Ерлікке пара-пар

0
210 қаралды

Жұмабек Табын,
Б.Майлин қорының директоры.


Жазушылар одағында өткен қайбір күнгі жиында Нұрлан аға Оразалин өзінің келесі науқанға түспейтінін айтыпты. Содан бері қызу әңгіме жүріп жатты. Біреу мақтады, біреу даттады. Менің Нұрлан ағамен алты аласым, бес бересім жоқ. Жерлес те, рулас та емеспін. Әйтсе де, ол кісіні өзім қатты құрметтеймін. Бір емес, бірнеше рет азаматтығына, ірілігі мен кісілігіне тәнті болып едім. Өмірде тумаса да туғандай болған қос ағам Қажытай Ілиясұлы мен Темірше Сарыбайдың қазасында жасаған жақсылығын қалай ұмыта қояйын. Ал негізінде Нұрлан Оразалин ағамен танысуым былай өрбіп еді.

Бұл 1995 жылдың 25 желтоқ­са­ны болатын. Ол кезде Нұрлан аға «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы. Қолымда жур­на­лист Армиял Тасымбековтің атам Та­бын жайлы жазылған «Ежовқа хат» деген көлемді мақаласы. Қа­был­дау бөлмесіндегі хатшы қыз көп күттірмей мені ішке кіргізді. Төр­де отырған Нұрлан аға аман­дық­тан соң «иә, інішек, не ша­руа­­мен келдің, отыр» деп қарсы орын­дықты нұсқады. Көңілім ала­бұртып, алып келген мақаланы аға­ның қолына ұстата салдым. Оған көз жүгіртіп шыққан соң «бұл кісі кімің болады» деп сұра­ды. «Атам ғой!», – деп орнымнан атып тұ­­рыппын. «1937 жылы «ха­лық жауы» ретінде ұсталып, аты­лып кет­кен» дедім толқып. Ізде­ніп жүріп архивтерден атама қа­тыс­ты құжаттарды тауып, со­ның ізі­мен жаздыртып едім. Бұл ма­қала осы жұмада сіздің газе­тіңізге шы­ғуы керек. Себебі, жұ­маға ағайын-туыстарды, елден қа­рия­ларды шақырып қойған­мын, Құ­ран оқытып, ас берем» деп лақылдатып жатырмын. Осы кез­де Нұрлан аға бетіме таңдана қа­рап: «Айналайын-ау, мына мақалаң бір айдың ішінде де шықпайды. Біз жа­рияланатын мақаланы алдын ала жоспарлап қоямыз», – деп ба­сын шайқады. (Ол кезде газеттің іш­кі шаруасын қайдан білейін, бүгін апарсам, ертең шы­ғады деп ой­лағанмын ғой). Бар айтқаным «аға, осы жерге атам Табынның әруа­ғын арқалап, сіз деп келдім. Ен­дігісін өзіңіз білі­ңіз» дедім де отыра кеттім. Ол беті­ме жымия қа­рап, хатшы қыз арқылы жауап­ты хатшы Жанат Елшібекті және орынбасары Мыңбай Ілесті ша­қырып: «Жі­гіттер, мына азамат зұл­мат за­ман­да халық жауы бо­лып кеткен ата­сын іздеп, құжат­та­рын тауып, мақала етіп жазды­рып әкеліп отыр екен. Не іс­­­тей­­міз?», – деді. Әлі есімде, Жанат аға: «Нұреке, алдымызда тап­сы­рыс­пен жазыл­ған қаншама дүние жа­тыр, кейін реті келгенде шыға­рып берейік», – деді. Орынбасары да оны қос­тағандай болды. Осы тұс­та менің түсім өзгеріп кетсе ке­рек, Нұрлан аға: «Жігіттер, біз бы­лай етейік, кешегі нөмірге үкі­меттің бір қаулысы сыймай қалды де­діңдер ғой, сол қаулы үшін бір бет қосып, мына мақаламен бірге жұ­мадағы санға салып жіберің­дер» дегенде қуанғаннан орным­нан тұра алмай қалдым. Осы ме­­­зетте мақаланы алып шығып ба­ра жатқан Жанат аға қайта ке­ліп, Нұрлан ағаға мақаланы кім жаз­ғанын көрсетіп жатты. Авторы – Армиял Тасымбеков еді. «Бізде мына мақаланы бұдан да айшық­ты, тартымды етіп жазатын жур­на­листер көп, соның біріне жаз­ды­райық», – деді. Сол кезде Аре­кең­нің «Әй, Жұмабек менің мақалам шықса тек «Қазақ әдебиетіне» ға­на шығады. Басқа бірде бір га­зет баспайды» деп шегелеп айт­қаны есіме сарт ете қалды. Ар­миялға берген «Егер сіздің атыңыз­дан жарияланбаса, бұл ма­қала да еш жерде басыл­майды» де­ген сертті сөзім бар-ды. Мен де қарап тұрмай: «Аға, егер Армиял Тасымбековтің атымен жария­лан­баса, онда бұл мақаланы бас­пай-ақ қойыңыздар», – дей­мін өзімше батылданып. Сонда да ренжімей, қайта бетіме жылы жүзбен қараған Нұрлан аға, жігіт­терге «Жібере беріңдер, сұралып жатса, жауабын өзім беремін» дегенде төбем көкке екі-ақ елі жет­­пей қалып еді. Ол кезде Аре­кең де «қу­ғын­да жүрген кезі екен. Оны мен қайдан білейін.
Сөйтіп, Нұрлан ағаның арқа­сында әкем маған аманат ретінде табыстап, тапсырып кеткен атам жө­нінде «Ежовқа хат» деген ма­қала да шықты, ас та берілді. Кө­некөз қариялар сол кезде Нұр­лан Оразалинге сырттай ақ ба­тасын берген еді. Меніңше, Нұрлан аға өмірде көп бата алған және сол батаның бәрі бойына дарыған ерекше жан.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.