Халқы жоқтап, құлазиды кітаптар

0
204 қаралды
Дидахмет Әшімханұлы, Роллан Сейсенбаев, Зейнолла Серікқали, Нұрқасым Қазыбек және Дулат Исабеков

Осынау бір аяулы жанды есіме алсам, көңілім алабөтен толқып, жүрегімді ғайыптан аялы алақанымен күліп сипағандай болады. Есімінен, әңгіме арасында аталғанда, кенет, жайма-шуақ жаз күндері жылылығындай жанға жайлы, шуақты леп ескендей көрініп, жүздескенде нұрлы жүзінен мейірім төгілетін, жан-жағына, төңірегіне шапағат, рақым, ізгілік шашқан аса бір гуманист, кісілігі жоғары, ғажайып тұлға еді.

Бұрын тар жерде кездесе қал­­ған­да, бойы сұңғақ, зәулім бәй­­те­рек­тей заңғар, ардақты Зе­кең биік­тен төмен қарап, үстің­нен төніп, қоңыр даусымен сабырлы да өк­тем сөйлеген­де, әр сөзінен ақыл па­расаты ін­жу-маржандай жарқ етіп, сал­мақты шыққан қоңыр үні­нен қамқор­лық, шын жанашырлық се­зілетін.
Өне-бойы адалдық, рухани кеңіс­­­тігі ағыл-тегіл жақсылық ыры­­сы­на, ізгілік кенішіне тол­ған, көкі­ре­гіне саналы да сәу­ле­лі ақыл-ой біткен, тұңғиық көз­­дерінен, іс-әрекетінен, қи­мыл-қозғалысы, жү­ріс-тұры­сы­нан бекзаттық, тек­тілік байқа­лып тұратын жаратылысы бө­лек, шын мәніндегі, алтын адам еді.
Алтын адам – «Алтын жамбы» иесі. Жас ұрпаққа жамбы тік­кен хас мерген.
Алаштың ардақты перзен­ті.
Әділ сөз – адал сөз.
Менің әдеби есімімді, жалпы аты-жөнімді әдебиет сыншы­сына жеткізген шын алтын кө­пірдің бірі, дүлдүл ақын Жарас Сәрсек болатын. Тұңғыш романымды, тараулары таңбаланған қалың қос қол­жазба дәптерімді өзі оқыған соң, Әмірхан Бал­қы­бек қарап шыққан соң, Қазыбек Құттымұратұлы па­рақ­тағаннан кейін, Әлекең, Әлия Бө­пежа­нова «қазақтың бас сыншы­сы» деп атаған Зейнолла Серік­қа­лиұлы­ның қолына тиген еді.
Роман туралы Зекең тамаша бір кө­лемді жылы мақала жазып шық­­ты. Сол мақаланы әлі күнге дейін жаңартып үнемі кітап­та­рыма қо­сып отырамын. Себебі, бұл мақа­ла­да құпия бір күш бар, оқыған сайын, неге екені белгі­сіз, кітаптың жо­лын ашып, көл­денең қиянаттар­дан, әділетсіз айтылған ой-пікір­лер­ден қорғап оты­ратын тәрізді әсер қал­ды­ра­ды…
Әділдігі алмастың жүзіндей еді. Жібек Әмірханқызы айт­қан­дай, асылдың айрықша ар­тық­шылығы сол, алмас жүзді сын қанша өткір кес­се де, тілген жерінен ешқашан қан шық­пай­ды.
Әдетте, Зекең қалам тартқан ма­­қала құрылымы өлшеніп тар­тылып, жақсы пейіл-ниеттен жақ­сы кө­з­қарас қалыптас­ты­ра­тын сынға, тал­қыға өрілетін. Жа­манға жол сіл­теп, жақсыға әді­лет сын жазатын, жақсыдан бас­қа баға жоқ. Қа­ламгер шы­ғар­машылығына жа­на­шырлық­пен қарап, қолдау таныта, құр­мет білдіре пікірлесетін.
Жасында жігіттің нақ төре­сі, жа­сы ұлғайып, қарттық кел­ген­де, Ас­қардай парасат пади­ша­сы болды. Еңбектері қазақ руханиятының асыл қазына­сына айналды.
Сынға да сынақ бар, бірақ, өмір сы­нында, әділет қашан да жеңім­­паз, уақыт қашан да әділ.
Әділдікті тұқыртып, шын­дық­­ты бұқпантайлатқан қия­нат­тың алдағы уақытта, бәрібір, қан­ша бет бақтырмаса да, беті ашы­лады.
Зейнолла Серікқалиұлы шын­­ның өзі болатын. Бірақ шын­ды­ғын­да ізгілік басым еді. Әділдігінен кі­сілігі зор-тұғын.
Шығарма талдағанда, ав­тор­ды шы­найы қорғайтын. Туын­ды­ға жақ­таса кететін, алай­да, өздері же­ке қалғанда, са­лиқалы, байсалды әңгіме қоз­ғайтын.
Сұңғыла еді.
Тост көтергенде, тілекті өзі ай­­тып отыратын: әуелі жеке, дер­бес өз атынан, сосын – сіздің атыңыз­дан, соңыра – еріп келген серігіңіз­дің құрметіне іші­ле­тін.
Абайдың, Жамбылдың ба­сы­на жаяу сапар шегіп, жолға шыққанда, тәу етіп барып қайт­қан­да, жақсы бір рухани дәстүр­дің негізін қа­ла­ды: Мамадияр Жақып, Жұмабай Шаш­тайұлы тәрізді қаламгерлер осы бір ға­жап саяхаттың топтық құ­­ра­мын­да, белсенді қатысушысы бол­­ды. Жалғасын табуы тиіс, елге де, жұртқа да, ұлтқа да пай­да­лы іс-шара деп топшылаймын.
Бірде, Панфилов пен Бөген­бай ба­тыр қиылысында кездесіп қал­­дық. Сол жерден таныс ка­фе­­ге кі­ріп, дәмханаға жал­ға­сып жат­қан жазғы алаңға, үстел­дер­дің біріне ба­рып жайғастық. Кәуап алып, су­сын іштік. Жаз­дың нақ ортасы бол­са да, неге еке­ні белгісіз, жадырап ­күліп, шал­қып отыра алмадық. Дас­тар­­қан басын жаулаған мұң, жү­регімізде ертеден мұз боп қат­қан бір салқындық немесе жаңа­дан түс­кен бір жара бар се­кілді әсер ет­ті, әңгімеміз жараса қоймады. Зе­кең маған кенет өзі немқұрайлы, жү­зі қападар се­кілді көрінді. «Рен­жітіп алдым ба?..», – деген ой да болды. Кім біледі, жастық шақ, албырт кез­­дің жаңылыс басқан теріс қа­­да­мы, қызба мінезі, нар тәуе­келі көп еді ғой. Жақпай қалсам ке­рек. Кім біледі?
Сонда, әңгіме арасында сыр­­қат­танып жүргенін айтты. Енді ме­ні көңілсіздік жайлады…
Кейін ауруханада жатқанда кеш­құрым уақыт іздеп бардым.
Сол жолы, оңаша, жалғыз өзі, оқ­шау қалғанда, уайым ой­ла­масын деп теледидар апарып бердім. Қуа­нып қарсы алды, бірақ орнынан тұрған жоқ. Бауыр безіне жасалған опе­рация нәтижелі екен, тіпті қо­лы жеңіл бол­са керек, сәтті өтіпті деп кү­лімсіреп айтып, емдеп жат­қан дәрігердің сөзін келтірді.
Мен бұл сөздердің жалған­ды­­ғын біл­дім. Сыртқа шыққан соң, кө­зімнен жас бұрқ етті. Қас бай­лаған қараңғылық түсіп ке­ле жатқан апақ-сапақ мезгілде, қы­зыл іңір шақта, сол бір ала кө­леңке кеште, көше бойымен жабырқап бара жатып, құмығып үнсіз жылап келемін. Жолда қап­таған автомобильдер тас­қы­ны шашқан жарықтар жарқ-жұрқ бетіме түседі.
Хабарласқан сайын жағдай­дың қиын­дап келе жатқанын ес­тиміз. Қыс­та, ақпан айында, ту­ған күні­мен құттықтап шық­тық. Тыңқыл­да­ған жүдеу домбыра, бай дастар­қан, көңілді бо­луға тырысқан қо­­нақтар. Жал­­ған күлкілер қа­са­қана, ере­гі­се әдеттегіден қаттырақ кү­ле­ді. Ерсі шығады. Бойға жа­сыра ал­мас терең мұң бар. Әрбіреуі­міз­ден жалғыздық байқалады. Үйге қайғы басып, шерге толып қайт­тық. Қап­а­дар­мыз. Қамы­рық­ты сөйлесеміз. Сол күннен бас­тап, хабарласқан сайын сыр­қат меңдеп, жағдайдың қиындап келе жатқанын, дерттің беті қайт­пайтынын естідік.
Аға ешкімді қабылдамайды. Сұл­тан екеумізді кіргізді. Зекең ет­петінен жатыр. Құлаққа ұрған та­­надай тыныштық. Сұлтан екеу­­міз ақырын жылап отырмыз. «Бәрі біт­ті», – деді Зекең. Сө­зі анық шық­ты.
Сосын көктемде қоңырау ша­­лыс­тық. Әлсіреп қалыпты, әл­сіре­гені даусынан білініп тұр.
Кешікпей хабар жетті.
Бірақ, қанша жыл өтсе де, осы­нау бір аяулы жанды есіме ал­сам, көңі­лім алабөтен тол­қып, жүрегім­ді ғайыптан аялы алақанымен кү­ліп сипағандай бо­лады…

Дидар АМАНТАЙ.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.