Жазушыны сорлатқан кім?

1
547 қаралды

(Пленумнан кейінгі сатиралық репортаж)

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ


Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының таяуда өткен соңғы Пленумы (12.02.2018) ел аңыз қып айта жүрер тарихи уақиға болды. Тарихи емей немене, бүкіл жазарман қауым көптен ындыны құрып ынтыға күткен ұлы «жеңіске» жетіп бір масайрап қалса. Жауды жеңді. Және жау болғанда, қандай «жау» десеңші?! Жиырма екі жыл бойы бел бермей қасарысқан қас «дұспанның» нақ өзі! Ура! Гитлер Капут! Ораза­ли­ніңізді бір-ақ сәтте тағынан төңкеріп тастадық. Бұдан асқан мерейлі «жеңіс» бола ма? Рейхстаг алынды! Тек бір әттең-айы – бұл жолы «дұшман» оқ шығындатпай, совет кино­­сын­дағы фашист сияқты, екі қолын көтеріп, өз еркімен берілді. Мұндай «әлсіздік», әрине, сауыттары сықырлап, зеңбірегін үңілтіп шүйіле төнген баһа­дүр­лерге бек ұнамай қалды. Қарсы­­ласпай неге бірден қылжия салады? Жоқ, помайд, қоңқай! Бүйтіп жәй жеңіле салуға жол жоқ. Әбден басқа-көзге төпелеп өлімші қылған соң, ойбайын салып өкіріп жатып: сауға, жеңілдім, көке, деуің керек. Одан беріге бітім жоқ! Әсіресе, классик Қабекең – Қабдеш Жұмаділов қатты ширықты. Талайдан бері таңдайында талмап, дәмін келтіріп, ұртына толтырған у қақырықты Оразалиннің бетіне бір бүрік­пейінше кәйтіп кәйіп алсын! Мінберге елден бұрын ұмтылып, ит қалмақтың өңешіне қадалған Қабанбай бабамның көк найза­­сының ұшындай сұқ сауса­ғын Оразалинге безеп тұрып: «Әй, сен!» – деп ақырумен бастады уәжінің әл-хиссасын. Қыжыл мен кіжілге толы «әй», «өйдің» неше атасы кетіп жатыр, апыр-ай, қайран әке мен шеше байғұс ашудың қанжығасына бөктеріліп кетпес пе екен деп біз отырмыз қылпылдап мына жақта… Не дегенмен дегдар тумысты, жоғары мәдениетті классик қой, ондаймен аузын былғай қойған жоқ. Қабекең неге күйіп-піседі десем, ләмінің тоқетері: «Сен, Оразалин, мен айтарымды айтып, айызымды қандырып алмай тұрып неге кетем дейсің? Сен кетпейсің, мен кетірем!» екен. Пәлі… Құдды бір есігіндегі малайына әкіреңдеген секілді, жо-оқ, көз алдыма әлгі бір ескі романдағы қойшысымен әуейі боп қойған тоқалына сақалын сілкіп зіркілдеген шарасыз шұнақ шал елестеп кетті…

Ойлап отырсақ, Қабекеңнің ашу­ланса, ашуланатындай-ақ жөні бар екен. Бұл Оразалин не істемеді? Ең әуелі сон-о-оу 96 жылы Әлжекең, Хамаң, Шер-ағаң бастаған бір топ «алжыған» ақсақал Президентке қолқа салып: «Одағымыз күйрейтін болды, бізге басие керек, өзі жас, іскер, отқа да, суға да түсіп ысылған, депутат болған, «Егеменді» шырқ иіріп отырған осы жігітті бізге қиыңыз», – деп өтінгенде, Ора­за­лин­нің шайтан шатастырғандай көне са­лып не соры десеңші! Одан кейін­гі не «былықтырғанын» ауызға алу­дың өзі «ұят». Ойбай-ау, әйгілі «прих­ватизацияның» алағай-бұла­ғайында сол кездегі басшылар (марқұм Қалдарбек Найманбаев, қа­зіргі көзі тірі Төлен Әбдіков, Бей­біт Қойшыбаев) ту-талақай талан-таражға салған Одақ мүлкін қай­та­рып алам деп «масқара» қылды емес пе бұл қасқаң. Мұндай ақкөз, өлер­мен болар ма? Үш жарым жыл та­банынан тозып жүріп, 39 рет сот­тасып, сот шығынына 2 млн. теңгені жазу­шылардың езуіндегі еншісінен айы­рып, ақыры болмаған соң Пре­зиденттің өзінен сауға сұраумен Одақ ғимаратын қайтарып алған жоқ па? Р.Ниязбековтің Пленумдағы сөзіне сүйенсек, сол кезде алтын тү­гіл анау-мынауға мысқал мысқия қой­майтын М.Мағауиннің өзі: «Нұрлан бауырым, осыдан Одақ үйін қайтарып алар болсаң, осы ғимараттың алдына алтыннан мү­сініңді орнатамыз», – деген екен. (Мі­не, енді сол ескерткішке қажетті «ал­тынның» алғашқы бір қабын Қа­бекең арқалап әкеп, Одақтың бо­сағасына сүйеп қойды). Жалғыз ол ғана емес, шығамашылық жай, т.б. қыруар мүлік қайтадан жазу­шы­лардың меншігіне айналды… Қой­шы, қай «қысастығын» айтып тауы­сарсың! Ең ақырында, ит қыл­ғанда, бұл Оразалин талай жыл Президент пен Үкіметтің табалды­рығын тоз­дырып, депутаттық беделін салып: «Жазушылар еңбе­гіне ақы алмай­тын­дықтан қайыр­шының күнін кө­ріп жүр», – деп шығармамыздың әр баспа табағына 150 мың теңгеден қаламақы таға­йын­датып, бәрімізге қып-қызыл «қастандық» жасағанын қайда қоярсың? (Бәлем, біз де қа­рап қалған жоқпыз, арызды бұр­қы­ратып, сол сәтте-ақ Сенаттан қу­ғыз­дық қой!). Бітіп болмас осын­­шама «зиянкестігін» қия­лым­мен қылға тізіп шыққанда, тө­бем­де­гі төрт тал шашым тік тұрып, та­қиямды төңкеріп тастай жаздады.
Жиырма жыл бойғы еңбегінен кө­зіне телескоп салып қараса да, жылт еткен жақсылық таба алмай қи­налған соң қайран Қабекем күйін­бей қайтсін? Әсіресе: «Мен се­нің 42 адамға бірден «Алаш» сый­лығын бергеніңді өлсем де ке­шір­меймін!» – деп жерді бір тепкенде, жазу­шының аузынан он жылдан бері отыз рет естісем де, дәл осы жо­лы ерекше нәшпен құлағымда сың­ғырлап, тәнті болғаным сон­ша­лық, сүйсініп кетіп қолымды аямай со­ғып-соғып жібергенде, алақа­ным­ның арасынан от жарқ-жұрқ етті. Иә, рас-ау, қаржы тапшылығы­нан 6-7 жыл бермей-бермей, бір жылда 42 адамға мә, қоңқай деп үйіп-төге салу қай Атымтай жомарт­тық! Оның үстіне кімдерге берген десеңші? Халтурщиктер толып тұрғанда, таңдап-таңдап классик Б.Нұржекеев, сирек интеллектуал С.Абдархманов, ұйғыр әдебиетінің классигі Ахметжан Ашири, намы­сын нанға сатпайтын Бибігүл Иман­ғазина, сыншы Бекен Ыбы­райым, ақын, сыншы Әуезхан Қо­дар, лирик ақын Ибрагим Исаев, са­тира саңлағы Үмбетбай Уайдин, балалар жазушысы Тұрдақын Жексенбай, публицист-қаламгер Бауыржан Омар, жазушы-драматург Думан Рамазан, талантты ақын Ба­қыт Беделханұлы секілді ылғи сен тұр, мен атайындарға берген.
Лықа толы залдың жартысына жуығы әйгілі қаламгерлеріміздің ел-жер тағдыры, қазіргі қоғамның ділгір мәселелері туралы толғақты ой, салихалы ғибратын тыңдайық деп ынтығып келген ынталы жас қауым еді. Ұшқын атып жарқыраған жанарлардай жан-жақтан жарқ-жұрқ еткен ұялы телефондар «ауыз батыр» абыз аталарының асыл сөзін, нұр дидарын сол сәтінде-ақ әлеуметтік желі арқылы сүйіншілеп жарты әлемге жариялап жатты. Даңқты жазушы масат көңілмен «қалай, балалар, қатырдым ба?» де­гендей, залдың ішін мейірлене бір шолып өтіп, тершіген маңдайын сүртті. Баста! «Мавр сделал свое дело!» Маңғаз басып, мінберден түс­ті. Шөлмектің аузын шөп сүйіп, шал­қып жүрген Ақсұңқардай сәл де бол­са шайқалақтай ма деп ем, жоқ, кеу­де шалқақ, аяқ алшаң. Бұл пен­де­шілікті қойсаңшы, қанша деген­мен қадырлы ағамды қимай, баға­на­дан бергі асыра «ерлікті» әзә­зіл­дің желігіне жаппақшы едім, ол үмітім ақталмағанға өкініп қалдым. Ақ жүректен шымырлап шыққан асыл сөзі екен. Шаруасын бітірген соң аялдасын ба? Келді. Жеңді. Кетті. Ұлы қа­лам­герді біртүрлі мұңайып, көз қиы­ғыммен ұзатып салдым.
Қабаң кеткенмен, қабандай күр­кіреп Темкең – Темірхан Ме­дет­беков қалыпты. Мұның екпіні тіп­тен тау құлатардай. «Горькийде» жа­тып Съезге хат жазатын Ильичтің дәс­түрімен, не дегенмен қарт ком­му­нист қой, С.Қирабаев ақсақал ті­лек айтып, хат жолдаған екен. Сол үшбу сәлемді Маралтай көмейінен бүлкілдеп, көтеріңкі леппен оқи бастап еді, қайран Темкең екі қолын аспанға сілтеп атып тұрмасын ба: «Қар­ғыс атқыр Қирабаев бізге авто­ритет емес!», – деді арыстандай ақы­­рып. – Ол қарабет кезінде Қа­сым­ды жылат­қан!..». «Әп, баракал­ла! – деп жібердім сол жерде арқам қозып кетіп. «Ондай қиянатшылдар қа­рия­лықтан садаға кетсін!». Іле лепір­ген аптығым су сепкендей басылып қалды. Әлбәттә, жаман­ның жаман­ды­ғын айтып, жерге тығу – парыз. Бі­рақ біреуді кіналау үшін өзің он­дай күнәдан таза, ақ қағаздай аппақ болуың керек қой. Сол сәт Темкең ма­ған сахнада роль ойнап тұрған та­маша актер сияқты боп көрінді. Өйткені, өз басым о кісінің, тәйірі, иненің жасуына да жетпейтін, тіпті айту­ға да ұят, «әттең-айын» білуші едім. Темкең – алдынан кесе-көл­денең өтіп көрмеген аз ғана әзиз аға­ларымның бірі, әлі де көңіл-құр­метім баяғы­дай. «Жаман бергенін айта­ды» деп, мен қайбір жақсымын, сәл бір түкке тұрғысыз септігім ти­генін бұлдайын. Бір күні Одақтың фойе­сінде ұшырасып қалдық. Тем­кең Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан, «бәйгеге қосылып жатыр екен­сіз, тұлпарыңыз топ жарып кел­сін!» – дедім. «Е, жәй ғана айтып қой­май, жәрдем қылмайсыңдар ма!». «Қайтып?» «Ана ағаңа айтсаң­шы, дауыс берсін». Ағам – М.Ма­ғауин, «Жұлдыздың» Бас редакторы. Мен – орынбасар. Е, Темкеңнен ая­ған­ды ит жесін. Мемсыйлықты ел­дің қалай алатыны ешкімге жа­сырын емес. Бәйгеге шығарма шап­пайды, бәрін автордың қам-қаракет пы­сықтығы шешеді. Комиссия мү­ше­лерінің бабын табуың керек: бі­рін дастарханмен тұсайсың, екін­ші­сіне сөзін жерге тастамас кісі са­ласың дегендей… қиыр-шиыр ма­шақат. Ол күнде Мұхаң жаз шыға 3-4 ай Еуропаға асып кетіп, Чехия­дағы баласының үйінде демалып, қара күзде бір-ақ оралатын әдеті. Ко­миссия отырысына қатыспайды, бірақ кімге дауыс беретінін жазып, конверт тастап кетуге хақысы бар. Темкең Несіпбек Айтов арқылы Мұхаңның тамырын басып көрген екен, көнбепті. «Шал қисайып отыр», – деді. Несіпбекті ертіп Мұха­ңа кір­дім. Кешірмейтіндей әлде­бір өк­песі бар ма, бәрібір қабақ бермеді. «Қайтесіңдер оны, татым­сыз…», – деді (Неден көңілі қалға­нын кейінгі жазған естелігінен біл­дім. «Ілис аға Есен­берлин». «Жұлдыз», № 10, 11. 2017 ж.). Екі-үш күн аралатып қай­та бардым. «Неменеге соған еме­шегің үзіліп отыр?» деді қабақ шы­тып. «Аға, жақсы ақын ғой, тілеу­лес бола­йық­шы… Егер мен бәй­геге түссем, да­уыс берер ме едіңіз?». «Саған бе­рем». «Ендеше мен түсті деп есеп­­те­ңізші», – деп Мұхаң мырс етіп кү­ліп, басын шай­қады. Бі­раз ойланды. «Жарайды. Берейін. Са­ған берген дауысым… Бірақ өкі­несің!» – деді. Бірақ мен өкінгем жоқ. Неге өкінейін? Ақын қара үзіп сол жо­лы бәйгеден келді. Мұхаңдай ба­та­гөй ағасының алқауымен. Біз­дік­і жәй сеп, дәнекер тілеулестік қа­на.
Сөйткен көкем маған не істеді дей­сіз ғой? Талай жылғы ұлы сүргін, реп­рессиядан кейін 2006 жылы
М.Мағауин жұмыстан қуылды. Көп ағайынның жері кеңіп, ұйқысы тынышталды. Орнына басқа емес, тұп-тура әулие көкем Темкең қон­жиды. Тоң-торыс. Сыз қабақтанып жотасын береді. Бір апта толғатып жү­ріп, ақыры ішін ашты. «Шы­ра­ғым, мен сенің басыңа да, бәсіңе де тағар кінәм жоқ! – деді мейірімді күлкісі сығырайған көзінің қиы­ғы­нан жылтың-жылтың қашып. Пай-пай, қандай қолпаш, мақтаншақ ба­сым қозғалақтап, астымдағы орын­дық сықырлап кетті. «Бірақ… біз сізбен жұмыс істесе алмаймыз!». Менде де бет жоқ қой, Мемсый­лық­­­ лауреатының жаңағы кіріспе мадағын бойыма құт көріп, «ләббай, көке» деудің орнына: «Басыма, бә­сіме мін таға алмасаңыз, онда қай же­рім ұнамай отыр?» – деймін мен па­қыр бедірейген күйі орындыққа шал­қалап. «Түсінесің ғой…», – деді қы­быжықтап. Мен түсінбедім. Руым жақпай қалды ма? Жалпы, ме­нің ешқандай тайпаға жат­пай­тыным, тұқым-тегім бөтен, кірме екенімді дұрыстап зерттемеген-ау. Әлде «халық дұшманы» Мағауиннің жандайшап «құйыршығы» дей ме екен? «Өз командамызды жасақтап жа­тырмыз. Журнал жұмысын жаңа­ша құрсақ па деген грандиозный жос­парымыз бар… «Хабарда» қо­сым­ша нәпахаң бар ғой, аштан өл­мессің…». Қандай қамқорлық! «Хабарда» жетіскеннен істеп жүр­мін бе?» – деймін. Әрине, ішімнен ай­­тамын. «Сіз саунада виски ішіп, бильярд ойнап, т.б. кәйіп ұстап жатқанда, мен қаламым сықырлап, көз майымды ақ қағазға тамызып таңды-таңға ұрып аударма жасай­мын. Сол үшін кінәлімін бе?» (Айт­пақ­шы, уақыттың алдын орап айта ке­тейін, 2006 жылы қарашада Тем­кең бізден тапсырып алғанда «Жұл­дыз­дың» таралымы 6800 дана еді, 2008 ж. наурызда Одаққа қайта орал­ғанда журнал тиражы 3200 дана­ға жетер-жетпес екен. Міне, Тем­кеңнің «грандиозный» жоспа­ры­ның нәтижесі).
Сөйтіп бір жарым жыл жұмыс­сыз сандалдым. Күн көру керек. Ұят ас болмайды. Түпкі бабам Қазанда дүкен ұстаған. Қысылғанда қаның­дағы там-тұм жұрнақ қалқып шы­ғады екен. «Оптовкадан» майда-шүйде зат алып, көшенің бұ­­­рыш-пұшпағында қазақы ұя­тыммен бұқпантайлап жүріп сауда жасадым. Құрылыс бригадасында бетон да құйдым. Алпысқа таян­ғанда тыр­таңдаған ауыр жұмыстан бойға сыр­қат байланды… Темкең жаңа Қирабаевты «Қасымды жы­латқан» деп қарғады ғой. Әбден дұрыс. Кез келген жазықсыз жанды жылатқан жаһилды қарғыс атсын. Әйткенмен Қирабаев тиіссе, сола­қайлықпен ұлы ақынның твор­чествосын сы­наған шығар, бірақ жұмыстан қу­далап, бала-шағасын ризығынан айырып қиянат жаса­маған болар. Біздің көзжасымыз Қасымдікіндей қасиетті емес, әрине, бірақ Құдай­дың жаратқан қыбырлаған пәндәсі болған соң, құмырсқа құрлы обал-сауабымыз бар ғой деген жәй сөз арасындағы наз ғой біздікі. Әйтпесе баяғыда келмеске кеткен күллі «Көк түрік­тің» жоғын жоқтап, ке­сек турайтын Темкең жәй бір көк кү­шіктің обал-сауабын қайтсын?..
Темкең диадасының келесі тар­мағында «айбар» дейтін асау сөздің қыл мойнына құрық салды. «Одақ­тың бұрынғы айбары қайда? 86 жылы Колбиннің өзін дәл осы жер­де тікесінен тік тұрғызып қойып, тізесін дірілдеткеніміз естеріңде ме?!.», – деп күндей күркіреп, екі жұ­­ды­­рығын аспанға білегенде, үлкен-кішіміз «беу, дүние!» – деп қо­сыла күр­сініп, залдың ішін күңі­рентіп жі­бердік. Әйтсе де, Темкең кален­дарьдан жаңылып, есік қағып тұр­ған уақытты шатастырып алған се­кілді. Жазушыда қанша айбар бол­ғанмен, дірілдей қоятын тізе бар ма қазір? Шынтуайтына келгенде, кім­нің тізесі дірілдейтіні һәм белгілі емес пе? Темкең мұның құр рито­рика, асатаяқты қажының қабырға біткенге шимайлайтын «Аттаны» сияқты қызыл ұран, шынайы айбар жазушының қаламында, заманды қапысыз бедерлеген талантты туын­дысында екенін бек тамаша білер-дүр. Бірақ «ойбай, бүлінді, қирады» деген байбаламға үн қосу үшін бір­деңе деп қалу міндет қой.
Әл-хисса, Оразалин орнынан ке­тетіні анық боп, «уһ» деп көңіл бірлей бергенде, екінші бір марафон бас­тал­ды да кетті. Ынталы бір топ аза­мат жаңа төрағаның нұр дидарын көруге тым асық екен. Қалыңдығын көруге ынтыққан кәрі күйеудей желпіне демігіп, «күтетін не бар, едел-жедел Құрылтай өткізіп жібе­ре­лік» деп білек сыбана бастама кө­терді. Бастама емес, бастап қой­ған іс екен. Түу соноу Астанадан ат арытып сайланған, ақжағалы жан­дайшабын алға салып, әлдекімді арқа тұтып «астыртын ұйымдасқан» топ келіпті. Өздері ғана емес сон­дағы қалам ұстаған біраз игі-жақ­сының жер тепкілеп айтқан үзілді-ке­сілді талабын қоса ала келіпті. Қойын­дарында екі метрлік тізім бар. 78 адам қол қойған. «Сен­бесең­дер, міне», деп Одақ жағалап жүре­тін бір ақ ноян оқи бастап еді, зал­дан бір топ адам ұшып тұрып, біреулері «мен қол қойған жоқпын, өтірік» деп айғайлап, екіншілері микро­фон­ға қарай жүгірді. Сонда бұл кі­сі­лер не талап етеді дейсіз ғой? Шұ­ғыл ұйымдастыру комиссиясын құрып, 12 күнде Құрылтайды өткізіп жіберу керек екен. Үлкен жақтың тап­сырмасы осы… Мәссаған! Әйт­песе түсініксіз бір қауіп бар сияқты. Ең бастысы, әйтеуір келген соң, су жаңа төрағаның мүбәрак қолын алып бір-ақ көңіл көншітпек. «Ой­бай-ау, тым тығыз ғой», – дейді екін­ші жақ шырылдап. «– Жарғыны бас­­­шылыққа алайық. Дайындалуға уақыт керек. Ең болмаса, бір ай мұрсат беріңдер». «Жоқ, болмай­ды!». «Сон­ша аптығып не жаны­мыз­ға зор туды…» Әйда, көкпар. Айтуға – оңай, көрмекке – қызық, ойласаң жы­лайтын кеп. Осы да ауыз ауыр­туға татырлық принциптік мәселе ме? Бірақ жоқтан бар жасап алатын та­­ланттың құдіретіне не дау айтар­сың. Біздің кісілер найза сындырып, бір қан майданға кірісіп кетті дер­сің. Ары тарт та – бері тарт, дау-да­май артық-кемі жоқ алты сағатқа со­зылды. Менің желке тұ­сымда «Жаңғыру» қозғалысының екі аза­маты отыр еді: «Абай» рома­нында Жұ­ман қырттың «құнан қырт», «дө­нен қырт» деген балалары болу­шы еді, мыналардың әрқайсы­сы «бес­ті қырттан» кем емес, тіпті «ай­ғыр қырттың» өзі екен ғой!» деп жер­ге түкіргендей жотасын беріп шы­ғып бара жатты. Міне, бізге бе­ріл­ген баға! Абай айтқан баяғы «ал­тыбақан алауыз, көрсеқызар жал­мауыз» қызыл көз қазекең мал­­­­матымақ, тері шал­барын шешіп тастағанмен, галстук тағып, шашын жылмита тарап, әрқайсы­мыздың ішімізде жымиып отыр.
«Жұлдыз» журналының 2017 жыл­ғы 9,10 сандарында қадырлы Бекеңнің – Бексұлтан аға Нұрже­кеевтің «Шешуі қиын түйін» дейтін мақаласы жарық көрді. Қазақтың етегінен тартып, өмір бойы қыр соңынан қалмай келе жатқан соры – қызғаныш, қысастық дейтін итке бергісіз ит мінезін көзінің жасын сорғалатып отырып жазыпты. Ма­қа­ланың кілті ретінде Ғ.Мүсіре­пов­тің «Күнделіктер» кітабынан бір эпизодты мысалға келтіреді. Сайын далаға бастары сыймаған қазақтың үш руы: Арғын, Қыпшақ, Жағал­байлы өріс пен қонысқа таласып, бірінің үстінен бірі арызды генерал-губернаторға қарша боратады. Еш­қайсысының бабын таба алмай ығыр болған патша әкімшілігі ақыры та­ласты жерді түгел тартып алып, әс­­кери поселениелер мен бекініс салады. Сөйтіп, қазекең 40 мың гек­тар тоғайлы, шұрайлы жер­ден айрылады. Сонда қазакең не іс­теді дейсіз ғой? «Қап, әттеген-ай…» деп бар­мағын шайнады дерсіз. Жоқ! Ар­ғын да, Қыпшақ та, Жағал­байлы да: «Ал, бәлем, маған да жоқ, саған да жоқ!» деп айызы қанып, әрқай­сы­сы ат шаптырып той жасап­ты. Мі­не, қазақтың сиқы. Сол қазақ­ты осы жиында тағы да көрдік. «Ұқса­ма­саң – тумағыр», еш өзгер­мепті-ау…
Әдебиетіміздің абыройын ас­қақ­татып әлемге танытып жүрген дара тұлға – Дулат ағамыз өзінің өк­песін айтты. Бек орынды: «Пе­тер­­бургте тұңғыш рет қазақ жазу­шы­сының , яғни менің үш пьесам қойыл­ды… Лондонда 2014 жылы ал­ғаш рет… «Өкпек жолаушы» атты пье­сам қойылды. Кембридж уни­верситетінде кездесу өтіп, кітаптың тұ­саукесері өтті. ВВС-де сөз сөйле­дім… одан кейін де Түркияда, Бол­га­рияда пьесам қойылды… Одан кейін Лордтар палатасында сөз сөй­ледім…» Бәрекелді! Мақтаныш па – мақтаныш! Мерей ме – мерей! Қа­зақтың қадамын ұзартып, өрісін кеңейткен дарынды ағаның ұлан­ғайыр табысына шынымен тәнті бол­дық. Ал осындай еңбекті елемей, ләм-мим деместен аузына тас тол­ты­рып тасыраңдаған «Қазақ әде­биеті» газетінің қысас пиғылына таң­ғалып жағамызды ұстадық. Өз­дері жазбайды, басқа біреу жазып апарса, «ол мақаланы бассақ, біз жұ­мыстан қуыламыз» деп ондағы ж­і­гіттер зар жылайды екен. Қандай сұмдық! Бірақ… иә, бірақ Дулат аға­мыздың Пленумдағы сөзі басы­лып шыққан номердегі (қараңыз: «Қ.Ә.» №.6. 16.02. 2018) Бас редак­тор Ж.Әшімжанның жауабын оқып, қаламгердің әрбір мерейлі же­­тістігіне қуана үн қатып шүйін­ші­леген көлдей-көлдей материал­дар­дың фотокөшірмесін көргенде, «астапыралла» деп жағамызды емес, кеңірдегімізді қоса ұстап, қыл­ғынып қала жаздадық. Жалпақ жұрттың алдында жазықсыз біреуді қаралай салу, жанын жаралай салу түу деген түкіріктей түкке тұрғысыз нәрсе болғаны ма? Қаһармандық по­заға тұрып алып, көлгірсу, жалған сөй­леу, жала жабу кейбіреулеріміз үшін шынымен моральға айнала бастағаны ма?
Қысқасы, бұл дүбірлі жиында еш­кім жеңген жоқ. Бәріміз жеңілдік. Қаламгер деген қасиетті аттың туы жы­ғылмаса да, бәсі төмендеді. Осы­дан кейін «жазушыда бедел жоқ!» деп кімге өкпелейміз? Қаламгер атының қадырын түсіріп жүрген басқа ешкім емес, өзіміз! Қас дұш­пандай қаржасып, бірін-бірі сотқа сүйрейтін кім? Жазушы. Бірінің ба­сын бірі боққа батырып, сөзбен сойылдап мас­қаралап жататын кім? Тағы да сол пақырыңыз. Үлкен кісі­нің ал­дын­да түлкінің құйрығындай бұлаң қағып бұраңдап, былай шыға бере басқаша сайрап қоя береміз. Әкім көрсек, әкеміз базардан кел­гендей қо­лымызды жайып, елпек қағып ет­петімізіден түсеміз. Бай­шы­кеш пен бишікештің түп-тұқия­нын адақ­тап, жаламаған жерін қалдыр­май жарамсақтанған том-том «роман», «поэмалармен» бүкіл Қа­зақ­станның кітап сөрелерін сықап тас­тадық. Сөйтіп жүріп көкірек, ам­бициямыз атан түйеге жүк бол­ған­­дай. Қалыбына сыймай мен-мен деп кеудемізді кергенде, көйлегі­міз­дің түймесі бырт-бырт үзіледі. Осал ешқайсымыз жоқ, «қазақта екі ұлы жазушы бар» десе, әрқай­сы­мыз «бірі – гәміл өзім, екін­ші кім-ей?» деп айналамызға алара қа­раймыз. Бізге салса, Нобе­ліңді қалпағымен қағып ала­тын­дар ара­мызда толып жатыр. Кімдер дейсіз ғой, әрине, әр­қайсымыз ең әуелі өзімізді меңзей­міз. Мен, мен және мен! Менен бас­қаның бәрі – кәкәй. «Абай жолы» ескірді, төрт кітабын кім оқи­ды, екі-ақ кітап қып шы­ғару керек. Оның орнына менің жеті то­мымды оқыңдар» дейтіндер де ара­мызда алшаң басып жүр. Ма­ғауинді оқымай-ақ жаман­даймыз, өйт­кені ол біздің пәленбай деген кө­кемізге жақпайды… Міне, біздің прин­ципіміз, ұлылық ауруы­мыз. Өзі­міз ғана емес, оқырманымыз да «апа­ма жездем сай». Желөкпе желі­лер­ге көгенделіп, өсек-аяңмен отық­қан жастар, «Қызық газетке» кө­зінің майын тауысып, телеай­на­ның тамашасына арбалған үлкен-кі­ші бүгінде Нұрпейісов пен Олжас­ты, Мағауин мен Әбішті білмейді. Одан гөрі соңғы айларда бір-бірінің қабырғасын қаусатып сойылдасып жатқан Аманхан мен Несіпбек, оларға қосылып шауып жүрген ыр­жаң-тыржаңдар әлдеқайда танымал, «әп, бәрекелді, жазушы болсаң, осын­дай бол» деген мәртебелі ілти­фат­қа ие. Бүгінгі күннің қаһар­ман­дары солар. Дәл осы күндері Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсыну науқаны қызу жүріп жатыр. Ұлы дүбір ала­ман­ға ақсақ та, тоқсақ та қосылады. Ұзын қарасы жүздің ар жақ-бер жағына жетіп жығылмаса көр де тұр. Қазанда қақпақ болмаса, итте қайдан ұят болсын? Ешкім «мұным ерсі-ау!» деп қымсынып тартын­байды. Әрқайсысы есек мініп тепеңдесе де, Құлагердің бәйгесінен дәмелі. Өйт­кені, алдарында он­дайдың әдемі-әдемі үлгілері бар­шылық қой. Бұл да біздің өзімізді, сол арқылы ұлы Әде­биетті сыйла­мауымыздың бір кө­рінісі. Атақ­құмар, мақтаншақ, жа­лақор, жарамсақ, қызғаншақ, өті­рікші… міне жазушының қазіргі қа­лыптасқан жаңа имиджі! Шым­байымызға батса да, жұрт қазір бізді осындай деп біледі.
Кезінде К.Маркс: «ХVІІІ ғасыр­дың күллі экономистері, фило­соф­тары мен тарихшылары жиылып айқындай алмаған француз өмірінің қайшылыққа толы әлеуметтік бол­мы­сын Бальзақ жалғыз өзі-ақ «Адам комедиясымен» сипаттап бер­ді деген еді (сөзбе-сөз есімде жоқ, мағынасы осы нобайда). «Л.Толстой – орыс революция­сы­ның айнасы» дегенді де Ленин айт­қан. Міне, бұл – әдебиеттің қо­ғам өміріндегі орнын, биік мәр­тебесін айқын­дайтын дәйек. Біздің қа­зіргі әдебие­тіміздің деңгейі осы та­лап үдесінен шыға ала ма? Соц­реализм құрсауы­нан босап, бостан болған ширек ғасыр ішінде қандай озық үлгілер жасалды? М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», «Жармақ», Б.Нұр­жекеевтің «Әй, дүние», Қ.Мұха­метқалиевтің «Тар кезең», т.б. бірлі-жарым шы­ғар­мадан өзге нені атай аламыз? Өз басым жауаптан то­сылам. Қоғамдық ойды ұштап, за­ман келбетін қалып­таған көр­кемдік бітімі ерекше ке­мел туынды жоқ­тың қасы. Есесіне құлатөбел хал­турадан көз шұбар­тады. Қап­таған «хан-нәмә», «бә­һадүр-нәмә», одан қалды кешегі партократтарды мадақтаған әләу­ләй. «Ойбай-ау, пәленшенің пәлен кітабы Мәскеуде шықты, түген­шекең Париж бен Римде тұсаукесер жасады, шыққыр көзің соны неге көрмейді?» дерсіз ежірейіп. Кейбір ағайынның әлемді бағындыра бастағаны қашан. Ақша мен пысық­тықтың адымы ұзарған заманда ештеңе таңсық емес, бая­ғыда аспандағы айдан алыс, Әуе­зовтің өзі қолға түсіре алмайтын «Но­вый мир», «Роман-газетадан» жарқ ете қалу пішту қазір. Хал­тура­ның алды Сенадан ат суғарып, Ели­сей алқа­бының шүйгінін шиыр­лап жүр.
Біз жақсы әдебиет жасалмай жатыр деп алаң көңілмен дабыл қағу­дың орнына, әдебиет қараусыз қал­ды, мемлекет қамқорлық жаса­майды деген сөзді көп айтамыз. Шы­нымен солай ма? Жоқ. Мем­ле­кет ­те, меценаттар да миллиондап қар­жы бөледі. Тағы да ұқсата алмай жүрген – өзіміз.Бір кезде «Жалын­ның» жабық бәйгесінде озып шыққан Мағауиннің «Бір атаның ба­лалары», Оралханның «Қайда­сың, қасқа құлыным», Мараттың «Виолинчель, мен, Арыстан және қасапхана», Тынымбайдың «Қар­лығаштың ұясы» сынды туынды­лары әдебиетіміздің асыл қазына­сына айналды. Қазір жылына он­даған әдеби конкурс, мүшәйралар өткі­зіледі. Машина тігіп, миллион­дап ақша бөлінеді. Сондай дүбірлі жа­рыс­тарда қара үзіп келген жүлде­гер­лердің ішінде жұрт жапырлап оқып,» пай-пай, міне, керемет!» де­гі­зерлік ауызда жүрген бір туын­дыны атай аласыз ба? Ішің білсін, әлу-әй! Бармақ басты, көз қыстымен қазан құлағындағы баяғы «түлен» көкелер шүлен үлестіріп мәз…
Жә, зарымызды айтамыз деп за­пы­ранымызды қозғап, ұзап бара жатқан әңгімемізді келте қайырсақ, әдебиет төңірегідегі осы сияқты түйінді түйткілдер жетіп артылар­лық. Айда-жылда бір болар алқалы жиынымызда, өкінішке орай, со­ның мұрты да сынбады. Есесіне со­ны шешпесек, қара аспан төбе­мізге қопарылып түсердей, «сиязды, ойбай, бес күнде өткізбесек, өтіміз жарылады» деп бес сағат бойы қыр­тысып, жаға жыртыстық. Ал иесіз Әдебиет, жетім Сөз «әдебиет» үйі­нің босағасында жылап қалды…

1 пікір

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.