Хорға қонған қоңыр қаз
09.02.2018
1570
0

Баянғали Әлімжанов


Біржан сал әндерінің концерті болады екен дегенде, елең ете қалдық.
– Онда тұрған не бар, Біржан ән­дері елімізде күнде шырқалып жат­қан жоқ па?! – дерсіз.
Иә, Біржан салдың әндері бір жа­рым ғасырдан аса уақыт бойы үз­­бей айтылып келеді. Радиода, те­­­­ледидарда, концерттерде, конкурс, фестивальдарда Біржан ән­де­рі ұдайы, күн сайын шырқалып, ұл­тымыздың рухани байлығына ай­налды.
Алайда, мына концерт шынын­да да ерекше концерт!
Әуелі, бағдарламадағы ақпарат бойын­ша баяндасақ, Астана қала­сы әкімдігі Мемлекеттік ака­де­мия­лық филармониясының каме­ра­лық хоры (көркемдік жетекшісі жә­не дирижеры – Гүлмира Құт­ты­ба­дамова), «Қорқыт» дәстүрлі саз то­бы – (көркемдік жетекші Шолпан Қорғанбек) және жеке орын­дау­шылар – ҚР еңбек сіңірген әр­тісі Қапаш Құлышева, халық­ара­лық байқаулардың лауреаты Да­нияр Мұқан мен Жақсыгелді Мая­саров 2 ақпан күні Біржан сал­дың шығармашылығына арналған «Айбозым» концертін ұсынды. Кон­церт «Қазақстан» Орталық Кон­церт залының камералық за­лын­да өтті.
Кеш бағдарламасында Біржан сал­­дың «Бурылтай», «Жанбота» «Кө­­кек», «Ғашығым», «Айтпай», «Ақ жорғажан», «Он саусақ», «Ал­қа­ра­көк», «Жамбас сипар», «Бір­лән», «Жонып алды», «Жалғыз ар­ша» жә­не «Теміртас» әндері орын­далды.
Өткен жылғы желтоқсан айында Елбасы жарлығымен Ақмола об­лысының Еңбекшілдер ауданы Бір­жан сал ауданы болып аталды. Мы­на концерт те сол қуанышпен үн­дескен өнер шашуындай!
Біржан сал әндерін қазақтың да­рынды, даңқты әншілерінің қан­шама буыны асқақтата салды де­сеңізші! Өзін қазақтың дәстүрлі ән­шілік өнерінің заңды өкілі са­най­тын өрелі әншілердің Біржанға соқ­пағаны, өз мүмкіндіктерін Бір­жан әндерімен сынап көрмегендері кем­де-кем шығар. Абайды оқы­маған кісі нағыз қазақ ақыны бола алмайтыны сияқты, Біржанды біл­меген адам да нағыз қазақ ән­шісі бола алмайды.
Бірақ, бір мезетте ұл-қызы аралас қырық әнші қосылып, хормен, ешқандай музыкалық ас­пап­тың сүйемелдеуінсіз, әрқайсысы әр дауыспен айтқанын бірінші рет көрдік!
Бас дирижер Гүлмира Құттыба­да­мованың концертінің орны тіпті бө­лек! Оған халықтық дәстүрлі ән өне­рін сүйетін қалың көрермен тік тұ­рып қол соқты! Жүрек жарды ақ ті­лектерін қалтқысыз ақтарып айт­ты.
Серік Ибраев, профессор, медицина ғылымдарының докторы:
– Әр ән – бір-бір спектакль сияқ­ты әсер етті!
Қапаш Құлышева, әнші:
– Әуелде домбырамен ән салып тұ­рып, оны хормен қалай үндес­тіре­мін деп толқыдым. Қосылып ай­та келе, осыған байланып қал­ғандай болдым!
Серік Тоқпанов, профессор, ме­дицина ғылымының докто­ры:
– Хордағы дауыстардың бірі нә­зік уілдеп, бірі күмбірлеп, үйле­сім тауып жеткізген сиқырлы әуен­нің жұмбақ сырларын айқын сезіне отырып, мен рухани ләззат алдым! Бұл үлкен еңбек, оны халқымызға кеңінен насихаттау керек! Көкше­тауға, Біржан сал ауданына апарып қойса, тамаша болар еді!
Серік Негимов, профессор, фи­ло­логия ғылымдарының докторы:
– Біржан сал текті елден, көрік­ті жерден шыққан тұлға! Арғы ата­сы Бертіс би, бергі атасы Қожа­ғұл­дың өзі бір-бір тарих! Біржанның әні, дауысы Көкшетаудың таби­ға­тын көркейте түскендей! Ал, бүгінгі хор­дың жаңғыртқан әні байтақ да­ламыздың барлық қиырына жете беруіне тілектеспін!
Марат Нәбиев, техника ғы­лым­дарының кандидаты, кәсіпкер, ме­ценат:
– Көп дауыстың үндесуінен Бір­жан әндерінің нәзік иірімдері, жаңа қырлары ашыла түскендей бол­д­ы! Алған әсеріміз керемет!
Баян Нәбиева, кәсіпкер:
– Дирижер Гүлмира Құттыбада­мова бұл әндерді өз жан дүниесіне сіңіріп, жаңғыртып қайта тудырып отыр! Мұндай нағыз өнердің шығар биі­гі алда екеніне сенемін!
Сапура Төлекова, Астана қала­сы, 76-мектеп-лицейінің директоры:
– Халық композиторларының туы­ндыларына жаңаша көзқарас танытқан камералық хор барша­мыз­ды тәнті етті. Бұқараға ұлт мұрасын дәріптеудің тың жолын көр­с­етті. Біржан салдың әндерімен қоса оның ізбасарларының әндерін де қалың көремен ыстық ықылас­пен қабылдады. Қазақ әнінің құ­ді­ре­тіне сүйсіндік.
Иә, көрермен рас айтады. Ақан се­рінің «Қараторғайы», Үкілі Ыбы­рай­дың «Қалдырғаны», Жаяу Мұ­са­ның «Ақ сисасы», Сәкен Сейфул­лин­нің «Тау ішіндесі» хордың орын­­дауында өзгеше әсерге бө­леді.
Біржанның әншілігі, ерекше дауысы да аңызға айналғаны шын­дық.
Бүркіттінің басынан шырқаған әні жаздың тұнық түндерінде он – он бес шақырым жердегі Степняк пен Намазғұлға дейін жетеді екен дейді ел. Ақан серінің өзі айтқан ғой: «Жердегі әнімен аспандағы құс­ты атып түсіретін Біржан аға­мыз­дың даусына дауыс жетер ме екен!», – деп. Біржан сал бір әнінде: «Созады Біржан даусын қоңыр қаз­дай!», – дейді. Қоңыр қаз дегенге, оның даусы қоңыр екен деп қал­маңыз! Қаз қоңыр болғанмен, даусы саңқылдаған ашық, өзге құс­тар­дан асқақ, өте биік болады!
Біржан әндері – қазақ музыка әле­міне ерекше әсер еткен қуатты құ­былыс. Оның шығармалары бас­қа өнер туындыларында да (кино, опера, драма, т.б.) кеңінен қол­да­ныл­ған. Әйгілі «Біржан-Сара» опе­расында Біржан әуендері тұнып тұр. Өткен ғасырдың 70 жылдары шық­қан «Алые маки Иссыккуля» де­ген атақты қырғыз киносында Те­міртас әнінің лейтмотив ретінде алынып, бас кейіпкер Қара­бал­таның рөліндегі асқан дарынды әртіс һәм суретші Сүйменқұл Чоқ­моровтың үлкен толғаныс үстінде, қыр­ғыздардың ортасында нақы­шы­на келтіре орындауы кезінде елеулі мәдени оқиға болды. Әртіс­тің рөлді ойнап отырғанын, ал кадр сыртында әнді орындаған – академик Өмірзақ Айтбаев екенін кейін білдік. Сол кезде, 1970-80 жыл­дары Біржанның «Теміртасы» әде­би, мәдени ортада өте кең тарал­ды. Жұрттың көбі толқығанда «Ал, дүние, өтеріңді біліп едім», – деп тебіренетін, қиналғанда «Бұл күнде арық қойдан бағам төмен!», – деп күңіренетін! Мына концерт те «Те­мір­таспен» аяқталды. Үкілі бөрік киіп, үкілі домбырасын күмбір­ле­тіп, жеке шырқаған әншінің даусы­на үйреніп қалған халайыққа хор­мен айтылған «Теміртас» та ерек­ше әсер етті. Қазақтың ұл-қыз­­дары аман болса, әлі де атал­ары­мыздың әндерін ата жолымен, үлгі-үрдіспен шырқай береді деп сенеміз. Сонымен бірге, дәстүрлі өнерді түрлен­ді­ріп, жаңғырта берудің де жөні бар-ау!
Сөз түйінін көрермен ортасында таудай болып отырған қазақтың ұлттық батырының жүрекжарды ақ тілегімен түйіндесек дейміз.
Тоқтар Әубәкіров, қазақтың тұң­ғыш ғарышкері:
– Дәстүрлі қазақ әндерін каме­ра­лық хордың орындауы – үлкен ең­бек. Мен бүгін Біржан салдың ән­дерін тыңдағанда, ғарышқа қай­та ұшқандай болдым! Бұл – қазақ мә­дениетіндегі жаңалық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір