Жыр жазған аққулардың қанатына
23.02.2018
1284
0

Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалы-драма театрында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Абай атындағы Ұлт сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ғалым ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ 60 жасқа толуына орай, «Жезқазған – жерұйығым жүректегі…» атты жыр кеші өтті. Шабыты шалқар шайырдың талғампаз оқырманмен жүздесуіне қала әкімдігінің қолдауы негізінде белгілі білім меценаты, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков дәнекер болды.

Кешке танымал мемлекет жә­не қоғам қай­раткері, ҚР мем­ле­кет­тік қызмет саласындағы өңірлік хаб­тың басқарушы комитетінің тө­рағасы Әлихан Бәйменов, Қа­зақ­стан Журналистер одағы сый­лығының лауреаты, «Алтын жұл­дыз» сыйлығының иегері, Қа­­зақ­станның мәдениет қай­рат­кері, Қазақ Ұлттық Өнер ака­де­миясының Құрметті профессоры Нұр­тілеу Иманғалиұлы, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Қараған­ды облыстық бө­лім­шесінің төрағасы Серік Ақсұң­қар­ұлы және Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қайраткері, композитор Ес­жан Әміров қатыс­ты.
Қарымды қаламгер алғашқы кезекте №8 мек­теп-гимназияның ұстаз­дары және оқушы­лары­мен жүз­десіп, мөлдір өлеңге іңкәр жұрт­­шылықты жауһар жырдың нә­рімен сусындатты. Өз өлеңдерін жатқа оқыған балғын оқырмандар­дың лебіздеріне құлақ түріп, олар­дың сауалда­рына жауап берді. Кез­десу бұдан әрі Жезқазған қала­лық тарихи-археологиялық музейі қабыр­ға­сында жалғасып, мәрте­белі меймандар Жез­қазған-Ұлытау өңірінің көне шежіресіне қанық­ты.
Дөңгелек үстел барысында Ға­лым ақынның өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасына қатысты терең ой қозғалып, соны пікірлер айтылды. Жастар қауымы ша­йырдың әр жыл­дары жазыл­ған өлеңдерін жат­қа оқыды. Туған өлкесіне са­ғы­на жеткен ақын кешке жиналған жұрқа жаңа жазылған өлеңдерін оқып берді.
Кездесу бұдан әрі Жезқазған қаласындағы театр сахнасында жал­ғасып, әлемнің 13 тіліне ауда­рыл­ған, Швецияның «Open Eurazia» әлем­дік деңгейдегі ашық әде­би кон­курсының жүлдесін ие­ленген Ға­лым Жайлыбайдың «Қара ора­мал» поэмасының желісі бойын­ша жазылған шағын қойылым сахна­лан­ды. Халықтың басына қара бұлт төндірген қасіретті кезеңнің ащы шындығы нанымды бейне­лен­ген қойылым көрермен жана­ры­на жас үйірді.
Кеш иесі жүргізушінің сан қи­лы сауалдарына жауап беріп, өзіне ға­на тән дара дауысымен жаңа жыр­ларын шабыттана оқыды. Ақын өлеңдерін орайлы сәтте театрдың жас әртістері де ерекше мә­нермен нәшіне келтіре оқып, жырсүйер қауым­­ды нәрлі жыр тұмасымен су­сындатты. Ме­рейлі жасқа жет­кен қаламгердің өлеңде­ріне 50-ден аса ән жазылған екен. Кездесу кезінде жергілікті өнер­паздар сол әндердің біршамасын келістіре шырқады. Олардың ара­сында ақын өлеңдерін әуенмен әрлеп жүрген белгілі ән­ші-ком­позитор Есжан Әміров те бар.
Жезді қала жұртының сүйіс­пеншілігі мен ы­қыла­сын жеткізген Жезқазған қаласының әкімі Ба­тырлан Ахметов пен Сәтбаев қа­ласының әкімі Асқар Ыдырысов қалың елге қадірі артқан ақынның иығына бабалар дәстүрімен оқалы шапан жауып, сый-сияпат жаса­ды.
Терең ойлы өлеңдері мен жай­саң жырлары арқылы Республикаға танылған ақын шығар­ма­лары – ха­лықтың сарқылмас қазынасы. «Ақ­­қудың қанатына жырлар жаз­ған» Ғалым ақын­ның бітімі бөлек өлеңдері оқырманына алдағы уа­қытта да рухани серпіліс сыйлайды деп сене­міз.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.
Суретті түсірген
Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір