Ақиық ақын, дарынды сазгер
02.03.2018
714
0

Күміскүл – шағын ауылдан ешқайда шықпаған, ұзын шашын екі бұрым қылып өріп қойған әдемі бойжеткен. Көркіне көз тоятын, өн-бойынан қарапайым отбасынан екені көрініп тұратын, еліктің лағындай нағыз сүйкімдінің өзі. Күн тастөбеде шақырайған, жаздың қапырық, ыстық күні. Күміскүл сабақтан келе салып, үй шаруасын ұршықша үйіретін. Сол күні әдетінше үйді тазалап шығып, аулада сары самаурынға шөрке салып, шай қайнатып жатқан. Көрші ауылдан жолаушылап келген Қазыбек ақсақал Күміскүлдің марқұм әкесінің жақын досы болған еді. Ол осы ауылдағы қызы Марияның үйіне құрдасымен бірге қонаққа келген, күн жұма болған соң, марқұм досының үйіне кіріп, құран оқымақ болып, ат басын бұрған. Аулада шай демдеп жүрген Күміскүл кішіпейілділікпен ақсақалға жылы шырай танытты.

– Ата, амансыз ба? Анам аудан орталығына бір шаруамен кеткен. Күн ыстықта шөлдеген шы­ғарсыз, үйге кіріп шай ішіңіз, – деп төр жақ­қа құрақ көрпе төсеп, жастығына қарамастан қо­нақжайлық танытты. Қаймақ қатқан қы­зылкүрең шайды баптап құйды. Төрдегі құс жас­тықты құшақтап жатып, ыстық күнде ке­не­зесі кеуіп келген қарт жас қыздың құран оқуға кел­ген жолаушыға ақ пейілімен дастархан жайып, өрік-мейіз, бауырсағын салып, исі бұр­қыраған үнді шайына қаймақ қатып берге­ніне сүйсініп, оның тәрбиелілігіне тәнті бол­ған.
– Қызым, болайын деп тұрған бала екенсің, қа­зір қайда оқисың? – деп сұрады ризашылығын жасыра алмай.
– Ата, мен сегізінші класты бітірген соң Та­р­аз қаласындағы мәдениет техникумына оқ­уға түскем. Биыл соңғы курста оқып жүрмін, Құ­дай қаласа үстіміздегі жылы жазда бітіре­мін.
– О, бәрекелді, қазір жасың нешеде, қы­зым?
– Күзде он сегізге толам.
– О-о, бұрынғылар «он үште отау иесі» де­ген. Кәмелеттік жасқа келіп қалыпсың. Біреуге келін болып түссең, үй шаруасын дөңгелетіп әкететін түрің бар, жарайсың, қызым.
– Ата, мен таң азаннан тұрып, апама кө­мек­те­­сіп, екі сиырды сауып, өріске жіберем. Апам, «үй­ренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақ­сы, қызым» деп, бала күнімнен еңбекке бау­лы­ды.
– «Анасын көріп, қызын ал» деп, тегін айт­ты дейсің бе! Барған жеріңде бағың ашылсын, қызым, – деп, алақанын жайып, аталық ақ ба­тасын берген. Қазыбек шалдың қасында отыр­ған өзі шамалас қарт та батасын беріп, ри­за­лық­пен аттанған. Кешке анасы келгенде Күміскүл Қазыбек атаның жолдасы екеуі кел­генін, оларға дәмдеп шай бергенін, екі қарттың батасын алғанын, балалық сезіммен мақтана айтқан.
– Өркенің өссін, қызым. Үлкен адамдардың батасын алсаң, онда бағың жанады, «батасыз құл – жарымас, баталы құл – арымас» деген хал­қымыздың қанатты сөзі бар. Әйтеуір кісінің назасына қалып, қарғыс алудан құдай сақтасын. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болсаң, жаман болмайсың, қызым.
– Жарайды, апа. Мен әрқашан Сіздің айт­қан өсиетіңізді екі етпеймін, – деп, анасын ер­келей, құшақтаған.
– Шашыңды еш уақытта кеспе, «шаш – адам­ның көркі» деген, қызым, – деп анасы екі бұрым қылып өріп қойған, талдырмаш қызының то­бығына дейін жететін, қолаң шашынан си­пап, маңдайынан сүйген.
– Жарайды, апа, шашымды еш уақытта кес­пеуге уәде берем.
– Өркенің өссін, алтыным, – деп анасы қы­зының бетінен өпкен.
Арада бір-екі апта өткенде Қазыбек қарт бастаған бес-алты адам сау етіп, жетіп келген. Алғашында сасқалақтап қалған анасы, төрге құрақ көрпе жайып, құрақ ұшты. Сыйлы қонақтардың құрметіне қой сойылып, қазан көтерген соң ғана Қазыбек қарт сөз бастаған.
– Бәйбіше, біз сіздің кенже қызыңыз Кү­міс­күлге құда түсіп келіп отырмыз. Жарылқасын ұлыма лайықты жар болатын қыз іздеп жүр едім, ойда жоқта Күміскүлжанды көріп, тәрбиелі жасқа көңілім толды. Сондықтан менің Жарылқасын ұлымды бақытты қылатын қыз Күміскүл ғана деп ой түйіп, құда түсуге келдім. Біз, шапырашты руының беделді ақсақалдары алдыңа келіп, бұйымтайымызды айтып отырмыз. Текті жердің қызысың ғой, ел ақсақалдарының меселін қайтармассың деп үміттенеміз, – деген.
– «Қыз бала – жат жұрттық» деген, қызың Қа­­зыбек қартқа келін болып түссе, бағы жана­ты­нына сенімдімін. «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деп, бекер айтпаған, – деп екінші қарт ой түйді.
– Қайдан білейін, қызым әлі оң-солын та­нып үлгермеді. Оның үстіне әлі кәмелеттік жас­қа да толған жоқ, – деп, анасы сөзінің ая­ғын жұтып үндемей қалды. Осыны күтіп отыр­ған­дай дағарадай ақ кимешек киген кемпір сөз­ді іліп ала жөнелді.
– Ештеме етпес, күзде тойы болса, сол кез­де Күмісжан он сегізге толатын көрінеді. Біз бо­ла­шақ келінімізге үкі тағып, меншіктеп қояйық деп келдік. Қызың жақсы жерге келін бо­лады, оған қам жеме, – деп алды-артын орап, Күміс­күл­дің анасының аузын аштырмады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен, үлкендердің ақ ба­та­сымен он екіде бір гүлі ашылмаған Кү­міс­күл отызға аяқ басқан үлкен жігіт Жарылқасынға қо­сылған. Содан кейін жарты ғасырға жуық ота­ғасымен бірге тұрып, он баланың ардақты ана­сы атанды. Аумалы-төкпелі, сезімнің ада­мы ақын­ның жары болу Күміскүлге оңай соқпа­ды.
Күміскүл Төрешова Тараз облысы Талас ау­данында, соғыс кезінде 1942 жылы дүниеге кел­ген. Көп балалы отбасында соғыс кезіндегі ауырт­палықты көріп өскен апамыздың мінезі де­несіне сай, ашық-жарқын, кісіні жатырқа­май­­тын, көпшіл, кеңпейіл, ақжарқын жан.
2006 жылдың мамыр айының тамылжыған шуақты күндерінің бірі болатын. Мен сол күні Ме­деу аудандық әкімшілігінің қырық жыл­дығына орай арнайы тапсырма алып, Самал ық­шам ауданында тұратын «Алтын ал­қа» иегері Кү­міскүл апа мен марқұм Жа­рыл­қасын ағамен ал­ғаш рет таныстым. Сол алғашқы таныс­тығы­мыз­дан кейін «жақсы адамда жаттық жоқ» де­мекші, күні бүгінге дейін сыйласып, ара­ла­сып тұрамыз. Күміскүл апа әлқисса әңгімесін әріден бастады.
– Он үш құрсақ көтеріппін, қазіргі уақытта он баланы аман-есен өсіріп, ұлымды ұяға, қы­зымды қияға қондырған бақытты анамын.
– Он баланы тәрбиелеу қиын болған шы­ғар, қалада екі-үш баласын өсіруге қиналып жүр­гендер баршылық, бәріне қалай үлгердіңіз? – деп апаға таңдана сұрау қойдым.
– Енем марқұм айтушы еді, «Құдайдың бер­­ге­нін туа бер, әлі-ақ көгенің жиналады. «Бір қой туса, бір жусан артық өседі» деген нақыл сөз бар, әр баланың өз ырыс-несібесі болады. Ал­ла жарылқасын, берген балаларды көп кө­ріп, күпірлік жасама, айналайын». Көпті көр­ген енемнің сөзінің дұрыстығына енді көзім жетті. Маған он баланы тәрбиелеу аса қиынға түскен жоқ, үлкендері кішісін жетектеп жүріп, әй­теуір ел қатарлы бағып-қақтым. Ма­ған он бірін­шінің бабын табу өте қиын болды, – дейді Кү­міскүл апамыз.
– Тағы он біріншісі бар ма еді, ол қайда? – деймін одан сайын таңырқағанымды жасыра ал­май.
– Мына Жарылқасын ағаң – он бірінші ба­лам, – дейді, қолында екі ішекті әсем на­қыш­­талған домбырасы бар, жанымызға келген ор­та бойлы, сақал-мұрт қойған, қараторы жігіт аға­сын көрсетіп. Ол кісі де әйелінің қалжыңын тү­­сі­неді білем, жымиып күліп, әңгімеге ара­ласты.
– Мен Күміскүлге арнап, өлең шығарып едім, – деген Жарылқасын аға тақпақтап ала жө­нелді:
Қартайып қалғаның ба, қатыным-ай,
Артық еді бар ханшадан ақылың-ай,
Мейіз бен құйрық қосып, сары қымыз,
Беруші ең сәті келсе сапырып-ай,
Леонидтен жұлдыз алған батырым-ай!…
– Мен бұрынғы Жамбыл қаласындағы мә­де­ни-ағарту училищесінде оқып жүріп, үшінші курс­та дәм қосып, Жарылқасын ағаңа тұрмысқа шық­тым. Содан кейін Тараз облысы Талас аудан ор­талығындағы наубайханада нан пісіруші бо­лып, көп жыл жұмыс істедім. Жарылқасын Ал­маты қаласындағы сауда техникумынан соң, Мәс­кеу қаласындағы Плеханов институтының тауар танушы факуль­тетін бітіріп, сол кездегі Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Қаратау қа­ла­сында сауда Басқармасында жұмыс істе­ген.
Он баланың арасы бір жылдан, үбірлі-шү­бірлі болғасын кей кездері қылжақпас құрдас­тарымыз әзілдеп, «Күміскүл, сен қой сияқты жылына босанасың деуші еді». Балалар ерже­тіп, үлкен ұл-қыздарым отбасылы болған соң баяғы қалжыңдарын қойды.
1981 жылы осы тау баурайында ең әсем жер­де орналасқан Самал ықшам ауданынан төрт бөлмелі үй алып, Алматыға көшіп келдік. Содан бері осы әсем қала құтты қонысымызға айналды. Балалардың әкесі Жарылқасын Аманов елімізге белгілі ақын, бірнеше өлең кі­тап­тарының авторы, әрі суырыпсалмалығы да бар.
Үлкен қызым қырық төрт жасар Гүлжан Талдықорған қаласындағы әкімшілікте хаттар бөлімінде қызмет істесе, екінші ұлым Әбілқа­сым қырық үште, қазір қойма меңгерушісі. Әбдірасым қырық екіде, күзетші болып жүр, Гүлмирам педагогикалық институтты бітірген, қырық бір жаста, сауда-саттық, кәсіпкерлікпен айналысады. Забирам қырық жаста, Шардара қаласында сауда-саттықпен айналысса, Эль­мирам жоғары оқу орнын бітірген, отыз жеті жаста, Тараз облысы прокуратурасында қыз­мет­­кер, Гүлзирам отыз бесте, асханада аспаз­шы, Сейілқасым отыз бір жаста, Республика са­райында шебер, Нұрлықасым әкесіне тарт­қан қолөнер шебері, Әділқасым жиырма алты жас­­та, университеттің заң факультетін бітір­ген.
Жарылқасын Аманов Тараз облысының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі.
– Кім көрді ақылым кем дегендерді,
Ақымақ әжуа етер кемеңгерді,
Саяз су сарқыраған көзге түсіп,
Көрмейміз тұнып аққан тереңдерді, –
деп өлең оқыған арқалы ақын бірінен соң бірін түй­дектетіп, суырып салып, жыр маржандарын тө­гіл­те жөнелді.
– Бүгін ағаңның шабыты келіп тұр екен, түс болып қалыпты, шай ішейік, – деген Кү­міс­күл апамыз ып-ыстық бауырсақ пісіріп, дас­тархан жая бастады.
– Біз осы қалада тұрғалы ширек ғасыр уа­қыт болыпты. Соңғы жылдары ұлтжанды аза­мат Иманғали Тасмағамбетов келгелі қала­мыз кір-қоңынан тазарып, Алматы шаһары жар­қы­рап шыға келді. Мұны көріп өзіміз де бір жасап қалдық, қалалар мен ауылдардың көркейіп дамуы тегі іскер басшыларға бай­ланысты екен ғой. Әр азамат өзінің туған елін, жерін, тілін дәл осы Иманғалидай сүйсе, еліміз Елбасымыз айт­қан өркениетті 30 мемлекеттің қатарына бір­те-бірте қосылып кетер едік-ау.
Өз елімізде, өз жерімізде тұрып, ана тіліміз өг­ей­лік көріп жатқаны қынжылтады. Тілді жо­­ғалтқанымыз – ұлтты жоғалтқанымыз емес пе?
Қосағымен қос аққудай жарасқан Жарыл­қа­сын ағамыз дастархан жиналған соң, дом­бырасын тыңқылдатып күйге келтіріп, қолы-қолына жұқпай, Құрманғазының күйін тарта жөнелді. Күй бірде аспанға әуелей шарықтаса, бірде бебеулей баяулап барып, сезімнің сыр­шыл қылын дәл басады. Ежелден өнерсүйер қа­зақ емеспіз бе, бәріміз сілтідей тынып, дом­бы­­раның қос ішегінен шыққан сыршыл әуенге тәнті болып, құмарта тыңдап қалыппыз. Күй аяқталған соң, Жарылқасын аға домбыра­сын сүйеп қойып, жаймашуақ әңгіме айта бастады. Көрген-білгені көп адамның әңгімесі де әсерлі, мағыналы.
– Біз осы Алматы шаһарындағы Медеу ау­да­нында тұрғанымызға ширек ғасырдай уақыт болды. Медеу ауданының негізгі тұрғын­дарының көпшілігі, зиялы қауым өкіл­дері – ақындар, жазушылар, артистер, әншілер, тіпті депутаттарға дейін осы ауданда шоғырлан­ған. Сонан кейін бе, бір-бірімізбен өнерсүйер қауым өзара жете араласып, ынтымақта өмір сүрудеміз. Қаланың байырғы тұрғындары ірге көрші болып тұрғанымен, бас изеп амандасқан­нан әріге бара алмай жатады, бұл біздің ұлты­мызға жат қылық. Мен осы қонақжайлық ту­ра­лы бір өлең шығарып едім деген Жарыл­қа­сын Аманов қоңыр даусымен:
Жоқ болса да бар дегін,
Бар дегендер оңалар,
Бар боп тұрып жоқ деме,
Жоқ дегендер жоғалар…
Кім келсе де түнермей,
Тұз, дәміңді татырғын,
Түгі де жоқ, үні жоқ,
Обалар мен молалар… –
деп мақамдай өлеңдетті. Өйткені, ата-бабамыз қонақ келсе ырыс-несібе келеді деп ырымдаған қонақжай халық. Сондықтан болар, Қазақ­станның көп ұлтты мемлекетке айналып, қазақ, орыс, кәріс, неміс, дүнген, өзбек сияқты әр ұлттың өкілдері бір шаңырақ­тың астында тату-тәтті тұрып жатқанымыз, – деді Жарыл­қасын Аманұлы.
Жарылқасын Аманұлы – кемеліне келген шағында ауыр науқастан қайтыс болды, бірақ артындағы ұрпақтарына мол мұра қалдырған талантты ақын, дарынды сазгер.
Марқұм Жарылқасын Аманұлы Жамбыл қаласында орта мектепті бітірген соң, 1958 жылы сауда техникумын, 1964 жылы Мәскеу сауда институтын бітірген. Талас, Сарысу аудан­дарында, Қаратау қаласында көп жылдар сауда саласында қызмет еткен. Аталған аудан­дарда сауда басқармасының төрағасы болып сайланған. Талас аудандық комсомол комите­тінде жауапты жұмыстар атқарған. 1974 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабыл­данған соң, 1991 жылға дейін бірыңғай шығар­машылық жұмыспен айналысқан. 1991-93 жылдары «Ислам шапағаты» газетінің бас редакторы, 1994-95 жылдары қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Қаржы-қаражат», «Фи­нан­сы Казахстана» журналдары бас редак­торының бірінші орынбасары, кейін жауапты редакторы болған. Ол «Ұлы Дала» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Республикалық «Бәйді­бек баба» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Он бестен аса лирикалық жыр жи­нақтарының авторы, республикалық жыр бәйгесінің үш дүркін жүлдегері. Жастар комитетінің 50 жылдық тойының құрметіне жарияланған жыр мүшайрасында белгілі ақын М.Мақатаевпен бірінші жүлдені тең бөліскен ақиық ақын. Жамбыл облысының құрметті азаматы, көсемсөздің шебері, күйші-сазгер, сөз зергері, ақпа ақын, Қазақстан ЛКЖО ашық жарияланған Республикалық поэзия конкур­сы­ның екі дүркін лауреаты. Жыр алыбы – Жамбылдың, данышпан ақын – Абайдың
150 жылдығына орай өткен Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері және екі алыптың арнайы сыйлығының иегері.
Ұлтжанды ақын көзі тірісінде ақты ақ, қа­раны қара деп айтатын турашыл мінезімен, өт­кір жырларымен елдің есінде қалған. Сол сы­р­баз, сабырлы мінезімен өмірден өтті, тірі бол­са қазіргі күндері 80 жасқа толар еді. Ақиық ақын Жарылқасын Аманұлының өміршең шы­ғармалары – халқына қалдырған мол мұрасы.

Бақыт Мерекенова,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!