Рахымжан Отарбаев
23.02.2018
7779
0
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады.
2017 жылы 17 ақпанда еліміздің көр­нек­­ті мемлекет және қоғам қайраткері, жазу­шы-драматург, Қазақстан Респуб­ли­касының Еңбек сіңірген қайраткері Ра­хым­жан Қасымғалиұлы Отарбаев өмірден озды.
Р.Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Аты­рау облысы, Құрманғазы ауданында дү­ние­ге келген.
Рахымжан Отарбаев абыройлы еңбек етіп, ғибратты өмір сүрді. Ол А.Пушкин атын­дағы Орал педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» га­зетінде бастап, кейінгі жылдары «Жалын» жур­налында бөлім меңгеруші, Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республи­ка­сындағы елшілігінде атташе, Маңғыстау об­лыстық телерадиокомпаниясында төра­ға, Атырау облыстық қазақ драма теат­ры­ның директоры, Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкімшілігінде сектор меңгеру­шісі, Астанадағы Ұлттық академиялық кі­тапхананың Бас директоры, «Ақ Жайық kz» журналының Бас редакторы болып еңбек етті.
Жазушының шығармалары елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал. Оның таңдамалы шығармалары орыс, қыр­ғыз, қытай, араб, түрік және ағылшын тіл­деріне аударылған.
Драматург Отарбаевтың пьесалары рес­публикамыздың және шетел театр­ларында сахналанған. Қазақстанда және Қырғызстанда Р.Отарбаевтың шығар­ма­лары бойынша халықаралық театр фес­тивальдері өткен.
Рахымжан Отарбаев Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, республикалық Махамбет Өтемісұлы атындағы сый­лықтың, Халықаралық Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық Айтматов атындағы академияның академигі, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінің құрметті профессоры, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы. Қа­зақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденімен марапатталған.
Қазақ әдебиетінен өзіндік орнын алған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.


ПРОЗАДАҒЫ МАҚАТАЕВ

Рахымжан Отарбаев мінезі – тік, тілі – шұрайлы, әдебиет пен мә­дениетке тең­дей үлес қосқан ерекше тұлға, қазіргі за­­манғы шын қаламгер­лер­дің бірі әрі біре­гейі еді. Мінезі ұшқарылықтан гөрі, ұс­тамдылыққа жа­қын, ақжарқын көңілін жа­қ­сы көрген жандарының алдына тө­сейтін.
Оның пьесалары сахналанып, ел теат­р­ларында, алыс-жақын шетелде өтіп жүрген фестивальдерге қатысуда. Ол – дра­матургиядан терең хабары бар та­лант­т­ы драматург еді. Рахымжан Отар­­баевты мен прозадағы Мұқағали Ма­қатаев деп айт­қан болар едім.
Прозасы терең, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар ірі жазушы ре­тін­де оның есімі қазақ әдебиеті тари­хын­да алтын әріптермен жазылып қа­­ла­рына се­німдімін. Ол – Қазақстанда ғана емес, бас­қа да көптеген мем­лекетте та­ныл­ған са­наулы суреткердің бірі еді. Көп жыл бойына Шыңғыс Айт­матовтың қасында жүр­ді. Әсіресе, соңғы жылдарда әдебиет пен мә­дениет саласында тынбай ең­бек­те­ніп, өзін көрсете білді. Осындай белгілі аза­матымыздың аяқ астынан біз­ді тастап кеткені өкінішті. Ажал ай­тып кел­мейді ғой. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа бол­сын! Алла алдынан жа­рылқасын!

Асанәлі ӘШІМОВ.


Тарланбоздарды танытты
Бүгінде қазақ театр өнері, драматургия, проза үлкен қасіретке ұшырады. Қазақтың біртуар азаматы, қарымды қаламгер, даңқты драматург Рахаң – Ра­хымжан Отарбаев дүние салды. Бұл – қазақ драматургиясы үшін орны толмас қайғы. Өйткені, оның пьесалары Қазақстанның елу сегіз және Ресей, Қыр­ғызстан, т.б. елдің театрларында сахналануда. Рахымжан Отарбаевтың бас­ты тақырыбы – Бейбарыс, Махамбет сынды қазақтың ұлы тұлғаларының тағ­дыры. Қаламгер небір тарланбозды ақтаңдақтардан аршып алып, Совет ке­зіндегі солақай саясаттың жаласын терістеді.
Рахымжан Отарбаев – шағын әңгімелерінде үлкен ой айта алатын кесек жазушы. Ұлы Құрманғазының, ұлы бабаларының өнердегі жоқтаушысы ре­тінде көрінген жігіт еді, айналып кетейін. Ол Атырау облыстық қазақ дра­ма театрына академиялық статус алып берді. Жатқан жері жайлы, то­пырағы торқа болсын!

Есмұхан ОБАЕВ.


Айбоз азамат
Рахымжан Отарбаев қазақ ұлттық әде­биеті мен мәдениетіне үлкен еңбек сіңір­г­ен азамат еді. Негізінен ол екі са­ла­да жанталасып қызмет етті. Бірінші – шы­ғармашылық салада драматург, проза жа­затын қаламгер ретінде ең өзекті та­қы­рыптарды көтерді. Екінші – мәдениет са­ласында Астанадағы Ұлттық акаде­мия­лық кітапхананың директоры болды. Сөй­тіп жүріп, қай салада да, өзінің абы­ройлы қызметімен көзге көрінді.
Әріптес ретінде ең әуелі Рахым­жан­ның соңғы кездегі шығармашылық жұ­­мы­сын үнемі қадағалап жүрдім. Мұс­тафа Шоқайдан бастап Темірбек Жүр­геновке дейінгі біздің ұлы адамдарымыз ту­ралы ба­тыл жазып, зерттеп, оны шы­найы көр­к­емдік дәрежеге көтерді. Проза са­ласында да бүгінгі заманның ең өзекті мә­селелерін көтерген әңгіме, повестер жаз­ды. Театрда ди­ректор да, көркемдік же­текші де болу ар­қылы өзінің ұйым­дас­тырушылық қа­білет-қарымын көр­сетті. Осындай айбоз азаматтың алпыс жас­тан енді ғана асқан шағында дүние­ден кетуі – ауыр қайғы. Шүкіршілік ете­тініміз, туған халқы Рахымжанның ең­бегін, артында қалған мұрасын бола­шақта лайықты бағалап, ұрпақтан-ұрпақ­қа жеткізеді деп сенемін! Алла ал­дынан жарылқасын! Жаны жән­натта болсын!

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ.


ҚҰЙҚАЛЫ СӨЗДІҢ
ҚЫДЫРЫ ДАРЫҒАН
Суық хабар төбемізден жай түсір­ген­дей болды. Рахымжанды мәңгілік өлмей­тін­дей көруші едік. Алшаң басып жүрді, хан­ның ұлына бергісіз сырбаздығымен та­лайды таң қалдырды. Қайғыдан қалың қа­зақ теңселіп кеткендей көрінді.
Қазақ әдебиеті орны толмайтын қа­за­ға ұшырады. Қабырғалы қаламгер, құй­­­қалы сөздің Қыдыры дарыған Рахым­жан Отарбаевтан айырылып қалғанымыз жанымызға батып отыр. Әр сөзі мірдің оғын­дай, қара басын қорғалап қашпайтын ба­тырлардың сойынан еді. Абыз Әбуден бата алып, әдебиет табалдырығынан ат­та­ғаны да күні кешегідей есімде. Ол әде­биет­ке қалыптасқан жазушы болып келді. Қара сөзден құйын тұрғызды, жазу­шы­лығымен қоса, көрнекті публицист, жур­на­лист, әр сөзі нысанаға дөп қадалатын ше­шен.
Қазақтың ұлттық драматургиясына өз қолтаңбасын алып келген сирек бі­тім­ді, қайталанбас жүйріктеріміздің бірі еді.
Шашын салалы саусақтарымен ұйпа­лап жіберіп, көсіліп бергенде арғы-бергі қазақ тарихына жетіктігімен, көл-көсір білімімен таң қалдыратын. Бас білмейтін асау­дай жұлқынып, ортасынан оқ бойы озық тұрды. Халқының мұңын өз мұңы­нан, жеке басының мүддесінен жоғары қой­ды. Қазақ үшін жүрегі ауыратын, жа­ны сыздайтын. Бәлкім, сол бір мұң өзегін күй­діріп, өз отына өзі өртеніп кетті ме екен?!
Рахымжан ғұмырын қазақ әдебиетіне арнады. Әдебиеттің алтын қорын өзінің баға жетпес туындыларымен толықтырды. Енді оның «Екінші ғұмыры» басталды. Соз­сақ, қолымыз жетпейтін қыран биі­гіне көтеріліп кетті. Сол биігінен мәңгілік түспегей! Халық жүрегінен ойып тұрып орын алды. Шығармашылық адамы үшін ең баянды ғұмыр – халық көңілінде қалу.
Бақұл бол, Атыраудың арда ұлы! Шал­киіздердің көзі, Махамбеттердің тұяғы!

Нұрлан ОРАЗАЛИН.


РАХЫМЖАН, ҚОШ…

Жердің Үстінен –
Үрке-Безініп,
Қыран-Құштанып –
Тылсым-Әлемге:
Таным-Тұлғаңды –
Жете-Сезініп,
Айналып –
Түпсіз-Тереңге…

Аспанның Астын –
Күрке-Тарсынып,
Кең Дүниеге –
Кептеліп…
Сыймадың!
Нәкәс-Қоғамыңа –
Лағынет-Қарсылық:
Өмір-Жасыңды –
Түгеспей-Тыйғаның!
Алаң –
Ең:
Жеріңе –
Сатылған!
Алаң –
Ең:
Еліңе –
Аһ ұрған…
…Тіліне –
Алаң,
Діліне –
Алаң…
Алаң –
Ер:
Рахымжан,
Қош…
Қош –
Бол,
Бақұл-Ман…

ИРАН-ҒАЙЫП.
17.02.2018.


КӨРКЕМ СӨЗДІҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ ЕДІ

Қазақ әдебиетінің бір шынары шарт сынды. Ойы мен бойы оқшау төбе көр­се­тіп, сөзінің сойы, тіркесінің тілімі, сөй­лемінің ілігі оқыған жанның ой зер­де­сін оятып, қарапайым қазақ сөзінің құ­пиясы мен жұмбағы жүрек жаймасында жар­қырап сала беретін қаламгер Рахым­жан да жарығы жанып тұрып, жалт етіп өте шықты мынау пәни жалғаннан.
Ұлт сөзінің киесі мен иесі қонған жан­ның мінезі болатынын білген біледі, біл­меген: «Бұл қалай?» – деп жүреді. Көр­кем сөзде көш бастағандардың сапына кі­ріп, публицистикада пәрменділік та­ныт­қан, драматургияда өмір құбылысы мен өнер құйылысының тінін тауып, тігі­сін жатқызып, сахнаның сәні мен мәнін ашуда қаламы қуат пен шуақ танытқан Ра­хымжанды енді жоқ деп айту қандай ауыр.
Қара орман қазағына қадірлі сөз қал­дырған жанның орны ойсырап қалғаны ақи­қат. Тарихат пен мағрипат ақиқаттың ал­дында бас киімін алады. Ақиқаттың ақи­дасын ұстанған бір пенде алыс сапарға аттанды, алдынан жарылқасын. Бауыр­ла­рым Сәулеге, Елмерейге, әулетіне қай­ғыра отырып көңіл айтып, Рахым­жан­ның алды пейіш, арты кеніш болсын, ру­хы жәннат бақтың төріне қонақтасын деймін.
Бақұл бол, бауырым!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ.


Қазақ әдебиетінің қара емені құлады
Қарағым Рахымжан, сен Нарыннан ұшқан хас қыран, Жұмекеннің артынан 30 жылдан кейін ұшқан жас қыран едің.
Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын.

Нәсіп апаң.


Шындық үшін шырылдап өтті-ау
Көптің айтқанына көне бермейтін жөні бөлек бауырыммен былтыр ғана үйде отырып сыр бөлісіп ек. Әңгіме барысында баяғы бабаларымыздың «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген пайымын тілге тиек еткенімде, Рахымжан жалт қарады да: «Ол мәтелдің мәні жоқ қазір. Мына заманда таспен ұрғанды, баспен ұру керек!», – деді.
Рахымжан ешкімге ұқсамайтын, ұқсағысы да келмейтін. Ұлылық ұялаған Ұяты бетінен төгіліп тұрған қаламгер «Беу, дүние!» деп бебеу қақты. Кесек мінезді ақиқаттан жаралған азамат болатын. Шындық үшін шырылдап өтті-ау. «Шындықтың түбіне жете алмайсың, шындық сенің түбіңе жетеді» дегендерге де ден қойған жоқ. Жарып жүрді. Жаңғырып жүрді. Ақиқатты ғана айтатын ана дүниеге асығып кетті ме, қайдам?.. Арты қайырлы болсын!

Көпен ӘМІРБЕК.


ҚҰРДАС ЕДІК…
Құрдас едік. Қуанғанда қатты шат­та­нып, күлгенде опырылып күлетін, тіпті, бір қабырға опырылып кеткендей бола­тын. Енді, бүгін қабырғамыз қайысып қал­ды. Алғашқы әңгімесі «Жұлдызға» шық­қанда қатты қуанып, өзінің прозада бә­рін басып озатынын оңашада «оңдыр­май» айтқаны есімде. Сол күн де қазір са­ғынышқа айналды.
Өндіріп жазды. Сәтті шығарманың бә­рі – қуаныш. Көптен кездеспедік, тек «Жас Алаштағы» «Көрген – баққанын» оқып жүрдім. Құрдасым қатты есейіп ке­­тіпті. Өзі айтқандай, үлкендермен теке­тіре­сіп, құрдастарының алдына шығыпты. Осы­ның өзі – қуаныш.
Жүрек шіркін қуанышқа да, қайғыға да ортақ. Бәрін көріп тұрып, бір сәтте те­ріс айналып кетеді. Сөйтіп, екінші өмір­ді бастайды. Кезек Рахымжанға да ке­ліп қалыпты. Күш түсіп кетті ме екен деп ойлаймын. Күндіз-түні бір тынбай жұ­мыс істеді. Пайғамбар жасына мойын бұр­ғанда мәңгілікке қарай бет алды.
Құрдастар кетіп барады…

Қуандық ТҮМЕНБАЙ.


ЕЛ БЕСІГІНДЕ ЕРКЕЛЕП ӨТТІ
Мен елуге толып, «Ұлым саған айтам…» атты бенефис-кешімді өткізгенде арнайы келіп, аяғына дейін отырып, жайған дастарқаныма қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін айтқан еді. Дәл осылай, күтпеген жерден дүниеден өтіп кетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. «Пендеге өлім мирас» дейді. Ұлтын жан-тәнімен сүйетін, іске алымды, сөзге шалымды, көпшілік мойындаған кісі еді. Адал еңбегімен, қайырлы мехнаты арқасында артында тозбайтын мұрасы, өшпейтін өнегесі, жақсы есімі, қанағатшыл қарапайым келбеті халқымен бірге жасайды ғой деп ойлаймын.
«Өмірді қалай сыйласаң, өлімді солай жат көрме» дейді Мұқағали. Бір көш келеді, бір көш кетеді. Жазмыш солай. Бірақ, әлі де қимайды екенсің! Адамның тағдыры шыны шөлмектей ғана. Қара сөздің қасиеті қонған, жұрты мойындаған, аңқылдаған азамат еді.
Алла алдынан жарылқасын! Ел бесігінде еркелеп өмірден өтті ғой. Қимастарының қабырғасын сөгіп кетті. Алайда, өлшеулі өмірдің заңына ешкім араша бола алмайды. Топырағы торқа болсын! Ендігі тұрағы – пейіш болғай!

Бекжан ТҰРЫС.


ІРІЛЕРДІҢ ІЗІ ЕДІ…

Тараққа көнбейтін өзінің мінезі секілді асау толқындай қалың бұйра шашын күректей қайратты қолдарымен шалқасынан қайырып қойып, алпысқа толғанда ұшқан ұясы Орал пе­динститутына сәлем бе­ре келіп еді. Аға ұрпақпен, әсіресе тоқ­санның төріндегі ұстазы әрі кура­торы Меруерт Жол­ды­қайы­ровамен: «Апа.. а..а..аа-ау..», – деп гүріл­деген даусын созып, ер­­келей көрісіп еді. Жазушының жұлдызы ерте сөнетінін сез­гендей, байырғы оқу орнының, қазіргі
М.Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Асхат Иман­ғалиев білім ордасына оқтын-оқтын шақырып, сту­ден­­т­термен жиі жүздестіретін.
Проза жазатын қыз-жігіттерге жылы жүзбен қарап, кездескенде жауы­рыныңнан қағып, көкеңдей көтермелеп қоятын мәрт қаламгер 2016 жылы «Рахымжан Отарбаевтың мәдениет қоры» атынан әңгіме жан­рына бәйге тігіп, 197 автордың арасынан 13 қаламгерге ең кемі 100 мың теңгеден арнайы сыйлық тағайындады. Қаламақы төлен­бей­тін, жазғаның мен шығарған кітабың ескеріп-еленбейтін дағдарыс тұсын­да Рахымжан ағаның шапағатына біразымыз бөленіп, қалта­мыз­дан бұрын көңіліміз бір байып қалып еді.
Аждаһадай ажалдың аузынан қайтіп жұлып аларсың, Толағайдай ба­тыл ерді!
«Қош бол, арқыраған ағатай! Алдыңнан Алла жарылқап, пейіште нұрың шалқысын» деген сөзді сүйікті жазушыма амалсыздан сы­быр­лай айтамын…

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА.


Қайран, дүние!

Өмір бізді сындыруда,
Сынауда,
Шама да жоқ
Шыңғыруға,
Жылауға,
Боз қыраулы белден асқан
Құландар,
Белгісіздік
Құрдымына құлауда!

Қайран досым,
Қара нардай Рахымжан,
Айнымайтын
Аңыздағы батырдан,
Қасиетті
Қазақ сөзін танытып,
Жарты әлемге
Жол тартып ең жасыңнан,
Қиындықтан
Қаймықпадың, қайтпадың,
Өтті соғып,
Не бір құйын басыңнан,
Қалды артыңда,
Алатау мен Алтайың,
Атырауың,
Ақ толқыны аһ ұрған,
Енді өзіңе,
Нұр иман боп құйылсын,
Жан шуағың,
Туған елге шашылған!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ.


Көке

«Иманғали кездесіп, хал сұрады. «Жақсы, – дедім…
– Бір бұтым – Жайықта, бір бұтым – қайықта…».
Рахымжан Отарбаев.

Көкесі!
Жаны – зарлы, жайы – мұңды,
Кешпедік артық туған «айыбыңды»…
Тасты жарған талантты тас-талқан қып,
Жайығың қайда әкетті қайығыңды?..

Махамбет жетті ме, әлде желкенменен?..
Алдында Баймағанбет елпеңдеген…
«Ақырып теңдік сұрау…» – бәрі бекер,
Қыршын-ғұмыр өтеді «ертең»-менен…

Қазақтың қабыланы ең – сөзің дара,
Жазылды ма, айтпағың-ғазалнама?..
Өртеңді өртейтұғын – өзің емес,
Ертеңге жететұғын – сөзің ғана…

Ағалық ақпейілмен демедіңіз,
«Шерханамды келіп көр…», – деп едіңіз…
Шығармалық сыр-сандық – тым құпия,
Тұңғиықтан табылды керегіңіз…

Жек көрдің дарынсыздың далиғанын,
Тектілік жолға құрбан – нар иманың…
Қайығыңды жеткеріп, жалғадың ба,
Кемесіне Әбіш пен Фаризаның?!.

…Пәнидің алды – шаттық, арты – жетім…
Жаратқанның кетпейді шарты шетін!
Жолықтыр Жұмақтың бір сатысында,
Жалғанның көре алмаған жарты бетін…

…Жайықта алты алашың налада тұр…
Қайыққа неге асықтың аға-батыр?..
Ақ кемең ақ желкенін желбіретіп,
Алыста ағараңдап бара жатыр…

Мыңжан БАЙЖАНИН.


 

***
(Рахымжан Отарбаевқа,
бала күнгі досынан)
Жасың кіші, жолың үлкен аға-дос!
Шымылдығын түрмей жатып Айсыз түн,
Шыға келдім мен болдым да қайғы-ұсқын.
«Рахымжаннан айырылыппыз», – деген сөз,
Қаралы таң, қара суық, жайсыз тым.

Қайран досым, бала күннің куәсі,
Ерен еді-ау, талантың да, қуатың.
Алатауым бір-ақ күнде шөктің де,
Жапан түзде қалғандаймын жуасып.

Сені азынап жоқтайтұғын дала бар,
Ездер мыжып, жоқтар рас, даналар.
Жан рухыңды қарсы алары кәміл ғой,
Бейбарыстан бастап барлық бабалар.

Ажал жетті, алынбаған өштейін,
Бұрылмайды сол қаралы көш кейін.
Кім бармайды, біз де бір күн барамыз,
Бала күннен асыл досым, хош – дейін!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.


ЖАСТАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ

Көркем сөзбен сурет салып, дүние жүзінің оқыр­ман­дарына есімі мәшһүр болған әлемдік деңгейдегі да­рынды қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті жазушы-дра­матургі Рахымжан Отарбаев ағамыздың қазасы бә­ріміздің қабырғамызды қайыстырып, қапыда қан жұт­қызып кетті. Төбемізден жай түскендей болып, қан­ша жерден «Бұл – мүмкін емес!» деп көңіліміз елегізіп, сен­гіміз келмесе де, талайларды талантымен табын­дыр­ған тұлғаның қоштасу рәсімінде болып, өз қолымызбен топырақ салғаннан кейін амалсыз сенгендейміз…
Қазақ әдебиетіне қайталанбас құбылыс болып кел­ген, қайсар мінезді қаламгер қалам ұстағанның бәрін бауы­рына басатын. «Бәріне болсын» дейтін дархан көңіл­ді, кең пейілді көркем сөздің көрнекті зергері, әсі­ресе, жастарға ерекше қамқор болатын. Мен де ар­да азамат, ақиқаттың алдаспаны атанған Рахымжан аға­мыздың қамқорлығын, шапағатын көрген жандардың бірімін.
Студент кезімде Елордадағы Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Жур­налистика және саясаттану» факультеті студенттерінің әлеу­меттік жағ­дайына көп көңіл бөлінетін. Сол кездегі факультет деканы Намазалы Омашев ағамыз, деканның ғылыми істер жөніндегі орынбасары Мәншүк Мұқашева апайымыз факультетте оқитын әрбір студенттің жағ­дайын жатқа біліп, көмектесіп отыратын. Әсіресе, Мән­шүк Тынышқалиқызы белді азаматтарды тартып, сол кісілердің аттарындағы оқу гранттары мен шә­кіртақыларды ұйымдастыруға себепші болатын.
«Жорналшы болсам» деген асқақ арман алыстағы ауыл­дан Астана төрінен бір-ақ шығарған мен де бас қа­лада талай қиындықтарға тап болдым. Анамызға сал­мақ салмайық деп, өзімізше еңбек етеміз. Ол кісіге біл­діртпегенмен, пәтерден пәтерге көшеміз. Сондай күн­дердің бірінде деканның орынбасары Мәншүк Ты­нышқалиқызы хабарласты. «Рахымжан Отарбаев ағаң­ды танисың ғой. Бүгін сол кісінің үйінде қонақта бол­дым. Біздің факультеттегі талантты студенттер тура­лы, оның ішінде өзің туралы айттым. Сол ағаң екі сту­дентке өзінің атындағы шәкіртақысын тағайындайтын болды. Енді сенде бәрі жақсы болуға тиіс», – дейді Мәншүк апайымыз қуанып. Мен де қатты қуандым. Ақша үшін емес, әрине. Әлем мойындаған қабырғалы қа­лам­гердің Мәншүк апайымыздың айтқанына көңіл бөл­геніне, жастардың жағдайына алаңдағанына. Әйт­песе, Рахымжан аға кім, біз кімбіз?!
Сөйтіп, әуелі Алла, сосын Рахымжан аға мен Мән­шүк апайымыздың арқасында шәкіртақы иегері атанып, жағ­дайымыз түзеліп шыға келдік. Ардақты ағамыздың атындағы шәкіртақыны қазақ тобынан маған, орыс тобынан Юлия есімді студентке факультет деканы Намазалы Омашұлы салтанатты түрде табыс етті. Ра­хымжан Қасымғалиұлы шәкіртақысын бір жылға емес, бірден 4 жылға тағайындапты. Күндер өте келе естідік, ағамыз шәкіртақысын Мәншүк апайымызға ай сайын өз қолымен әкеліп беріп кетеді екен. Не деген пара­саттылық десеңізші? Ол кезде жиырма мың теңге де­геніңіз – студент үшін әжептәуір ақша.
Артынан білдік, Рахымжан ағамыздың қам­қор­лығын көрген жастар тек біз ғана емес екенбіз. Еліміздің түк­пір-түкпірінде жетіп артылады екен. Алматы, Ақ­төбе, Ақтау, Орал, Қызылорда, тіпті, сона-а-у Өске­меннен де «Рахымжан ағамыз көмек қолын созып еді», «Отарбаев демеп еді» деген өзім қатарлас жастарды жиі кез­дестіріп келемін.
Кейіннен, дәм-тұз бұйырып, қызмет бабымен асыл тұлғаны дүниеге әкелген Атырау өңіріне келдік. «Сені Атырау топырағына әкелген Рахымжан ағамыздың сол кездегі шәкіртақысы ғой» деп қалжыңдайтын білетіндер. Мұ­найлы өңірге келген соң, Рахымжан ағамды әл­денеше рет іздеп бардым. Ол кісінің шәкіртақысын ал­ғанымды айтып, алғысым шексіз екенін айтуға бар­ған сайын, Алла Тағала сәтін салмады. Ағамыз кө­біне елде болмай шығады. Атырауда Рахымжан аға­мызды мәдени шаралардан жиі көріп тұрдық. Сәлем бе­ріп, жылы амандасқанымызбен, жанындағы қау­ма­лаған жандардан қолы босамайтын. Қысқа ғана әңгіме қайыратынбыз.
Бірақ, досымыз Ермерей бауырымызға ағамыздың қам­қорлығын көріп, шәкіртақысын алғанымызды жиі мақ­танышпен айтып жүретінбіз. Бірде ағамыз Ерме­рейден сол әңгімені естіп, өзінің қолтаңбасымен «Біздің ауылдың амазонкалары» және «Шыңғыс ханның көз жасы» атты қос бірдей кітабын беріп жіберіпті. Аға­мыздың: «Нұрсұлтанға жарық дүниедегі жақсы тілек­пен», «Айналайын, мына жалғанда үлкен сәттілік ті­лей­мін» деген ақжарма тілегін оқып, студенттік кезіміз есімізге түсіп, көңіліміздің бір босап қалғаны да жасырын емес.
Жанындағыларға ғана емес, бәрі – бәріне, бүкіл қа­заққа жақсылық пен сәттілік тілеп жүретін ақ жүректі ағамыз ойламаған жерден жарық дүниемен де, мына жалғанмен де қош айтысып, мәңгілік сапарға кете барды. Иә, Сіз енді мәңгіліксіз. Қазақ халқы барда, есі­міңіз де, салып кеткен дара жолыңыз да ешқашан өш­пек емес.
Аяулы досымыз, ардақты бауырымыз Ермерейге Ал­ла Тағала сабыр мен күш-қуат берсін деп тілейміз.
Бақұл болыңыз, жастардың жанашыры, қамқоршы аға!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір