Орбұлақ: аңыз бен ақиқат
23.02.2018
3805
0

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жобасы аясында Орбұлақ шайқасы өткен орын Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне іліккені белгілі.
Биыл осы Орбұлақ шайқасына – 375 жыл. ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласы аясында, қазақ та­рихындағы ерекше оқиғалардың бірі – Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіске 375 жыл толуына орай «Ор­бұлақ­та оянған рух» атты дөңгелек үс­тел өтті. Ғалымдар, тарих­шы­лар, мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, зиялы қауым өкілдері, сту­денттер мен оқырмандар қа­тыс­қан жиынды көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлы жүргізді.


Бексұлтан Нұржеке-ұлы,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Орбұлақ жеңісі – ұлты­мыз­дың ерен мақтанышы, даңқты шежі­ресі. Ор­бұлақ өнегесі – қастерлі өнеге.
Шайқас өткен жерді ежелден ата-бабамыз «Ор­дың бұлағы» дейтін. Мен де осы­­лай атап жүрдім. 1975 жылы, көк­темде Қазақ Совет эн­цик­ло­пе­диясының 9-томы жарық көрді. Оқыдық. «Қазақ халқының Ұлт-азат­тық соғысы» деген мақала шық­ты. Қазір энциклопе­диялар­да­ғы мақалалардың авторын көрсет­ке­німен, ол кезде авторлар әр мақа­ланың соңына жазыла қоймайтын. Сондықтан, мақала авторы кім еке­нін нақты тап басып айта алмаймын. Сол мақаланың авторы Златкиннің «История Джунгарского ханства» де­ген кітабына сілтеме жасай оты­рып, «қазақтың алты жүз сарбазы елу мың қалмақтың қолына қарсы тұ­рып, ор қазу арқылы жеңіске жет­кен» деген дерек келтіреді. 1975 жыл­дың жазында бес баламмен елге бардым. Аршалы беткейінен үй ті­гіп берді. Сабырқұлов Қожахмет де­ген ағам бар еді, жай­лауда екен. «Аға, жерімізді бір ара­латып, таныстыршы», – деп өтіндім. Ке­лісімін берді. Жерді аралап, та­ны­сып, түс әлпетінде «Ордың бұла­ғы­ның ар жағындағы бір үйге түс­теніп қайтайық», – деді. «Аға, неге ордың бұлағы?», – деп сұрадым. «Біл­мейсің бе?». «Білмеймін». «Ен­деше, көрсетейін», – деді ағам. Мой­нақтан шыға бере шұбатылып жат­қан орды көрдім де, бойым шы­мыр ете қалды. Аттан түстім. «Мы­нау не қылған ор?» деп сұрап едім, қа­сымызда жүрген жылқышы «Ақ­сақ құлан – Жошы ханды естуің бар ма? Жошы киік ұстаймын деп қаз­ған ор ғой», – деді. «Аға, анау жота­ның үстіне қуалап барып құлан­дар­ды орға жықпай, мына жерде тұ­рып-ақ жоғары қарай тырмысып кел­ген құланды аулауға болмай ма? Мен энциклопедиядан бір дерек оқып ем. Ор қазып, алты жүз әскер­мен қалмақтың үш мың қолына қар­сы шықты дейді. Мынау сол ор», – дедім. Кейіннен жаныма екі бала ертіп, отыз метрлік арқанмен ордың ұзындығын өлшеп шықтық. Екі шақырымнан асты.
1976 жылы «Жайлаудағы жиыр­ма күн» деген шығармамды жаздым. «Өзендер өрнектеген өлке деген кі­тап жаздым. Сол жазғандарымда Ор­дың бұлағы туралы көп деректер жинадым.
1991 жылы Егемен Қазақстанға «Қа­зақтың Қарасай батыры» деген та­­қырыппен Балғабек Қыдыр­бе­кұлы­ның мақаласы шықты. «Жар­кенттен күншілік жерде Жар­бұлақ, Қызылқияның қасында қалмақтың елу мың қолына Жәңгір оқпана қа­зып, жеңіске жеткен» деп жазды. Ма­қаланы оқи сала, ағаға хабар­лас­тым. «Біздің жаққа қашан барды­ңыз, мақаланы оқып отырмын», – дедім. «Сенің жағыңа мені ешкім шақыр­ған емес, барған да емеспін», – дей­ді ағам. «Қолмен қойғандай жа­зып­сыз, қайдан шыққан кітап ендеше?», – деп сұрасам, «Бабам­ның кітабы», – дей­ді Балғабек ағам. «Ағатай-ау, Қы­зылқия – әлі де Қызылқия ата­лады. Жарбұлақ та сол қалпында. Сол жерде ордың бары да рас. Ол кі­табыңызды баспадан шығарайық, ел-жұрт білсін, оқысын», – дедім. Кітап шыққан соң Президентке, ар­хив­ке, Тарих институтына, Қаз­МУ-ге – әр орталыққа бір-бір дана­дан жібердік.
Ол кезде Тарихи ескерткіштерді қор­ғау қоғамының төрағасы Мұха­медқасым Шәкенов еді. Сол кісі­мен ақылдасып, «Алда 350 жылдық ме­рей­той келе жатыр не істейміз», – деп едім, жан-жаққа сұрау салып, той жасаудың қамына кірісетін бол­дық.
1993 жылдың 4 шілдесінде, Жар­кенттен күншілік жердегі Бел­жай­лауда Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтті. 508 үй тігілді.
Бұл еске алу тойы халық пен мем­лекеттің мерейін өсірген, қанат бі­тір­ген бастама еді.
1643 жылғы бұл соғыс – ерекше со­ғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қа­зып, оқпана жасап бұлай шайқасқан емес. Қазақтар қалмақ жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы біл­ді. Жердің ыңғайына қарай әс­кери тәсілдерді қолданса, саны он­­даған есе көп жау жасақтарын тос­­қауылдауға болатынын іс жүзінде көр­сеткен шайқас бұл. Жау әскерін 10-11 мыңға кемітіп, жойқын күш­ке дес бермей, екі рет бетін қай­тар­ған. Қосымша күш келгенше осы­лай шы­даған.
Қазақ халқы мақтаншақ, елу мың қолға алты жүз әскермен төтеп беру мүмкін емес дейді біреулер. Қазақ мақтаншақ болса, мақтаншақ шы­ғар. Бірақ бұл деректі қазақ емес, өзге ұлт өкілдері айтты ғой. То­былдың әскери қызметкерлері Гриш­ка Ильин мен Кучембердейко Кучеев деген кісілер өзінің күнде­ліктерінде Орбұлақ шайқасы туралы анық жазған. Олар оқиға боларда қал­мақ қоңтайшысы Батырдың Қа­ра Айғырдағы орда­сына барған. Алай­да, қоңтайшы орнында жоқ бо­лып шығады. Ол 50 мың қолды бас­тап, қазақтармен соғысуға атта­нып кетіпті. Аталған кісілер кейін қоңтайшыдан Орбұлақ шайқасы ту­ралы әңгімелерді түгел естіген.
Қоғам және мемлекет қайрат­кері Кеңес Аухадиевті көпшілігіңіз бі­ле­сіздер. Ол кісі Жаркентте пар­тиялық қыз­метте болып, ел бас­қарған, об­лыс көлемінде үлкен лауазымды қыз­меттер атқарды. Сол кісі Орбұ­лақ­ты көрмеген екен. Ертіп бардым. «Саған қарсы шығып жүрген адам­дар не мына орды көр­ген жоқ, не пи­ғылы жаман», – дейді ол кісі. Шы­нымен де, бірнәрсе де­мес бұ­рын, сол өңірге барып, ордың ор­нын көріп, көз жеткізу керек қой.
Алғашында ордың тереңдігі бір метр болған. Қазір ол жерлер же­мен­шікке өтті. Өкімет бұрын ол жер­ге сиыр бақтырмайтын. Қазір сиыр барады. Сиыр жарықтық, ой-еңісті тезегімен-ақ толтырып жібе­ре­ді екен ғой. Оның үстіне қазір же­­кеменшікте болған соң, мә­ши­не­мен арлы-берлі көшіп жүреді. Со­­ның барлығы ордың орнына зия­нын тигізіп жатыр. Бірақ әлі де ор­ды өз көздеріңізбен көруге бола­ды.


Әлібек Асқаров,
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Идеяны о баста Бексұлтан Нұр­же­ке-ұлы көтерді. Ұлы мереке өткізу бастамасы хат түрінде біз­дің бөлімге келіп түсті. Сол кездегі вице-премьер Қуа­ныш Сұлтанов, ма­ған осы істі жүктеп: «Өзің бә­рін арала, байқа, сосын бізге қоры­тын­ды сөзіңді айтып бер», – деп тікұ­шақпен жіберді. Бексұлтан ағам­мен барайын десем: «Оған мүл­дем айтпа. Ол кісі барса, жете­гін­де кетесің, аппараттың қызмет­кері ретінде өзіңнің тәуелсіз ойыңды айтуың керек», – деген соң, жазу­шыларды ерт­пей, Орбұлаққа бір топ маман барып қондық. «Кейбір жазушылар ол жерде киік қуған, киік аулайтын орын дегенді ай­тып жүр, соны да анықташы», – де­ген тапсырма да болған еді. Барып, өз көзіммен көрдім. Киікті далада аулайды. Таудың ба­сын­да қайдағы киік? Екіншіден, суай­рықта зират көп. Соғыс бол­ма­са, тау арасында қайдағы бейіт? «Шын­дыққа саятын секілді» деп ойым­ды құжаттадым. «Ендеше, қау­лы дайында» деген соң, «350 ле­тие Орбулакской битвы» деп қаулы даярладық. Жаңа Бексұлтан ағам 508 киіз үй тікті деді ғой, оның ар жа­ғында қаншама қараша үйлер бар? Панфилов ауданы су жаңа он екі көлік бөліп, Жазушылар ода­ғынан құрметті қонақтарды алып барды.
Жалпы, сол уақытта елдің еңсе­сін көтерген үш дүбірлі той өтіп еді. Олар: Құрылтай, Ордабасы, Ор­бұлақ. Осы үш дүбірлі той халықтың үл­кен қуанышына айналды. Ор­бұлақтағы тойдың ресми бөлігінің сценариін өзім жазып, басы-қасын­да болдым. Ұлттық патриотизм се­зі­мін күшейтуге тигізер ықпалы мол, танымдық, мәні зор іс-шарада қазақтың маңдайалды жазушысы Әбіш Кекілбайұлы баяндама жасап, ол баяндама талайлардың рухын оятты.
Неліктен Орбұлаққа қатты мән бердік, оны да айта кетейін. Сол уақыттары Қытай жақтан тосын әңгіме желдей есетін. «Балқашқа дейін біздің жер. Жетісудың көп бөлігі біздікі» деген сияқты әңгімелер бар деп ести­тінбіз. Сол үшін, осы өңірлерде байырғыдан бері қазақтар мекендеп, жанын беріп, қанын төгіп, қорғап қалған атамекені екенін айтып, тас қойып, белгі жасайық дедік. ҚР Үкіметі 1993 жылы арнайы қаулы қабылдап, Белжайлауда Орбұлақ шай­қасының 350 жылдық тойы рес­публикалық деңгейде атап өтіл­генінің осындай ұлы мақсаты болды. Сол жылы ұрыс болған жер­дің атауы – Ор­бұлақ, ал оқиға – Ор­бұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылды.

Талас Омарбеков,
тарихшы, тарих ғылымының докторы:
– Тарихымызды өз дәстүрлі де­­рек­терімізге бейімдеу керек. Оның бірнеше себебі бар. Басқа ел­дің тарихшылары біз туралы де­ректер келтіргені рас, бірақ олар өз мем­л­екетінің мүддесі тұрғысынан та­рихымызды тасқа қашады. Сон­дықтан, біз ол деректердің қажет же­ріне сүйенейік, керек кезде ше­жіре­мізді де пайдаланайық. Әрине, ше­жіренің де бұрмаланған тұсы көп, оны анықтап, түзету қиын емес. Қа­зыбек бек Тауасарұлы кітабының тарихшылар үшін құны орасан зор. Зардыхан Қинаятұлы деген мықты тарихшы өткен, сол кісі осы кі­тапты мойындап кетті. Осы кітап баспадан шыққанда тарихшылар, жазушылар тарапынан дау туды. Біреулер көзге көрініп тұрған, дә­лелді деректердің өзіне көз жұма қа­рап, бар нәрсені бар, мойында­­лып тұрған дүниені рас дегісі кел­меген жайттар да бастан өтті.
Мақсұт Шафиғи деген мықты ау­дармашы, қолжазбалар бойынша мық­ты маман бар. Кітаптың түп­нұсқа еке­нін дәлелдеп шықты. Кі­тап қол­жазбадан көшірілген екен. Оны көрмей жатып, кейбір жур­налист, жазушы ағайындар түп­нұсқасы жоқ деп шулады. «Жас Алашта» дөңгелек үстел өткізіп, сон­да осы тақырыпты әбден тал­қы­ладық. ҚазҰУ-де ал­қалы жиын жа­сап, онда өзім баян­дама жасап, көп­шілік алдында кітаптың түп­нұс­қа­сының растығын ғылыми тұрғы­дан талдап, жікте­геннен кейін ғана көп­шілік шын­дыққа қарсы шыға ал­мады.
Орбұлақ шайқасы жай­лы мәлі­метті алғаш айтқан – та­рих­шы И.Э.Фишер. Осы шайқас жайын­да орыс тарихшылары А.И.Левшин, И.Я.Златкин, А.П.Чулошников, қа­зақ ғалымдары М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллиндер де қалам тер­бе­ген.
Сонда да, түбіне дейін барайық деп, осы кітапты факсимелиесімен бір­ге қайта бастырсаңыз деген өті­ні­шімді Бексұлтан Нұржеке-ұлына ай­тып едім, ол кісі қарсы болмады. Кі­тап қидам жазуымен жазылған. Оны кім көрінген жаза да, аудара да ал­майды.
Жалпы, бұл шайқастың қазақ та­рихы үшін орны айрықша. Дәл осы шайқасқа қатысқан батыр­лар­дың барлығының атын атап, түсін түс­теп, түгендеу ісі де маңызды. Қал­мақ қолы келе жатыр деген то­сын хабардан Жәңгір хан жанына бар болғаны 600-ге жуық сар­дар­ла­рын жинап үлгереді. Бірақ та Сал­қам Жәңгірдің жанына топтасқан 600 сарбаздың әрқайсысы жүзге та­титын батырлар еді. Олардың ішін­де Қарасай, Ағынтай, Жиембет, Сарбұқа, Көксерек, Жақсығұл, Қомпай, Елтінді, қырғыздан Көтен мен Табай батырлар ерекше көзге түс­кен.


Нұрлан Атығаев,
тарихшы, тарих ғылымының докторы:
– Тарих – үлкен ғылым. Біз оның көп тұсын аңыздатып жібер­дік. Та­рих үшін дерек маңызды.
Орбұлақ шайқасы туралы та­ри­хи деректер бар, мәлімет сақталған. Қа­зақтың алты жүз әскері қалмақ­тың елу мың қолымен шайқасқаны ту­ралы дерек жетерлік. 1961 жы­лы шыққан қазақ-орыс қарым-қаты­нас­та­ры жинағында жазылған, орыс-моң­ғол құжаттар жинағында да бар. Сондықтан бұл шайқас тарихи тұрғыдан дәлелдеуді талап ет­пейді.
Енді осы тарихи деректерді жи­нау хақында әңгіме қозғасақ. Жәңгір хан, Жалаңтөс баһадүрлер туралы мәліметтер әлі де айналымға енбеген. Жалаңтөс баһадүрмен кездескен сол заман тарихшы­ла­ры­ның еңбектері бар. Өкінішке қарай, ол еңбектер де, тарихшылар да бізге әлі белгісіз. Ол еңбек­терді ба­рып, көріп, көшірмесін алып ке­лу мәселесі жолға қойылмай тұр.
Бір мысал. Бір реттік бағдар­ла­малар аясын­да, Ыстамбұлға екі-ақ аптаға барып, құжаттар жинадық. Бір беттік құ­жат­т­ың көшірмесін 100 долларға са­тып аласың. Екі апта уақыт – дерек жинау үшін өте аз. Деректерді жинауда, сөй­летуде, талдауда осындай кедер­гілер барын айтуымыз керек.
Өз басымнан бір ғана мысал ай­тайын. Қазақ-Қызылбас соғысы туралы деректер, миниатюралар із­дедім. Оның екеуін тапты, тағы біреуі Британия кітапханасында тұруы мүмкін деп болжам жасадым. Қасым ханның ұлы Әбілқайырдың қызылбастармен соғысы туралы ми­ниатюраның көшірмесі үшін Бри­тан кітапханасы өте қымбат со­ма сұрады. «Абди» компания­сының президенті Әбдібек Бимен­диев Лондонға барып, сурет­тердің көшірмесін сатып алды. Со­ның біреуі мен іздеген сурет. Ол су­рет­тер өте маңызды.
Көптеген деректі құжаттар бар. қазақ хандарының 811 хатын да осы­ндай қиын жолмен, арпалысып жүріп алдырттық. Ғалия Қамбар­бе­кова деген мықты аудармашы қарындасымыз Үндістаннан қа­зақ хандарының екі хатын тауып келді.
Бірақ құжаттарды табу мен ау­дару­дың арасы жер мен көктей еке­нін де айта кетуіміз керек. «Та­рих-и Рашиди» қазақ тіліне ауда­рыл­ғаны белгілі. Оны белгілі шы­ғыс­танушы Ислам Жеменей тәр­­жі­­малады. Ол кісі мықты шы­ғыс­танушы екені рас, бірақ кітап­тың олқы тұстары өте көп. Мәселен, Қа­зақ хандығының құрылу уақы­тына байланысты «Тарих-и Раши­ди­дің» өте маңызды мәліметі: «Ал­ғаш­қы қазақ сұлтан­дарының үкіметі 870 һижри қәмәри яғни 1465 милади жылы құрылған» деп аударылған. Бұл жерде парсыша қолданған дәу­лет сөзінің бірнеше мағынасы бар, солардың ең бірін­шісі мемлекет де­ген ұғымды білдіретінін айтуы­мыз керек. Жалпы, кітапта осындай олқы­лықтар өте көп. Ғалия Қам­барбекова аударған нұсқада да бір атау екі бөлек болып сипатталып кеткен жайттар бар.
Жалпы, кез келген ірі шайқас­тар­дың дерегін тауып, оны Қазақ­стан­ға алып келіп, аудару ісі өте маңыз­ды. Жалатөс баһадүрдің де, Жәң­гір ханның да деректерін сон­дай деректерден анық тапқан болар едік.


Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын:
– «Түп тұқияннан өзіме шейін» кі­табы жарық көріп, таластар, тар­тыстар жүріп жатқан уақытта, Қы­тай­да жүріп, бірінші басылымын оқы­дым. Кім не айтты, Бексұлтан аға қалай жауап берді, бәрі есіміз­де. Сіз Орбұлақ мәселесін көтеріп, ай­тулы, атақты той болып жатқаны жайлы да, Қытайдағы Азаттық радио­сы­нан естіп, қуан­дық. «Шипагерлік баяны» кітабына ме­нің тамшыдай болса да қатысым барын мақтанышпен еске аламын. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ұрпа­ғының үйінен табылып, ол туралы Азаттық радиосы аз-мұз ақпарат берді. Алматыда тұратын Нұрқасым Қа­зыбек байланысқа шығып, Өтей­б­ойдаққа қатысты мәліметтер бол­са, тезірек жеткізіп беруімді сұра­ғаны бар. Қытайдағы қазақ тілінде жарық көретін газет-журналдардан Өтейбойдаққа қатысты деректерді жинап, Нұрқасым Қазыбекұлының қолына жібердім. «Заман Қазақ­стан­ға» бір рет, «Түркістанға» се­рия­­лы мақалалар жарияланды. Үрімші­де «Шипагерлік баяны» кітап болып басылды. Оны Дүкен Мәсімханұлы мен Құл-Керім Елемес кириллицаға түсіріп, Бек­сұлтан Нұржеке-ұлы бас­падан шығарды. Бұл кітап шық­қаннан кейін де айтыстар тағы бас­талды. Бексұлтан ағам тағы да ақ тер көк тер болып, жалпы жұртқа кі­­тап­тың жайын түсіндіре баста­ды. Тілеуберді Әбенайұлы деген та­рихшы жігіттің тарихқа салған тү­ре­ні туралы пайымын жазды. Тілеу­берді жазған кітап бойынша кар­тасын салды.
Сондықтан, Бексұлтан Нұр­же­ке-ұлының жазушылық қырына шежіре, өңір тарихын жетік білетін сипаты да ерекшелік беріп тұр деп ойлаймын.


ҚР Ұлттық кітапханасы, Халықаралық «Көшпенділер Атамұрасы» қоғамдық қоры серіктесі және белгілі меценат Бекет Тұрғараұлының бастамасымен, Ұлттық кітапхананың Мәдени бағдарлама және көрмелер бөлімінің жетекшісі Жанар Әбдікерімова ұйымдастырған дөңгелек үстел аясында «Орбұлақ өнегесі» атты қазақ тарихшыларының кітаптары көрмеге қойылды. Келелі әңгімелер айтылған жиында дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов елдік, ерлік тақырыбын қозғаған әндерімен жиынға қатысушылардың құлақ құрышын қандырды.

Бетті дайындаған
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір