлы Қайсын Құлиев шы­ғармаларын оқыту мен түркіге ортақ әдебиет оқулығын жазу мәселесіне кеңі­нен тоқталды. Ал, Түркі мәдениеті ор­талығының басшысы Ахмет Дағду­ран тоталитар­лық жүйенің ауыртпалы­ғына қара­мастан бір-біріне деген бауыр­лас­тық сезімі жойылмаған түркі жұртының бауырмалдығы бүгінгі таңда да аса қажет екенін атап өтті. Қайсын Құлиев­тің балқар жұртында болған ұлы тойына қатысып қайтқан қаламгер Әділғазы Қайырбеков: «Чегем шат­қалында Қайсынның кіндігі кесілген екен. Сол үйді музей­ге айналдырып қойыпты. Үйге барар жолда «Қайсын Құ­лиевке дейін жүз қадам» деп жүз өлеңін тасқа қашап­ты. Бұл да Қайсын рухын асқақтату­дың, Қайсын жыр­ларына деген құрметтің ерек бір көрі­нісі», – деп туған балқар халқы ақынын қа­лай дәріптеп отырғанын айтып бер­ді.
Түрксой кафедрасының меңгеру­шісі Қыдыр Төрәлі кафедрада оқи­тын студенттердің алты бірдей түрік тілінде еркін сөйлейтінін айтқан еді. Кафедра меңгерушісінің сөзінің дәлелі ретінде Қайсын Құлиев жырларын студенттер бірнеше тілде айтып берді. Ақын Мақ­пал Мыса Қайсын Құлиевтің «Таң жұл­­дызы» өлеңін өз тәржімасында оқы­ды.
Жиынға қатысушылар бола­шақта Қайсын Құлиев шығар­ма­шылығы туралы тың зерттеулер жүр­гізіліп, ғы­лыми жұмыстар жаса­латыны жайлы қо­рытындыға келді.

Қ.Серікқызы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.