Мұқағали мен Жұмекен

0
491 қаралды

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ


Қуанышы көңіл құсыңды сайратып, қайғысы ой орманыңды теңселтіп жіберетін мұң мен сырға толы Мұқағали мен Жұмекеннің жыр жинақтарын оқығанымда, мен ылғи да мына бес күн жалғанның қызығын ұмытып, қайта тірілген сөз құдіреті арқылы жаныммен тілдескендей болған бір жұмбақ күйдің әсерін басымнан кешемін. Не сиқыр, қандай құпия бар олардың поэзиясында? Бала күнімнен өлеңдерін жастанып оқығандықтан ба екен, кітапханамның төрінен орын алған олардың шығармалары жиі сырласпасам тұра алмайтын менің ең аяулы достарыма айналды.
Иә, Мұқағали мен Жұмекен. Дәуірдің тай­ғанақ өткелінде кіндігі кесіліп, жандарын жалғыздық алдандырған Мұқағали мен Жұмекен бір-бірімен салыстыруға келмейтін екі түрлі жұмбақ құбылыс болғанымен, ақын­дық тағдырларында таң қаларлық ұқ­сас­тықтар көп. Екеуінің де шерлі жүрегіне «со­қыр, мылқау, таскерең» қоғамның топас қан­жары қадалып, тажал тағдырдың азабын тарт­қызды. Көктемнің таңындай жадырап ат­қан екеуінің де өмірі ақыры белгісіздік тұ­манымен қоршалып, жапа шекті. Асау көңіл­дері тұлпардай тулаған екі ақын да жанкеспе қас­қырдай жалаңдаған сұмпайы заманда өмір сүре отырып, дүниеге іңкәр, өнерге ын­тызар жүрегімен сезімнің мекенін, пара­сат­тың биігін іздеді. Уақыт озып, дәуірдің ба­ғы­ты өзгеріп, заманның сын-тезіне шыдай ал­маған қаншама көлдер құрғап қалса да Мұ­қағали мен Жұмекен поэзиясының өзені күр­кіреп ағып, келіншек – жастықтың да, кейуана – қарттықтың да құмарын қан­дырып, жан-жағы ну орманға айналып, мәң­гі­лік өнердің хабаршысындай жайқалуда.
Оқырман жүрегінен мәңгілік тұра­ғын тапқан нағыз әдебиеттің кешегісі мен ертеңі болмайды, оның мәңгілік бү­гіні ғана бар. Адам тағдырын дауылдай шайқаған өткен күннің шырғалаңы мен белесінде туған шайырлардың жырлары біздің көңілімізді қалай толқытса, ке­лешектің есігін қағатын ұрпақтың жа­нын да тап солай тебірері хақ. Егер ма­ған «Өмірдастан» мен «Менің то­пыра­ғым» атты екі кітаптың біреуін таңда де­сеңіз, қайсысына тоқтам жасарымды біл­мей қиналарым сөзсіз. Жо-жоқ, аяулым, сіз дәл осындай таңдау еркін жасау қа­жеттілігін туғызып, менің жанымды қи­намаңыз. Жалынды жырлары жүре­гімді жандырған Мұқағали маған ғана періште сезімін ақтарған сырласым, ал Жұмекен ақыл-парасатының шуа­ғымен ой-санамды аймалаған да­ныш­паным болғанын кімнен жасырайын. Адамға жанның тазалығы қалай ке­рек бол­са, рухтың тереңдігі де дәл солай ке­рек.
Ең әуелі мен Мұқағали поэзиясымен та­ныстым. Бұл оқиға менің мектепте оқып жүрген кезімде болды. Әкемнің жазу үстелінің тартпасынан «Өмірдас­тан­ды» тауып алып, демімді алмай бір күн­де оқып шыққанымда көңілімнің найзағайын ойнатып жіберген алапат се­зім­дердің сиқыры еркімді билеп алды. Дүние-жалғанның сел-тасқынындай болып сарқыраған сәруәр сезімнің құ­діре­ті жаңқа құрлы да көрмей, менің жа­нымды толқытып, өзімен бірге ағы­зып әкетті.
Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,
Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.
Рахат та іші-сырты ауылдың,
Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп мені.

Сағынышым – тек өзіңсің бір ғана,
Ұшып кетті қарлығаш та, тырна да.
Саралақаз жұмыртқалап үлгерді,
Кеше екеуміз асыр салған жылғаға.

Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп,
Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.
Байлық, бақыт – бәрі де бар ауылда,
Әттең, сәулем, тек сен жоқсың, не керек?!
Махаббат пен сағыныштың шуа­ғы­нан жаратылып, сиқырлы әуенімен жа­ныңды дуалап алатын өлеңге артық тү­­сініктеменің қажеті жоқ. Өмірдің өзі сал­ған таныс сүгірет пен бәріміздің де ба­сымызды мұнарлап, көңілімізді мас қыл­ған жылы сезімдер. Поэзияны өмір­ге айналдырып жіберген ақын өлең­де­рінің табиғатында жарық әлемнің бүкіл қуанышы мен қайғысы, мұңы мен шат­тығы жалған дүниенің өзіндей болып ағып барады. Жүрегінің аманатын саған ға­на сеніп тапсырып, қара тастан да мейі­рім күткен Мұқағалидың жаны қан­дай нәзік әрі сезімтал еді десеңізші. Қа­тыгез пенделер ашынтқанда ақын жа­нын өрт шалып, ой орманы жалынға оранды.
Дәм-тұзы таусылғанша, өмірдің биік аспанын армандап, лапылдап жанып кет­кен ақын жырларын құмарта оқы­ғанымда, ақбұлақтардай шапқылаған адам көңілінің тап осылай табиғи қал­пын­да ақтарыла алатын шынайылығына қайран қалған едім. Қанша ішсең де шө­лің қанбайтын, тау суын сіміргендей жа­ным рахаттанған. Құдайым-ау, өмір­дің сыңарындай болып жаратылып, та­мылжыған табиғаттан айнымай қал­ған, не деген сұлу әлем еді – Мұқағали поэ­зиясы. Тіршілік атаулының бәрін сол қал­пында поэзияның құшағына сый­ғызып жіберген не деген сиқырлы сезім, бұл?
Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан…
Мұқағали арнасына сыймай тебі­ре­ніп, тау суындай тасып аққан алапат се­­­зімнің ақыны. Біресе ол аласұрған дауыл, толқыған теңіз, ақ түтек боран бо­­лып буырқанып, шатырлаған най­за­ғай­дай күркірейді. Енді бірде Мұқаға­ли­­дың ақындық жүрегінен төгілген жыр­лардан кіршіксіз ашық аспанның ақ дидарындай сезімдердің жасыны жар­қылдайды. Көңілін мұң шалғанда жылы жаққа ұшып бара жатқан құстарды шы­ғарып салған күз мезгіліндегідей бір қи­мас сезім ет жүрегіңізді елжіретіп жі­береді. Қайғыға батып, қасірет шеккенде, жынды құйыны сезіміңді шыр ай­нал­дырып, жаныңды қоярға жер таппай, көңіл көбелегің кеңістікті кезіп, шарқ ұра­сың. Ол ұйқас іздеп қиналмайды. Жү­рек қойнауынан табиғи да шынайы бо­лып шыққан шымыр ұйқастар, өмір­дің өзіндей төгіліп-тасып, ақын өлең­де­рінде ақтарылып жатыр.
Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні,
Тыясың-ау қуанышты күлкіні,
Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген – көк аспанның күркірі,
Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні!

Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз-ау, әй, кетеміз,… пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз.

Өмір деген – бұйым емес қолдағы,
Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы.
Қаның кеуіп қаталаған кезіңде
Сусыныңды қандырсаң бір болғаны.

Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!
Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін – өлемін деп қарамау.
Беймәлім сиқырымен, тай-сезім­дерің­ді аласұртып жіберетін жыр жолда­рында бір қарағанда алып бара жатқан дә­неңе де жоқ сияқты. Баршамызға аян, жұрт жақсы білетін қарапайым ғана қа­ғи­далар. Бірақ бәрімізге де мәлім сол шын­дықтарға ақын жүрегінің сәулесі түс­кенде оған қалай жан бітіп, айта-айта жауыр болған сөздердің жапырағы жай­қа­лып, қалай тіріліп кетеді, шіркін!
Мұқағали поэзиясында қанша оқы­саң да көңілің тоймайтын кербез сұлу­лық пен арғымақ аттың шабысындай ер­кіндік бар. Ақын кез келген тақы­рып­тың иінін қандырып, оңай игеріп әке­теді. Мұқағали жырламайды, ол ұзақ жыл көрінбей кетіп, кенеттен жолығы­сып қалған ескі досыңдай сені қапсыра құшақтай алып, сырласа жөнеледі.
Мұқағали поэзиясының құшағы кең. Мына жарық дүниені өз құшағына оп-оңай сыйғызып жібереді. Поэзиясын­да пенде түгіл, табиғатты тірілтіп жі­беретін құдірет, басыңды шыр айналдырып алатын сұрапыл күш бар!
Ақын өлеңдерінің ең басты ерек­ше­лі­гі – шынайылық. Сезім көрігінен шоқ­тай жанып шыққан шайыр жырлары «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», өмір көрген дананың да, жерден таяқ жеп жүрген баланың да көңіліне ұмы­тыл­мас әсер сыйлайды. Мұқағали поэ­зиясын­дағы сезім тасқыны мен ой ағы­сы­ның ек­піні күшті. Табиғаттың мі­­незінен ай­ны­майтын шынайылықты жан-тәнімен аңсаған бір өлеңінде ақын:
– Ей, Табиғат!
Мен саған өкпелімін,
(Жерде мұхит жатқанмен, көкте күнің).
Бермей-ақ қой күніңнің бетке нұрын,
Қимадың ғой толқынның өктем үнін.

Алысар ем бұлтпенен, жауынменен.
Неге туыс етпейсің дауылменен?
Найзағайдан шашылған жасындарды
Жалғап неге қоймайсың жанымменен?.. — деген тұрғыдағы наз білдіріп, мұңын шақ­қанымен, ақын айтқан табиғат құ­былыстарының бәрі де Мұқағали творчествосында молынан бар. Ақынның табиғат лирикасы өлі сурет емес – өмір­дің жанды көрінісі. Жыл мезгілдерін сүгі­реттегенде ол табиғатқа жан бітіріп, сол көріністі көз алдыңда тірілтіп жібе­ре­ді.
Саршұнақ аяз, салт атқа шана жектіріп,
Сапарға шықсаң, сан ауған жаққа бет бұрып.
Сардала жатса, ақ қарға жонын бөктіріп,
Сабаса келіп, үскірік тікен бетке ұрып.
Соңғы жылдары кейбір әдеби басылымдарда Мұқағалидың бірінші, екінші тынысы деген мағынадағы сөздердің айтылып жүргенін құлағымыз шалып қалады. Әрине, әдеби қауымның ортасында түрлі жағдайда, сан-қилы әңгі­мелер айтыла береді. Олардың бәрін қалт­қысыз шындық ретінде қабыл­дау­дың қажеті шамалы.
Нағыз шындық, ол – ақын шығар­ма­шылығы. Егер біз осы тұрғыдағы өлшем­мен ақын творчествосын таразылайтын бол­сақ, поэзияға құйындатып келген Мұ­­­қағалидың табиғи қалпынан танбас­тан, жалған тіршіліктен дәл солай дауылдатып өте шыққанын көреміз.
Уай, өмір! Көрсеткенің осы ма?
Тыйым салшы көздің мына жасына!
Мінажат қып күн-түн демей зарласам,
Бақыт құсы келер ме екен қасыма?

Тыңда досым! Тыңда жүрек жұмбағын,
Мұңды досты есіңе ала тыңдағын.
Мына өмірдің тұйығына тұншығып,
Қайғылану, жабығудан, тынбадым.

Есіңе алшы кешегі өткен күндерді,
Жасырынбақ ойнап жүрген түндерді.
Сол балалық бақытымнан арылтып,
Ауыр арман мені басып үлгерді…
Тұрмыстың шырмауынан шыға алмай қи­налып, сезімдері өрмектің құры секілді шай­қалған шағында туған бұл өлең ақын­ның он сегіз жасында жазылыпты. Шы­найы­лықтың кестесімен көмкерілген дәл осын­дай көркем туындылар Мұқағалидың сол жылдардағы шығармашылық қор­жы­нын­да аз емес. Жүрегіңнің нәзік пер­не­лерін дәл басатын, ұйқастары сыңғырлаған сол шығармалар ақынның екінші тынысы ашылмай тұрған кезде жазылды деуге ау­зың бармайды.
Шындығында Мұқағалидың бір-ақ ты­нысы болды. Ол – ақындық тыныс. Шы­­­ғармашылықтың ізденіс иірімдерін шиыр­лап, жаңа бір белестерді бағындыруға бел буған шақта, ондай жағдайдың кез кел­ген ақынның басында болатыны – та­би­ғи құбылыс. Елдің көзіне түсіп, ерекше кө­рінгісі келетін кейбір сыншылардың бүй­ректен сирақ шығарып, творчестволық тынымсыз ізденіс барысындағы ақынның шалт кеткен тұстарына ғана назар аударып, оқырманды шолақ қорытынды жа­сау­ға итермелеп жататын кездері бар. Та­лантты ақындардың шығармашы­лы­ғынан тек мін іздей беру дұрыс емес. Ақын творчествосын тұтас алып қарағанда ғана оның шын мәнісіндегі шығармашылық тұлғасы көрінеді. Абай мұрасына терең үңі­ліп, жан-жақты зерттеп кітап жазған әде­биетіміздің классигі Тәкен Әлімқұлов ұлы ақын поэзиясында да ортанқол өлең­дердің кездесетінін жақсы байқаған. Із­деніс барысындағы шығармашылық та­быс­тар барлық уақытта жемісті бола бер­мейді. Алайда, біз Абай поэзиясының құн­дылығын ұлы ақынымыздың сәтсіз шық­қан бір-екі өлеңімен бағаламаймыз ғой. Мұндай мысалдар басқа елдердің әде­биетінде де көп. Мысалы, «Поли­куш­ка», «Альберт» сияқты шы­ғар­маларды орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой жазды деуге қимайсың. Бі­рақ, біз Толстойдың әдеби мұрасының ұлы­лық қасиетін «Соғыс және бейбіт­ші­лік», «Анна Каренина», «Арылу», «Қажы­мұрат» сынды кесек туындыларын оқы­ған­да ғана шын сезіне түсеміз. Толстойды қоя тұрып, үзіліп кеткен ойымызды жал­ғап, әңгімемізге қайта оралайық. Мұ­қа­ға­ли жан сырын ақтарып жазған бір өлеңінде:
– Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, – деп ағы­нан жарылады.
Бұл – ұлы ақынның шын сыры. Мұқа­ғали өлеңді түрлендіруге тырысқан ақын­дар­дың сойынан емес. Ол ғасырлар бойы ұлттық поэзиямыздың қоржынында жи­нал­ған байлықты қара өлеңде жақсы әрі сәтті қолданып, ұтымды пайдалана білді. Мұ­қағали өлеңдерін оқи отырып, сонау жыраулар поэзиясынан бастау алған қа­зақ­тың қара өлеңін кемелдендіріп жі­бер­ген ақын шеберлігіне іштей сүйсінесің. Ал, сезімінің шынайылығы жағынан Мұқа­­ғалиға тең келетін ақынды табу қиын. Фәниден Алатаудай теңселіп өте шық­қан Мұқағалидың мінезінде де, шы­ғар­машылық табиғатында да иненің жасуындай жалғандық болған жоқ, ал жыр­ларында Алланың нұры түскен, иман­дылықтың сәу­лесіндей таңғажайып сезімнің таза­лы­ғы бар. Ол ойын бүгіп қалмай, ашық айтып кеткен ақын.
…Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай…
Пейілін теңізбен таластырып, терезе­сін аспанмен теңестірген ақынның бар ар­маны «жүрегінің түбіне кір жасырмай» шын­дықты айтып өту болды. Шындық пен адамдардың махаббатын аңсаған ақын ақыры жүрегінен ұшқындаған жыр­ларының жалынына өртеніп өлді. Өзе­гін өртеген отты сөндіре алмай қиналған ақын Шындық және Махаббат атты Құдай бер­ген екі алып қанатымен биікке ұшып кет­кісі келгенімен, тағдырдың құрған қақ­панына түсіп қалып, Жерге құлады. Әр құлаған сайын сол аспанда өші бардай, бұрынғыдан да биікке ұмтылып, қана­ты­ның қауырсындары сынып, қатты қинал­ды. Шын мағынасындағы биік аспан Жер­де емес ақынның өз ішінде болатын. Мұқағали сол биік аспанды фәниден та­ба­мын деп, тағдырдың орманында адас­ты. Байқайсыз ба, ұлы ақынның жалған дү­ниеден баз кешуінде де өмірге деген құш­тарлықтың жалыны күшті. Күнделікті тір­лікке бойын суытқысы келмей, алысқа самғағысы келген Мұқағалидың отты жыр­ларының бәрі де тағдырмен теке-тіреске түскен қайшылықта туды.
Қысқа жіп келмей күрмеуге,
Қысқа жіп келмей байлауға.
Қысылып жүрген құр кеуде
Қыжылдап босқа қайнауда.

Өзімді бітеп өз демім,
Өзді-өзін сезім қамауда.
Өткізген сәтсіз кездерім,
Өрт болып ішті жалауда…
Ақын жаны не деген нәзік еді? Не деген сезімтал еді, ақын жүрегі? Жалғыз жа­­­­­ны мен жалғыз жүрегін поэзияның лау­лаған отына тастай салған ақынды жынды дей­­міз бе, әлде бақсы дейміз бе? Әлде, Ал­ла­ның ақ жолынан адасқан пендесі ме, Мұ­­қағали? Жоқ. Ол – поэзияның жаны. Бі­­ресе аспандай күрсініп, біресе бура бұлт­тардай бусанып, алақұйындай ала­сұрып, жаны жараланғанда адасқан шағаладай шарқ ұрған ол жанның шын сыры – бір Аллаға ғана аян.

***
Бір заманда өмір сүріп, бір қоғамның ауа­сын жұтқан екі ақынның тағ­дыр­ла­рында ұқсастық болғанымен, Мұқағали мен Жұмекеннің шығармашылығы бір-бірі­нен алыс жатқан екі түрлі әлем. Мұқа­ғали таза сезімнің болса, Жұмекен ойдың бұлағы шым-шымдап аққан сананың ақыны. Ол дәстүрлі поэзияның мұрагері емес, найзағайдай күркіреп келе жатқан ке­лешекке көзін тіккен жаңа заманның жыр­шысы. Тек, ақын ғана емес, ол – философ, әрі, рухтанушы да.
Дүниенің сырына терең бойлаған сайын Жұмекеннің – бізге, біздің – Жұ­ме­кенге жақындай түсетініміздің жұмбағы осын­да жатса керек. Ұлы ақын жалған дү­ниенің өзіндей болып сарқырап аққан се­зімнің тасқынында емес, рухани терең­дікте өмір сүріп, өмірдегі құбылыстың бә­рін де сол жерден бақылады. Ақпанның дүлей боранындай дауылдату, теңіздей тебіренген сезімдерін жасыра алмай асып-төгілу оның поэзиясына жат. Жұмекеннің шығармашылық болмысында ұзақ өмір сүріп, көп дүниені көңіліне түйген қазақ­тың дана шалдарының бойында болатын сабырлылық бар.
…Әлі жүрмін,
Түк бітірген жоқпын мен,
іш қазанын жалайды ыза от-тілмен.
Алып-алып көп қарызды көп күннен,
біреуін де өтей алмай өттім мен.

Жоқ, өткем жоқ,
өтпегенде қалды нем!
Жиырма бестен өттім елдің алдымен.
Туған едім ең соңында бұл жұрттың,
ең алдымен соғар ма екем санды мен.

Осы ойлармен атты әнеки, таң-дағы,
Тағы бір күн келе жатыр жанғалы…
Мен өткем жоқ,
өтеді екен жылдар тек,
бірақ менде қалады екен салмағы.
Жиырмадан жаңа ғана асқан Жұмекен­нің тереңнен толғанып, ойдың төресін айта білетін данышпандығы таң қалдыра­ды. Әрине, Мұқағалидың жырлары бір оқы­ғаннан көңіліңде қатталып, жүрегіңде жа­талып қалатын – кемел поэзия. Ол та­мы­рын тереңге жіберген, барлық заңды­лық­тары орнығып үлгерген дәстүрлі поэ­зия­мыздың дарабозы. Жұмекен енді ғана қа­лыптасып, топырағымызда бүршік ата бас­таған – интелектуалдық поэзияның жы­рауы. Қалыптасып келе жатқан поэзия жаңашылының туындыларының барлық уа­қытта кемел бола бермейтіні – заңды­лық. Алайда, Жұмекеннің ойшылдығы дәс­түрлі ақындардан әлдеқайда терең, ол мы­на өмірдегі қарама-қайшылықтардың құ­пиясын олардан әлдеқайда жақсы бі­леді.
Шындық деген көк аспандай тым биік
мұхит сынды әрі терең тұңғиық.
Жан сендіріп жаңсақ жайлар, қате аңыз
біз де содан қателесіп жатамыз.

Шыңды, рас, мойындадық биік деп,
суды, рас, мойындадық сұйық деп.
Көрген шақта шын қасірет-қайғыны
аяғаннан жүрегіміз айныды.
Шашақтарын самал желге жүздірген
қызыл туды – қызыл дедік біз бірден.
Қараны, рас, қара дедік бір қарап,
адалдықты ақ атадық бір қарап;
жапырақты жасыл деген секілді,
гауһар тасты асыл деген секілді,
жақсы десе – ауруға да дарыды ас,
жаман десе көңіл қайтып арымас, –
рас, рас, бәрі-бәрі-бәрі рас.

Тайғанақтап із секілді мұздағы,
бірақ кейде қателестік біз дағы:
тау мен сайдың арасына, дес бермей
төбелердің өсетінін ескермей,
байғыздың да аңсауы бар екенін,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенін,
ақылдың да ажалы бар екенін,
бақырдың да базары бар екенін,
ұмыттық біз;
әділеттен үміт қып,
әділеттің өзін кейде ұмыттық…
«Құдайым, кешіре гөр, поэзия ақы­мақ­тау болуы тиіс», – деген екен Пушкин. Қа­зақ ақыны Жұмекен поэзияның жан мен сезімнің сел-топанында кетіп қалмай, ақылды бола алатынын дәлелдеді. Ұлы ақын­ның жырлары ақыл-парасаттың қой­масы. Кейбір ірі ақындар тұтас поэма жазып жеткізе алмаған ойды Жұмекен екі-ақ ауыз сөзбен түйіндей салады. Ақын жырларын оқығанда сезімнің дауылы мен ойдың ағысынан бөлек олардың тереңдігі де болатынын түсіне бастайсың.
Мына ойдың тәттісі-ай, қанар ма адам,
тым тәттілік таңдайды ояр болар.
Үміт деген әдемі көбелек қой,
қай жеріңе гүл өссе – соған қонар.

Мынау, ойдың ащысы-ай,
болар,
болар!
Тым ащылық.. қайтесің, обал болар,
Күдік деген Сауысқан,
ал, сауысқан
қай жеріңде жара бар – соған қонар.

Жан әсерін жүрдің-ау күтіп ықтап,
жараң ашып,
гүл тоңып жыпылықтап;
бір жағыңнан көзді арбап көбелегің,
сауысқаның бір жақтан шықылықтап.
Жұмекеннің әлемді танудағы басқа ақын­дарға ұқсамайтын өз жұмбағы болды. Ақынның шығармашылық табиға­тын­да суреткерлік шеберліктен гөрі идея­лық, танымдық, философиялық ойдың ағы­сы басым. Өлеңдерінен сезімнен гөрі, са­наның сәулесі көбірек жарқырайды. Жұ­мекеннің жұмбағын түсіну үшін бойыңыз­да парасаттың байлығы болуы ке­рек. Ол қазақтың тағдырын жырлай оты­­рып, әлемдік әдебиеттің асқар шың­дары­мен ой таластыра білген адамзаттың ақыны. Жұмекен шығармашылығы ұлт тағдыры арқылы адамзаттық мәселелерді қоз­ғай білген қазақтың сөзі. Міне, осындай биікке көтерілген ақын туын­ды­лары­ның өз бағасын алмақ түгілі, жөнді зерт­тел­мей де келе жатқаны өте өкінішті. Ақын­ды тану арқылы біз талай жұмбақ дү­ниенің сырына қанығар едік. Жұмекен поэзиясы қалыпты шеңберден шығып, жаңа кеңістіктерді, рухани тереңдіктерді табуымызға көмектесер еді.
Қазақтың жыр патшалығына Жұме­кен­мен бірге тіршіліктің сырына басқаша үңіл­ген жаңа дүниетаным келіп, жаңа әлем­нің қақпасы ашылды. Сол ғажайып әлем­нің құдіретін сезіп, ақынның рухына жа­насқандарға өмірдің басқа өлшемдері та­нылды. Дүниенің сыртқы сұлулығынан гө­рі ақынды рухани болмыстың тереңдігі көбірек қызықтырды. Ұлы ақын көпшілік­тің көзіне байқалмайтын, адам санасының шыңырауында жасырынған, қалыпты қағидаға бағынбайтын өмірдің шындығын зерттеді. Мысалы, Жұмекеннің «Күй кіта­бындағы» өнер адамының ішкі монологтарынан жұрт біле бермейтін, көпшілік кө­зінен жасырынған басқа шындықтардың кермек дәмін татып көргендей боласың.
Шындық іздеп келіп ем,
Сөйлеп едім жетіліп,
таппаған соң, тегі мен
алдым жиып өтірік.
Бешпетімде – бар терім,
өтірік күліп келем ғой.
Шыққаннан соң әйтеуір
құр қайтпайын деген ғой.
Анда бардым – сорым да,
мында келдім – кешіктім.
Шындық гүлдер орынға,
өтіріктер өсіпті.
Паганинидің монологы арқылы ақын өз заманының шындығын жырлап отыр­ған жоқ па, бұл өлеңде?
«Күй кітабы» бізге Жұмекен шығар­ма­шылығын екі кезеңге бөлуге үндейді. Поэ­­зиямыз үшін үлкен жаңалық болған бұл кітапқа дейін Жұмекен ерекше ойлай алатын қабілеті бар, талантты ақындары­мыз­дың бірі болып келді. «Күй кітабынан» кейін біз рухы кемелденген, ойлары терең­деп, түбегейлі өзгерген, шығармашылы­ғы­на сезімнен гөрі сананың патшалығы үс­тем­дік ете бастаған басқа ақынды көре­міз. Жеке басының мұңынан гөрі, халқы­ның қайғы-қасіретіне көбірек үңілген, қара өлеңді жаңаша түрлендіруге бел буып, тәтті өтіріктен саналы түрде бас тар­тып, ащы шындықты айтып өтуді мұ­рат еткен күрескер ақын келді әдебие­ті­мізге.
Тым ащы айтсам, кейіме,
ісінбей кет.
Тым тәтті айтсам мән берме,
түсінбей кет.
Тәтті сөзден – ақыл, ой ауырады,
тәтті жеген сәбидің тісіндей боп.

Тек тәтті сөз емес қой сүйікті етер,
бәрін тәтті айта алман иіп бекер.
Тәттіге ылғи үйренсе таңдай байғұс,
ащы татып бір күні күйіп кетер.

Пәк көңілге,
бет-жүзге қарамай түк,
ащы сөзді кейде мен қалам айтып
Кезің болсын ол сенің ащы аңсаған,
кезің болсын тәттіні қаламайтын.

Өкпелеме мен емен «таза» жендет,
тұзды сөзбен ойым бар жаза бермек.
Асыл жанның өзі – бір жарақат,
жарақатты ащымен жазады емдеп.
Жұмекенді оқығанда өтіріктің тұт­қы­нын­да жүрген жаның азаттық алып, бос­тан­дыққа шығып, көңілің тыныштық та­ба­ды. Мағжандардан кейін өнердегі ре­нес­санстық ізденістің ләззатын тата алмай, рухы шідерленіп, азабына тұншыққан қазақ поэзиясының қайғылы жолы Жұ­ме­кенді туғызуға тиіс еді. Егер Мұқағали көңілсіз тығырықтан шығатын жол таба алмаған сарыуайымшылдыққа салынса, Жұ­мекен қазақтың азапты өмірінен де азаттанудың сәулесін іздейді. Шындығын­да ол қазақтың нағыз ұлы философы бол­ды. Келешекте қазақ философиясымен айналысатындарға мол азық болатын таусылмайтын қазына қалдырды. Жұмекен поэзиясы өмірдің тереңдігін сезінуден қал­ған адам санасындағы тұсауды алып тас­тап, оған ойлау еркіндігін сыйлайды. Жұмекенді оқығанда, ой шыңырауынан естілген сиқырлы әуенге арбала отырып, талай жұмбақтың сырын болжап, рухани те­реңдігіңнің өлшемін тапқандай күй ке­шесің. Поэзияның ең ұлы мұраты шын­шыл­дық екенін жақсы білген ақын қо­ғам­дық тәртіп тиым салған шындықты айту­дың жаңа жолдарын, жаңа түрлерін, жаңа әдістерін, жаңа айла-амалдарын іздеді.
Мен де ол құсап соғар едім өтірік,
Күзгі көлдің толқынындай көпіріп.
Сөз көбігін тілмен шайқап шашар ем,
Жағалауда жартас болып отырып.
Сапырар ем толқынымда – барда өлең,
Ұйқасты да қалар едім әр неден.
Желік барда, мынау жалпақ әлемде,
Сөз болып па жаға деген, жар деген!
Бірақ, шындық ұрып тұрсың көзге сен, –
Қалай ғана, қалай ғана кездесем!
Соғам ем мен, өтіріктің бәрінен
Өзім кейін өлерімді сезбесем..
Жұмекеннің ішкі сырын жасырмай, ағы­нан жарылған жырларында шын­дық­тан бөлек – катарсис, яғни тазару мен азат­­танудың құдіреті бар. Оны күрделі ақын­дардың қатарына қосып қойғандар­дың пікірімен мен келіспеймін. Қайта кері­сінше, өмірдегі жұрт айта алмай жүр­ген күрделі шындықты қарапайым әрі тү­сінікті тілмен жеткізе білген бір ақын бол­са, ол – Жұмекен. Кейбір ақындардай ол жан әлемінің тереңіндегі жұмбақтарды жасыруға ты­рысқан жоқ. Ештеңені жа­­сырмай, адам туралы, өмір туралы, қоғам туралы бүкіл шындығын айтты. Әрине, кейбір тиым са­лынған шындықтарды оқыр­­ман санасына сим­вол­дық белгілер ар­қылы жет­кізгені рас. Бірақ бұл өнердегі күр­делілік болып саналмай­ды. Орыс фи­лософы Николай Бер­дяев­тің айтуынша, нағыз өнердің бар­лы­ғы да символдық екі әлем­нің ортасындағы алтын кө­пір. Ол нағыз өмірдегі­ден де терең шындықтын құ­пиясын ашады. Нағыз өмір суреткерлік шеберлікпен тек сим­вол­дар арқылы берілуі мүмкін, ол өнерге міндетті түрде шынайы күйін­де енбейді. Өнер еш уақытта да эм­пирикалық шынайылықты көр­сет­пейді, барлық кезде де ол басқа әлем­ге еніп кетеді, бірақ бұл бас­қа әлем өнерде символдық бейнелердің кө­мегімен танылады.
Ақыл-ойының кемелдігі жағынан Жұ­мекен туындылары Гетенің шығарма­шы­лығына етене жақын. Немістің ұлы ақы­нындай ол да көзбен көрген шындығын асы­ғыс айтып, шолақ қорытынды жасаудан бойын аулақ ұстайды.
Өнерде санаулы адамдар ғана рухани өмір­дің биігіне көтеріле алып, қалың көп­шілік орташа мәдениеттің етегінде қалып қоя­ды. Сол себептен де ақыл-ойы кеме­л­ден­ген тұлға мен құмырсқаның қалың илеуіндей мәдениеті төмен халықтың бірін-бірі түсінуі ұзаққа созылатын үдеріс. Мез­гілдің дауылы соғып, қоғамдық сана­да­ғы құлдық мінездің қалдығы шайылып кеткенде ғана халық олардың шын баға­сын түсіне бастайды.
Жұмекен өнердегі шектеулі қалыпты бұ­зып шыққан – рух төңкерісінің жыршы­сы. Мұқағали мезгілдің тасқынымен ағып бара жатқан өмірді жырлаған шыншыл шайыр болса, Жұмекен адам рухының те­реңінде жасырынған шындықтарды кө­ре білген ақынымыз. Ақын туындыларында қазақ өмірінің, қазақ тағдырының түнегі қоюлана түскенімен, арғы жағынан үміттің сәулесі жарқырайды. Салыстырмалы түрде Мұқағалиды Күнге теңесек, Жұмекен қараңғылық жасыра алмаған, түнекте де жарқыраған – Алланың сәулесі. Қай­ратты ойдан өрілген ақын өлеңдерін қара тасқа өсіп шыққан ағашпен ғана са­лыстыруға болатын шығар.

***
Күндізгі өмірдің ағысы, қайғысы мен қуанышының тасқыны – Мұқағали поэ­зиясының төл стихиясы болды. Жүрегінің жа­лынына жыр қайнатқан ақын өлеңдері жарық күннің шұғыласымен нұрланған. Тамұқтың тұңғиығында жарық күнмен қош­тасып жатса да Мұқағалидың жаны жал­­ған дүниені еміреніп сүйіп, шөп болып шықса да Жердің бетінде мәңгі тұ­рақ­тап қалғысы бар. Көңіліндегі қиял құсы қа­натын қағып, қайта-қайта аспанға ұм­тылғанымен, ол кіндігі өмірге байланған – Жердің ақыны. Тіпті, түнгі даланың кө­рінісін сүгіреттеген ақын жырлары да қа­раңғы әлемнің құпиясынан гөрі, күн­діз­гі тіршіліктің сәулесімен арайланған.
Соңғы жылдары Мұқа­ға­ли­дың қан­дай ақын еке­нін толық та­нымай жа­тып, оған жа­лаң еліктейтіндер пайда болды. Олар жасанды қайғының желі сезіліп тұра­тын шығармалар жазып, өздері ғана ша­тасып қоймай, өзгелерді де нағыз поэ­зияның ауылынан адастыра бастады. Шын­дығында ақын жырларынан қайғы мен қасіреттің дауылынан басқа ештеңені көр­мейтіндер поэзияның ұлылығын тү­сіне алмай, сезімнің құлы болып кетеді. Біреуге жалаң еліктегеннен гөрі, омбылап өнер­дегі өз сүрлеу-соқпағыңды салған абзал. Таудай тұлғаның көлеңкесінде қа­лып қойғанша, төбедей болса да өнердегі өз биігіңді жасап кеткен қандай ғанибет!
Талантын таумен ғана салыстыруға бо­латын Мұқағали өмірдің сыңарындай бо­лып жаратылған Табиғат-Ананың таңғажайып құбылысы. Біле-білсеңіз, қай­ғының боранынан гөрі Мұқағали жыр­ларында дүниенің думанын қоңы­раулатып, көңіліңді қуаныш пен шат­тықтың бесігіне бөлейтін сезімнің сиқыры күшті.
Жігіттер! Ал, мен енді серпілемін!
Соқ, самал; бөс, бораным; желпі, желім!
Келмейді уайымдап жер тірегім,
Несіне үһілеймін, ентігемін,
Енді мен желпінемін, желпінемін!

Күйіне домбырамды келтіремін,
Күйінген күйінішті өлтіремін!
Қуаныш – ғұмырымның кенті менің,
Өмірге мен келгенде сен тұр едің,
Сен неге сеңдей ағып мөңкімедің?!
Енемнен жаратылған еркін едім,
Енді мен серпілемін, серпілемін!
Жүрек қылын шертіп, өмірге деген құш­­тарлығыңды арттыра түсетін мұндай лирикалық туындылар Мұқағалида жетіп артылады. Соған қарамастан біздің са­намызда Мұқағали бейнесі қасіреттен көз ашпаған ақын күйінде ғана қалып ба­рады. Енді өмірге – ынтызар, дүниеге – іңкәр, жүрегі махаббатқа толы Мұқа­ғалиды ашатын уақыт келді. Бір ғажабы ақынның қасіреттің бораны соғатын қайғылы жырларынан да жалған тір­шілікті тастап кеткісі келмейтін, құш­тарлықтың жалынына шар­пылған сағыныштың оты лапылдайды.

Өмір сүрсем енді бір жиырма жыл!
Жиырма жыл! Шынымен қиын ба бұл?!
Қиын болса, он жыл да жетіп жатыр,
Тек жүректен атылсын құйын-дауыл.

Он да жетер, қимаса жиырмасын,
Асықтырсын, өмірім, қиындасын.
Сексен жасап, сегіз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын.

Кім біледі қанша жыл жасарымды?
Ой түбіне жете алмай бас ауырды.
Ойламаймын қайтадан жасаруды,
Үлкен бір кеңес ашып кетсем деп ем,
Жинап алып жырымды-жасағымды.
Қобыздың қаралы үніндей күңіренген ақын жырларының басын жалғыздық қа­сіретінің қою тұманы сағымдағанымен, сол мұңға толы жырларды оқығаныңызда жаңа­­ғы қайғы бұлтының артына жасы­рын­ған күн жарқырап шыға келіп, си­қыр­лы сәулесімен жаныңызды жадыратып жібереді. Аласапыран заманда әдебиетке келген мына біз Мұқағалиды оқығанда одан дәл өзімізден айнымайтын, жаны жа­раланғыш адамды көрген едік. Ол ең ал­дымен адам болды. Сол үшін біз оны сүй­дік. Адамдық сезімі, қайғысы мен қуа­нышын бізбен бөліскені үшін жақсы көр­дік. Өнерге берілген адалдығы, жүрегіне кір шалдырмаған тазалығы үшін қастер­ле­дік. Ақынның асау жырлары еркіндіктің теңізінде толқыған біздің жастық шағы­мызбен үндесіп жатты.
Кең дүние төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар бусанып терлегенім.
Поэзияның қос жұмбағы саналған Мұқа­ғали мен Жұмекеннің жандары нәзік бол­ғанмен, шығармашылықтарының не­гізгі лейтмотиві – қайсарлық. Әрине, олар күрескер болған жоқ шығар, өздерінше түр көрсетіп, дүрдиіп, тағдырына, кейде тіп­ті Құдайға құр босқа кіжінгені болмаса, шындығында, олар сол тағдыр мен Құдайдың бір тамшы мейіріміне зәру адам­дар еді. Алланың мейірімін зарыға күт­кен тау мен даланың жабайы тағылары еді.
Тау дейтін алып жүрек Ана туған
Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Киіктің сүтін еміп ержеткенмін,
Қуат алып қыранның қанатынан…
Ешкімге тең келмейтін алып кеудесін­де­гі біресе асау теңіздей тебіреніп, біресе до­лы дауылдай буырқанған табиғаттың дү­лей күшіндей аласұрған сезім құдіреті жанына тыныштық бермей, өмір бойы Мұқағали темір торға қамалған арыстандай болған тағдырымен арпалысты. Тағ­дырына көнгісі келмей, оның берген уы мен қайғысын уыстап ішті. Киіктің сүтін еміп, қыранның қанатынан қуат алып тау­лық болып жаратылған Алатау ақын­ның жаны Жердегі пендешілікке бағынып, жабайы заңдылығына көнгісі келмеді. Шындығында асқар шыңдар желпіген таудың дәу бесігінде тербетіліп, бұлт бүр­ке­ніп, жай отын ала туған Мұқағалидың ақындық болмысының басқаша болып жа­ратылуы тіпті де мүмкін емес-тін.

***
Жұмекен болмысы бөлек ақын. Жер бетіндегі құбылыстың бәрінен де ол ой­дың байлығын іздеді. Ақын іздеген жауһар­лар өмір мұхитының тереңінде жа­сырынғандықтан, оған жету үшін күрескерлік мінез бен рухтың қай­сарлығы керек. Көзіне ұйқы іл­гізбеген ізденіс пен қабағынан тер кетпеген еңбектің арқасында ғана ой тү­бінде жатқан маржан сөздерге жете ала­сың. Сонда ғана мына қарапайым дү­ние­нің шын сыры ашылып, адам табиғатының тереңдігін тани бастайсың.
Адамдардың жан-жылуын сағынған Мұқағали поэзиясы өмірге қарай ұмтыл­ған – сезімнің тасқыны болса, Жұмекен шы­ғармалары сол жалғаннан қашып, жал­ғыздығын іздеген адамның – жан сы­ры. Көңіл-күйің аласұрып тұрған мезгілде Жұ­мекенді оқу мүмкін емес. Ақын өлең­дерінің тұңғиығына бойлау үшін жанның ты­ныштығы керек. Қызыл түлкідей алда­ған дүниенің жалғандығына көзің жетіп, өкінішсіз өлім үшін де даналық керек екенін түсіне бастаған шағыңда, өмірдің ұй­қысынан оянғандай болып, жаның жа­бырқап, көңілің мазасызданып Жұмекенді із­дейсің.
Табиғат-Ананың бесігінде тербетіліп, жүрегін жалғыздық жұбатқан кез-келген пенденің өмірі бір жалт еткен түспен тең. Пен­делік санадан биік тұрған ақындардың ғана біздің түсімізден басқа өмірдегі болып жатқан құбылыстарды көре алатын көріпкелдік қасиеті болады.
Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып
Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып,
талай жорттым жолсызбен,
айдалада ақ тымық,
барабанын құлақтың тыныштыққа шақтырып.
Тыныштық па?
Бәлкім, үн-дыбыс шығар бұ-дағы,
ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы?
Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен,
бір құпия келісім тапқан сынды болды әлем.
Түсініксіз құр сыбдыр:
ескі құран парағын
аударғандай әлдекім – елең қағып қарадым.
Темірқазық жұлдызын белгілеп ап сонда мен
талай-талай үйлерге адасқан боп қонған ем.
Шындығында күндізгі өмірдің жа­рығы – алдамшы құбылыс. Мәңгіліктің сәу­лесі тек түннің қараңғылығында ғана ас­панға жарқырап шығады. Күннің қы­зы­ғына алданып, түннің келетінін, өмір­дің тәттілігіне малданып, өлім сағатының со­ғатынын ұмытуға әсте болмайды. Өмір­дің емес, өлімнің мәнісіне терең үңіле ал­ған адам ғана Құдайлық сәулені табады. Өйткені, ол сәуле аспанда емес, адам жа­нының тереңінде жасырынған.
Жұмекен адамдық болмыстың қой­нау­ларын қопарып имандылықтың нұры­нан жаратылған сол сәулені тапқысы ке­ле­ді. Әрине, оны табу оңай емес. Ол үшін қай­сарлық пен күрескерлік керек. Екі мі­нез де Жұмекеннің шығармашылық та­биғатында молынан болғандықтан, адам­танудың топырағын терең қазған ақын қазақ поэзиясы үшін көп жаңалық ашты.
Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай,
біреулердің жүр бізде сыртына іші жараспай:
адалдықтар туралы таңдайынан мал тамып,
арамзалар айтады, және ғажап айтады.

Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай,
біреулердің жүр әлі сыртына іші жараспай:
Жомарттықтар туралы таңдайынан
май тамып,
тас сараңдар айтады, және әдемі айтады.

Жараспай-ақ келеді-ау, бізде көп іс, көп тірлік:
қанжардағы топастық,
қырғыштағы өткірлік…
Қараңызшы өзіңіз, қонар ма еді ойға аса
бұлбұл құстың үнімен жапалақтар сайраса.
Жұмекен көп құпияның шындығын айт­қысы келген құмарлықтан ішкі әлемі өр­теніп бара жатқан, жаны отқа оранған ақын. Тек ақын ғана емес, танымның бас­қа өлшемдерін ашқан – рухтың төң­керіс­шілі де еді ол. Мұқағалидың жырлары се­­зім­нің жалынында жанып жатса, Жұ­ме­кен поэзиясы рухтың тереңдігінде тұншықты. Сезімге жақын Мұқағали жа­ны қиналған шағында көкке қолын созып жалбарынып, Құдайдан көмек күтті. Жұ­ме­кен болса өмір теңізінің тереңінде жа­сырын­ған әлемнің жұмбағы арқылы на­ғыз Құдайды табуға тырысты. Алланың алыс­та емес, екі аяқты пендесінің жүре­гін­де өмір сүретінін білген ақынды адам мен оның тағдыры, адам рухының жұм­бақ­тығы көбірек қызықтырды.
«Жүрегіңе үңіл де жаза бер», – дейді Се­не­ка. Жұмекен жүрегінің түбіне терең бой­лай алған ақын. Қоғам мен адам, әді­лет пен қиянат, ізгілік пен зұлымдық, адам­гершілік пен жауыздық, адалдық пен сат­қындық туралы айтқысы келген ақын ойларының бәрі де жазған шығар­ма­ла­ры­нан көрініс тапты. Ештеңені жасырмай, ақиқатты қазып, адам туралы, қоғам туралы көңіліне түйген шындығын айтты.
«Бар айтарым, арзан атақ әперме», – де­ген Жұмекеннің атақ пен даңққа құ­март­пағанына шын сенесің. Өнерге бе­рілген адал­дығы мен әділеттің ақ жолынан тай­маған рухының қайсарлығы ақын сөз­дері­нің растығын дәлелдей түскендей. Ақын­ның алдамшы атаққа құмар бол­мауы­ның себебі түсінікті де. Атақ пен даңқ­қа ұмтылған адам өзін амалсыздан то­бырдың құлдығына сатуға мәжбүр болады. Құлдық мінездің құрған қақпанына түсіп қалмай, тобырдың шалшығынан аулақ жүрген ақын жүрегінде ғана нағыз шығармашылық туады. Атаққұмарлықтың жарығы адамның көңіл көзін соқыр қы­лып тастайды. Алған атақта емес, ой жаң­ға­ғын шаға білген сөзде ғана өнердің сал­­мағы қалатынына сенген ақын өзінің адамдық болмысын зерттеп, жанының жұмбақтығы мен тереңдігі жайындағы көңі­лінің күйін шерте отырып, көп жаңа­лық ашады.
Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,
бір тазартып алайын көңілімді.
Жалаңаштап жанымды көрейінші
Жетпей жатқан жерімді, не мінімді,
төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді.

Жалаңаштап көрейін бәрін, бәрін.
қанша менің, байқайын, халім барын.
Өңменімді өзімнің тексермеп ем
өлеңімнің мінінен арылғалы,
көрейінші тәптіштеп бәрін, бәрін.
Адамдық табиғатының лайланба­ға­ны­на, ішкі әлемінің тазалығына, жазған өлең­дерінің нағыз өнер туындылары еке­ніне күдіктеніп, сын көзбен қарай алатын ақын­ ғана асқар ойдың биігіне көтеріледі. «Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес», – де­ген Абай сөздерінде қандай мөлдірлік жа­тыр десеңізші. Дәл осы тұрғыда Жұме­кен шығармашылығындағы ой ағысы Абай рухымен керемет үндестік тапқан. «Кө­рейінші саралап: менің ішім кім-кім­дерге жамандық ойлады екен», – деп өзінің жа­­нын тергеген ақын арамдыққа был­ған­са, жалғыз өмірін де құрбандыққа шалудан тайынбайды.
Бәрін, бәрін өзімнен бастайыншы,
бата берші, Адалдық, ас қайыршы.
Арам болса жүректі тасқа ұрайын,
жарылсын ол бір тамшы жастай ыршып,
сүйтіп бәрін өзімнен бастайыншы.
«Алдымен өзіңді танып ал», – деген жоқ па еді Сократ хакім. Ал өзін тану үшін адам­­да өз мінін көре алатын үшінші көзі болуы керек. Өзгенің мінін байқау қан­ша­лықты оңай болса, өз мініңді көріп, одан жиіркену данышпан Толстой, ке­мең­гер Абай, парасаты биік Мұқағали мен Жұмекендердей ақындардың бойында ғана болатын – ұлы қасиет! Таза екенін ай­тып, ант-су ішіп жатқан ақындардан гө­рі арам болса жүрегін тасқа ұруға дайын Жұ­мекеннің ар-ұятының алдындағы адал­дығы көбірек оқырманды иландырады. Өйткені ол өнерге деген адалдығын р­у­хының биіктігімен, өтіріктің алдында ба­сын имейтін қайсарлығымен, әділеттің сө­зін сөйлей алатын өжеттілігімен, шын­дық­тың жолынан таймайтын өжет­тілі­гі­мен дәлелдеген ақын.
Совет заманында қос ақынның шы­ғар­­­маларына лайықты бағасы берілген жоқ. Алайда, ол мүмкін де емес болатын. Өйт­­кені, ондай бағаны беру үшін талай дү­­ниені қопарып, қоғамдық тәртіп тиым сал­­ған талай шындықтарды қопаруға тура келер еді.
Жұмекен шығармашылығындағы па­ра­саттың байлығы мен ақыл-ойдың ке­мел­дігі таң қалдырады. Бұл жағынан қа­зақ ақындарының ішінде Жұмекенмен ұл­тымыздың кемеңгері Абай ғана теңесе ала­ды. Мықты ақын болғанына қара­мас­тан Мұқағалидың ақыл-ойы да дәл осындай тереңдігімен даралана алған жоқ. Мұ­қағалида көбінесе сезімнің, Жұмекенде ойдың отты құйыны жаныңды үйіріп әке­теді.
Қоңыр дәптер,
ойларымды жаныма батқан кілең,
саған айтам, өзгелер мақтанды дер.
Адаммын ғой, мен сейф емеспін деп
сенен өзге айтпайын мен ешкімге.

Қоңыр айдын, қазымды қомсынсаң ал,
ойларымның аққуы қонсын саған.
Аққуымның, ырғалшы түртіп төсін,
бірақ біреу сөз айтып үркітпесін.
Гетенің өмір жолына назар салсаңыз, тап осындай творчествоның халық пен ке­меңгердің бір-бірін жақсы түсінген биік парасатының арқасында дүниеге кел­ге­ні­не көзіңіз жете түседі. Неге екені бел­гісіз, біз­де бәрі де керісінше болып жатады. Ті­п­ті, өл­ген­нен кейін де нағыз таланттарымыздың ба­лағынан тартып төмендеткіміз келіп тұратын қиямпұрыс мінезден арыла ал­май-ақ қойдық. Міне, Мұқағали мен Жұ­мекеннің дүниеден өткеніне 40 жылдай уақыттың жүзі болды. Өкінішке қарай, екі ұлы ақынымыздың әлемдік әдебиеттегі Гомер, Данте, Байрон, Шекспир мен Ге­телердің қатарындағы өздеріне тиесілі ор­нын әперу үшін біз әлі күнге дейін шөп­тің басын да сындырған жоқпыз. Амал нешік? Ішіміз удай ашып, намыссызды­ғы­мызға күйінгеннен басқа қолдан келе­тін шара да қалмай барады…
Қарға құсап түрткілейсің қоқырды,
шикіл сары балапаннан сескеніп,
көрмей жүрсің:
қыран қашан өскелі,
ей, сормаңдай соқырлық!

Жоқтық жаншып тастаған-ау санаңды,
тайраң қақтың тары тапсаң жарты қап.
көз алдыңда тау-қырман тұр жарқырап,
уайхай, шіркін надандық!

 

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.