Қашан арыламыз?
09.03.2018
993
0
Қасында 21 жыл жүргенде байқағаным – Бауыржан Момышұлы бетің бар, жүзің бар демей ойын батыл да әділ айтып тастайтын мінезімен кез келген адамның мысын басып тұратын. Әсіресе, шікірейген шенеуніктер:
– Ой, мынау қандай адам?! – деп сәл сөйлескеннен кейін-ақ іш­тей қызғаныш сезіміне беріліп, ұнат­пай қалатын. Жа­рам­сақтар­дың жалпақ­тағанына жа­ман үй­рен­ген олар әр қада­мы­нан мін іздеп, адаммен сөй­лесе білмейтін, дө­рекі деген тә­різді сөздер тарата­тын. Тара­тып қана қоймай, «Қазақ әде­­биеті» газе­тін­де Аристо­тельдің «Қо­ғамға бағын­байтын адам не аң, не Құдай» деген сөзін келті­ріп, жамандап та жазды. Ол мақаланы ұйым­да­с­тырған күн­шілдердің көз­дегені – Баукеңді партиядан, Жазу­шылар одағы мүшелігінен шы­ғарып, «халық жауы» ретінде сот­қа тартпақ. От­анымызды қан­құйлы жаудан қорғаған ба­тыры­мызға көрсе­тіл­ген «құрмет» осын­дай бол­ды.
Баукең: «Мынау маған жа­был­ған жала. Қоғамға бағынбай­тын адам жан беріп, жан алысқан қан­ды майданның алғы шебінде төрт жыл соғыса ма? «Қазақ әдебиеті» га­зеті менен кешірім сұрауы керек еді, сұрамады. С­ұ­рамаса да кешір­дім. Өзіме өзім қол көтеріп не та­бам?» – деп даналық танытты. Қарт жазу­шыларымыздан ақсақал­дық сөз айтқан ешкім болмады.
Бәрінен ол мақаланы ұйым­дастырған күншілдердің ертең елден, ұрпақтан ұят болады-ау деп ойланбағандары бізді әлі күнге таңғалдырады. Керісінше олар: «Бауыржан Момышұлына еш шара қолдана алмай жатыр­мыз. Партия жиналысына ша­қырсақ, келмейді. Көмекте­сіңіз­­дер», – деп қайта-қайта Қазақстан Орталық партия комитетіне телефон соғып, онда­ғылардың мазасын алады. Қазақстан Орталық партия ко­ми­тетінің сол кездегі идеология са­ласындағы хатшысы Нұрлы­бек Жанділдин мәдениет сек­торы­ның меңгерушісі Жексен­бек Еркін­бе­ковті Баукеңнің өзі­мен сөйлесіп келуге жұмсай­ды. Ол барып сөй­лес­кенде, Бауыржан Момышұлы: «Мен айналып келіп өз қатыныма үйлендім. Қазақша түсінбесең, орысша айтайын, я наконец же­нился на своей жене. Басқа ай­тарым жоқ», – дейді. Жексен­бек осы­лай деді деп Жанділдинге ке­ліп айтады. «Сөзінің астары қандай терең», – деп Жанділдин мырс етіп күліп, істі біржолата жауып тастай­ды. Сөйтіп бәле­қор, жала­қор, даң­ғой күншіл­дердің ойы іске аспай қалады.
Мұны белгілі журналист-жазу­шы Зәкір Асабаев 2017 жы­лы «Ал­маты ақшамы» газетінде жария­лады. Оны оқығанда есіме «Қыз Жібек» фильміндегі Төле­геннің: «Даламыз кең, сен де сиясың, ол да сияды, тек сыйыса алмай жүрміз ғой», «Біржан сал» фильміндегі қо­лы байланған Біржан салдың өзін құтқармақ боп келген досына: «Рақмет, Жұбай, менің қолымдағы арқан – адамның жүрегіндегі кісен. Шеше алмайсың», – деген өкініш өртер сөздері еріксіз есіме түсіп, талай ұлылыры­мыз­дың қол-аяғын байлап, түбіне жеткен арам ойлы, пысықай күншілдер екенін ойлап, көңілсіздене түстім.
Бар ғұмырын ауылшаруа­шы­лық саласына арнаған 83 жас­тағы Жасарал Ілиясов қа­рияның: «Са­на-сезімі терең, әдепті, мәдениетті, адамгер­шіліктің асыл қасиеттерін бойына жиған, жұртқа керемет өнеге болатын ақын-жазу­шы­ла­ры­мыздың өткен пленумында сөй­леген сөздерін естіп, қайсы­бірі­нің қара тобырға айналғаны қалай?» – деп қинала қабақ түй­геніне не айтарымды білме­дім… «Біз кімбіз? Ел боламыз ба?» деген сұрақ мазамды алды. Шынында біз кімбіз? Бірімізді біріміз мұқату, біріміздің жаға­мыз­дан біріміз алу жалғаса бере ме? Бұдан қандай қо­рытынды шығарғанымыз жөн? Жік-жікке, топ-топқа бөлінуге бас­­тай­тын бәтуасыз, бейшара пси­хо­логиядан қашан арыла­мыз?..

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
бауыржантанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір