Даму кепілі – интеллектуалды капитал

0
112 қаралды

6 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма секретариатының кеңейтілген отырысы өтіп, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Жиынды ұйым басшысы жүргізді.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының Төрағасы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

– Бүгіндері Елбасы Н.Назарбаевтың «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы кеңінен талқылануда. Сон­дық­тан, қасиетті қарашаңырақ – Қазақстан Жазу­шылар одағы да бұл дүниеден қалыс қал­майды.
Баршаңыз білесіздер, Президенттің биыл­ғы Жолдауының тақырыбы – «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Бір қарағанда, «революция» сөзі құлаққа түр­підей тиюі мүмкін. Біз қазір тех­но­ло­гия­ның мейлінше дамыған кезеңінде өмір сүр­гендіктен жаһанда жасыратын ештеңе қал­ған жоқ. Жолдау халыққа жол тарты­сы­мен-ақ Елбасы мұхит асып, Америкаға арнайы іс-сапармен барып Дональд Трамппен кез­десті. Трамп Президентімізді қалай қа­был­дағанын телеарналардан көрдіңіздер. Дүйім дүние баспасөзі осы Алаш жұрты үшін тарихи кездесуді жарыса жазды.
Қа­зақ­стан – Тәуелсіздігін алғанына ширек ға­сыр­дай мерзім өтсе де төрткүл дүние на­за­рындағы ел.
Енді, Жолдау жүктеген мін­дет­терге тоқталсақ.
БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа тех­нологияларды енгізудің көшбасшысына ай­налуы тиіс. Технологияны өрістету – да­му­дың жаңа кезеңіне өткен қазақ мем­ле­ке­тінің күн тәртібінде тұрған мәселе. Қал­та­мыз­да­ғы қалтафоннан бастап, көк аспанды ке­з­ген спутниктік ракеталарға дейін жи­на­қы­лық­қа, дамыған елдердің жемсауында ке­тіп қал­мауға мүмкіндік беретін, жағдай жа­сай­тын бірінші міндет деп есептейміз.
ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. Жер астындағы байлығымызды үнемді пайдалану, жасыл энергия көздерін табу Халықаралық «ЭКСПО–2017» көр­ме­сін­де жан-жақты талқыланды. Дүниежүзі ел­дері барлық жетістіктерін Астанада та­ныс­­тырды. Сондай жаңа технологияларды бү­гінгі жастар игеруі керек.
ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүм­кіндігі. Ауылға да «ақылды технология­лар» қажет. Себебі, бұрынғыдай қой соңын­да жүретін заман кетіп барады. Аграрлық өнеркәсіп кешенін дамыту, ғылым мен аграр­лық сала байланысын жетілдіру, аг­рарлық ЖОО-ның тәлімгерлік сыпатын же­тілдіру, жаңа технология заманына ың­ғай­лау, банктегі несие мәселесі, бизнесті ауыл­ға қарай бейімдеу, бәрі-бәрі Жолдаудың осы үшінші бөлімінде жан-жақты айтылды.
ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфра­құры­лымының тиімділігін арттыру. Бұл да ел үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан, Пре­зи­дент көлік, логистика және оның инф­ра­құрылымының тиімділігін арттыруға аса мән беруі бекер емес.
БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммунал­дық секторға заманауи технологияларды ен­гізу. Қазақстан бұл салада да лидер екенін көрсетіп, Астананы салды. Бүкіл облыс ор­талықтары қалай жетіліп келе жатқанын бі­лесіздер. Сондықтан, замана көшіне ілесу үшін бұл салаға да база назар аудару керектігін Мем­лекет басшысы тағы да қоғам алдына қойып отыр.
АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаң­ғырту». Елбасы Ұлттық банк басшысымен кездесуінде де, шетелдік инвесторларды қабылдап, солармен жүргізген келіс­сөз­дер­де де осы мәселе жан-жақты айтылған еді. Өндіріс, технология, технократия зама­нын­да әдебиет те сол бағытта дамуы керек еке­нін әр саналы азамат білуге тиіс.
ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру не­гізі. Бізге ең қажетті міндеттердің бірі – осы! Руханият кеңіс­тігіндегі жаңалықтар, білім-ғылымдағы өз­герістер, мұның бәрі осы жетінші міндетте тай­ға таңба басқандай етіп көрсетілген. Осы­дан жеті-сегіз жыл бұрын Президент әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінде екі сағатқа созылған үлкен дәріс жүргізді. Сонда, Елбасы өз сөзінде «интеллектуалды қоғам» дегенді алғаш айтты. «Интеллектуалды қоғам» де­гені­міз қаламды қару еткен кәсіби жазу­шыларға да қатысты.
СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару. Мұнда электронды мемлекет, бюрократиядан құтқару, т.б. ұстынды міндеттер жөнінде жақсы айтылды.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Бұл мәселенің бүгінгі таңда жалғыз Ұлы Дала Елін ғана емес, бүкіл әлемді қалай, қандай күйге душар етіп отырғаны бәріңізге белгілі. Қалам­гер­лер қауымының бір назар аударар іргелі мәселе екені белгілі…
ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. Мұны күнделікті газеттен, элект­рон­ды ақпарат құралдарынан естіп, білуге бо­лады. Міне, осынау он міндетті жүктеу ар­қылы Елбасы бәрімізге үлкен тапсырма бе­ріп отыр. Жазушылар одағы, Ғылым ака­демиясы мен ЖОО секілді руханият пен бі­лім орталықтары бір-бірімен тығыз бай­ла­ныста жұмыстар жүргізіп, ұлт, ұрпақ тәрбиелеудің нақты жолдары «Рухани жаңғыру» атты ұлттық бағдарламада айтылды. Сіздер – ақын-жазушылар халықтың ішінде жүре­сіздер. Сондықтан, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төр­ағасы ретінде осы мәселеге қайыра бір үңі­ліп, Президентіміздің Жолдауын талдап-таразылап елге түсіндіру­ге, жеткізуге, үн қатуға шақырамын.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ, сыншы:
– Таяуда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қа­зақ әдебиеті» пәнінің мектептерде қай сы­ныпқа, қанша сағаттан берілетіні туралы үл­кен мақала жарық көрді. Бұрынғы уақыт­пен салыстырғанда мектепте сағаттардың са­ны әлдеқайда азайыпты. Егер «Қазақ әде­биетінен» сағаттар дәл осылайша бөлі­ніп-жарылатын болса, онда қазақ тілі мен әде­биеті екінші кезекке ысырылуы тіпті де ға­жап емес. Қазақтың ұлттық рухы, ділі, ді­ні біртіндеп жоғалып кету қаупі бар. Осы мә­с­елені жүйелі түрде талқылау керек. Өйт­кені, ұлттық құндылықтың ең басты негізі – әде­биет. Ал, оны қалай үйретеміз? Мысалы, өз елін­де, өз жерінде баланы шет тілде оқыт­пай­ды. Баланың ділі қалыптасатын кез – на­ғыз осы уақыт. Сол себепті, бұндай нәр­сеге сақтықпен қараған жөн.
Ең басты мәселе – әдебиет. Оған қа­тыс­ты екі мәселе бар. Біреуі – мектептерде оқы­тылуы, екіншісі – сол әдебиетті зерттеу жайы. Өздеріңіз көріп отырғандай, қазіргі қазақ әдебиетінде шығармасы оған лайық па, лайық емес пе, әйтеуір – бәрі суреткер. На­шар шығармалар мақтала береді. Бірақ, ең сорақысы – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім ака­демиясы бағдарлама жасауға не оқулық жа­зуға тапсырыс берген мамандар шығар­ма­ны дұрыс таңдай бермейді. Мысалы, қа­л­амгерлердің ортаңқол шығармаларын қал­дырып, жақсысын алып тастайды. «Мынау нашар, бұдан да жақ­сылары бар ғой», – десек, сөзге құлақ аспайды. Баспалар сол бағ­дарламада не көрсетілді, соны шығаруға мәжбүр. Мысалы, өзім авторлардың бірі бол­ған, 11-сыныпқа арналған «Қазақ әде­бие­ті» оқулығында Мұхтар Шахановты қал­дырып, Мұхтар Мағауинді алып тастапты. Олардың қай-қайсысының да өз орны бар қалам­герлер. Астанаға барып, Білім ака­демиясына арнайы бас сұғып, бағдар­ла­ма­ны кім жаса­ғанын сұрадым. Айта алмады.

Нұрлан ОРАЗАЛИН:
– Бұл – өте күрделі мәселе. Ар­найы талқылау керек. Осыдан үш-төрт жыл бұрын тіл мен әдебиетті біріктіріп, бір пән ретінде оқыту мәселесі көтерілді. Үкі­мет жиналысында: «Сонда 45 минуттық са­бақтың 20 минуты әдебиет, 25 минуты тіл бола ма?», – деп үш-төрт адам өз сөзімізді ай­тып, тиісті орындарға дәлелдегеннің нә­тижесінде екі пән екі бөлек оқытылатын бо­лып шешілді. Сол бағдарламаны ұсынған жігіттер: «Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жан­сүгіров, Сәкен Сейфуллиндердің заманында екеуі бір пән ретінде оқытылыпты ғой», – деген уәждерін алға тарта берді. Одан бері бір ға­сыр өтті емес пе?! Тіл де, әдебиет те өз ал­дына жеке ғылым ретінде дамыды. Сон­дық­тан мұндай жағдайларды тиісті меке­мелер­мен келісе отырып жемісті жұмыс жүр­гізгеніміз дұрыс. Бұл – айналып келгенде тілдің қанат жаюы үшін жасалатын шаралар. Бұл мәселеге қатысты ақылдасып отырып, арнайы бөлек жиын өткізейік.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ, жазушы:
– Жазушы деген атымыз бар. Қол қойып, құжаттап, Президентке «Балалар бастауыш мек­тепте тек қазақ тілінде оқып, өзге тіл­дерді бесінші сыныптан бастап үйрене бас­таса» деген ұсыныс жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері:
– Жолдауды толық оқып шықтым. Бі­рін­шіден, тіл мәселесінің өзекті жайттары ай­тылды. Жолдауда Президент «процент» де­ген сөзді қолданды. Біз «пайыз» деп жүр­міз ғой. Басқа да жекелеген терминдерді бұрын­ғы қалпына келтірген. Оның да өзін­дік себептері бар. Латын қарпіне көшкенде кей­бір сөздер бұзылып кетеді екен. Мысалы, Медицина академиясының мамандары: «Біз ұсынған қазақша аударманы шетел ға­лымдары түсінбейді. Сол үшін ортақ тер­мин қажет!» – дейді. Елбасы бір сөзінде: «Же­ті мың термин аударылып кетті», – деп айт­ты. Оның ішінде термин деуге келмейтін сөз­дер де бар. Сондықтан: «Мынаны қазақ­шалайық, ананы аударайық», – деп арам тер болудың қажеті жоқ. Мысалы, біз белокты «ақуыз», клетканы «жасуша» деп жүрміз. Бұл тек өзімізге ғана түсінікті. Өзіміз бол­ғанда да қазақтың бәріне емес.
Неміс экономисі, ғалым Клаус Мартин Шваб­тың «100 жаңа оқулық» жобасына ен­ген кітабы қолыма тиді. Жазғандарын оқып, ойға қалдым. Ғалым дүниежүзілік технология жөнінен алға қарай озып кеткен екен. Біз дамыған отыз елге қосылуымыз үшін, ал­дымен өзіміздің технологиямызды, ғы­лы­мымызды дамытуымыз керек. Әсіресе фи­зика, химия, медицина секілді нақты ғы­лымдарды. «Сканерлеу» деген ұғым бар. Бұл қағазды сканерлеу емес. Жаһандық ме­дицина ғылымында адамның дене мү­ше­сін сканерлейтін құрылғы пайда болыпты. Кітап­ты оқып отырып адамды қырып-жоя­тын қарулардың дамып кеткеніне көзіңіз же­теді. Міне, осы жағын біз көп елемей жүр­міз. Сондықтан, ғылымға мән беруіміз қа­жет. Қазақ тілі мен әдебиетін ғылымнан шы­ғарып тастауға болмайды. Жолдауда осы­ның бәрі қамтылған.

Иран-ҒАЙЫП, ақын-драматург:
– Қазір қазақтың тілінен құнды ешнәрсе жоқ. Баланы жетінші сыныпқа дейін тек қа­зақ тілінде оқыту керек. Олай болмаған жағ­дайда ол қазақ болмайды. Балалары­мыз­ды рухани мүгедек қылып алмайық. Сол үшін оларды қазақша оқытып, жазу­шының беделін көтеруіміз керек.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Жолдаудан «біртұтас ұлтты қалып­тас­тыру» деген сөзді оқығанымда, шыны ке­рек қуанып кеттім. Ал, енді сол біртұтас ұлт қалай түзіледі? Бізде екі мектеп бар, бірі – орысша, екіншісі – қазақша. Оны бі­тір­ген балалар бірін-бірі түсінбейді. Ке­рек десеңіз, біреуі – мәмбет, біреуі – мәң­гүрт деп бірін-бірі балағаттап жүреді. Яғ­ни, бұл біртұтастығымыз жоқ дегенді біл­діреді. Егер біртұтастығымыз бар болса Президент Жолдауға «біртұтас ұлт» ту­ралы әңгімені кіргізер ме еді? Ал, енді «бір­тұтас ұлт» болу жолында не істеуіміз керек? Ол үшін балабақша, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруіміз ке­рек. Мемлекеттік тілді білмесе, онда сол балалар еңбек нарығында зардап ше­геді. Өйткені, біз осыған бет алдық. Сон­дық­тан мектептер орыс-қазақ болып бө­лінбеуі тиіс. Оны бүгіннен бастап тоқтату керек деп ойлаймын. Барлық мектеп бір бағ­дарламамен оқытылуы шарт. Ал, бел­гілі бір пәндер жоғары сыныпта орыс жә­не ағылшын тілінде оқытылсын. Сонда бәрі қазақша сайрайды. Сонда ғана «біртұтас ұлт» боламыз. Орыс, ағылшын тіл­­дерін бірінші сыныптан бастап енгізу – қазақ тілін шұбарландыру деген сөз. Сондықтан, Жапон елі сияқты біз де баланы бесінші сыныптан кейін ғана шет ті­лінде оқытуды толық қолдаймыз. «Бір­тұтас ұлт» туралы идея – тамаша идея. Жол­даудың бір жаңалығы – осы!

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург:
– Басты міндетіміз – Жолдаудағы мә­се­лелерді өз пайдамызға жаратып, онда ай­тылған адами капитал мен интеллек­туал­ды капиталға көңіл бөлу. Осы интеллектуалды капиталды жүзеге асыратын – жазушылар. Жемқорлық мәселесіне де қатты көңіл бөлу керек. Қазір жемқорлық барлық саланы жайлаған. Әсіресе, кітап шы­ғару саласын зерттесең, адам шошыр­лық жағдай. Осыны қалай тоқтатамыз? Бұған біздің жазушыларымыз үлес қосу керек. Тағы бір айтарым, Жолдаудағы ада­ми капиталды дамыту туралы тарауға аса мән беріңіздер. Өзіміз бас қосып, зерт­теп, соның негізінде үкіметке тапсыр­ма қойсақ, бар мәселе шешіледі. Ақша бө­лінуі үшін де әркім өзі ұсыныс беруі ке­рек.

Ахметжан АШИРИ, жазушы-драматург:
– Президенттің Жолдауын толық қол­даймын! Сұлтекеңнің ойы маған ұнады. Біз, шынында да, үнемі кешігіп жүреміз. Сондықтан, кеш болса да жазушылардың атынан бір ұсыныс берейік. Ақын-жазу­шы­лар елдің рухын көтеру жолында қан­ша­ма шығармалар жазып жүр. Еңбек еленуі ­керек. Мен осы «Рухани жаңғыруға» бай­ланысты Алматы облысының екі ауданына барып, елмен кездесіп, сөйлестім. Осы бағдарлама жөнінде «Жұлдыз» журналында екі бірдей мақалам жарық көрді. Біз үшін тіл мәселесі өзекті болып тұр. Осы­ған назар аударайық!

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Н.Оразалин қорытындылап, Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылау әлі де жалғаса беретінін айтты. Кеңейтілген секретариатқа қатысушылар Жолдауда айтылған жайттардың маңыздылығына тоқталды.

Пікір қосу