Қақ бөлініп өтуде біздің өмір…

0
306 қаралды

Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ


Ауылдан аттану
Көздерін көлдерімнің жаудыратып,
Сүйегін тауларымның саудыратып,
Ауылдан мен аттанғам.
Құба белдер,
Бүк түсіп,бүктетіліп қалды жатып!

Терілмей туған жердің гүлі қалды,
Қурайда сыбызғының үні қалды.
Қайыңдар қайта-қайта бас шайқасып,
Сырғасын сыңғырлатып тұрып алды!

Құстар да үркіп ұшты бет-бетімен,
(Несіне жетіскеннен кесте тігем?!)
Толқындар тамшыларын сыртқа шашпай,
Булығып жылап жатты екпетінен…

Батты ма жандарына кететінім,
Достармен бірге өтті неше түнім.
Туған жер неге сырмақ болмады екен,
Кештетіп сүйреп алып кететұғын!

Бала боп бабам сайран салған далам,
Әкемді құндағына алған далам.
Шешеме бәрінен де ауыр тиді,
Болуды көз алдында армандаған…

Ілесе шықты артымнан қалмай бауыр,
Біртіндеп қала берді шалғайда ауыл.
Аттанған елден жалғыз бұл сапарым,
Салмағын жұрегіме салмай ма ауыр?!

ШЕШЕМЕ ХАТ
Өмір бердің, бұрым бердің, бой бердің.
Жақсылармен бір жүрсін деп ой бердің.
Өрнек салып өтемін деп өлеңмен,
Түрлендіріп есін алдым сөйлемнің,

Балалығым үстінде өтті көк шалғын,
Шеше сенің төркініңді еске алдым.
Жердің бәрі сол мекендей ұжмақ,
Өмір деген өлең екен деп қалдым…

Найзағайды күнде көрдім көк тілген,
Атам айтқан өлең тауға естілген.
Іңірдегі сыбызғы үнін көп тыңдап,
Сағынышпен құрдас болып кеттім мен.

Бөрі ұлып шырқын алса кей түннің,
Күндіз ойын.
Бара алмаймын дейтінмін.
Жотамдағы білектейін бұрымнан,
Жүгіргенде оңбай таяқ жейтінмін…

Сағына ма екен қызын ұзатқан,
Апам менің қалғанымды ұнатқан.
Ағаш шелек дәмі сіңген тау суын,
Күнде тасып әкелетін бұлақтан.

Туған жердің қайыңына сыңармын,
Сол мекенді бір көруге құмармын.
Қанымдағы сол бұлақтың тамшысы,
Таусылғанша жыр жазатын шығармын….

ЖАУҒАН ШЫҒАР
Жауған шығар Алтайға қырбақ деген,
Қараша бұл өмірге бізді ап келген.
Балаң ақын болуға жарамай жүр,
Шеше саған жаза алмай бір жақсы өлең.

Қайтқан құстар оқыса үздіге жыр,
Мазалаған шығар ой сізді не бір.
Қауыншының қақ тілген қарбызындай,
Қақ бөлініп өтуде біздің өмір.

Жаза алмайсың деп мені күледі өлең,
Ай үндемес төбеме түнегенмен.
Сырқыраса аяғым өзіңді ойлап,
Шырт ұйқымнан солдатша түрегелем.

Жақсы көрдің несіне шексіз мені,
Барар едім бір сызық өткізбеді.
Ғафу ақын қолына түспей кеткен ,
Сыйлар едім байлықты жеткізбеді.

Әлемдегі ең ғажап асыл әнсің,
Көз жасыңды балаңнан жасырарсың.
Қайтпас сапар әкемді алып кетіп,
От та жағып, отын да тасығансың.

Кім қарады сол кезде хал жайыңа?
Қырық жаста көндіктің сарғаюға.
Алты бала қолында бір бір қалам,
Сызық салып бергеміз маңдайыңа…

Төзе білдің салса да аспан бүлік,
Шетімізден оқуға аттандырып.
Ұзатылып алысқа кете бардық,
Жиегіне көзіңнің жас қалдырып.

Арғы бетте күн аяз.
Алаңдадым.
Күттім бүгін тағы таң ағарғанын.
Жалынамын аман сау жүріңізші,
Саған тағы жақсы өлең жаза алмадым….

ҚАР СЫЙЛАП ЕДІ…
Қар сыйлап еді бұтақтар маған ұмсынып,
Бір мезет демін ішіне тартты тіршілік.
Үлбіреп келіп сұлаған жерге қар біткен,
Сықыр етеді мен басқан сайын қымсынып.
Дөң айбатына сала қойған жоқ қыс әлі,
Тозаңы қардың сағынып келіп құшады.
Жолыққан сәтте айтылмай қалған сөздерім,

Күрсінген сайын демімнен бу боп ұшады.
Жап-жасыл кілем, сарала сырмақ мезгілдер,
Өздерің ғана ғажайып күйді сездіңдер.
Бар менен Жоқтың, Бақ пенен Сордың арасын,

Менімен бірге ұйқылы- ояу кездіңдер.
Жез қанат қыран құлашын көкке жайды да,
Саулатты нұрын қалдырмай орын қайғыға.
Сұлу дүние селт еткізбей ме сені деп,
Сілкініп жас тал құм төге салды мойныма…
Маужырап тәнім, мүлгіген құмдар пішінде,
Қалғып кетіп ем, көріндің тағы түсімде.
Табындым дағы ғайыптың ғажап ісіне,
Сағындым сені аппақ әлемнің ішінде…

ҚАР ЕКЕУМІЗ
Әлеміңе несін ғана үңілдім?
Үңілдім де тағдырыма жүгіндім.
Қар екеуміз қарашаның перзенті ек,
Ери жаздап жанарыңда жылындым.

Әр сөйлемің сөйлем емес өрт еді,
Абайсызда жүрегімді өртеді.
Сағыныу мен қызғанудан тұратын,
Бір күндері бітер ме бұл ертегі?

Кеттім лаулап, қалам ба аман мен енді,
Қар үстіне жазғым келді өлеңді.
Суық ағыс тінтіп тұла бойымды,
Салқындатты от шарпыған денемді.

Қаңтар айы сүттен сұлу, айдан ақ,
Болғанманен табан асты тайғанақ.
Жүрегіңе ешбір бостық қалдырмай,
Есімімді жазып қойшы жаймалап.

Ғарыш жақтан төгілді аппақ маржандар,
Аспан қызы сендерде не арман бар?!
Қаңтар айын кешіріңдер мен үшін,
Тоңғандар мен тұмауратып қалғандар!

ҚАҢТАР ТҮНІ
Тазалықтың исі аңқыған тымық түн,
Сенің мынау сәттеріңді кім ұқсын?
Терезеден бақыт сені күзету,
Себебі мен тағы ұйықыны ұмыттым…

Түнге уәде үйіп-төккен қар-сенім,
Айнымас боп тым биікте қалшы өзің.
Ылаң салған сезім сынды жүрекке,
Бір ән салып кететінің бар сенің.

Қимас сәттер…
Жоқ ештеңе тәтті одан.
Көзім жұмсам елестерге тап болам.
Менің әнім қайырмасы- бір есім,
Сенің әнің қайырмасы- ақ боран.

Басталды жыл,кейін қалай шегінем?
Сағат тілі сүйрелейді жеңімнен.
Талға қонған қар секілді дір етіп,
Күдіктенсем бір-ақ сәтте төгілем…

Моп-момақан үйқыда ауыл сүйкімді.
Кезімді ойлап күйге арбалған сыйқырлы,
Кеңістікке өлең жолдап отырмын,
Қаңтар түні қидым саған ұйқымды.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.