Бағаналы бәйтерек
02.03.2018
1529
0

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері


«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол», – деп хакім Абай айтқанындай есімі қазақ еліне һәм дүние әлеміне кеңінен мәшһүр болып отырған академик, экономика ғылымының докторы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Кенжеғали Сағадиевті өз ортамызда жүрген дара да дана тұлға деп ардақ тұтар едік. Өз ортасынан шығандап шығып, шың биікке ұмтылған Кенжеғали Сағадиев сонау 1992 жылдың өзінде-ақ әлемнің жыл адамы аталған-ды. Беделі зор, мәртебесі биік халықаралық алуан ғылыми ассоциациялары мен қауымдастықтарының толық мүшесі ретінде танылып, әлемдік экономиканың күрделі мәселелеріне қатысты ұйымдастырылған конференциялар мен жиындарда терезесі тең тұрып тереңнен ой тербеткені баршамыздың мерейіміз болып еді. Былайша айтқанда қоғамдық қатынастардағы алынбайтын қамалдай көрінген күрмеуі мол күрделі мәселелерге батыл барып, бастамашылық танытты. Былайғы жұрттың көпшілігіне беймағұлым, тосын болып көрінген жағдаяттарды ұңғыл-шұңғылын ақтарып, ұғындыра білген де осы Сағадиев еді.

Академиктің арналы ой-пікірін қоштап, қошаметтегендердің бірі пәкістандық Хан мырза:
– Профессор Сағадиев мәртебесі өте жоғары кісі, әртүрлі жоғары орын­дарда қызмет атқарды. Қа­зақ­стан­ның прогресіне және дамуына ға­на емес, оның бүкіл аймағына үл­кен үлес қосқан. Оның еңбектері мем­лекеттік және халықаралық ма­ра­паттармен белгіленді, – дегенді айт­ты.
Ендігі қазақ жастары білімді, қа­зақ ұлтының алдағы болашағы жар­қын болсын деген игі істердің бар­лығының басы-қасында Кен­же­ғали Сағадиевтің өзі жүріп, Одақ бойын­ша жиі-жиі сапарға шығуды әдет­ке айналдырғаны бар. Бұл игі амалдарының барлығы дерлік нәти­жесіз қалмайтын. Сондай бір са­па­рының бірінде, яғни, 1987 жылдың ма­мыр айында СОКП Орталық Ко­митетінің Саяси Бюросының мүшесі В.П.Никоновтың қабылдауында болды.
Бірде Мәскеудегі Орталық Ко­ми­теттегі ықпалды адаммен осы жо­лы оңаша отырып сөйлесуді ой­ластыра келген Кенжеғали Әбенұлы сол сәтте Виктор Петрович Нико­нов­тың жиналыста отырған кезіне дәл келмесі бар ма?! Амалсыздан Ни­коновтың көмекшісімен аз-кем шүйіркелесуге тура келді.ЦК-ның ұзын дәлізінің бойымен жүріп келе жатқан бұл екеуіне қарсы жолыққан әлдебір орыс жігіті сынай да, жақ­тырмай да қарағандай болды. Соны байқап қалған Никоновтың кө­мекшісі сәл абдырап: «Мынау Саға­диев деген азамат, Қазақстаннан кел­ген. Целиноград ауыл шаруа­шы­лығы институтының ректоры, та­нысып қойыңыз», – деп ишарат біл­дірді әлгіге.
Шүңірейген көгілдір көздерімен тін­те қараған әлгі шикіл сары сәл маң­ғазсынып: «Сыртынан тани­мын, уақыты болса, оңаша сөйле­сейін деп едім», – деп жүре сөйлесті.
Емен есіктің сыртында «Мищен­ко» деген жазуы бар кабинетке ке­ліп кірген бойда кадр бөлімін бас­қаратын Мищенко көптен бері әл­декімнен ала алмай жүрген өшін алудың оңтайлы бір сәті енді туған­дай шіреніп тұрып, ызбарлы қалып­пен: «Халің қалай? Декабрь оқи­ғасы ты­нышталды ма, басыл­дыңдар ма?», – деген сұрақтарды қарша бората бас­тады.
– Басылды, жалпы біз ешқандай ереуілге шыққан жоқпыз, – дей бер­ген Кенжеғали Әбенұлының осы бір ауыз сөзі Мищенконың төзімін тауы­сып, ойран-асырын шығарып, көк­шіл көздері аязды күнгі әйнектей шы­тынап, ежірейіп кетті.
– Қалай ереуілге шықпадыңдар? Се­нің институтың туралы әрбір жар­ты сағат сайын ақпарат алып тұрдым ғой. Білеміз сендерді!..
Бұл жағдайды күтпеген Кенжеға­ли ағаның әу баста абыржып қалға­нын сезе қойған әлгі Мищенко өз үс­темдігін көрсетіп, үсті-үстіне үде­ме­леп, бастырмалатып, пәле-жала­ны үйіп төгіп жатыр.
Кенжеғали аға сол арадан үнде­мей шығып кетуді өзіне ар санады. Тұтас бір ұлтын қаралай айтылып жат­қан ғайбат сөзге сыпайылап: «Сіз қателесесіз!», –деп жауап бере бас­та­ғаны сол еді Мищенко тіпті екі­лене түсті.
– Жоқ! Сендер баяғыдан ұлтшыл едің­дер, әлі де ұлтшылдықтарың қал­маған! Күні кеше неміс автоно­миясын құрғызбаймыз деп сту­денттеріңе бүлік ұйымдастырған­дық­тарыңды қалай ұмыттыңдар? Ал, енді мынау, міне! Осы сенің халқың қа­шан тынышталады? – деп дүрсе қоя берсін.
– Мәселе былай ғой, – деп Кен­же­ғали Әбенұлы сабырлы да сыпай­гер­шілік қалыппен бар жайды тү­сін­дірмекші болды. Тыңдар Ми­щен­коң жоқ. Ауыз өзімдікі деп нені болсын соны айтып жатқан Мищенко тіпті «гнилая интеллигенция» деуге дейін барды.
– Шіріген зиялы қауымыңның іс­теп жүргені анау, қайдағы ұлттық мүд­дені айтасыңдар, қайдағы?! – деп шаптыққан Мищенко:
–Көр, мі­не, өздеріңнің не істеп жатқанда­рың­ды?! Бәрін де қазақтар өздеріңнің туыстарыңмен бірлесіп жасап жа­тыр­сыңдар! Қара, көр мынаны, мі­не! – деп мұның алдына қалың-қалың әл­дебір альбомдар мен кітаптарды лақтырып жіберді.
Шегірейген екі көзі шекесіне шы­ғайын деп тұрған Мищенко «ал көр, ал қанық» дегендей айбарланып қо­­қия қалған еді. Амалсыздан алды­на лақтырылған әлгі кітаптарға таңыр­қай қараған-ды.
Сол сәтте Кенжеғали Әбенұлы өз көзіне өзі сенбестей халге түсті. Мы­наны қараңыз, әлгі кітаптардың арасында Мұрат Мұқановтың қазақ руларына қатысты шығарған тарихи еңбегі де жүр екен. Мұндай кітаптар­дың бұлардың қолына қалай түсіп жүргендігіне аң-таң болып тұрған Кен­жеғали дәл алдында жатқан қалың мұқабалы суретті альбомның біреуін ашып қалмасы бар ма?!
Жүрегі зырқ ете түсті. Әр суретте ашу кернеп жұдырықтарын түйген, қол­дарын сермеген қазақ жас­тары­ның, соның ішінде қазақ қызда­ры­ның қайсар бейнелі суреттерін көр­ді. Жастардың от шашқан жанар­ла­рындағы жарқыл енді беріспеске бе­кінгендей. Ашу мен ыза…
Ерлікке, азаттыққа, бостандыққа ел-жұртын шақырған есіл жастардың сурет­тегі бейнелеріне үңіле қарап тұ­рып, сол сәтте Кенжеағаның да бойын­дағы ашу мен кек атойлап, ой­ламаған жерден қаны басына теуіп шыға келсін!
Сол сәтте Мищенко әлгі альбом­дар­ды өзінің алдына қарай тартып, жи­нап алды да, сөйлене жүріп, әрбір суретті жұдырығымен ұрғылап, аузы көпіргендей күйге түсті.
– Сен де «националиссің!» Не жет­­пейді әйтпесе?! Өмір бойы көр­ме­ген жақсылықтарыңның барлы­ғын бізден көріп отырған жоқсыңдар ма?!.
– Сіз мені кешіріңіз, – деді Кен­жеғали Әбенұлы әлгінің сөзін бө­ліп: Мен сізге екі сұрақ қояйын, тым болмаса соны тыңдаңызшы!
Сәл-пәл болса да Мищенконың ап­тығы басылғандай болып, қарсы алдында тұрған Кенжеғалиға ыз­бар­лана қарап тұрды. Кенжеғали Әбен­ұлы осы бір сәттік үнсіздікті пай­да­ланып қалғысы келді де, даусын сәл көтеріңкіреп, нығарлы да айбын­ды үнмен сөз бастады.
– Мынау біз­дің астанамыз Алматы, – деді Кен­жеаға көз алдын­дағы көп сурет­тің бірін нұсқап.
– Алматы тұрғын­дары­ның 20 пайызы ғана қазақтар! Соны біз бірде-бір жерде, ешқашан айтқан емеспіз. Қазақстанның аста­насын басқарып отырған да орыс­тар! Соны біз ауызға алдық па? Жоқ! Мен Қазақ­станның солтүстік өңірін­де туып-өскен жанмын. Тың жерлер­ді игеру науқаны басталғанда солтүс­тік өңірлерде орыс ұлты он жеті пайызды ғана құрайтын. Енді қа­раңыз, қазір өзіміз он жеті пайыз бо­лып қалдық. Тыңға келген ха­лық­тың бірде-бірін жатырқаған жоқпыз, дәм-тұзы­мызбен құшақ жая қарсы алдық. Сіз қалайша ұлттық интел­ли­ге­н­цияны ұлтшыл деп сөгесіз?!
Мына қазақтың тайсалмай, өзі­не тура қарап сөйлегені намысына ти­ді ме қалай, Мищенко онан әрі до­лырып, ашуға булыққан қалпы қол­дары дірілдеп, әлгі кітаптар мен аль­бомдарды аударып, төңкерумен бол­ды. Сол бір текетірестен кейін Кә­кімбек Салықовпен жүздесіп, екеуара сыр бөліскендері әлі күнге дейін есінде ағаның.
Жер ортасын шалған осы бір тұс­та Кенжеғали Әбенұлы өз кезінде Целиноград ауыл шаруашылығы инс­титутын сегіз жыл бойы ректор бо­лып басқарғанына ешбір өкінбейді де! Сағадиев басшылық еткен жыл­дары бұл институт сапалы білімнің, са­налы тәрбиенің озық үлгісін көр­сетіп республикалық, тіпті, одақтық деңгейдегі дәрежелі орындардан көрініп те жүрді. Еңбектің жанғаны деген де осы болар! Кенжеғали Саға­диев ректорлық қызметінен кеткен­нен кейін биотехникалық орталық­тың бір топ ғылыми мамандары би­дайдың жаңа бір сортын шығарды да, сол бидай сортын білікті басшы, білгір ғалым Сағадиевтің құрметіне орай «Кенжеғали» деп атағандарын да біреу білер, біреу білмес осы күн­дері!..
***
Арманы биік асыл ердің арқа сүйер таянышы өз отбасы екендігі айт­паса да түсінікті.
Ер азамат үшін ең қымбат екі егіз ұғым, қас­терлі қасиет. Құдай қосқан жары Нағы­тай Әбітайқызы екеуі отбасы­лық өмірдің қызық пен қиындыққа толы дария сапар – ұзақ жолын қол ұстасып, бірге кешіп келеді. Қашанда жақсы жар жанына сая, көңіліне медеу, тіршілігіне тіреу емес пе?! Кәнігі қарапайым отбасы­ла­рын­да­ғы­дай үй шаруасы­ның бар қарекетін үйлестіру бәйбішесі Нағы­тайдың мойнында. Аллаға шүкір, отбасына ордалы ырыс, әулетіне әдемі сый-сияпатшылықты сыйла­ған берекесі мол тұрмыстың берері мол екен. Әкеден көргенін, анадан үйренгенін балалары жалғастырып келеді. Ра­сында, қазақтың «Әке көрген оқ жо­нар, шеше көрген тон пішер»,– де­гені өмірдің өз қағидасы екен. Ба­ланың жақсы аты, ілкімді ісі қа­шанда әке мерейін өсіріп, шат­тыққа бөлейтіні бар. Өз таланты мен білі­мінің арқасында еліміздің белді де беделді тұлғасына айналып келе жатқан ұлы Ерланның орны бір төбе. Әкесінің әлі есінде. Кезекті са­пармен шетелге ұшып бара жат­қа­нында ұшақ ішінде американдық жолаушының «шынында сіз Ерлан Сағадиевтің әкесі боласыз ба?»,–деп таң-тамаша болғаны бір марқайтып тастаған еді. Ал, Нұрланы болса кіш­кентайынан зерек болып өсіп, ма­тематикаға бар ынта-ықыласын қойды. Сондықтан да болар, Мәскеу университетінің кибернетика фа­культетін тәмамдады. «Жігітке жеті өнер де аз», – дегендей арысқа тү­сер атан жілік азамат атанып, бок­серлікпен де айналысты. Ер жігіт­тің бойындағы күш пен қуат өмір­дегі өз ұстанымымен ұштасып жатса, тіптен ғажап емес пе?! Оның кибернетикаға деген құштарлығынан болар сол жайында кітап та жазып тастады. Бала жастан биология ғылымына бет бұрып, бейім болып өскен Ербол өз машығын өзгертіп, машақаты мол қытай тілінің тереңіне бойлап жүр. Әрбір ата-ана үшін ұлдарынан ұлағат көр­геннен артық қандай бақыт бар?!
Осынау саналы ғұмырында бірі аға, енді бірі іні-бауыр болып, Кен­же­­ғали Сағадиев жайында ой тер­бетіп, қалам ұстағандар сірә да аз бол­мады. Солардың бірі, халқының аяу­лы перзенті, академик, марқұм Са­лық Зиманов Кенжеғали Саға­диев­ке зор баға бергенін де білеміз. Са­бырлы мінезіне басып, қашан болсын сарқып сөйлейтін Салық аға­ның осы бағасының өзі неге тұрар еді?!
«Сағадиев өзінің дарыны мен қарымының ерекшелігін, өзінің кім екенін іштей құндай алатын адам. Шешуші сәттерде қолында билік барлар беделімен басып, көңіліне қонбаған істі орындатпақ болса, қыр көрсетіп қарсы шығатыны да сон­дық­тан болар», – деген зиялы пікірді ака­демик Төрегелді Шарманов айт­са, әрине тіптен орынды.
Құбылмалы заманның құйтырқы пен­делерінен болатын қысас пен қыс­пақ, кедергі мен тосқауыл арғы­мақ текті азаматтың адымына әсте де тұсау болған емес. Анау бір жыл­дары Сағадиев Ұлттық Ғылым Ака­де­миясының президенті болған ке­зеңде өзі соны түсінді және өзгелерге мойындатты. Кенжеғали Сағадиев осы­нау абыройлы атқа ие болған аяулы азаматты біздің қоғамның ең­бектеген баласынан еңкейген қар­тына дейін біледі десек артық айт­қандық емес.
Кенжеғали аға – терең зерделі фи­лософ адам. Ол хакім Абай әлемін зерттегенде, тереңінен қазып те­бі­рене сөйлеп, телегей-теңіз білімнің қиясынан сермейді. Абай туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ қой. Алайда, Кенжеғали Сағадиевтің өз Абайы өзінше сөйлеп, өзінше ақыл ұс­тайды. Жалған тамсанудан, жа­дағай таң қалудан ойын аулаққа сал­ған зерттеуші оқырманын биік тал­ғамның заңғар шыңына қарай ерік­сіз ерте береді. Қашан болсын ман­сабы барлардың жанында жал­тақ, төмендегілердің алдында жара­па­заншы болып та көрінгені жоқ. Мұн­сыз да қоғамның сау ағзасына түс­кен кесел – індет аз ба еді?!
Адамзат баласының бар ізгілік гу­манистік идеясына тұнып тұрған бая­ғы саналы қазақтың салты мен дәстүрінің жоққа шығарыла бастауы кімді толғандырмас дерсіз?! Соны ойласа болды кей кездері өз ойынан өзі қашып, жан жұбатар дүниелерді оқитын болып жүр. Сол оқығандарын көңіліне тағы да тоқиды. «Ақылды деп, арлы деп, ақ пейіл деп, мақ­та­ма­йды ешкімді бұл күнде көп»,–дей­ді Абай. «Әділ билердің қолындағы би­лік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді», –деп Ах­мет Байтұрсынов қалай ғажап айт­қан! «Адамның басшысы – ақыл, же­текшісі – талап, шолушысы – ой, жол­дасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қор­ғаушысы – мінез, сынаушысы – халық», – деген сөзді Саққұлақ ше­шен де орайын келтіре ойып айт­қан екен.
Таусылмас ақыл иесі Кенжеғали Сағадиев жігіттің жолын бөгеп, қо­лын қысқартып, қара басына сор боп жабысатын тоғыз жауы бар екен­­­дігін ертеден-ақ мына бір өсиет сөз­ден біліп өсті. «Басты жауың – жал­қау­лық, сорлататын жаныңды»,– деп бас­талары бар сол өсиеттің! Осал­дығың – аңқаулық, соқтыратын са­ныңды, жасқаншақ болсаң, ұры алар қорадағы малыңды, жасықтық жалатқызбас – аузыңдағы балыңды, өтірік айтсаң – өңмеңдеп, жоғал­тар­сың арыңды, өсек терсең телмеңдеп, суға кетірер салыңды, көпірме босқа мақтан ғып, түкке тұрмас барыңды, кө­рінгенге жалтақтап, бола алмай­сың жағымды, біреуді алдап-арбау­мен аша алмайсың бағыңды», – деген­ді айта отырып, дана халқымыз осы бір дұшпандық қасиеттерден өз ұр­па­ғын әрдайым сақтандырып отыр­ғандығы да бар. «Анаң үшін аян­ба – ант ұрады, балаң үшін аянба – бе­тің күйеді, елің үшін аянба – ерлігіңе сын, жерің үшін аянба – жігіттігіңе сын», – дегенді де оқып, бұған да ерік­сіз таң қалып, жадында ұстап қал­ғаны да бар.
«Рахат іздесең бейнетінен қо­рық­па, қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа», – деген дана қазақтың мұн­дай ұлағатты сөздерін ой сана­сынан тағы бір өткізер болса, бағзы­дан бері ел ішінде жазылмаған заңға айналып, санаға берік орныққан тәмсіл сөздер мен тәлімгер ұғымдар аз емес екен-ау! Сан ғасырлар қой­науы­нан жеткен халқымыздың ше­шендік сөздері мен билер шешімі осы­ның айқын дәлелі бола алар еді.
Кезінде кәнігі парламентші бо­лып қалыптасқан Кенжеғали Са­ға­диев еліміздің бұл биік мінберінен келелі ой да айта білді. Сол сөздерінің барл­­ығында да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойын халыққа кеңінен жеткізіп, ғылыми сараптамалар жа­сап, талай бір ұсыныстарымен ха­лық­тың мүддесін қорғап, қайткенде оң нәтиже шығаруға әрекеттенді. Ел есінде қаларлық көп іс тындырды. Әдетте, депутаттың алдына түрлі ша­­ғым­дарымен де, ұсыныс, өтініш­те­рі­мен келетіндер де аз болмайды. Әсіре­се, сол тұста өзі депутат болып сайланған Қостанай облысының Жангелді, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласынан елдің әлеумет­тік-экономикалық жағдайының құл­дырауына байланысты келген аза­маттар көп болды.
Торғай облысы таратылып, бағы тайып, бабы кеткен туған мекені Жан­гелді, Амангелді аудандары болса ендігі Қостанай облысының ең бір қиыр шетінде қалып қойды. Арақашықтық бес жүз шақырымды құрайды. Темір жолды айтпағанның өзінде, автокөлік жүрер дейтін қара жолдың өзі қиындық тудыратын елді мекендер қыстың қақаған суығында мүлдем байланыссыз қалады. Ден­сау­лық сақтау саласы құлдырағанның үстіне құлдырап кеткен-ді. Ата кәсібі – мал өсірудің өзі тиімсіздікке айналып, тұрғындардың көбі басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүрлі бол­ған. Ауыл мектептерінің мате­риал­дық базасы сын көтермейтін жағ­дайға жетіп, заманауи жетістіктердің иісі де сезілмейді. Жастардың қолы бос, жұмыссыздық белең алған, тұр­ғындарды арнайы кәсіп пен орта шағын бизнеске бейімдейтін кәсіби-техникалық оқу орындары атымен жоқ десе де болады. Үкімет басшы­сымен болған бір кездесуінде қашан­ғы азаматтық ірілігіне басып Саға­диев осы мәселелердің барлығын да айта білді. Әлі күнге дейін шешімін тап­паған шалғайдағы ауыл мәселесін көтерді.
Үкімет басшысының назарына нақ­тылы не істеу қажеттілігін де жайып салды. Басты міндет кәсі­порындарды жаңартып, бизнестің қала аумағындағы тиімді түрлерін ойластырып, соны үйлестіріп те реттеу қажет. Көпшілікке не қажет, олардың сұраныстары қандай? Міне, солардың барлығын да електен өткізіп, халықтың ыңғайына бейім­дей отырып шағын және орта бизнес түрлерін дамытуға ықпал ету де қа­жет болатын. Жер-жердің гео­графия­­лық жағдайларын да ескеріп, олар­дың өз төңіректеріндегі аудан­дармен бай­ланысын нығайтып, Арқалықты сол өңірдің мәдени- әлеуметтік ор­та­лығына айналдыру ойын да жа­сырмады.
Академик Кенжеғали Әбенұлы Са­ғадиев тек білгір экономист қана емес, ол ана тілінің жанашыры ре­тінде де танылып келеді. Ұлттық тіл­дің халін тілге тиек етіп, Мәжіліс отырыстарында талай рет сөз де қоз­ғады. Аттандағанмен, айқай сал­ған­мен де бүгінгі және ертеңгі күн­дері шешіле қоймайтын бұл шетін мә­селеге ақылмен, өзіне тән сабыр­мен үн қосты. Сөз көп те, іс жоқ! Ой­лап қараса, тілге қатысты шаруа­ның үлкені мен кішісі жоқ сияқты.
Арғы-бергі тарихта қазақ руха­ниятының көшбасшысы, көсемсөзші һәм көреген білгірі, абырой-беделі, алтын діңгегі бола білген Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновпен жерлестігі өз алдына бір басқа да, сол Байтұрсынов пен Сағадиевтің аталас-ағайынды болып келері зор мақтаныш әрі зор абырой болса керек-ті. Әлі де болса Алаштың Ахметінің өз дәуірінің қой­­науы мен тарих еншісіне сыйма­ған сом тұлғасы түгелдей танылмай отырғандығы және де ұлт көсемі ре­тін­дегі де өз бағасын толық ала ал­май келе жатқандығы да Кенжеғали ағаның бір бүйіріне шаншудай бо­лып қадалып келе жатқаны да бар.
Көне Торғайдың қасиетті де кие­лі топырағынан жаратылып, түлеп ұшқан кешегі Ахаңдардың – Ахмет Байтұрсыновтың бүгінгі дәстүрлі жал­ғасы, солардың көзі іспетті Кен­жеғали Әбенұлы Сағадиевтің өз өмір жолы да, тағдыр талайы да, тамаша ғұмырнамасы да кез келген жан ие­сін қызықтырары да, сүйсіндіріп, таң қалдырып, тамсантары да ақи­қат.


«Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Кенжеғали Сағадиев ХХ ға­сырдың диалектикасы мен қарама-қай­шылықтарының, утопиясы мен антиутопиясы, социализмі мен ан­тисоциализмінің күрделі мекте­бінен өткен қазіргі кезең ұрпағының, демократия мен ұлттық көксеулер жо­лында өткерген және өткеріп жат­қан өзінің рухани өзегіндегі қо­бал­жуларын, қарама-қайшы қар­сылас дәуіріміздің өзара ықпал­дас­ты­ғын сезінген ұрпақтың та­ри­х­ындағы қай­таланбас ғажайып өкілдерінің бірі».

Шыңғыс Айтматов.


«Қабылсаят суын­дай шарапатты дәмге ие қасиет­ті Торғайдың мөлдіріне қанып, қа­зақтың іргесін бүтіндеп, туын тік­те­ген Жәнібек Қошқарұлының өрбіген алтын тамырынан түйнек салған мәуеге лайық нәрлі де нұрлы дәурен кешіп келесіз. Ұлтымыз ең қиын өтке­лектерден өтіп, ең биік мерей­лер­ге жеткен жиырмасыншы ғасыр­дың әрі сүрең, әрі терең тарихында Абай, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Әлихан, Қаныш, Мұхтар, Бауыржан, Әлкей, Сәбит, Ғабиттер ат байлаған асқақ абырой сөресіне өз тұлпарыңызды сіз де бекем бай­ла­дыңыз. Алдыңыздағы бабаларыңыз бен ағаларыңыздай бәріне де өзіңіз­дің емес еліңіздің, өткіншінің емес мәң­гіліктің қамын жеген қажырлы ең­бегіңізбен, саф талантыңызбен, са­қи адамгершілігіңізбен жеттіңіз. Жиырма бірінші ғасырға Тәуелсіз Қа­зақ Мемлекетінің ірге тасын қа­лаушылардың, Азат Қазақ ұлтының рухани көсемдерінің бірі болып ат­тап отырсыз. Өкінішіңіз жоқ. Арма­ныңыз көп. Дегеніңізге жетіңіз! Аға жасындасыз. Баба жасына келіңіз! Асқар таудың басындасыз. Ұшпақты да көріңіз! Дүние тұнғанша тұрыңыз!

Әбіш Кекілбайұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір