Ерекше адам
09.02.2018
2026
0

Көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әбділхамит Нарымбетов шығармашылығы қай кезде де өзектілігімен кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық. Көзі тірісінде белгілі әдебиеттанушы-ғалым Бақытжан МАЙТАНОВ бұл турасында кең тоқталған болатын. Газетіміздің бүгінгі санында көрнекті ғалымның ұстазы Әбділхамит Нарымбетовтың тұлғалық келбеті мен ұстаздық ұлы қасиетін, адамгершілік болмысын арқау еткен мақаласын беруді жөн көрдік.


Әбділхамит Нарымбетов есімі оны білетін адамдардың жадында ескірместей өзгеше бітімімен сақ­талатынына сенімдімін. Ол кісіні 1974 жылы ҚР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына орналас­қан кезден бері де талай уақыт бойы тыңдап, көріп, біліп өстім. Қа­зақ совет әдебиеті бөлімін көр­некті сыншы, ғалым, академик Мұхаметжан Қаратаев басқаратын. Ығай мен сығай доктор мен канди­даттар. Доктор аз. Доктор бол­мақ­шы кандидаттар ғылымның мұз­дақ жолын кешуде екенін аздап се­земіз. Ғылымның жағдайы да, оған қойылатын талап та күшті еді. Әбекең де сол сынақта дайындалып жүретін. Әрдайым порт­фелімен жүреді. Диссертация қол­жазбасы да, тәрізі, сонда бұл­қынып жатады. Жұртшылық әрең қорғайтын. Кедергі табыла бере­тіндей. Әбекең сол шақта, ұмыт­па­сам, шамамен 47 жастардағы қай­раты қайтпаған ғалым еді. Қы­зығып қараймыз. Б»із де бір күні ғылым докторы болар ма екенбіз?» деп қиялдаймыз.
Әбекеңе мен бірде (Тұрсынхан Әбдірахманов екеуіне) тікбақай жауап беріп, біраз сөз естідім. Қат­ты ашуланады екен. Сонда бір мән беріп айтқаны – 27 жыл бойы осы институтта жұмыс іс­теп келе жатқаны. Ол кісі, шы­нын­­да да, аспирантураны бітір­геннен кейін тек бір ғана жерде қы­з­мет етіпті. Уақыт өте келе осы адам­дармен достық жағдай қа­лып­тасты.
Ғылым кандидаты дәрежесін алу үшін «тар жол, тайғақ кешуден» өтерде жанашыр азайып қа­латын сәттер кездеседі. Қауіп-қа­терде жүргендей болады екен­сіз. Сынаушылар көбейеді. Сондай сынға толы күндерде Әбекең мен марқұм Рәзия Рүстембекова (Мұқан Иманжановтың жары) әр­дайым мені қолдаумен бол­ға­нын ұмыта алар емеспін.
Әбекең мәжілістерде, Ғы­лы­ми кеңесте сөйлегенде күлдірмей қой­майтын. Әзілі жұртшылық­тың жағымды ықыласын тудырады. Салдырлаған, ақкөңіл ада­м сияқтанатын.
Әбекеңмен Жазушылар ода­ғының Насихат бюросы арқылы са­парға да шықтым. Жамбыл об­лы­сында әйгілі батыр Бауыржан Момышұлының ауылында бол­дық. Үшінші жол серігіміз Жұ­ма­тай Жақыпбайұлы еді. Жұмекең – үлкен ақын. Кездесулерге көп ба­ра бермейтін. Негізгі әңгімені жүргізетін – Әбекең. Менің де сөй­леуім шамалы.
Осы жолы аудан ор­талы­ғын­да­ғы мейманханаға газет редакторы орналастырды. Сәл тілдес­кен соң қайдан екенімізді, жүз, руы­мызды сұрады. Айтып бердік. Қай­тып келемін, асқа апарамын де­ген. Содан жоғалды. Әрі күте­міз, бері күтеміз. Әбден шаршаған соң, мен Әбекеңе, әдейі қайтер екен деп, «әлгінде ру, жүзімізді бе­кер айтпадық па?», – деймін. Әбекең ішегі қатып күледі. Мен де күлемін. Біраздан соң қарсы ал­ған жігіт келіп, қонақ түсіретін үй­ге апарып, барлық құрмет-ме­зіреті жасалды. Жалпы сапардан риза болып қайттық. Бірде Жұ­ма­тай Калининнің ескерткішін нұсқап: «Бізге осындай қойыла ма екен?», – деді. Әзіл-шыны ара­лас «Сізге қойылады ғой», – де­гем. Алматыға оралған соң, бі­рер ай­дан соң Жұмекеңнің дүние­ден өтетіні қаперімізге кірмепті. Ес­керт­кіш өмірге өлшем емес қой.
Әбекең Әди Шәріпов, Мүсілім Ба­зарбаев, Зейнолла Қабдолов сияқты белгілі тұлғалармен үл­кен достық қатынаста болды. Бә­рі де Әбекеңді жақсы көріп, сый­лайтын. Өйткені Әбекең де мұн­дай парызды қылаусыз ат­қар­ғаны хақ. Әбекең, тәрізі, өзі ұна­­та бермейтін болса керек, кей­­бір әріптестерін шаншып та қоя­­тын. Ал көңілі түскен жанға мәрт болатын.
Өз басым Әбекеңді бойынан кі­нә таппай ұнаттым. Сөздерін, мі­незін қызық көрдім. Ақкөңіл, адал адамға қосамын. Ғылымға қат­ты берілген. Нәтижелері де өз за­манына лайық. Үйіндегі апай ақыл­ды адам дейтін достарының пі­кірін талай естідім. Әбекеңнің бір­де телофон арқылы сөйлес­ке­ні­мізде: «Мен сені қолдағам, әлі де қолдаймын», – деген қарлы­ғың­қы даусы құлағымда. Естелік соңында қадірлі әріптес, дос аға­мыз туралы кезінде баспасөз бе­тін­де жарияланған «Сөз желі-
сі – жанр» атты шағын мақаламды ұсынамын.
Белгілі бір жанрдың туу тарихы, даму үдерісіне арналған ғы­лы­ми монографиялар әдебиет­тану саласында аз емес. Нақты да өзекті проблемаларды шешуде мұн­дай ұстаным өзін-өзі ақтаға­ны мәлім. Бұл бағыттағы зерттеу­лер­дің мүмкіншілігі кітапта қойыл­ған мәселенің жинақты­лы­ғы мен ой-пікірдің жүйелілігі­нен көрінуге тиіс. Филология ғы­лымының докторы, про­фес­сор Әбділхамит Нарым­бетов­тың «Қазақ совет поэмасы» атты монографиясы айтылмыш жанр туралы жазылған тұңғыш көлемді еңбек болды. Автор теориялық мақсат көздегенмен, кітаптың кі­ріспесінде поэманың өзге поэзия жанрларынан айырма­шы­лы­ғын, өмір шындығын ашудағы кең тыныстылығы мен асқақ па­фо­сын, архитектоникасы мен фи­­лософиялық тереңдігін атап өт­кен. Ғалым поэма әдеби тектің тү­рі немесе саласы деген тәрізді екіұ­дай пікірлерді қорытындылай отырып, «поэма жанр» деген тұ­жы­рым­ға келеді. Сондай-ақ, жанр­­лық анықтама ретінде В.Г.Белинс­кий айтқан толғамды негізге алу – дәлелді, дұрыс қадам.
Ә.Нарымбетов өткен ғасыр­да­ғы әдеби тәжірибелерге тоқтала ке­ліп, поэманы негізінен ХХ ға­сыр­дың бел баласы деп есептейді («Алғашқы ізденістер, тұңғыш нұс­­қалар»). Қазақ топырағында бұл жанрдың көне түрлерін эпос­тық жырлардан, толғаулардан із­­дес­тіреді. С.Мұқановтың «Ба­ты­­рақ», «Октябрь өткелдері», «Қан­­ды кек», Б.Майлиннің «Бө­ліс», І.Жансүгіровтың «Конфис­ке», Ә.Тәжібаевтың «Құлғарасы» сияқты, т.б. поэмаларын топтай шо­­ла отырып, автор бұл туын­ды­лар­дың 1920 жылдардағы қазақ шын­дығын бейнелеуде ірі көр­кем­­дік жетістіктерге ие болған­мен, идеялық құндылығы, тақы­рып тұрғысынан өзектілігі, зор сая­си-әлеуметтік мәселелерді кө­теру тәрізді қасиеттеріне қа­рап, алдағы өрлеу дәуіріне апаратын ізденіс соқпақтары екенін ба­­са айтады.
Зерттеуші («Поэмадағы заман суреттері және жаңашылдық») 1920-жылдардағы қазақ поэмасын дәстүрлі сюжетті поэмалар мен лирика-публицистикалық поэ­­­малар деп жіктейді. Жаңа дәуір­­ге сай мазмұн мен түр соны­лы­ғын табудағы жемісті қадамдар ре­тінде С.Сейфулиннің «Советстан», І.Жансүгіровтың «Дала», Б.Май­линнің «Мырқымбай», С.Мұ­­қановтың «Жүйткі, қара ай­­ғырым!» атты туындыларын қа­­растырады. С.Сейфулин, С.Мұқанов шығармаларындағы құ­рылымдық өзгерістер, ұйқас, ыр­ғақ өлшемдеріндегі тың сипат, Б.Майлин поэмасындағы дәс­түр­лі форма мен тың мазмұнның бір­лігі, І.Жансүгіров өнеріндегі шың­дардың бірі – «Даладағы» ма­ғыналы символика, әлеу­мет­тік-философиялық меже, тіл өр­­нектері ғалымның ойлану ны­са­насына айналған.
Автор «Колхозды ауыл осындай» (С.Мұқанов) поэмасын бір кез­дегі ұғым бойынша жаңа адам бей­несін санадағы, тұрмыс-салт­тағы жақсы нышандарды көрсету арқылы жасау ниеті тұрғысынан ба­ғалап, С.Сейфуллиннің «Қы­зыл атында» ақынның қоғам өмі­ріндегі үлкен ағымдарға батыл араласып, сыншылдық пози­циядан табылған әлеуметтік бел­сенділігін құптаса, Тайыр Жа­роковтың «Тасқынына» маз­мұн, сюжет, композициялық, тіл­дік ерекшеліктер, пейзаж, порт­рет беру, адам психологиясын бейнелеу шеберліктері ың­ғайында кеңінен тоқталады.
Ә.Нарымбетов қазақ поэ­зия­сын­да ұлттық өмір аясынан асып, бүкіл кеңестік шындыққа тән ортақ оқиғаларды, ерліктің туу тарихын қоғамның жаңа бол­мысымен сабақтастыра суреттеу талаптарын аңғартады («Өмір та­лабы және тақырыптық шең­бер­дің кеңеюі»).
«…Ақындар… әділетсіз заман­ның сорақылығына қарсы қаһар­ман­дықпен алысқан халық пер­зент­терінің жарқын бейнесін ар­д­ақ­тай түседі. Олардың өмір жо­лын нұрлы келешекке ұмтыл­ған халықтың аяулы арманының сәулесі деп біледі. Сондықтан да бас кейіпкерлердің тұлғасын, ой, се­зім дүниесін, мүдде-мақсатын ақын­дар шығармаларында ха­лық­тық мұрат-идеялармен ұш­тас­тыра жырлап отыр», – деген пі­кір ғалымның тарихи тақырып са­ласындағы қазақ поэзиясы ұстан­ған негізгі ұстанымдар мен көр­кемдік тәсілдерді дұрыс топ­шылағанын дәлелдейді. Қазір ес­кі «жаңа заманда» көне тақы­рып­тарға үңілу себептері кере­ғар­лық тәсілмен тамырлас екенін бі­леміз. Ә.Нарымбетов ақындар жү­регіне қозғау салған ізгі мақ­сат, өміршең идеяларды нақтылай мең­зеп, тарихи шындықты эсте­ти­калық жолмен меңгерудегі қа­зақ ақындары ұстанған принцип – ол дәуірде социалистік реа­лизм екенін, ол әдістің қазақ поэ­маларында көрініс тапқан ерекше белгілерін ажырата айтады, поэмалардағы пролог, эпилог атқарар жүк, тартыс құру, оқиға мен сезім бірлігін бейнелеу, об­раз­­ды теңеу сипаттарына мән бе­реді. Ғалым тарихи тақырып­тың көркемдік шешімі мен халық аңызын жаңғырта жырлау, ше­бер­лік мәселелерін саралай келе, жік­теудің тақырыптық жолы емес, проблемалық сипатын ұс­та­нады. Өйткені сөз болатын І.Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Құ­лагер», Ә.Тәжібаевтың «Абыл» поэмаларында тарихи нақты адамдар мен белгілі бір мәнді оқиғалар суреттелді. Алайда, зерттеуші бұл шығармаларды өнер табиғаты, өнер арқылы адам­ның азапты өмірі мен мәң­гілік даңқын бейнелеу мәселесі төңірегінде талдайды. Осы туын­дылардағы деректілік қасиет пен лирикалық шегіністер, ақын қия­лы, әуен құдіретін елестету­де­гі ойнақы да ойлы сөз кестелері, ком­позициялық, сюжеттік ерек­шеліктер, тарихи тұлғалар харак­терін, жан дүниесін бедерлеу тә­сілдері туралы ғылыми топшы­лаулар мол.
Еңбек ХХ ғасырдың қырқын­шы жылдарына дейінгі қазақ поэмасының тарихын қамтиды. Бұл жанрдың кейінгі дәуірлердегі идия­лық-көркемдік болмыс-бі­тімі жайлы автор толғамдары «Қазіргі қазақ поэмасы» деген мо­ног­рафиясында толымдылық­қа жеткені белгілі.
Әбекең – библиография сала­сы­ның да іргелі маманы. Достары, өзін шын көңілмен сыйлап, қа­дірлейтін, інілері көп, білікті ға­лым, жаны жарқын азамат еді.

Бақытжан МАЙТАНОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір