Жүрегінде желтоқсанды тербеткен

0
70 қаралды
Әуелден солай, ақын – әлемді жүрегінде тербете білуі керек деп жатамыз. Ал, біз білетін Аманғазы негізінен бостандығымыздың бойтұмарындай ұлы Желтоқсанды жүрегінде әлдилеп келе жатқан ақын. Сұрақ туады. Адам жанының қыл ішектерін шертуге бесенеден бейім ақын неге Желтоқсанды жырлауға соншама құмбыл? Себебі мында: ел ереуілдеп, ер етігімен су кешкен сонау 1986 жылы Аманғазы өзі секілді өрімдей жастармен бірге арқырап теңдік сұрап алаңға шыққан, тарихқа «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен енген қақтығыстың бел ортасында әділет іздеп азапқа түскен, кейін соның ащы зардабын тартқан күрескер ақын, азамат ақын. Оның өлеңдеріндегі азаматтық үннің «үп» десең желге ұшып кететін қауқарсыз емес, қауызынан аршылған жұмыртқадай әрі толық, әрі салмақты, әрі қуатты болатыны сондықтан. Бұдан да дәлірек айтсам, ақын Аманғазы Кәріпжанәулетінің толғағынан туған әрбір жыры Желтоқсанның қайғысы мен қасіретіне, қадірі мен қасиетіне, бостандық жолында басын бәйгеге тіккен жасқайраттықтардың ерлігі мен өрлігіне, намысы мен алғысына толы. Соның асқақ рухына шүпілдеп тұр.
Мезгіл сәтке бетін бері бұрды ақыр –
Жырла, заман!
Жырла, жүрек!
Жырла, тіл!
Бір ҚазМУ-ды он жыл жүріп тауысқан,
Жырлап қалсын Желтоқсандық бір батыр, –
деп тебіренеді ол «Желтоқсан жы­ры» ат­ты өлеңінде. Дүние аяр бол­маса, әділетсіз бол­маса «шын­дықтар шарасыз» қалып, ақын­дар «жындының жырын» жыр­лар ма еді? Жырламас еді. «Арақ­ты ішіп, Аралды ішіп, ар­ды ішіп, жезөкшеден жар құ­шар» ма еді. Құшпас еді. Міне, өлеңде өті­­рік айтуға болмайды деген қа­ғидаға иек артсақ, осы кел­тіріл­ген мысалдар со­ның бірден-бір жарқын мысалы. Сонда, бір адам екінші адамға не үшін әлімжеттік көр­сетеді? Бір ел екін­ші елді неліктен ба­сып-жан­шиды? Бұл барып тұрған қия­нат емес пе? Қиянат болса, оның түпкі мақ­саты не?
Осы сауалдар төңірегінде ақын Аман­ға­зы басын тасқа да ұрып, тауға да ұрып, әбден сана сар­сытқан сияқты. Азамат жа­­ны­ның ойран-ботқасын шы­ғарып жі­беретіндей азапқа түс­кен сияқты. Бірақ, бұл сұрақтар қан­ша жерден актуалды бол­ға­ны­мен, оның нақты жауабын тар­қату ақын міндетіне жатпайды. Біздіңше ақын міндеті – өмір­дің қатпар-қатпар болып жат­қан түпкі тереңіне үңілу. Түп­кі тереңіне үңілу арқылы адам жанының терең түпкірінде жат­қан сан тарау сауалдар мен қи­лы ойларды түртіп ояту. Яки, ой тастау, ойландыру. Ойландыру арқылы адам баласының бол­мыс-бітімін, жан дүниесін ашу. Бұл не үшін керек? Ең ал­­ды­мен өзіңді тану үшін қажет. Адам өзін танымай, өзгені тануы мүмкін емес. Өзгенің бол­мыс-бітімін, айналадағы сәт сайын өзгеріске түсіп отырған мың-миллион қабат құбылыс­тар­ды сезіну мүм­кін емес. Бір сөз­бен ақын мақсаты жауап беру­де емес, ойландыруда, тебі­рен­­туде, толқытуда. Міне, мә­се­ленің мә­нісі қайда жатыр…
Сұрақтарға тұншығып ғалам бүгін,
Боздақтарға ілесіп жоғалды мұң.
Кісендеулі сананы құтқара алмай,
Кісендеулі күйінде қамалды ұғым…
Бұл – «Біз білетін құрбандар!» атты өлеңі­нен алынған үзінді. Рес­ми дерек Жел­тоқсан көтері­лі­сі кезінде небәрі үш-ақ адам­ның ажал құшқандығына хабар бе­реді. Ал, сол күндері «жазалау­шы­лар­ға» басшылық жасаған бір генерал «нағыз ұрыс алаңына айналған жерде жүз шақты жас­тар­дың өлі денесі серейіп-се­рейіп қалды» деп мәлімдесе, Ал­маты қаласында 1986 жылғы жел­тоқсанда болған оқи­ға­ларға байланысты жағдайлар түп­кі­лікті ба­ға беру жөніндегі Ко­мис­сияның алғаш­қ­ы қорытын­ды­сын­да Желтоқсан көтері­лі­сі ке­зін­де 168 адамның опат бол­ған­ды­ғы туралы мәлімет тарат­қан еді. Сонда қай­сысына сенбек керек?.. Сауалдың кө­кесі осы! Сауалдан сауал туады. Осын­дай бірін-бірі жоққа шы­ға­ратын деректер қайдан пайда бо­лады? Осының бәріне кім кі­нәлі? Аманғазыға сенсек, осы­ның бәріне өзіміз кінәлі екенбіз. «Кісендеулі сана» мен «кісендеу­лі ұғым» кінәлі екен.Тәуел­сіздік алғанымызға келесі жылы жиыр­ма бес жыл толмақ, бірақ қа­зақтың са­насы әлі күнге кі­сен­деулі қалпында қа­лып отыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын­ғы қал­пынан бір өзгерген жоқ. Аянышты ма? Аянышты. Өлеңге ке­зек берейік.
Сойыл, күрек қуды өзінше «көкпарды»,
Қазақ, бірақ, қайтпай шерін ақтарды,
«Өрт сөндіргіш» сөндіре алмай шегінді,
Көзімде лапылдаған оттарды…
(«Шеңгелдер». 1986 жыл).
Көтергендер ел рухын көк төсіне,
Ақталса да жарайды көп кешіге.
Ерді құртқан ездер ме мезгіл өте,
Батыр болып кім кепіл кетпесіне?..
(«Желтоқсандық екіжүзділер»).
Бұл жерде де ақынмен еш дауласа ал­май­­сың. Бірін-бірі біліп болмайтын ай­қас алаңында сойыл мен күрекпен қару­лан­ған тасжүрек жендеттер де, темір қал­пақ киген мәңгүрт бастылар да жүрді, өз көлеңкесінен өзі үркектеген қорқақтар да, қорқаулар да, табанында бүрі жоқ тай­ғанақтар да, жарамсақтар да жүрді, жеме-жемге келгенде жалт беретін екі­жүз­ділер де, тіпті сасық ойлы сатқындар да жүрді. Сонда әділет қайда? Әділетті Жа­ратқаннан жалбарынып сұрап алуға бо­ла ма? Сөйтсек, әділет өзіміздің қолы­мыз­да екен. Осы бір қарапайым ғана қа­ғи­даны елеп-ескермегендіктен біз азап­қа түсіп, мазаққа ұшырайды екенбіз. Яки, әділет жолында жеңіліске ұшырап жат­сақ, оның барлық кінәсі өзімізден! Ақын Аманғазының айтпағы да түптің тү­бінде осы уәж болса керек.
Дәл осы тұста ақын Аманғазы Кәріп­жанәу­летінің талант қуатының, көркем­дік қолтаңбасының ерекшеліктері туралы сөз қозғауды қоя тұрып, оның Жел­тоқсан тақырыбына арнаған жырларының тізі­мін келтірсек, оқырманға әлдеқайда пай­да­лы­рақ па дейміз. «Алаңдағы өрт. 1986 жыл», «Аударылған трамвай. 1986 жыл», «Шең­гел­дер. 1986 жыл», «Алаңдағы мін­беге. 1986 жыл», «Алаңдағы жарық. 1986 жыл», «Жел­тоқ­сандық екіжүзділер», «Жел­тоқсан», «Қас­қырлық немесе Жел­тоқ­сан оқиға­сы­нан соң», «Желтоқсан жаң­ғырығы», «Біз бі­летін құрбандар!», «Жел­тоқсан жыры»… Қарап отырсаңыз, бү­тіндей бір кезеңнің жанды суретін көз ал­дыңа әкеледі. Оның үстіне қандай сурет­тер десеңші! Әрбір өлең­нің өзегінде көп­теген жұмыр басты пен­делердің па­рық-пайымы жете бермей­тін парадокс­тар мен қарама-қайшылықтар шарпысады. Ұлттық рух пен ұлттық намыс буыр­қанып жатады. «Алаңға сен бармасаң, мен бармасам, ол бармаса, кім барар еді?!» деген өжет мінезді сезінесің.
Ақынсың ба, ендеше ұлтыңның қан­ды жасын ішіп, бүкіл азабын жан-жү­ре­гіңмен көтере білуге тиіссің. Әйтпесе, ақын болып керегі не?! Қолыңмен көтере ал­майтын қылышты белге байлағаннан не пайда?! Осы ретпен келгенде, Желтоқ­сан тақырыбына арналған Аманғазы өлең­дерінің бір парасы тікелей арнаулардан тұрып, оны тек өзінше жырлап, өзін­ше бейнелеп, өзінше қорытып, өзінше алып шыға алғандығында дер едік.
Мысалы, ақынның «Қайрат кім?» де­ген толғауы бар. Бұл толғау Желтоқсан қаһарманы, түрмеде адам кейіпті реце­ди­вистің қолынан қапыда қаза болған Қай­рат Рысқұлбековке арналған. Өзгеше формада, өзінше айта алған. «Қайрат де­ген кім сонша дүрліктіретіндей?! Ерлік жа­саған Төлеген емес, Мәншүк емес..» деп бір даукес жігіт жоқ жерден дауласа кет­пей ме?.. Мәңгүрттің аты – мәңгүрт. Оған қандай айла жасамақ керек? Аман­ғазы өзінше айла жасайды. Даукес жігіт­тің жауабын өмірден қыршын кеткен та­лантты ақын Бауыржан Үсеновтың ау­зына салады. Онысы сәтті шыққан деу­ге болады.
…Сенің елді бәрібір сүймегенің,
Шындық атты шыңға бас имегенің,
Күндеп болып тіріні, күйгелегім,
Аруақтардың жармасып алқымынан,
Құдіретті құрдымға сүйреледің.
Құзар шыңнан мұз емес, мұң құлады,
Саған таңсық – кім түзу, кім кінәлі?
Мақтанар ем –
Қазақтың сұңғылалы,
Болса егер Қайраттай мың қыраны!
Бұл өлең – қандай өлең? Даусыз, жақ­сы өлең. Мұнда өлеңге керек барлық қа­­­сиет құйылып бойынан табылып тұр. Ең бастысы Қайрат Рысқұлбековтың кім бол­ғаны, қандай ерлік жасағаны әдемі сом­далған. Сол секілді желтоқсан көте­рі­лісінің тағы бір қаһарман қызы Ләззат Асановаға арналған «Ләззаттың басына бар­ғанда», Ербол Сыпатаевқа арналған «Жар­кенттегі ескерткіш», Түгелбай Та­шеновқа арналған «Ердің ері», Мұхтар Ша­хановқа арналған «Түнекті серпіп ке­ле­ді сырғанап аспан», тағы басқа шы­рай­лы жырларында Желтоқсан көтері­лі­сінің қасіретті де қасиетті бейнесі тамаша ашыл­ған. Осы өлеңдердің қай-қай­сы­сында да табанға түсіп тапталып жатқан ұлттың тағдыры, жүрек түпкірінде шиыр­шық атып жатқан аңсар-арманы ерекше құлшыныспен жырланады. Осы жырлары арқылы қазақтың зары мен запыранын, мұңы мен наласын қайғысы мен қа­сіретін жеткізгісі келеді. Неліктен бұлай? Біздіңше қазақтың бүгінгі ұлттық санасына бұғау салынып, ертеңгі ұлттық санасына қылыш сілтеніп жатқанын күн­де көріп, сәт сайын куә болып жат­қан­­дықтан. Мұндайда көкірегі қақ айы­рылмағанда қайтеді?! Жан-жүрегі тұн­шығып жыламағанда қайтеді?! Қалай дегенде, ақын Аманғазының өлеңдерін оқып отырғанда, бір кезде мызғымастай болып көрінген КСРО деген алып машинаны ту-талақай етіп, коммунизм деген тәт­ті қиялдың астаң-кестеңін шығарған 86-ның желтоқсанындағы сол бір үш күн­нің бүкіл қайғы-қасіреті мен азабын, ра­хаты мен қасиетін жүрегіңнен қайта бір өткізгендей боласың.
Ендеше желтоқсан жырды – жеке тағ­дырынан бөлек қарамайтын күрескер ақын­нан алдағы уақытта да халықтың мұң-мұқтажын жүрегіне құйып алып, оны өзінше тербетіп, өзінше әлдилеп, өмір-өлеңімізде көп олжалар салатынына бек сенеміз.

Болат Шарақымбай,
ақын.

Пікір қосу