Бұл Аралға Магелландар жеткен жоқ…
09.02.2018
1349
0

Толыбай АБЫЛАЕВ


Капитан, көк теңізге құштар жаным,
Кемеңнің берші маған штурвалын.
Көрдің бе, ұнамай жүр өзіме де,
Теңіздің тірлігінен тыс қалғаным.

Көрдің бе, көк теңіздің долы ашуын,
Азанмен азан-қазан… қарашы, үнін…
Толқыны туласа да, жасқанбаймын,
Өйткені мен теңіздің баласымын.

Тебендей көктеп өтер тереңдікті,
Шықпады-ау, шын теңізші менен мықты.
Сонда да еңсем биік ей, капитан,
Өзіңе ұқсап асқақ келем тіпті.

Түтінін бұрқылдатып балендоры,
Келеді кемем жүзіп әне, ендігі.
Тепсініп ақ толқынмен айқасатын,
Теңізде жүзгендердің бар ерлігі.

Қол бұлғап қалған айдай ару жаңа,
Мен сүйген салады еске жарымды о да.
Жырымды оқып әлде берсем бе екен,
Жиналған теңізшіге палубада.

Теңіздің ару таңы… тымық кеші,
Жаныма жолатпаймын күдікті осы.
Адаспай ақ дауылда кемем менің,
Келеді тау толқынды тіліп төсі…

Аралым
…Мөп-мөлдір мынау астында,
Алтын бар дейді Аралдың.
Қызықтан сірә, қаштым ба?!
Бір күні сүңгіп барармын.

Балықша жүзіп, жөнеліп,
Тереңге түпсіз жетермін.
Алтынға әлгі кенеліп,
Иелік өзім етермін.

Балдырға жасыл оранған,
Бақалшақ толы маңайы.
Нұр шашты алтын сәл алдан,
Қасында күміс… қалайы..

Тынышын жанның кетірме,
Су асты толған алтын бақ.
Ағыстың тура өтінде,
Арбайды көзді жарқылдап.
Мен туған бәлкім, Бөгенде,
Түбінде құмның жатыр ма?!
…Тып-тыныш, түпсіз тереңде,
Алтын бар!
Сыймас ақылға.

Жүземін шарлап маңайын,
Су асты келмес сирақтан.
…Батырған кеме талайын,
Қалды ма, әлде пираттан?!

Алтын бар Арал астында,
Мың жылдан кейін шығатын.
Қасқия сүңгіп тасқында,
Ап шығу соны мұратым.

Арнағам аңыз, сан жырлар,
Жүрмейін мейлі, қай жақта?!
…Үркектеп балық, балдырлар,
Жүзіп жүр осы аймақта.

Адамның қат бұл бұйымы,
Жап-жарық сәуле шашады.
Балықтың жүзген үйірі,
Тұс-тұсқа зулап қашады…

Толқынды теңіз түбінде,
Адамның қолы жетпейтін,
Саф алтын жатыр бүгінде,
Ешкімге мұнда өтпейтін.

Көз жауым қанша талғанмен,
Сол алтын жайы дерексіз.
Адамға керек болғанмен,
Балыққа мүлде керексіз.

…О жақтың қайтем жақұтын,
Іздемен босқа тереңнен.
Аралым менің бақытым,
Алтыннан артық көрем мен.

***
Сыймайтын ойға, қиялға,
Ол күндер қалды қиянда.
Оятқан кеме гудогы,
Жағалау жұртын жиі онда…

Сыбызғы сазды сиреньмен,
Шығушы ек атып үйлерден.
Айдынды бетке алушы ек,
Зымырап ізбен үйренген,

Бұл күндер ондай бола алмас,
Қайран шақ қайта оралмас.
Қолымыз күс-күс…
Су сорған
Жалаңаяқ… жалаңбас…
Тұрушы ек таңнан таңылып,
Сол күнді жүрмін сағынып.
Кемелер келе жататын,
Қайтқан бір құстай ағылып…

Теңізге біткен тектілік,
Қайда екен сол бір отты үміт?!
Кемелер келе жататын,
Толқынға толқын соқтырып.

Бейне бір қыздай үкілі,
Будақтап бозғылт түтіні,
Мамырлап маңдай тірейтін,
Кемелер портқа жұпыны…

Мотордың даусы күйсандық,
Қарамай, балдыр иісі аңқып.
…Мінекей, балықшы бауырлар,
Масайрап портта жүр шалқып.

Дүрсілдеп жүрек мұншалық,
Соққанда
Сағыныш-шын шабыт.
Келіншек көзі боталар,
Қолымен қартың күн салып.

Қарайды сонау кемеге,
Отырған ауыл төбеде,
Әкесін күткен күс табан.
Көкесін күткен немере…

Пушкиннің ізімен
…Жағалаудан кеткен ел көшіп-көшіп,
Адам үшін туған жер осы ұқ, бесік.
Есте «Алтын балығы» А.Пушкиннің,
Және шалдың астауы тесік-тесік…

Қалды көшпей төбеде бөлектеніп,
Көк теңізді құдды бір қорек көріп.
Күнде азанмен шал жалғыз ау салады,
Алтын балық алмақ па?!
Желөкпелік!

Ертегідей оқиға бұл дағы бір,
Теңізге кеп телміріп тұрғаны кіл.
Бәйбішесі ашулы, байғұс шалдың
Жамау-жамау бұтында сырмағы жүр…

Тірі жан жоқ маңайда тілдесуге,
Өмір бойы шал өстіп күн кешуде.
Төбесінде шарқ ұрып шағалалар,
Теңіз өксіп жататын іргесінде.

Шұрқ-тесік қайығы, сынық ескек…
Тағдыр өзі аларда қырына өстед.
Бәйбішесі үйінде азан-қазан,
Сыны кетсе аяқтың, сыры көшпек.

Құт қонбаған қолына өмірі оның,
Армандайды үйдің де кеңірегін…
Бәйбішесі байғұсқа долданғанда,
Бір қауызға сыйғызар төңірегін…

Ойламаған бір күні бұл іс болды,
Ауға түскен балықпен ырыс келді.
Ау торында шоршиды Алтын балық,
Шал маңдайдан сүртеді күміс терді…

Шұрқ тесік қайықта шолпыл қағып,
— Тілегіңді берем, — дер Алтын балық.
— Теңізіме босатып жібере гөр!
…Әңгіменің шал тұрды артын бағып.

…Көк теңізге жіберді шал балықты,
Мұны есіткен кемпірі зарланыпты:
-Бүтін астау, зәулім үй бүгін керек,
Тілегіңді айт!
…Жер теуіп ол жанықты.
…Теңіз тыныш жатады демін алып,
Шал балыққа айтады жөнін анық.
-Қадірменді қариям, қайт үйіңе!
Астау мен үй болады,-деді балық.

Бәйбішесі кірлетіп Адам атын,
Сонан бастап жоғалтқан қанағатын.
Осы аймақта атанып патша қатын,
Билеп тұрды ақырып жамағатын.

Тойымсыздық жатқызсын тыныш қалай,
Көзді арбайды хрусталь ыдыс талай.
Алтын балық жүзсін деп қол астымда,
Кемпір енді соқтырды күміс сарай…

Кемпіріңе мейірімді Құдай неткен?!
Шалға ызғарын бәйбіше былай төккен:
– Алтын балық қызмет қылсын маған,
Аквариум соқтырдым шыны әйнектен.

…Мұңаяды шал үнсіз жағаға кеп,
Алтын балық күндегі соға ма деп.
Үйге келсе… баяғы салтанатын,
Кемпір енді жоғалтып болады әлек.

…Шалқар теңіз.
Шоламын жан-жағымды,
Алтын балық қапса егер қармағымды,
Бәйбішесі сияқты әлгі шалдың,
Мен де айтар ем шіркін-ай, арманымды!

…Арал теңізінде жүз шақты ірілі-ұсақты аралшықтар бар.
(1970 жылдарғы жағрафиялық деректерден).

…Оныншы арал,
…жүзінші арал іргемде.
Көп мақтанып,
Көтермеймін құр кеуде.
Қарғыс атқыр, аралдарды іздейтін,
Христофор Колумб керек бұл жерге.

Кипр емес… Гавай емес көкпеңбек,
Құлаш ұрып құр іздеппін тектен-тек.
Атлантта азып-тозған, тәйірі,
Бұл аралға Магелландар жеткен жоқ.

…Кактусы жоқ,
жоқ апельсин… бананы,
Қайтқан бағы Аралдың жүз аралы.
Жалғыз көзді боцманы бар болса,
Колумб көкем өзі-ақ іздеп табады…

Бұған дейін білмей келген екенмін,
Мен табар ем…
Өткізіппін бекер күн.
О, аралдар, қайдасыңдар сен бүгін?!
Қай тұсында қалдың көшкен мекеннің?!

Шхуналар жүзген шалқар айдыны,
Дауылдарда жоқ ықтайтын жайлы ығы.
Бұл аралда арамдық жоқ, аяр жоқ,
Жердегідей жоқ адамның маймылы.

Оған барып не рахат табасың?!
Білем, білем, картадан тек шамасын.
Бостырғанда тағдыр желі талайды,
Ешкім мұнда тастамаған моласын…

Алтын түгіл,
Көре алмайсың қоланы,
Ит алғысыз изені мен сораңы.
Кісі аяғы баспаған жер ешқашан,
Күміс қанат шағалалар қонағы…

Аттанбасам,
Мендей қайсар ұлға мін,
Аралдарда білем тылсым сыр барын.
Жүзіп барып,
Үзіп… талып үн-түнсіз
Жүз аралдың шешем бүгін жұмбағын…
***
«…Ертеңі бұл ауылдың жоқ…» деседі,
Күні өткен көк теңіздің кеп-кешегі.
Отырса, түргелсе де «ойпыр-айлап»,
Он бес үй өзегінде от көшеді…

Өлімнен басқасына өзгересің,
Шарасыз шатынаған көз көресің.
Тоғыз балл тоз-тоз еткен капитандай,
Бұл ауыл тастай қашқан өз кемесін…

Сәуледей кешегісі ғайып таңғы,
Баптаған бәйге атындай қайықтарды…
Бәрінен қимайтыны, ел шетінде
Бір тайпа жетімсіреп бейіт қалды…

Көгертем деп құлшынған көсегемді,
Жат жерге жазған шығар пешенеңді.
Көк түрік сияқтанып азан-қазан,
Алысқа… Көнебөген көшеді енді.

Мұнартқан жұмбақ шаһар мұң бойлатып,
Көшпейді Құлагерін қырда ойнатып.
Көшеді жауар бұлттай жазғытұрғы,
Көшпейді кернейлетіп… сырнайлатып…

…Теңселтіп тентек желі теріскейдің,
Қаусатты керегесін келісті елдің.
Көшкен үй қонысында қалды жылап,

…Ұшты-күйлі үйрегі… шағаласы,
Жабырқаулы кешті күн жағам осы.
Құлаққа шалынбайды құстың үні,
Қай жақтан қанаттымды таба аласың?!

Қай жаққа қас-қағымда қақты қанат?!
Жылдарды жоғалттым-ау, жоқты қарап.
Құрбаны етер едім сол күндердің ,
Мас қылған мен өзіңді тәтті шарап.

Күміс қанат құсым-ау, ақ бауыры,
Жадымда шағаламның қапты-ау, үні.
Сені де сергелдеңге салды ма екен,
Сиғызбай сұм өмірдің от дауылы.

Парқына жеткізген бе, патша-ғалам?!
Таппадым Алматыдан… Астанадан…
Аралдан пана таппай…
Алакөлге,
Кеттің бе, бауыр басып ақ шағалам?!

***
Таппаймын бір сәт байыз да,
Теңізде туған баламын.
Торталар жүзген тайызға,
Тоқтамай жүзіп барамын.

Кетемін еріп жайынға,
Кемелер жүзген көк теңіз.
Қайтемін босқа қайырда,
Арманым ұшан, cөкпеңіз!

Айтайын мұны мысалға,
Кінә артпа маған ол үшін.
Бекіре жүзген ұшанда,
Болады менің өрісім.

Тереңде талай өлген ер,
Тайыз жан қалған өлеңде аз.
Аз емес қызық мен көрер.
Айдында жүзіп келем мәз.

Мен сүйген осы Тереңдік,
Өрілсін өршіл өлеңмен.
Өмірге енді келер жұрт,
Іздеңдер мені тереңнен!

***
…Достан… бауырдан,
Қашқан ауылдан,
Кешпеймін өзімді,
Не істеймін сезімді?!

Жақын қып тұратын,
Ақындық мұратым.
О күнгі бірге қыз,
сөгілді іргеміз…

Теңізім тоналды,
Көп ізім жоғалды…
Шадыман шақтарым,
Сағынам… таппадым…

Құм басып кемеміз,
…Қырды асып келеміз.
Шын ғашық емес пе ек?!
Құр қашық белес көп.

Жеткізбес көктемдер,
Өткізбес өткелдер,
…арада қанша ақты?!
Төзімді шаршатты,
Өзіңді аңсатты.

Жүзіміз нұрлы ерек,
Ізіміз мүлде жоқ…
…Табынтып елесің,
Сағынтып келесің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір