Өйткені…
09.02.2018
1649
0

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ


Қаламдас інім Бақыт БЕДЕЛХАНҒА.

Өйткені:
Жеріміздің асты-үсті саудаға салынып, байлығымыздың базарында қалтасы қалың келімсек көбейіп, олардан тек өздеріне керек «қамқорлықты» көріп, шетқақпай қалдық. Мұндай апақ-сапақта кімге сенерсің?!

***
Өйткені:
Ана тіліміз атқа әлі міне алмай келеді. Тәуелсіздігіміздің «беташарында» «ұлтаралық қарым-қатынас тілі» деп тақиямызды шекесіне жапсырып, одан соң «ресми тіл» деп ат-шапанымызды берген орыс тілінің ықпалындамыз. Енді 1-сыныптан бастап ағылшын тілін еріксіз еметін, Ана тілінің уызына жарытылмайтын ұрпағымыз көбейген ертеңгі күні орысшамыз да, арабшамыз да, латыншамыз да жұртта қалып, ағылшынның арбасына мініп кете барармыз.

***
Өйткені:
Мәшһүр Жүсіп, Абай аталарымыз көріп-біліп, намыстанып, қиналып, налып жазып кеткендей, қазақтың қанында басқаның пайдалы кәсібін келекелейтін түйіршік көбірек. Онысын сана саңылауының тарлығы десек жөн болар.

***
Өйткені:
Жалтақпыз, өзіміздің таңсығымызды шет жұрттың қаңсығына айырбастайтын дертке шалдықтық.

***
Өйткені:
Тірлігінің ішкі-сыртқы есебін өзі шатыстырып, онысын көз алдында жоқ құдайға теліп, діннен әрі қалқан, әрі ботқа жасау діндар болып көрінуді көксейтіндердің «Ән-ұранына» айналды.

***
Өйткені:
Өтірік аяқ астымызда, ақиқат аспанда. Биіктегіге ұмтылып әуре болғанша, еңкейе салу оңай.

***
Өйткені:
Ырылдаспай жүруге ынта жоқ.
***
Өйткені:
Қызғаныш қызыл итке жем болып бітетін, ашу – алды, ақыл – соңы болатын заманды аңсап жүрген адамзат кәне?.

***
Өйткені:
Адам не періште емес, не сайтан емес.
***
Өйткені:
Қазекеме күдіктене білу де – бір жетістік болғалы қашан?!

***
Өйткені:
Ақын батырды, батыр ақынды көзге ілмеген екіұдайлықта көш ауа береді.

***
Өйткені:
«Мен!» деген сырқатқа ем қонуы екіталай.
***
Өйткені:
Ақиқатты іздеудің ажал іздеумен бірдей екеніне көзіміз жетті ғой!

***
Өйткені:
Олай болмаса, өмір өр-ылдисыз жылмағай кеңістік болып кетеді.

***
Өйткені:
Сол елде туып-өскен, сондағы ерлердің бірі болған қартты қор санайтындар – өздерінің қарт боларын ойламайтындар.

***
Өйткені:
Жұбатудың да жұмсағы мен жылысы, қатқылы мен салқыны бар.

***
Өйткені:
Журналшы жолына шығып, гәзетте алғашқы мақалам жарияланғанда оны оқыған әкем: «Балам, дұрыс екен… аштан өлер заман бола қоймас, бола қалса, – адал өле біл», – деді. Маған салқын естілген сол сөзін есіме алған сайын бойым жылына түседі. Кімге, неге әрқашан адал болу – Адам болу!

***
Өйткені:
«Қолда барда алтынның қадыры жоқ», – даурықпа заманда дарақылық, далбасалық алға шықты.

***
Өйткені:
Кісі өлтіргендер «белгісіз біреулер» делінетін болды.

***
Өйткені:
Себеп іздегенге де, іздемегенге де табыла береді, оны тек «сорттай» біл.

***
Өйткені:
Қазекем: «Ақшаң болса қалтаңда, талдаңдасаң талтаңда», – деп қағытты ғой, соны адамша емес, өзінше түсінетіндерге дауа жоқ.

***
Өйткені:
Адам – көл, пенде – шалшық.
***
Өйткені:
Көңілі күңгірттің көзі – алдамшы.

***
Өйткені:
Ешкімді менсінбейтіндер – арзан қалжа мен мол олжаға дәніккендер.

***
Өйткені:
Өмірге бір-ақ рет келетінін ұмытқандарда парық
болмайды.

***
Өйткені:
Әркім тағдыр таразысына басында барын салып жүр.

***
Өйткені:
Өзіне-өзі ие еместердің «тәубәсі» – құдай аштан өлтірмейді».

***
Өйткені:
«Құдірет» айтуға оңай –
7 әріп, түсінуге қиын – 777777… әріп, түйсігің жетпей боласың ғаріп. Ал ғаріп өзі мен өзгенің ештеңесін байыптай алмайды.

***
Өйткені:
Мейірімдінің әрбір сөзі – жылу, мейірімсіздің әрбір
сөзі – үру.

***
Өйткені:
Бұл сауалда сәл селкеу бар. Иә, Қорқыт өлімнен қорқыпты, бірақ мәңгі жасай алмапты, жылан шағып өлтіріпті.
Ал Йассауи көрге қашқан жоқ, жасы ұстазы Мұхаммед пайғамбардың жасына – 63-ке жеткен соң күнә көп жер бетінде жүруді жөн көрмей, Алланың аянымен қылуетке – жерасты оңаша мекенге барып, сопылық ғибратты өмірін жалғаған. Хикметінде өзі айтқан делінгендей, онда және 63 жас жасап, ғылыми еңбектерінің негізгісі
– «Диуани хикметті» жазыпты. Ендеше, ұлы бабамыздың ұлағатты ұйғарымына «көрге қашты» деп мін тағу – ағаттық.

***
Өйткені:
Саясаттың сайқалы мен салауаттысы болмайды. Оны болғызатын күш – билік басындағы жүйе, ал жүйені билікке адами жолмен жеткендер салауатты етіп қалыптастырады, алдау-арбаумен жеткендер сайқал етіп тынады.
***
Өйткені:
Мәселе періште бола алу мен бола алмауда. Алланың әміріндегі ажалмен арпалысу – Алланың құлына жарасқан емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір