Тарихты – тұлға, кінәні – пенде жасайды…
23.02.2018
1563
0

Ақпан айының 12 күні Қазақстан Жазушылар одағында өткен IV Пленум барысында ақын Сейфолла Оспан жиынның күн тәртібіндегі мәселелерге орай өз ойын айтқан еді. Ақынның ойын еш өзгертпей, сол қалпы жариялап отырмыз.

Сейфолла ОСПАН,
көрнекті ақын:
– Денсаулығыма байланысты соңғы уақытта үйден көп шықпаймын. Дегенмен, үйде жатып, әріптестерімнің шетел төрінен көрініп, ол жақта шығармалары жоғары бағаланып жатқанынан хабарым бар, бұған қатты қуанамын. Дулат інімнің шығармалары сонау Еуропа жұртшылығынан жоғары баға алып, Ғалым Жайлыбай мен Сәуле Досжанованың шығармалары Швецияда лауреат болды. Кеше Түркі әлемі лауреаттығына ұйғыр жазушысы Ахметжан Әшири мен Рафаэль Ниязбековтың шығармалары ие болды. Былтырғы жылы да біршама қаламгерге «Құрмет», «Парасат» ордендері берілді. Барлықтарыңызға еңбектеріңіз жана берсін демекпін. Өз басым, сіздерге ризамын.
Мына Төлен – өте жақсы көретін інілерімнің біреуі. Оның айтқанының барлығына түгелдей қосыламын. Тек бір ғана жерінде кілтипан бар. Ол: «Жазушылар одағына баяғыдай ақын-жазушылар кірмейді. Мүлдем бас сұқпайтын болды», – дейді. Бұл мәселеде Нұрланды кінәлаудың еш реті жоқ, ол – уақытқа, нарықтың қыспағына байланысты. Екіншіден, ертең жаңа төраға сайланған соң, биліктің алдына барып, мәселені мықтап қою керек дейсіздер. Ал енді биліктің алдында сөз сөйлеу, оны іске асыру – кімнің қолынан келеді? Қайсыңыз айта аласыздар? Бұл оңай шаруа емес қой… Оны бәріңіз де білесіздер. Мәселен, Дулат, Бексұлтан, Смағұлдар да біздің мұң-мұқтажымызды жәйлап айтып жүр емес пе?! Жоғарғы жақтың құлақ асып отырған шамалы. Сондықтан бір адамға барлық кінәні арта бергеніміз дұрыс емес.
Нұрлан жаңадан төраға болып келгенде мен: «Бұл енді бұзылады ғой, жап-жақсы келе жатқан азамат еді, миы ашып кететін болды», – деп ойлағанмын. Жоқ, ол ойым басқаша болып шықты. Нұрлан өз іскерлігін көрсетті. Кез келген адам ел басқара алмайды. Ел басқаратын кісіде кем дегенде қырық адамның ақылы болуы керек. Әрбір басшының өз амал-айласы болады. Ол – дөрекі де, жуас та, зымиян да болуы мүмкін. Не түрлі қитұрқылықты басынан кешірсе де, от пен судың арасында жүрсе де мына Қарашаңырағымызды аман сақтап қалғаны үшін Нұрланға алғыс айтамын. Оның есімі тарихта қалады. Кім не десе, о десін!.. Көптің көңілінен шығу – әсте мүмкін емес. Басқасын былай қойғанда, қазірдің өзінде оған ойларыңызға не келсе, соны айт­тыңыздар. Соның бәріне шыдап, ұстам­дылық танытып отырғанының өзі үлкен адамгершілік. Мұндайға кім шыдайды?.. Ешкім де төзбейді, ертең-ақ қолды бір сілтеп, тастап кетесіздер. Тіпті, бес жылға да жетпессіздер. Ал Нұрлан осының бәріне жиырма екі жыл шыдады. Жаңа Қабдеш Жұмаділов: «Кет! Босат орынды…», – деп айқайлағанда шығып кетсе не болар еді? Өзі кетем деген кезде жүндегенше, адам құсап жөнімен неге жібермейміз? Ертең басқа біреу келсе, дәл осы Нұрланға ұқсап қызмет жасай ала ма, жоқ па, кім білсін? Ертең бес-он жылдан соң ғимаратты осы күйінде сақтай ала ма, ол жағы да күмәнді. Сон­дықтан, Нұрланды тағы бір сезонға сайласақ та, артық болмас еді деп ойлаймын. Құрылтайды сәуір айының ішінде өткізуді ұсынамын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір