Тарихшының ерлігі
09.02.2018
1095
0
Азия, Африка ынтымақтасу комитетінің беделі кезінде өте жоғары болғаны белгілі. Ол СОКП Орталық комитетінен өзге ешкімге бағынбайтын. Төрағалары – Примаков, Засохов секілді өңкей ығай мен сығайлар еді. Бұрын Сирияда 15 жылдай елші, Осетия облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қайта құру заманында СОКП Орталық Комитетінің хатшысы, Саяси бюро мүшесі болған Александр Сергеевич Засохов 1991 жылы Алматыға келді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде болды. Президиумнан орын алған ол залдың төртінші қатарында отырған Кеңес Қожахметұлын көріп, оң қолын көтеріп, басын шұлғи амандасты. Кеңес оған жұдырығын көрсетеді.
– Ойбай, Кеңес, бұл не сұм­дық?! Сен Саяси бюро мүшесіне жұдырығыңды көрсеткенің қалай?! – дейді қасындағылар таңырқап.
– Ол екеуміз дос-жар адамбыз, көңіліміз тату, – дейді Кеңес күліп. Осы шағын эпизодтан-ақ Кеңес Қожахметұлының тапқыр да батыл, саналы азамат екені байқалып тұрған жоқ па? Мұн­дайда қуыс кеуде жағымпаз жан басын бір емес бірнеше шұлғып, әлекке түсіп азаптанар еді. Онымен де тынбай қасындағыларға қыр көрсетіп, «көрдіңдер ме, ме­ні Саяси бюро мүшесі таниды, сыйлайды» деп қоқилануы да мүмкін. Кеңесте ондай бейшара қылықтың бірі де жоқ. Керісінше Саяси бюро мүшесімен терезесі тең адамдай, кәдімгі достарша сөйлеседі. Оған жұдырығын көрсетуі – жан дүниесінің таза­лы­ғын, азаматтық мәртебесінің биіктігін ғана емес, сонымен бір­ге халқымыздың жан дүниесі­нің рухани байлығын да, даналық мәртебесінің биіктігін де таныт­қандай.
Жиналыс аяқталып, залдан шығып, фоэде Нұрсұлтан
Әбіш­ұлы, Александр Сергеевич, ректор, университет партия комите­ті­нің хатшысы төртеуі тұрғанын көріп, Кеңес Нұрсұлтан Әбішұлы­ның, Александр Сергеевичтің қолын алды.
– Жағдайың қалай? – деп сұрайды Александр Сергеевич.
– Жағдайым бірқалыпты. Мендей қарапайым қазақтың үйінде қонақ болыңыз.
– Сен кешір, үйіңе бара алмаймын. Таңертең маған Горбачевтан телефонограмма келді. Мені шұғыл шақырып жатыр. Ертең ертемен Москваға ұшып кетем. Қандай шешілмей жатқан мәселең бар?
– Шешілмей жатқан мәселе жоқ, бәрі қалпында.
Кеңестің осылай дегенін есті­ген қасындағылар: «Өй, ақымақ, өз университетіңе, не басқа бір жоғары оқу орнына проректор етіп жіберткіз демедің бе?» – дейді өздерінше ренжіп. «Ондай ой менде өмірі болған емес, ондайды ежелден жек көремін», – дейді Кеңес оларға.
Мұндай тазалық әр азамат­тың, әсіресе тарихшының ажырамас серігі болуы керек. Бізде, өкінішке қарай, мансап иесіне жағыну үшін өтірік айтатын тарихшылар кездеседі. Олар өзінің ғана емес, халқымыздың да атына кір келтіретін кещелер.
Мансап демекші, кезінде Кеңес Қожахметұлын Алматы облыстық партия комитеті идеология жөніндегі хатшысы қыз­ме­тіне сан рет шақырып, әлгі ұсы­нысты қабылдата алмаған сәттер де болған. «Мен ұстазбын, сол жолмен ғана жүрем», – деп Кеңес илікпей, мансаптың жалына жармаса қоймады. Бұдан да оның мінез ерекшелігі танылса керек.
Енді мына бір эпизодқа көңіл аударалық.
«Бір жолы Асекең, Асанбай Асқарұлы біздің әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университеті­мізде өткен партия конференциясына қатысып, баршамызды ойлан­тып-толғантарлық жақсы баяндама жасады, – дейді Кеңес Қо­жах­метұлы.
«Өзіміздегі, Мос­к­ва­дағы, пар­тияның Ор­та­лық Комитетін­дегі жағдай­лар­ды айтып бір сағаттай сөйледі. Мұның алдында ғана Кереку қа­ласының ма­ңында Ермак деген қала пайда болған еді. Бұл қалай деп ойланып, қиналып жүргем. Сол жағ­дай есіме түсті. Асекең Қазақстан деңгейіндегі үлкен басшы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі. «Неге жаңа қалаға Ермактың атын бересіздер? Ол қазақты қырған, жерімізді жаулап алуға, тал­қандауға қатысқан, отарлау саясатын жүргізген қара ниет, қанды­қол адам. Бұны біз қалай түсінеміз?», – деп бір парақ қа­ғазға жазып хат тасып жүрген жігіттен беріп жіберген едім, сол қағаз Асекеңнің қолына тура мінбеде тұрған кезінде тиді.
Алғаш қалай жауап берер екен деген ойда едім, оқып шы­ғып қабағын шытып, қиналып қалғанын көріп, ішімнен: «Ой, мұндай сұрақты көпшілік, әсі­ре­се жастар алдында бекер қойған екем» – деп өкініп қалдым.
Асекеңе менен де басқа адамдардан сұрақ көп түсті. Бәріне жауап бере келіп, бір кезде менің жазғанымды жұртқа дауыстап оқып:
– Бұл мәселені тарихшылар­дың үлесіне қалдырайық. Тарихшыларымыз бізге түйінді ше­шімін шығарып берер, – деді.
Асекең деңгейі өте биік адам ғой. Бір жағы философ. Жауабына өте риза болдым. Жалтарып, әрі жұбатып жауап берді. Сұрақты жұртқа естіртіп оқығанының өзінде де мән бар еді».
Бұл айтқандарынан Кеңес Қожахметұлының әр кез сергек, сезімтал, ойшыл екенін, қоғамы­мыз­дағы болып жатқан үлкен-кіші құбылыстардың бәріне сын көзбен, ең сүйсінерлігі тарихшы көзі­мен қарайтынын аңғару қиын емес.
Бұл пікірімізді тиянақтай түсу үшін Кеңестің өз сөзіне тағы құлақ түрелік. «Аспирант кезiмде орталық мұражай құжаттарымен танысқанымда, Мәскеуде қандай елге қандай саясат жүргiзу жолдарын үйрететiн жабық жиналыс­тар, кеңестер өтiп тұратынын бiлдiм. Сол тұста «неоколониализм» деген саясат шықты. Оған кей­бiр орыс ғалымдары қарсы болды.
Ол саясат алғаш батыста өркен жайғанмен бiзге де келдi. Iс жүзiнде бүкiл билiк Мәскеуде едi. Мұның себеп-сырын ол кезде түсiне алмаппын. Бұл саясатты Сталин тобы ұстанатын шығар деп ойлайтынмын. Оның сыры әрiде, Ленинде жатқанын бiл­меп­пiн. Бiрақ большевиктердiң сөзi мен iсiнiң айырмасы неге ас­пан мен жердей деп қынжыла­тын­мын.
Ленин еңбектерiнде езiлген халықтарға тәуелсiздiк беру керек деген пiкiр кездеседi. Ендi ұқ­сам, бұл бiздi жай алдап-сулап, билiкке жетiп алу екен. Бұл саясатты кейiнгi жылдары ғана түсiн­дiм». Тарихшының бұл ой-тұжырымының дұрыстығын өм­ір шындығы толығымен дә­лелдеп берді.
1987 жылы Алматыда Азия, Африка елдерiмен ынтымақтасу комитетiнiң мәжiлiсi өттi. Негiзгi баяндама тыңдалған соң, мәжiлiс төрағасы: «Кәне, кiм сөйлейдi?», – дедi. Бiр таңқаларлығы ешкім үндемеді, бәрi басын төмен салып, бұғып отыр. Алдында ғана Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетiнiң наурыз пленумында Желтоқсан оқиғасына байланысты хатшылар Колбин, Меңдiбаев, Камалиденов қазақ халқын «қара ниет», «ұлтшыл» деп қаралаған болатын. Мүмкiн содан қорқып отырған шығар? «Ағалар, атақты кiсiлер бар ғой. Үш-төрт адамнан кейiн сөйлер­мiн», – деген Кеңес амалсыз қол көтерді. Мінбеге шығып:
– Ау, бауырларым, бұл қалай? Неге бiз бәрiмiз басымызды тө­мен салып, бұғып отырмыз? – деп бастады сөзiн. – Қане, өзi­мiздi де, басымызды да жоғары көтерейiк. Бiзге бұғып отыру жараспайды. Бiз үлкен халықтың, үлкен республиканың өкiлiмiз. Бiздi кейбiреулер кемсiткiсi де, керек болса халқымызға жала жапқысы да бар. Ол ешкiмнiң қолынан келмейдi.
Алда Қазан төңкерiсiнiң жет­пiс жылдығы келе жатыр. Жетпiс жылдың iшiнде бiздiң басымыздан нендей оқиға өтпедi? Ұлы жеңiске де жеттiк. Оған, сөз жоқ, қазақ халқының да қосқан үлесi мол. Өз табысымыз да аз емес. Оны жоққа шығарып, қайталап айтайын, халқымызды кемсiту ешкiмнiң қолынан келмейдi. Мен мұны тарихшы ретiнде айтып тұрмын.
Мен бiлем, бiзде кемшiлiктер де аз емес, қателiктер де болды. Ал айтулы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да бiзде өттi. Бiздi құр­меттеп, қолдау орнына Комму­нис­тiк партиямыздың Орталық Комитетi қара күйе жақты. Тағы да қайталап айтамын, бiздiң ұлттық сенiмiмiзге сызат түсiрiп, бiздi кемсiту ешкiмнiң қолынан келмейдi. Сондықтан, жiгiттер, келiңдер өзiмiздi де, басымызды да жоғары көтерiп, ұлт болып адам­дардың көзiне тура қарайық.
Сөз жоқ, бiзде әлi де шындық, әдiлеттiк жетiспейдi. Мiне, арамызда басшы кiсiлер, әсiресе орыс тiлiнде жарық көретiн газет­тердiң редакторлары отыр. Менiң түсiнбейтiнiм, бұл кiсiлер халқымыздың көкейтестi мәселе­лерiн неге ашып жазбайды?
Залдан бiреу:
– Это не правильно! — деп ай­қайлады. Мұны күтпеген Кеңес:
– Кешiрерсiз, сiз кiм боласыз? — дедi қатуланып.
– «Казахстанская правда» газетi редакторының орынбасарымын, – деді әлгі аты-жөнiн айтпай.
– Мiне, мiне, негiзiнен сiздiң газетiңiз Мәскеу газетiнен еш айырмасы жоқ. Мәскеуде басыл­ған мақалаларды көшiрiп жариялаумен жүрсiздер. Ал Қазақс­тан­ның тарихы, мәдениетi туралы жақ ашпайсыздар. Шынына келсек, халық рухын көтеруге тиiстi мәселелер бiзде аз ба?
Ол ләм-мим дей алмады.
– Сiзден бағыттарыңызды өзгертiп, бiздiң өмiрiмiздi барынша шынайы, қамқор көңiлмен жазуды өтiнем, – дей келiп, мә­жi­лiске қатысқан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi қызметкерлерiне қарап:
– Бiздiң жазған мақалала­ры­мыз, кiтаптарымыз еш жерде жа­рық көрмейдi. Мұндай жағ­дай­да қалай дамимыз? – деп сөзiн аяқтады. Мәжіліс соңында министрлер Иван Михаилович Есенәлиев пен Мырзағалиев, Алматы облыстық атқару коми­тетi төрағасының орынбасары Өзбекәлі Жәнiбеков: «Кеңес, жарадың», – деп қолын алды.
Тағы бір үлкен мәжілісте ол саяси қателіктері үшін Горбачевты сотқа беру керек деп сөйледі. Тарихшының бұдан да өзге мәселелер бойынша айтқан батыл ой-пікірі көп. Соның бәрін «Тарихшы ерлігі» деп бағалаға­нымыз жөн. Ең бір сүйсінерлігі, ол өз ой-пікірін ешкімнен жас­қан­бай, дер кезінде айта білді. Жалпы, Кеңес Қожахметұлының өмір жолы жас тарихшыла­ры­мызға үлгі-өнеге.

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір