Әліпбидің жаңа редакциясы жайында
09.03.2018
2545
0

Латын графикасына негізделген қазақ тілі
ӘЛІПБИІ

2018 жылдың 19 ақпанында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа редакциясы жарияланды. Оны әліппе зерттеуші, жазушы және жаңа әліпбидің үлкен жанашыры ретінде асықпай зерттеп-зерделеп шығып, енді ол туралы ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Жаңа редакцияда таңба саны бұрынғысынша 32 екен. Оның 23-інде ешқандай өзгеріс жоқ, тек 9 таңбада ғана азды-көпті өзгеріс болыпты. Яғни бұрынғы нұсқада A’a’ [ә], G’g’ [ғ], I’i’ [и, й], N’n’ [ң], O’o’ [ө], S’s’ [ш], C’c’ [ч], U’u’ [ү], Y’y’ [у] сияқты 9 әріптің шеке тұсында осы көрсетілгендей апостроф бар еді, жаңа редакцияда олар апострофтан арылыпты. 6 дыбысты таңбалау үшін Á á [ә], [ғ], Ńń [ң], Ó ó [ө], Ú ú [ү], Ý ý [у] сияқты 6 әріптің төбесіне «акутка» деп аталатын осындай қосымша бел­гі қойылыпты. [и], [й] ды­быс­тары нүктесіз «Іı » таңбасымен, ал [ш] дыбысы «sh», [ч] дыбысы «ch» диг­рафтарымен таңбаланыпты.
Біз «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған (27.10.2017) «Әліп­бидің апострофты жобасы жөнін­де» деген мақаламызда 9 апостроф­тың тым көптігін, олар өзінен кейінгі әріптерді ары ығыстырып, сөз құрамындағы әріптерді жік-жікке бөлетінін, сөйтіп мәтіннің көлемін ұлғайтып, көркін де бұза­тынын; сондай-ақ жазу жылдам­дығын тежеп, уақытты да жейтінін айтқан едік. Жұртшылықтың осындай пікірлері ескеріліп, жаңа редакцияда әліпбидің апострофтан арылғаны өте дұрыс болған.
Латын графикасына негіздел­ген жаңа әліпбиде 32 дыбыс таңба­лануы керек. Оларға, біріншіден, қазір­гі латын әліпбиіндегі 25 әріп толық жетпейді, екіншіден, сырт­тан латын әліпбиіне жат, бөтен таң­ба алуға және болмайды. Сон­дық­тан әріп жетпеген ол дыбыс­тарды соған жақын дыбыстың әріптеріне қосымша белгі қою не диграф арқылы таңбалауға мәжбір боламыз. Сол себепті 6 дыбысты 6 әріптің төбесіне акутка қою арқы­лы таңбалау бізге де дұрыс көрінді. Олар жазудың көркін де бұзбайды, көлемін де ұлғайтпайды. Дегенмен аздап жазу жылдамдығын тежей­тіні бар.
Ал енді жаңа редакцияда екі дыбыстың «sh» [ш] және «ch» [ч] диграфтарымен таңбалануы әлі де ойлануды керек ететін сияқты. Олай дейтініміз, біріншіден, [ш] дыбысы мен әрпі тілімізде жиі қол­данылады. 2013 жылы Тіл білі­мі институты шығарған «Қазақ сөздігінде» «ш» әрпінен басталатын 7000-дай сөз бар. Оның үстіне бұл әріп сөздің ішінде де, соңында да келе береді. Сондықтан «sh» ди­графы­ның мәтіннің көлемін ұлғай­тып, жазу уақытын да ұзартып жіберетін қолайсыздығы бар. Мысалы, «Шашу шаш» деп 7 әріппен жазып жүрген сөйлемді «sh» диграфы бойынша «Shashý shash» деп 11 әріппен жазады екенбіз.
Екіншіден, «sh» диграфының құрамындағы «s», «h» таңбалары­ның кей сөздерде дәл осындай түр­­де тоқайласатыны және бар. Бұл жағдай ол сөздерді бұзып оқу­ға әкеп соғады. Мысалы, Шыңғыс­хан есімі мен дәрісхана, асхана сөздерін бұл диграфпен Shyńǵyshan, dá rishana, ashana деп жазамыз. Оларды жұрт Шыңғышан, дәрі­шана, ашана деп оқуы мүмкін ғой. Жеңісхан, Досхан, Әуесхан, Күмісхан, Күлісхан сияқты адам аттары да осы күйге ұшырайды. Сондықтан [ш] дыбысын «sh» диграфымен емес, жоғарыдағыдай, төбесіне акутка қойған «Śś» әрпімен таңбалаған дұрыс болар.
Ал [ч] дыбысы мен әрпі тіліміз­де өте сирек қолданылады. Мыса­лы, 106 мың сөз енген «Қазақ сөз­дігінде» бұл әріптен басталатын 36 ғана сөз бар. Бірақ ол шетелдік ел (Чили, Чад), адам (Чехов, Чайковский), жер-су, тағы басқа атаулар­да едәуір көп кездеседі. Оны да диграфпен емес, латынның басы бос тұрған «Сс» әрпімен таң­баласақ қайтеді деген ой келеді.
Жоғарыда аталған «Әліпбидің апострофты жобасы жөнінде» деген мақаламызда [Xx] дыбысы мен әрпін жаңа әліпби құрамына енгізу туралы да жазған едік. Соны тағы да қайталау қажет болып тұр. Әліпбиде [Hh] дыбысы мен әрпі [Xx] дыбысы мен әрпінің орнына да қолданылады деп көрсетілген. Сонда хан, хор, хлор, хром, храм, химия, хана деген сияқты бірнеше жүздеген термин сөздерді «Hh» әрпімен һан, һор, һлор, һр­ом, һрам, һимия, һана деп жазып, солай айтатын боламыз ба? Жа­зылуы мен айтылуы тілімізде әбден қалыптасып кеткен мұндай сөздерді олай ету, қаттырақ айт­қан­да, тіл бүлдіру болар еді.
«Хх» әрпімен жазылатын сөз­дер тілімізде аз емес. «Hh» әрпімен жазылатын сөздерден бірнеше есе көп деп айтуға болады. Жоғарыда аталған «Қазақ сөздігінде» осы «Хх» әрпінен басталатын 500-дей сөз бар. Және бұл әріп сөздің ішін­де де (тойхана), соңында да (тарих) келе береді. Бұл әріп өзбек, әзір­бай­жан, орыс, ағылшын, және басқа көптеген тілдердің әліпбиле­рін­де бар. Таңбасы латын әліп­биін­де (Хх) дайын тұр. Сондықтан оны әліпби құрамына жеке әріп етіп енгізген дұрыс. Әріп саны көбейіп кетеді десек, оны «Hh» әрпінің орнына қойған жөн.
Енді айтпаса және жөндемесе болмайтын маңызды бір нәрсе бар. Қазір халықаралық «алфавит» терминінің баламасы етіп «әліпби» сөзін қолданып жүрміз ғой. Ол – дыбыс пен буын жүйелі жазудағы әріптердің белгілі бір ретпен тізіл­ген жиынтығы дегенді білдіреді. Оны оқушыларға 1-сыныптан бастап сол ретпен жаттатады. Ол сауатты адамға оны қолдана білу үшін және сан мыңдаған сөздерден тұратын сан алуан сөздіктерден керек сөзін оңай тауып алу үшін қажет.
Әліпбиді жаттауға оңай болу жағын ойластырғаннан болар, қолданыстағы әліпбиде дыбыс­талуы жақын, ұйқасты дыбыс әріптері жұптасып, қатар тұрғанын көреміз. Мысалы, а-ә, б-в, г-ғ, ж-з, к-қ, о-ө, с-ш, у-ұ-ү, х-һ, ы-і деген сияқты.
Жаңа әліпбиіміздің бүгінге дейінгі барлық нұсқаларында әріптердің орын реті ескерілмей келгені байқалады. Өйткені олардан «Bb» бір жақта – «Vv» бір жақта, «Jj» бір жақта – «Zz» бір жақта, «Kk» бір жақта – «Qq» бір жақта, «Ss» бір жақта – «Sh sh» бір жақта, тағы басқа болып, әліп­бидегі көп әріптер өз орындарын таппай тұрғанын көреміз.
Латын графикасына негіз­делген қазақ тілі әліпбиі бойынша әліппе, қазақ тілі оқулықтарын жазатын, орфографиялық, орфоэ­пиялық, және басқа сөздіктер жасайтын уақыт таяп келе жатыр. Солардың бәрі үшін де әріптердің әліпбидегі орындары реттеліп, заңдастырылуы керек. Бұл – әрине, әліпбидің басы-қасында жүрген тіл білімі мамандарының ісі. Дегенмен біздің басымызға да әріптердің қолданыстағы кирилше әліпбидегі орын реті сақталғаны дұрыс-ау деген ой келеді. Өйткені олар қазіргі ұрпақтың жадында жатталып қалған және сан алуан сөздіктер мен энциклопедиялар сол әліпбидегі әріптер ретімен жасалған.
Латын графикасына негіздел­ген қазақ тілі әліпбиінің 2018 жылдың 19 ақпанында жариялан­ған жаңа редакциясы жөнінде айтпағымыз міне осылар еді.

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ, жазушы, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әліппе зерттеуші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір