Қарагөзден «Қарашаңыраққа» дейін
09.03.2018
2518
0

Ғайникамал БАЙҚОШҚАРОВА,
актриса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері


– Сізді театр сахнасынан, экран­нан көрген сайын бойыңыздан ак­тер­ге тән емес бұйығылық байқаймын, мұ­ным шындыққа қаншалықты жа­қын?..
– Өмір болған соң оның иірімі әр­қилы. Қамығу, қуану, сүріну, жы­ғылу, қайраттанып қайта тұру – барлығы да кеудесінде саңылауы бар адамға тән қасиет. Әрбір ортада сені бағытыңнан адастыруға бейіл, көзге көрінбейтін су астының ағы­ны секілді екпіні қатты жайттар болады. Бір адамдар атақ-даңққа, құрмет-қошеметке тез жеткісі ке­ліп, сондай жайттарға ілесіп кетеді. Ал алысқанмен алысып, жұлыс­қан­мен жұлысып, «тас атқанға…» ас ата алмай қалсаң, ертең өзіңнің кім болғаныңды білмей қаласың. Мен мұндай жайттардан барынша аулақ жүруге тырыстым. Бұйырған рольді ойнадым, бұйырмаған рольге жар­маспадым.
– «Сәл де болса табандап жібер­сем, осы роль маған тиер еді…», – де­ген өкініш болған жоқ па?
– Мен – әжемнің қызымын. Ол кісі мені жастайымнан бауырына басты. Ақсүйек адам еді. Бала кү­нім­нен әжемнің қасында ойнап жү­ріп, оның айтқандарын құлағыма құйып өстім. Бұйырғанға шүкір айту мен бұйырмағанға өкінбеуді әжемнен үйренген шығармын… Қазіргі балаларға қиын-ақ, олардың әке-шешесі жұмысбасты, көбінің әжелері бөлек тұрады. Сол себепті, бүгін­гі балалардың көпшілігі әже­сі­нің әңгімесін естімей өсіп келеді. Заманның талабына сай балаларды әртүрлі үйірмелерге беруге барлық отбасының жағдайы келе бер­мейді.
– Дәрігерлер дайындайтын оқу орнында оқып жүргенде күрт айнып, актер болуға бел шешкеніңізге қарағанда актерлік бала арманыңыз болғаны ғой?
– Бала күнгі санамда әртіс болу деген ұғым болған жоқ. Ауылға «Бродяга», «Господин 420», «Аршын мал алан» деген киноларды әкеліп қояды. Экранның бар-жоғын біл­мей­мін, кино қоюшылар экранды өз­дерімен бірге алып келе ме екен?.. Ол кезде пленкадағы кино тіпті, әппақ керегеге қойса да көріне бе­ру­ші еді ғой. Экраннан көз алмай­мыз, күлетін жерде күлеміз, жылай­тын жерінде кейіпкерлерді аяп жылаймыз. Көргенімнің барлығы санамда қалады. Әке-шешем жұ­мыс­та, әжем қонаққа кеткенде жал­ма-жан сандықты ашып мата­ларды алып сари жасап иығыма жабамын, шашымды бостау өріп иығымнан асырып тастап жіберіп, үйдегі үлкен айнаның алдында кинодан көрген кейіпкерлердің қи­мылын қайталап, мінезін сала­мын. Біресе Наргиз, біресе Мая бо­ламын. Наргизді қаншалықты аясам, Маяны соншалықты жек көремін. Әжем келеді-ау деген уа­қытта әлгі матаның барлығын орап-орап сандыққа тыға саламын. Жұ­мағали есімді бауырым да өнерге жақын еді, «Бродяга» фильміндегі әндерді айтқанда алдына жан салмайтын. Бірақ әкем оны заң факультетіне жіберді. Өнерді жақсы түсінгенмен, біздің халық әртісі болуды аса жарата бермейтіні бел­гілі… Мені актерлікке жақсылық­тың жаршысы болып, жағымды кейіпкерлерді сомдасам деген риясыз сезім жетеледі. Адамның бойында осы салаға деген шексіз ықылас пен табиғи талант болмаса актерлік деген жайсыз мамандық қой…
Таңертең театрға алып-ұшып, тер­леп-тепшіп келеміз, біз келгенде Әзірбайжан Мәдиұлы спортзалдағы станокта сықиып тұрады. Ол кісіні көргенде апыл-ғұпыл орнымызға барып тұра қаламыз. Қатал, талап­шыл еді. Ол кісінің жұмыс істеу тәсілінде массовка бастапқы кө­рініс­пен бірдей. «Ана – Жер – Ана» спектаклінде сахнаға бір жағынан кіріп, бір жағынан шығып жатамыз. Толғанай жылағанда көзің жылты­рап қарап тұруға болмайды, ол жы­ласа жылаймыз, сөйлесе тына қаламыз, қайткенде де оның көңіл-күйіне ену керек. Әзекеңнің бұл та­лабы бізге өте үлкен мектеп бол­ды. Массовкада жинаған тәжіри­бем­нің кейінгі рольдеріме көп септігі тиді.
– Тоқсаннан астам роліңіздің ішінен жаныңызға жақын – Қарагөзді 50 жасқа толған мерейлі сәтте ойна­ған екенсіз, ол жасыңызда Қарагөздің іш­кі толқынысын жеткізу қиын бол­мады ма?
– Қарагөзді Ә.Мәмбетовтың қойылымында ойнадым. Көркемдік кеңес құрамындағы Сәбира Майқа­нова, Шолпан Жандарбекова, Би­кен Римова, Зәмзәгүл Шәріпова сынды апаларым дайындығымды жоғары бағалап батасын берді. Қарагөз бейнесін алғаш сахнаға шығарған Зәмзәгүл апай «Ғайни­камал, сен Қарагөздің трагедиясын алып шықтың», – деген пікірін ай­тып, қолдау білдірді. Осылайша, 50 жылдық мерейтойымда Қарагөзді ойнадым. Бұл менің өз-өзіме жаса­ған сыйлығым іспетті еді. Актриса бір рольді жайдан-жай арманда­майды, жанына жақын кейіпкерді сомдауға талпынады. Қарагөздің ролін армандаған актрисаның жан­дүниесі Қарагөздің демін жүрек лүпілін сезетіндей деңгейге жеткен­де ғана ро­льді алып шығуға дайын деген сөз. Мен ұдайы «Қарагөз Наршаға қа­лай қарауы мүмкін еді?.. Сырымға қарағандағы жанары қандай болуы мүмкін?», – деген ойда жүретінмін. Ойымның соңын­да өзімді Қарагөз­дің орнына қойдым және Қарагөз­ден өзімді көрдім. Рас, кеш ойна­дым… Бірақ өзге рольдер Қарагөздей бола ма?..
– Қазіргі жас актрисалардың Қа­рагөзді ойнағанында қандай ерек­шелік бар?
– Қазір заман басқа. Шектеу жоқ. Біз жас кезімізде басты ро­ль­дерді он жыл болмаса да, жылдап күтетінбіз. Қазір актерлер тек спек­такльдегі ролімен шектелмейді. Кино, дубляж, жарнама, той, бар­лы­­ғында актерлер жүреді. Күнкөріс керек, ол үшін оларды кінәлай ал­майсыз. Қазіргі жастармен салы­с­тырғанда біздің өміріміз бір сызық­тың бойында ғана өткен секілді болып көрінеді, белгіленген жұмыс жоспарынан шыққан жоқпыз. Ора­йы келгенде жастарға ойнаған роль­дерінің кем-кетігін айтып оты­ра­мын. Олай етпесек, үлкендігіміз қайсы. Олар жас, жас болғасын өзі ойнаған роль тура­лы үлкендерден сұрауға ұялатын шығар, оның үстіне «Мына рольді мен қалай ойнадым?», – деп сұрау үшін де жүрек керек.
Бүгінгі заман біздің жас күні­міз­дегідей емес, тым қауырт. Спекта­кльден соң гримімді сүртіп, киі­мім­ді киіп дәлізге шыққанда дә­ліз­дің тек бір ғана жарығы жанып тұрады, ал далаға шыққанда бірде-бір машина қалмайды. Біздің жас күніміздегідей қазіргі жастардың спектакльден соң жайбарақат отырып, бірінің ролін бірі талқылап, көзқарасын айтып отыруға мүмкін­дігі жоқ.
М.Әуезов театрындағы алғашқы басты ролім «Көктөбедегі кездесу» спектакліндегі Алмагүл. Сахнадағы серігім – Әнуар Молдабеков. Бі­рін-бірі сүйсе де, өмірінің соңына дейін сезімін білдірмей кеткен кейіпкерлер. Осы кезеңде есімнен кетпейтін бір оқиға болды. Хадиша апайдың үйінен шығып театрға жаяу келген едік. Күн салқын, ме­нің суық ауаға аллергиям бар, жұ­мыс­қа келгенше бетім домбығып ісіп кетті. Гримеріміз Виктор Сер­гейұлы: «Далаға шығып бетіңді қармен ысқылап келші», – деді. Жастық қой, театрдың ауласына шығып, бетімді қармен ысып-ысып жібердім. Грим бөлмесіне қайтып келіп айнаға қарасам бетімнің терісі сыдырылып түсіп қалыпты. Бетім қып-қызыл, не жылай алмаймын, не күле алмаймын. Екінші бетіме грим жасаттым, ал үсік шалған бе­тім өзі де қызылшырайланып қал­ды. Көрермен бетімді жылтырап тұр деп ойлаған шығар. Сахнада Ыды­рыс Ноғайбаев, Сә­бира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәрі­пова, Асанәлі Әшімов сынды кілең Халық әртісі бар. Мен үсік шалған бетіммен сахнаға шық­пақшымын. Менің уайым­дағаным­ды көрген Әнуар: «Ғайникамал, сен қобал­жыма. Сөзіңді жақсылап айтып шықсаң болды, қалғанын өзім ойнап шығамын», – деді. Жалпы, Әнуар сахнадағы серігіне кәсіби тұрғыдан сенім ұялатып, қолдау білдіре алатын жақсы әріптес еді.
– Әр рольдің берер сабағы бөлек, әр кейіпкеріңіз әртүрлі ой түюге же­телейді. Қай кейіпкеріңіздің сабағы есіңізде?
– Актрисаға әр ролі жақын, әр рольден сабақ аласың, әрқайсы­сы­ның орны бар. Дегенмен, жақын кейіпкерлер бар. Жәңгір ханның зайыбы Фатима ханым бес тіл білген екен. Ол өзі сауатты, музыка­дан да, биден де хабары бар, көзі аш­ық, зиялы адам болған ғой. Ру­хани тұрғыдан ханнан еш кем түс­пейді. Фатима ханым Жәңгір хан­мен бірге патша сарайына қонаққа барып, Николай патшамен биле­генде бүкіл Петербург таңқалған екен деседі. Спектакльде Фатима Жәңгір ханға: «Мешіт салдырдың, мектеп салдырдың, соның барлы­ғынан көрмедім ғой қара қазақ баласын», – дейді. Кедей-кепшіктің баласын неге оқытпадың дегені ғой. Бұл роль де өте күрделі. Ақ мамыққа оранып отырып, қара қазақ баласын уайымдағаныңды немесе ханның әйеліне тән парасатты сөзіңмен ғана емес, жүріс-тұрысыңмен, көз­қарасыңмен жеткізуге тиіссің.
Негізінде актерге өзі сомдаған роль ғана емес, сол роль арқылы ай­тылатын сөз, қимыл-әрекет, ав­тор бейнелеген кезең мен сол кезең ту­дырған жағдай көп сабақ бо­лады.
– Сіз театрға келген кезеңде бұл өнердің қоғамдағы ролі зор еді. За­манның беталысына қарай ол жағдай өзгерді. Театрдың қоғамдағы ролінің бұрынғыдай күшті болмауы актриса ретінде сізге қалай әсер етеді?
– Мен театрдың қоғамдағы ролі бәсеңсіді деп айта алмаймын. Бұдан біраз жыл бұрынғы өліара уақытта залда елу шақты адам отырып, спек­такльді қоямыз ба, қоймаймыз ба деп отырған кездер де болды. Соған қарамай спектакль қойылмай қалған жоқ. Елу адам емес, жиырма-отыз адам отырса да, біз өз ролімізді ойнадық. Әрине, аншлаг болып, залдағы көрерменнің сахнаға қарай ескен лебін сезу актер үшін бақыт. Бірақ ол – көрермен аз кезде рольді жүрдім-бардым ойнауға себеп болмайды. Мұндай ойға еріп кететін әртістер бар шығар, менің де көрер­мен аз күні өз ісіме салғырт қараған кезім болған шығар. Алайда, саналы түрде «Бүгін көрермен аз екен, көп күш жұмсамай-ақ, ролімді ойнап шығайын», – деп ойлаған емеспін. Егер солай бола қалса өзімді-өзім кешірмес едім, әрі әртістің сахнаға шығар алдындағы ішкі дайындығы бұған жол бермейді. Өйткені, ол сол рольге үйреніп қалады.
Қазір де кей күні спектакльге уни­­верситет, колледж, интернат, мек­­теп балаларын әкеледі. Бүгінгі кө­рермен бала екен деп бөліп қара­маймыз.
– Киноактриса болуды арман ет­іп ВГИК-ке тапсырған екенсіз. Қа­зір көрермен сізді көптеген фильм­дер­ден көріп жүр. Арманыңызға жет­кен­дегі сезіміңіз қандай?
– Табан ақы, маңдай тер, адал атқарған еңбек ешуақытта далаға кетпейді. Кәсібімнен уақытымды аяған емеспін. Баламды тәрбиелеуге әке-шешем, әжем көмектесті оған еш алаңдаған жоқпын. Таңнан кеш­ке дейін жегілген аттай жұмыс істе­дім, бірде-бір гастрольден қал­ған емеспін. Театрдың гастролі­мен де, Сәбира, Бикен, Шолпан апай­лар­дың жеке-жеке гастрольдік бри­га­дасымен де сапарға шығатын­мын. «Келіндер көтерілісі», «Біздің клас­тың қыздары», «Абай-Әйгерім» сын­­ды қойылымдармен Қазақстан­ның барлық аймағын араладық. Әшірәлі – Абайды, Торғын – Әй­ге­рімді, мен Салтанатты ойнай­мын. Қырықтыққа да, егін даласына да, жайлауға да барамыз, спектакль мал жайғалып болғасын, түнгі сағат 22.30-23.00-терге таман басталады. Ол кезеңдегі халықтың ықыласы тіпті бөлек…
Менің кәсібім – менің рухани қажеттілігім. Адам баласы жанына қажет рухани азықты алмаса өте қиын, ол тіпті адамды адастыруы мүмкін. Егер өз ісің өзіңе рухани ләззат сыйласа, жолыңда кездескен еш қиындықты елемейсің, тіпті аяғыңмен су кешіп жүріп те бақытты бола аласың. Саған берілген роль кейіпкер ретінде сахнаға шығып, сонда ғұмыр кешкенше жаның байыз таппайды. Бар санаң, есіл-дертің сол рольде болады. Біз өзі­міз­ге берілген рольге өмір беру жо­лын­да бар қиынды­ғы­мызды ұмыттық. Егер біз рухани азық іздемесек, актерлік жолдан қиыс кетіп ақша табуға, жағдайы­мызды жөндеуге бет бұрып кетер ме ек, кім білсін?.. Жұмысым өзіме ұна­ған­дықтан, қасымда әкем мен шешем, бауырларым болғаны үшін де жалғыздығымды елемеген шы­ғар­­мын. Құдай қосқан қосағым­мен айырылысып кеткен соң, тұрмыс құрмадым. Ұлым – Омардың төрт баласы – Исахан, Айбар, Жә­ния, Медет есімді төрт немерем бар. Ал­ла тіл-көзден сақтасын.
– Әжеңіз Меңкебану «…қа­ра­ғым-ай, менің көрген рахатымның тырнақ­тайын көрсең, бақытты болар едің-ау», – деген екен. Бақыт деген ұғым­ды немен өлшейсіз? Әжеңіз айт­қан рахат­ты көрдім деп ойлайсыз ба?
– Біз ол кісі көрген рахаттың жұр­нағын көре алмаған шығармыз. Ол кісі Абай атаның ұлдары Ақыл­бай, Тұрағұл, Мағауиямен жақсы араласқан­дықтан Семей мен Қара­уыл­дың ортасында жиі қаты­най­тын. Абай атаның үйі қонақ күт­кенде апама арнайы пәуеске жі­бе­­реді екен. Ол пәуескенің сәні мен сал­танатын апам керемет си­пат­тай­ды. Марқұм Ишағы Мағауия­қызы мені көрген сайын әжемнің жақсы­лы­ғын айтып отыратын. Ол кісінің айтқандарын жазып алуды құнт­тамаппын.
– Актерлердің басқа мамандық иелерінен ерекшелігі қандай?
– Актердің бақытын ешнәрсе­мен өлшеуге болмайды. Дәрі­гер­лер­дің ішінде де емделуші жазыл­ған­ша жан таппайтындары бар, мұ­­ғалім де балаларын ойлайды, жазушылар жазатын дүниесін ұдайы есте ұстап жүреді. Алайда, актер бөленетін рахат, меніңше, ешкім­дікіне ұқсамайды.
Театрда рольді сіңіру үшін ке­й­іп­­кердің характерін тірнектеп жинайсың. Жүрісі, отырысы, қаба­ғын көтергені, көзінің қиығы, дауы­сы, демі барлығы ескеріледі. Күнде дайындаласың, образ бірте-бірте жиналады, оған бір немесе екі ай кетуі мүмкін. Әрі ол сахнаға шық­қан сайын сүрленіп, жан-жағы жұмырланып, бойға сіңе береді. Ал кинода тексті береді, аз-маз дай­ын­далған боласың, рольді сіңірер-сіңірмес мотор деген уақытта
фи­льм­ге енесің де кетесің. Егер ки­­­но­­да­ғы кейіпкермен жаның қа­быс­­­паса образ жақсы шықпауы мүм­кін.
– «Қарашаңырақ» сериалындағы образыңыз көрермен тарапынан жақ­­сы бағаланды. Экран арқылы та­нылу мен сахна арқылы танылудың парқынан не түйдіңіз?
– Сериал экранға шыққан күн­нен бері көрермен мені қоғамдық орындарда танып, амандасып ықыласын жеткізіп, рахмет айтып, тіпті кейбірі телефон арқылы ха­бар­ласып қонаққа шақырып қошемет көрсетеді. Кейде таксиге кіргенде даусымнан таныған такси жүргізу­шілермен мәре-сәре боп қауышып, «Қарашаңырақты» айтамыз. Көбіне алтын бесік – ауылдан келген бала­лар мені танып, әңгімеге тар­тып, ой бөліседі. Ал жасынан қалада өскен балалар танып тұрса да сездірмейді, ойыныңа сүйсініп тұрса да ашып айтпайды. Бір күні орта жастағы такси жүргізуші «Апа, мен анама дәл қазір хабарласып, Сізді ертіп әке­ле жатырмын дейін, қуанып қа­лады, біздің үйге қонаққа жүріңіз­ші…», – деп жаны қалмады… Тәуба! Қазақы тәрбие алған, ана сыйлаған балалар бар, әйтпесе Алматы секілді қым-қуыт жүгіріске жегілген үлкен қалада кім кімнен құрмет күтеді?.. Қыз-келіншектер «Сіз секілді ана болғымыз келеді», – дегенде еңбе­гім ақталған шығар, Алла Тағала маған осы бақытты елу жылға жуық титықтаған еңбегіме бұйырған шығар, – деп ойлаймын. Мен еден жуушыдан бастап, ханшайымға дей­ін қаншама роль ойнадым, мемлекет тарапынан түрлі марапат алып, атаққа да ие болдым. Деген­мен, бір ғана «Қарашаңырақ­тағы» – Гауһар ана бейнесіне деген қазақ елінің ілтипаты адал еңбектің түбі бір өтеуі болатынына көзімді жет­кіз­ді. Басқа рольдерім бір төбе де, жетпіске келген жасымда түскен – Гауһар ана ролі бір төбе. Экранның аты – экран ғой.
– Жақында 75 жылдық мерей­то­йы­ңыз өтті, қалай қарсы алды­ңыз?
– 75 деген мерейлі жасқа жеткіз­ген Жаратқанға шүкіршілік айта­мын. Бұл жасқа келмеген адам қан­шама. 8 ақпан күні «Отыз ұлың болғанша…» қойылымында ойна­дым. Осы спектакльде бірге ойнаған әріптестеріме дастархан жайып, дәм татқыздым. Белгілі режиссер, Қазақстаның Халық әртісі Есмұхан Обаев келіп құттықтап, гүл тапсыр­ды. Ұжымдағы қыз-жігіттер игі тілектерін айтты. Бекжан Тұрыс, Жоламан Әміров сынды белгілі актерлер мен Ғазиза Әбдінәбиева келіп бір құшақ ақ раушан гүлін тарту етті. 70 жасқа толғанда да салтанаты асқан үлкен той жаса­ма­ған едім, Құдай қаласа, күзге таман жеміс-жидек піскен мол­шы­лық уақытта 75 жылдығымды кеңінен атап өтсем деген ойым бар.
Жасым бірталайға келгелі аз да болса ашылып әңгіме айтатын бол­дым, бұрын тіпті сөзге жоқ ед­ім.
– Ешкімге сыр ашпай өмір сүру қиын емес пе?
– Қиын деп айтуға болмас, ба­рынша артық кетпеуге тырыстым. Мұны өз бағамды білгендігім деп бағамдаймын. Мүмкін көп сөйлемеу арқылы көп нәрседен қорғанған шығармын… Денім сау, аман есен­мін. Ешкімнің алдынан кесе көл­денең өткен жоқпын, тіпті өзімнен кіші адамды да жұмсап көрмегем. Актриса ретінде сахнада жүріп, экранға көп шыққаныммен жеке тұлға ретінде бұқаралық ақпарат құралдарынан да жиі көрінген жоқпын. Ол менің қабілет-қары­мым­ның яки еңбегімнің аздығынан емес, болмысым сондай. Мәселен, Халық әртісі Роза Бағланова апа­мыздың сахнаға шыққанда өзіне тән дауыс мәнерімен, ешкімге ұқсамайтын көзқарасымен «Айна­лайын, халқым» деп шын жүрегімен еркелей сөйлегені өзіне жарасатын. «Қарашаңырақтағы» Гауһар ана бейнесінен кейінгі халықтың ықы­ласын көргеннен соң Роза апай­дың тебірене айтатын сөзі менің де жүрегімде тербеле бастады. Гауһар анамды бағалаған халыққа шексіз ризамын, қашанда амандығын тілеймін. Әр көрерменнің көзінен өнеріме деген ризашылықты байқаған сайын «Өз еліме, елімнің азаматтарына титтей болса да еңбек сіңіріп жүр екенмін», – деп ойлап, мерейім өсіп, марқайып қаламын. Қарапайым халық болмаса менің еңбегімнің де құны жоқ екенін сезінемін. Бұл сәт өте бақытты сәт. Әрине, дәл осы сәт үшін жұмыс істеймін деп айтпаймын, мен өзімнің ішкі рухани қажеттілігім үшін жұмыс істеймін. Бірақ дәл осы сәт менің еңбегімнің далаға кетпегенін дәлелдейді.
– Өткен күндерге көз жүгіртіп қара­ғанда көзіңізге ыстық боп басылар қай кезең?
– …Мен өскен ауылда Қозы Көр­пеш – Баян Сұлудың мазары бар. Жазды күні мазарға күнде барамыз. Мазардағы екі төмпешіктің арасына бір тікенек өседі. Апалары­мыз оны екі ғашықтың ортасына түскен Қодар ғой деп айтады. Біз барғанда әлгі қос ғашық біздің кел­генімізді сезетіндей, тілеулес кө­-
ң­ілі­мізді ұғатындай болатын. Мазар­дың тасын сипасам, қос мұңлыққа демеу болатындай көрінетін. Ол кезде мазардың тасы қияқ тас еді. Кейін мен Аягөзге оқуға кеттім, қайта келіп мазарға барсам, қияқ тастың бетін басқа бір құрылыс материалымен сылап тастапты.
Арада көп жыл өтті, өмір болға­сын түрлі жағдайларды өткердім. М.Әуезов атындағы театрға жұмысқа кірдім, әр күні жұмысқа келген сайын ғимараттың етегіндегі қызыл тасты сипап біраз кідіретін болдым, ол менің бойыма қуат беріп, сенім ұялататын. Қазір сол туралы ойласам, осы театрда жұмыс істесем деген арманым, бала күнгі Қозы мен Баянның мазарындағы қияқ тасты сипаған сәттегі риясыз көңіліммен астасып жатқан екен… Тұлымшағы желбіреген балдырған қызға қос ғашықтың мазары қан­ша­лықты аяулы болса, есейген, өмірі­нің мәнін өнерімен өлшеген бой­жеткен үшін М.Әуезов теат­рында жұмыс істесем деген арман соншалықты аяулы болыпты.
Ол кезде театрдағы Хадиша апай­­дың Қарлыға, Әйгерім, Мех­мене­бану, Сәбира апайдың Тол­ғанай, Шолпан Жандарбекова апайдың Ақтоқтысы, Бикен Римова апайдың Жер – Ана бейнелеріне тәнті едік. Актриса апайларымыздың бойындағы талант, күш пен қуат ме­ні магнитше тартатын.
Осы күнге дейін өз рольдеріммен өмір сүрдім. Көп қиындық көрдім, оны өзімнің кереметтігімнен емес, театр мен сахнаның, сахнада ойна­ған рольдерімнің арқасында жеңіп шықтым. Рольге дайындалғанда, кешке сахнаға шығатынымды ойлағанда, кейіпкерімнің жан­дү­ние­сіне енгенде өзімнің қайғым, өзім­нің мұңым екінші планға ысы­ры­лып қалатын. Сахнаның ар­қа­сында керемет бай болмасам да, таршылық көрмедім.
– 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай оқырманға тілегіңізді айтсаңыз…
– Ең бастысы ел іргесі бүтін бо­­лып, қазақтың әр шаңырағы биік, босағасы берік, балалы-ша­ға­лы, үбірлі-шүбірлі болсын! Қазақ қы­зы сыпайы, мәдениетті, ақылды болса, өзі аттаған алтын босағаны, ата-енесін қадірлесе, қастерлесе, үл­кенді сыйлап, кішіні құрметтесе деймін. Көктем мерекесінде қыз­дарға көктемнің гүліндей құлпырып, жайнап жүріңіздер деп тілеймін. Көктемде Жаратқанның құдіретімен күллі табиғат жаңарады, жасарады, түлейді. Қазақстанның барлық ару­ла­ры осы мерекеде жаңа бақытқа жетсін! Басқа бас, жанға жан қосыла берсін!
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір