Адамтануға ұмтылыс

0
87 қаралды

Серік Қирабаев


Шындықты тану мен оны көркем бейнелеудің әртүрлі жолдарын іздестіру соңғы жылдардағы әдеби процестің елеулі ерекшелігі болып табылады. Сондай жолдың бірі – шындықты шартты уақиғалар мен аңыздық сюжеттер негізінде ашып, сол арқылы бүгінгі адам өмірінің маңызды проблемаларын қозғау, ұқсас жайларды суреттей отырып, жалпы адамға тән гуманистік, күрескерлік қасиеттерді көрсету. Шындықты танудың бұл жолы әр қилы фактілер арқылы адам тіршілігінің әлеуметтік-адамгершілік негіздерін танып, құбылыстың ішкі сырын, философиялық мән-мағынасын ұғуға жол ашады. Сонымен бірге шындықты типтендірудің өзгеше тәсілі есебінде ол жазушыны жадағай натуралистік суреттеуден сақтандырады, өмірді аллегориялық образдармен бейнелеп көрсетеді. Соңғы жылдардағы совет әдебиетінің бірталай шығармалары (Ш.Айтматов, В.Астафьев, В.Распутин, М.Карим,Ю.Рытхэу, Ю.Шесталов, т.б.) бұл саладағы одақтық тәжірибенің қалыптаса бастағанын мойындатады. Мұндай тәсілдің біздің ұлттық әдебиетімізде бой көрсете бастағаны да көзге түседі. Марал Ысқақбаевтың «Ұят туралы аңыз» атты кітабы осы тұрғыдағы жаңа ізденістің бірі есебінде бағалы.
Шынын айтсақ, мұндай тә­жі­ри­бе қазақ әдебиетінде бұрын да бол­ған. Аңыздық сюжетті жырлау не­гізінде адам өмірінің бүгінгі проблемаларын көтеру, оның күрес­кер­лік, гуманистік қызметін бейнелеу Ә.Тәжібаевтың поэмалары мен дра­малық шығармаларында бірқатар кө­терілген тақырып. Бірақ, ол кез­де­гі сын әдебиеттегі шарттылыққа, аңыз­дық, фольклорлық сюжеттерді пай­далануға сенбестікпен қарады, оны бүгінгі өмірді жырлаудан «бой тар­тудың» жолы деп түсіндірді. Мұн­дай ұғымдар реалистік әде­биет­тің поэтикасын шектеп, жазу­шы­лық ізденістің әр салада өріс­теуі­не бөгет болғанын бүгін ғана анық түсінгендейміз. Көркемдік бояу­дың алуан түрлілігі сияқты, әде­биеттің тәрбиелік, өмір таныт­қыш­тық сыры да сан қырлы екенін өмір­дің өзі дәлелдеп отыр. Мәселе шы­ғарманың формасы мен оқиға­сында емес, жазушының твор­чест­во­­лық позициясында. Осы тұр­ғы­дан қарағанда ғана М.Ыс­қақ­баев кі­табының көркемдік маңызын то­лығырақ ұғуға болады.
Марал халықтың поэтикалық дәс­түрін бойына берік сіңіре отырып, суреттеліп отырған оқиғаларды бүгінгі заман шындығымен іштей бай­ланыстыруда елеулі табыстарға жет­кен. Оның шығармаларының сю­жеттік негізінде сол халықтың ру­хани-эстетикалық ұғым-түсінігі, оның бүгінгі заманға ұласуы көрі­не­ді. «Ұят туралы аңыз» повесін аңыз­дық сюжетке құра отырып, соның негізінде жазушы адам баласын өмір бойы толғандырып келе жат­қан бүкілхалықтық проблеманы – зұлымдық пен адалдықтың күре­сін бейнелейді. Ертегілік оқиғаларға нақты адам әрекетіне лайық сипаттар береді. Дүниені же­ке дара билеуші Тәңірі де, оның пе­ріштелері Шапағат пен Кесепат та Марал повесінде аңыздық күйден көркем бейнеге айналады. Адам тір­шілігіне тән жақсылық пен жа­ман­дық атаулының символына ай­налған екі періштенің іс-әрекет­терінде, ой-пікірінде де нақтылық бар. Әсіресе, адамның досы, оның бойына жақсы қасиеттер егу үшін күресуші Шапағат жақсылықтың жар­шысы есебінде көрінеді. Ол Адам ата мен Хауа ананы жақтайды, олар­ды өмірдің иесі санайды, тір­шіліктегі ең кемел сұлулықты да адам бойынан табады. Шапағаттың сұрауымен Тәңірі адамға ақыл бе­реді, жыртқыштармен күрескерлік қабілет дарытады. Ең соңында Ша­пағат Тәңіріден адамға сезім беруді, оның бойына ұят ұялатуды сұрайды. Сол арқылы адамдар арасындағы бауырластықтың, жаны ашу, ұялу, имену сезімдерінің молаюын ті­лей­ді. Мұның негізінде үлкен гуманис­тік идея жатыр. Ал, адамдарға ұят үлес­тіре бастаған кезде Кесепаттың қос шеңгел ұятты қағып әкетуі ар­қы­лы адам бойында әлі де жетпей жүрген қанағатсыздық, ұятсыздық­тың кейбір көріністері бейнеленеді. По­весте жалпы адамдық проблеманы гуманистік тұрғыдан шешуге ұм­тылыс анық байқалады.
«Ғажайып бала» повесінде Марал өмірде сирек кездесетін құбы­лыс­ты – ғажайып баланың өміріне қа­тысты жайларды шығармаға ар­қау етеді. Жеті айлығында тілі шы­ғып, он айлығанда екі тілді бірдей мең­герген, төрт жаста «Абай жолын» оқыған, ой-санасы ғажап тез­дікпен өскен бала өмірінің жай-күй­­лерін реалистік мәнерде су­­­­­­ре­т­тейді. Оның өміріндегі ерекше құ­былыс екеніне оқырман назарын ау­дарады. Алайда, шығармадағы өмір шындығы бір баланың өміріне қатысты деректермен шектеліп қалмайды, соның негізінде баланы қоршаған орта, адамдар тіршілігі, тартысы ашылады. Аусардың ға­жайып өміріне қоса біз оның маңын­дағы адамдар арасындағы күр­делі қарым-қатынастарды, шы­тыр­ман өмір сырын көреміз. Мыр­за­тай-Қабира-Мұсахан қатынас­тарына ортақ тартысты танимыз. Осы қатынастардың шиеленісі елді таңқалдырған ғажайып баланың тағ­дырына жанаса өрбіп, соның бо­ла­шағымен байланысты ше­ші­леді. Кейбір пенделіқ қасиеттер қақ­тығысып, бірін-бірі қағып-со­ғып, мұқатып, ақыры адам баласын сирек кездесетін құбылыстан – данышпан баладан айырады. Шығар­ма­ның шешімі тосын болғанмен, ұтым­ды. Бұл шығарма да, түптеп кел­генде, Маралдың алғашқы пове­сіндегі зұлымдық пен адамдық сезім­дердің күресі арқылы бейнеле­ген гуманистік идеяларды толық­тыра түседі.
Асылы, Маралды әдеттегі тірші­лік­тен оқшаулау, өзгешелеу, сирек құбылыстар көбірек қызықтыртын сияқты. «Көңіл жұбанышы» пове­сі­нің геройы Нәкәлім де көпке таныс емес, тосын, оқшаулау тіршілік­тің адамы. Сырт пішіні де көз тар­­­тарлық емес. Елмен араласы да жоқ. Өмірде үлкен идеал ұстанбаған адамның жұпыны тіршілігін жазушы нанымды суреттейді. Оның өзі сияқты, ең­бегі де қарапайым – қойманың қа­рауылы. Жасынан өмірден қағажу көріп, жасқаншақ боп, онымен бел­сенді күресіп өспеген адамның тір­шілігі сырт көзге қанша қызық­сыз болып көрінсе де, оның өзіне тән рухани өмірі болмауы мүмкін емес. Нәкәлімнің рухани сүйеніші – гармоны. Гармоньды ол жұмыстан бос уа­қытында ермек етеді, көңілін кө­тереді, тіршіліктен таппаған көңі­лі­нің олқысын сонымен толтырады.
Повесть оқиғасына қозғалыс бе­ріп тұрған да – сол гармонь. Көр­ші үйдегі тойға уәделі музыкант кел­мей қалып, амалсыз Нәкәлім ша­қырылады. Сол үйде ол өзінің бұрынғы әйелі Дүниямен кездеседі. Бұдан кейінгі оқиғалар лирикалық шегініс арқылы дамиды. Байдың ерке, сұлу қызы Дүния ұстамсызды­ғымен атағы шығып күйеусіз қалады да, аяғы өз үйінің бұрынғы жалшысы Нәкәлімге тиюге мәжбүр болады. Кейін Дүния онымен де ұзақ тұ­ра алмайды. Көрші үйдің қызы – тұрмысқа шығып жатқан бала – Нә­кәлім мен Дүнияның ортақ баласы. Осы кездесу негізінде бірік­пей­тін, үйлеспейтін екі түрлі адам­­ды кездестіріп, қайта айырған тағдырдың шытырман шындығы суреттеледі. Маралдың жазушылық стилі де шындықты жұпыны тірші­лік­тің көріністері арқылы ашуға негізделеді.
Аталған үш повестен басқа кі­тап­қа «Базар тарқар», «Сұрқылтай», «Әзіл» атты үш әңгіме кірген. Бұ­лар­дың бәріне ортақ сыпат – шығар­ма оқиғасын автордың кейіпкердің іс-әрекеті арқылы дамытуы. Бүкіл әңгіме нақты бір адамның мінез-құл­қын, кейпін ашуға құрылады. Ба­ла орнына ит баққан әйел Қалам­пыр да, кезінде кездейсоқ көтеріліп, өмірден сырылып шыққан, енді арыз­қойға айналған Сәлімбай да, әзі­лімен қылмыскерлерді үркітіп жүрген Сережа да бұл әңгімелерде жап-жақсы типтік бейнеге айналған. Осылармен қарым-қатынастағы өмірдің шындығы арқылы Марал образ дамуының заңдылығын нақ­тылайды, суреттеліп отырған оқи­ғаға өз көзқарасын танытады. Ал­ғаш­қы әңгімеде баласыз әйелге көп балалы Жәмиланы қарсы қою нышаны бар. Сонымен бірге ол Қалам­пырдың күйеуі өліп, итімен ғана қал­ған кездегі ойларына себеп те бо­латын сияқты. Шындықты реа­лис­­тікпен бейнелей отырып, ұнам­сыздыққа қарсы белсенді позиция танытқан жазушылық көзқарас та осы әңгімелерден анық байқала­ды.
Марал шығармаларының тілі жатық, бейнелі. Жазушы тіл образ­дарын не жайдақтамай, не үсті-үсті­не үстемелемей, жинақты пайдаланады. Оның суреттері де, баяндау мәнері де көңілге қонымды. Өзіндік үні бар. Кейіпкер тілін даралау мен оны характер үлесіміне ыңғайлас­тыра беруде де автордың жап-жақсы ізденісі танылады.


Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

МАРАЛҒА

Мал бермей және ешкімнен қалап мал алмай,
Маң-маң басасың, маңғазым менің, Маралбай.
Көлеңкесі ұзын көрінесің ылғи сен маған,
Мұңды мұхитта оңаша тұрған аралдай.

Биіктің ұлы, биік ұстадың еңсені,
Арман мен ойдың бола да қоймас өлшемі.
Менен бір он жас кіші шығар деп ойлаушы ем,
Мөлдіреп тұрған кейпіңе қарап мен сені.

Байқайсың ба, інім, жүре білгенге жол ауыр,
Жеткізбейді екен қиялшыл ауыл, сол ауыл.
Қырықтың аға болғанындай-ақ отызға,
Қырықтан асу үлкен екен-ау едәуір.

Қарап бір тұрсаң, өмір жүйрік самолет,
Күшің де мығым, ішіңде ылғи жанады от.
Айтсам-ау дейтін сөздерің қандай көп сенің,
Шықсам-ау дейтін шыңдарың сенің және көп.

Бәрін де айтқын айтамын деген сөзіңнің,
Өзіңе аян өз жолың менен өз үлгің.
Бет алып шыққан шыңдарыңнан да, бауырым,
Жамандық емес, жақсылықты ғана сезінгің.

Жаныңда сенің Арманның әні, гүл әні,
Ырғалып тұрып, қырға алып жылда шығады.
Бұйра шаштарға қырау түссе де, бұйра шаш
Қыздардың көзін тартады-дағы тұрады.

Түрің де сұлу, жаның да сұлу – білемін,
Оқи білгенге сұлу-ау және жүрегің.
Елің ардақтап елу дейтұғын қақпаға
Айғайлап келіп атыңның басын тіредің.

Қанатты ойдан арылмас сенің дәу басың,
Көрінген алыс жұлдыздың алдан аумасын.
Астыңа мінген асау да жүйрік арғымақ,
Абырой мен Арман шыңына қарай зауласын.

Басыңнан құндыз, алдыңнан жұлдыз аумасын,
Ашылар күн бар, бұлт торлағанмен тау басын.
Сен жүрген өлке жер ұйық болып ылғи да,
Тұманбай ағаң сол жерден түлкі ауласын…
19 наурыз 1988 ж.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.