Мен жүріп өткен жол
02.02.2018
1584
0

Өзге емес, өзім айтам өз жайымды…
ҚАСЫМ.


Марал ЫСҚАҚБАЙ


Қазақ даласына 1932 жылғы нәубет келген шақта менің әке-шешем Жалаңаш деп аталатын сайда – өздерінің атажұртында тұрады екен.
Ол алап – Қордай асуы деп ата­латын жазықтың түстік жа­ғын­да, оншақты шақырым жерде. Әкем­нің айтуынша, отыз екінің қы­сына іліккен кезде аталас туыс­тарымыз жетпістей үй болған екен. «Сұрапыл қыстан жеті үйдің са­бағы ғана шықты» деп отырушы еді әкем. Олай дейтіндей-ақ бар. Әкем төрт ағайынды екен: ағасын «бай-құлақ» деп ұстап әкетіп, абақ­тыға жапқан, сол кеткеннен ол тірі қайтпапты. Әйелі мен екі қыз баласы үйде аштан өліпті. Іні­сі ертерек қырғыз асып кетіп, ажал шеңгелінен құтылғанмен, кейін 1943 жылы Қырымда не­міс­тер­мен соғыста өлді. Қарындасы Қор­дай ауданындағы ірі байла­ры­ның бірінің келіні екен, атасы 1928 жылы кәмпескеге ілігіп, әл­де­қайда жер аударылып кетке­сін, күйеуі екеуі мал-мүліксіз қаңғып қалып, қырғыз жаққа ауады да, күйеуі екі баласымен жолда аштан өле­ді. Өзі үлкен жолдың бойында тен­тіреп жүрген жерінде бір қыр­ғыз жігіт нанға бір тойдырып, аш­тықтан өзге міні жоқ жиыр­ма­ның үстіндегі сұлу келіншекке үй­леніп алады. Сөйтіп аман қа­ла­ды.
Ал әке-шешемнің 1932 жылы ал­ды онға, арты төртке іліккен төрт баласы бар екен. Сол зұлмат кесірінен олар әлгі балаларының бәрінен түгел айырылған. Қалың қай­ғыға оранып, соқа бастары со­пайып қалған екеуі, өзге ағайын­дары құсап, әдірә қалған Жалаңашты тастап, Пішпектің жо­лына түседі. Олардың жолшыбай көрген тауқыметін мен «Пенде ғұмыр» романындағы Өмірзақ пен Күлпән басындағы трагедия ретінде суреттегем. Әйтеуір өлмей тірі қалған бейшаралар 1934 жылы ғана елге қайтып оралыпты.
Бірақ қаңырап қалған баяғы Жалаңашқа емес, менің шешемнің төркіндері «қалқоз» боп ұйысқан ауылға келіп орын тебеді.
«Шешем төркіні» дегеннен шы­ғады, менің анам Қаламзия бір әке, бір шешеден ұлды-қызды он ағайынды. Әкесі Көрпеш ел ішін­де белгілі ақын болған кісі. Же­тісу­дың атақты екі салының бірі – Тәкен сал осы Көрпештің әкесі Көшердің туған інісі. Міне, осы Көрпеш ақын да сол жылы аштан өлген. Менің шешемнен өзге то­ғыз баласы да осы нәубеттің құр­банына айналған. Бір айта кететін жәйт – олардың бәрі де ол кезде балалы-шағалы, үйлі-баранды жан­дар. Шешемнің сол ошарлы туыстарынан тігерге тұяқ қалмай, тү­гел­дей қырылған. Тек бір сіңі­лі­сінен бір қыз тірі қалған екен, оны шешем отыз екі жылдан кейін 1964 жылы ойда жоқта 40-50 ша­қырым жердегі Ақтерек деген ауыл­дан тауып алды. Оған екеуі­нің егіздің сыңарындай ұқсастығы себеп болады, әйтпесе оның кім еке­нін қайдан білсін.
Сөйтіп, өз кіндіктерінен он бес бала өрбіткен менің құдандалы екі атамнан – екі әулеттен, айналып кел­генде, әкем де жалғыз, шешем де жал­ғыз қалыпты.
Сөйтіп, баладан да, бауырдан да тү­гел айырылып аңырап жүрген әке-шешем 1935 жылы қарашаның ая­ғында бір қыз көріпті, есімін Лә­ти­па қойыпты. Араға екі жыл салып, 1938 жылы қақаған қыста – 2 ақ­панда мен туыппын.
Наурыз келіп, күн жылынғасын, әкем байғұс: «Ұлымды өз үйіріне апа­рып қосайын» деген қазақы ті­лекпен Көкқаптал деген жердегі ата­лас ағайындарының қасына кө­шіп келіпті. Олар да «қалқоз» болып ұйысқаны белгілі.
Қазір Көкқапталда да, кіндік қа­ным тамған жерде де елді­ме­кен жоқ, тұрғындары 1950 жылда­ры қазіргі Кенен ауылына қоныс­тан­ған.
Менің балалық шағым өткен Көк­қаптал Сұлутөр сілемдерінің бір кең аңғарындағы жаннат төрін­дей ғажап сұлу, бар-жоғы жүз шақты үй сыятындай ғана жазық ойпатқа орналасқан. Ауылдың батыс беті бір­шама тегіс болып келеді де, бір­те-бірте биіктеп «Молалы» жазығы­на ұласады. Бұл – менің «О дүниенің ашық қалған қақпасы» дейтін әң­гімемде суреттелетін жер. Ал күн­шы­ғыс беті – атақты Ойжайлауға ұла­сатын биік тау. Ауыл шетінен тау екіге жарылып, үлкен аңғар ашылады. Табанында Ырғайтыға барып құятын кішкене өзен бар. Ол аты­раптың табиғатын мен «Кезек дүние» хикаятымда мейлінше қанық бояулармен суреттегем.
1944 жылы алты жарым жасымда оқуға кірдім. Төрт жылдық мек­тепті тәмәмдағасын, сол кездегі ау­дан орталығы Үлкен Сұлутөрдегі ор­та мектепте, интернатта жатып оқы­дым. Соғыстан кейінгі жылдар. Қай салада болсын жұмыс қолы тапшы. Жазғы каникулға шығы­сымызбен бізді колхоз жұмысына қуатын. Он жасымда-ақ бір жігіттің міндетін атқарған екем. 4 сыныпты бітірген жылы бақташы қарияға кө­мекші болып ауылдың меншік сиы­рын бақтым. Енді ойласам, таң­ғы бес-алтыда кеткеннен кешкі тоғыздар шамасында оралады екен­біз ғой.
Орта мектепті 1955 жылы тәмә­м­дағасын, Пішпек қаласына барып, Политехникалық институтқа құжат тапсырғам. Жолым болмады. Ауыл­ға қайтып оралып, әскерге кеткен бір жігіттің орнына Сұлутөрдегі ауыл­дық кітапхананың меңгерушісі бол­дым. Бірнеше мың қазақша, орыс­ша тамаша томдар жиналған кең бөлменің ішінде жалғыздан-жал­ғыз отырып кітап оқығаннан бас­қа не бітіресің. Сөйтіп, Алла Т­а­ға­ла маған бір жыл бойы әлем әде­биетінің інжу-маржанын еркін сүзу­ге мүмкіндік жасады.
1957 жылы ойламаған жерден не­мере ағама ілесіп, Теміртау қала­сы­на кеттім. Онда Қазақстан Маг­нит­­касы дейтін зәулім домна пеш­тері салынып жатқан еді. Сонда жү­ріп, бірнеше құрылысшы ма­ман­дығын игердім. Еңбек кітапшамда «4-разрядты ағаш ұстасы, 5-раз­ряд­ты бетоншы, 5-разрядты тас қа­лау­шы» дейтін жазулар бар.
Ол кезде «жоғары оқу орнына түс­кісі келетін жастарға міндетті түр­де екі жыл өндіріс саласында жұ­мыс істесін» дейтін талап қойы­ла­тын. Менің енді ол талапқа толық жауап бере алатын жағдайым бар. Сөйтіп, 1959 жылы бүгінгі әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетіне түсу үшін Алматыға кел­дім. Менің студенттік жылдарым тынымсыз ізденіс, үлкен еңбек үстінде өтті. Оқуға түсуді армандап, са­ғынып жеткенім бар, ақыл тоқта­тып, есейіп қалғаным бар, сабақ мен үшін бірінші кезекте тұрды. Бір жақ­сы жері – мектепте жүріп оқы­ға­ным бар, кітапханада оқығаным бар, менде филология факультетіне түскен студент үшін таптырмас ол­жа саналатын үлкен қор бар еді. Қа­зақ әдебиетінің жауһарларын оқып үлгіргенім таңырқайтын нәрсе емес шығар, ал енді орыс әдебиеті мен шетел әдебиетінің университет бағ­дарламасына кіретін туындыларын түгел дерлік оқығаным – күтпеген «кереметім» еді. Құдай-Тағала бұдан артық не көмек жасасын!.. Ал, мұ­ның пайдасы мен үшін ұшан-теңіз болды. Мұғалімдер дәріс оқып тұр­ғанда, таныс шығармаға жасалған тал­­даулар менің көкейіме оңай қо­нақ­тайды, оның келісетіндерімен іштей келісіп, келіспейтіндерін көңі­ліме түйіп отырамын. Сон­дық­тан, өзге балалар емтихан алдында қалың-қалың романдарды қалай тауысарын білмей жанталасып жүр­генде, мен жағам жайлауда күй ке­шіп, бұрын оқымаған керектілерін ғана сүзіп шығам. Соның арқасында уни­верситетті төрттік баға көрмес­тен, қызыл дипломмен бітірдім.
ІІ курсқа көшкен күзде шешем ауыр науқасқа ұшырап, Алматыдағы онкологиялық ауруханаға түсті. Ал­ғашқы жарым марқұм Аңсағанды ІІ курста кезіктіріп, бір-бірімізге көңіліміз құлаған кез еді. Екі-үш ре­т ілестіре барып, анама таныстыр­ғам.
ІІІ курсты бітірген жылы ауру мең­деген анам сол қызды келін ғып тү­сіріп бер деп қиғылықты салды. Бұл 1962 жыл еді. Сол жылы ортаншы інім Тоқан да Ауылшаруашылық инс­титутына түскен. Ал тетелес немере бауырым Сауда техникумында оқитын. Сонымен бір үйден, менің келіншегімді қосқанда, енді төрт сту­дент оқитын болдық. Ауру шеше­мізден ұзай алмай, әкеміз жұмысты қойған. Үйде жетінші сыныпта оқитын кенже інімнен өзге үлкен кі­сілерге қолғабыс тигізер жан жоқ. Күн көрістің жағдайы мүлдем қиын­дап кетті. Қолдағы азын-аулақ мал­дан өзге табыс көзі және жоқ. Сонан соң ІV курстан кейін оқуды доғарып, сырттай жалғастырайын деп шеш­тім. Елге барып, ол кезде атағы бү­кіл Қазақстанға дүркіреп тұрған «Рославль» совхозының орталығын­дағы – қазіргі Мәтібұлақ ауылын­дағы орта мектепке орналастым. Тың көтеру кезінде Жамбыл ауданы қарамағына өтіп, совхоз орталығы орын тепкен бұл атырап – әуелде Қордай ауданына қарасты жер ғой, кәдімгі Кенен атамыз туып-өскен жер, ешқандай жаттығы жоқ. Қуық­тай-қуықтай кішкене екі бөлмелі үй беріп еді, ата-анамды көшіріп апарып, бір жылды сонда өткердім. Ке­­лесі оқу жылында нәрестесінің кү­тіміне бола бір жылға демалысқа кет­кен мұғалім әйел жұмысқа қайта шы­ғатын болды да, аудан мені ша­қы­рып алып, Ақтерек орта мек­те­біне орыс тілі пәнінің мұғалімі етіп ауыстырды. Еш қиналғам жоқ, өйт­кені келіншегім де сол жазда оқуын тәмәмдаған, оған да бұл мектепте орын бар екен. Туған ауылымызда отыр­мағасын, бізге бәрібір. Аяқ-қо­лы жеңіл жас мамандар есебінде шал-кемпірімізді алып, енді біз сон­да көштік. «Қырық қыз» хикаятым осы ауылдың өмірінен алынған. Күз­ге салым, тамыз айының басында, аудандық оқу бөлімінің басшысы мені тағы шақырып алып, сол кездегі жаңа салынған жұмысшылар кен­ті Горныйдағы орта мектептің ди­ректорының оқу ісі жөніндегі орын­басары қызметіне тағайын­да­ды. Тұрмыстағы туған әпкем Ләтипа осын­да тұратын. Мен ойланбастан ке­лістім де, тағы көштім. Сол жыл­да­ры осы ауылда менің «Шілде бас­­талғанда» деп аталатын хикаятыма тақырып болған комбинат салынып, іске қосылып еді.
Арада үш жыл зырлап өте шық­қанда, мені мектеп директоры етіп тағайындады. Жаңа мансапқа алданып, мұнда тағы үш жыл жүрдім. Сонымен, ең бір күш-қуатым мық­ты, өндіріп жазар – сегіз жылым мұ­ғалімдік қызметпен із-түзсіз жо­ғал­ды. Оқу жылы аяқталысымен, жас­тық шақтағы арманымды қуу үшін директорлық мансапты тап­сы­рып, бес баламды шұбатып, Ал­матыға көштім де кеттім.
«Таң атарда», «Көңіл жұбанышы» секілді хикаяттарымды, бірер әңгі­ме жарияладым. Бір күні «Қазақ әде­биеті» гәзетінің бетінде «Деталь. Шын­дық. Нанымдылық» деп атала­тын сын мақалам жарияланған. Бұл менің тұңғыш сыни еңбегім еді. Со­ны оқыған Сафуан аға мені ша­қы­рып алды да: «Мына мақалаңды оқып шықтым. Өте сауатты, жақсы жа­зылған дүние. Прозаны да, сынды да қатар алып жүретін бейімің бар екен. Сын жазуды тоқтатпа. Қай­та көбірек жаз. Сен өзің әде­биет­ке кештеу келіп отырсың ғой, жазу­шылығыңды мойындату қиын­дау соғады. Өйткені, әдеби орта се­нің прозаңды оқи бермеуі мүмкін. Ал сынды бәрі оқиды. Сондықтан тез таныласың», – деп ақыл айтты.
Тани бастағанының белгісі ғой, дә­режесі жағынан министрлік саналатын мемлекеттік Баспа коми­те­тінің көркем әдебиетті бақылай­тын бөліміне қызметке ауыстым. Екі ­жыл бұрын есігінен сығалатпаған баспалардың үстінен қарауға қол жет­ті. «Қырық қыз» деп аталатын тұң­ғыш кітабым жарық көрді.
Өмірде жаны жайсаң адамдар көп қой. Мойным оза бастағанға дейін­гі уақытта Құдай-Тағала мені сон­дай адамдарға жиі кезіктірді.
Комитет төрағасы Шерияздан Елеу­кенов – ұйымдастыру қабілеті жо­ғары әрі жан-жақты білімді, бас­тысы – кісілігі мол азамат.
Алматыға бес баламды шұбатып, үл­кен мақсат қуып келгенімді біл­гесін, әрі қабілет-қарымымды бай­қаған болу керек, қарамағында істе­ген екі-ақ жылдан соң, әуелі «Ор­бита» ықшам ауданында жаңа са­лынған бес қабатты үйден төрт бөл­мелі пәтер берді де, арада үш-төрт ай өткесін, «Қазақкітап» деп ата­латын республикалық бірлес­тікке Бас редактор етіп тағайын­да­ды. Бұл мекемеде бір-ақ жыл істедім.
Мүлдем дәметпеген жерден нә­сіп тартып, сол кездегі қоғамдық пирамиданың ең жоғарғы сатысы іспетті Қазақстан коммунистік пар­тиясының орталық комитетінің мә­дениет бөліміне шақырылдым.
Бұл – 1977 жыл. Содан табандат­қан жеті жыл бойы – 1984 жылы Жазу­шылар одағының хатшысы бо­лып сайланғанға дейін сонда бол­дым.
Бір жылдан соң партияның ор­та­лық комитетінің хатшысы ша­қырып алып, республикалық ірі бас­па «Мектепке» директор болып бар­саң қайтеді деп ұсыныс жасады. Арада екі жыл өткенде «Жазушы» бас­пасына директор етіп тағайын­дады.
1991 жылы мен «Пенде ғұмыр» романын жазу үстінде отырғам. Бір күні Министрлер Кабинеті төраға­сының орынбасары шақырып алды да, Кеңестер Одағының тарап кетуі­не байланысты назардан мүлдем тыс қалған авторлық құқық саласын жолға қою керек, соның мүм­кін­дігін жан-жақты қарастырып кө­ріп, ұсынысыңды бер деп тапсырды. Зерттеп көрсем, мемлекеттік комитет дәрежесіндегі мекеме құр­маса, ештеме өнбесіне көзім жетті, сонан соң бүкіл есеп-қисабын дайындап, ұсынысымды тапсырдым. Өкіметтің ол ұсынысты қабылда­мас­қа өзге шарасы жоқ еді. Өйткені, 1992 жылғы мамыр айында Прези­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының АҚШ-қа барып, Сауда Келісіміне қол қоюы жоспарланған-ды. Дайын­далып жатқан ол Келісімнің жо­ба­сын­дағы 12 тармақтан тұратын 8-бап авторлық құқыққа байланыс­ты екен. Сөйтіп, мен егемен елі­міз­дің тарихындағы тұңғыштардың бірі саналатын, бұрын мүлдем бол­маған жаңа институт – Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөніндегі мемлекеттік Агентігін құрып, оның тө­рағасы болып тағайындал­дым. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Өкіметі атынан БҰҰ-ның 16 құры­лымының бірі саналатын Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйымының аясында Женевада өткен Дипломатиялық Конфе­рен­цияға Қазақстан делегациясының басшысы ретінде 22 күн бойы қаты­сып, халықаралық екі Келісімге қол қойдым. Бұның бәрі мемлекет мүд­десі үшін жасалған жұмыстар. Бірақ бұлар өзімнің жазушылық жұмы­сыма үлкен кедергі болды. Ол мекеме 1997 жылғы наурыз айына дейін биік дәрежесін сақтап келіп, жаппай «оңтайландыру» кезінде өзге сегіз министрлікпен бірге Сауда жә­не экономика министрлігінің қа­рамағына өтті де, бір-екі жылдан кейін Әділет министрлігі құрамына беріліп, «Зияткерлік меншік ко­ми­теті» деп аталды.
Мен енді мемлекеттік қызметті до­ғарып, зейнетке шығып, бірыңғай жазушылықпен айналысайын деп шешкем, ол мақсатым орындалмады. Зейнетке шығуын шықтым-ау, бірақ үш айдан кейін мойныма қай­тадан қамыт ілуіме тура келді және бұрынғыдан да ауыр бейнетке кір­дім. «Оңтайландыру» деген – жаппай қысқарту жүргізу деген сөз еді. Біз­дің Агенттікті Сауда және эконо­мика министрлігіне қосқанда, Өкі­меттегі қызметке жаңа іліккен жел­­буаз жас жігіттер «бұл өзі не қыл­­ған мекеме?» деп байыбына бар­мас­тан, ақылдаспастан 47 қыз­мет­кердің 20-сын қалдырып, өзгесін қысқартып жіберді. Облыстардағы бөлімшелер жабылды. Осынша адам­ның жұмыссыз қалғаны өз ал­дына, авторлардың мүліктік құ­қы­ғын қорғау мүмкіндігі жойылды. Сондықтан менің бұрынғы қызмет­керлерім «иесіз қалған саланың тіз­гінін қолға алып, ұйым құрыңыз» деп қолқа салды. Олай дейтіндері халықаралық құқық бойынша да, соған орай жасалған біздің ішкі заңымыз бойынша да, авторлардың мүліктік құқығын қорғау ісімен ав­торлардың өздері құратын қоғамдық ұйым айналысуы керек. Сондықтан, авторлар арасында беделі бар әрі тәжірибе жинаған басшы деп маған қолқа салады. Сөйтіп, 1997 жылы маусым айында республикалық қо­ғамдық бірлестік болып саналатын «Қа­зақстан авторлары қоғамы» (Қаз­АҚ) дейтін ұйымды құрдық. Мен, әрине, төраға болып сайландым. Содан бергі 20 жыл бойы осы ме­кемені басқарып келем.
Міне, жасым 80-ге келді. Осы жас­қа келгенше не істеп, не тындыр­дым деп артыма бұрылып қарасам, кө­ретінім – жоғарыда аталып өткен жәйт­тер. Менің жүріп өткен соқпа­ғым, асуларым – осылар. Мағыналы өмір сүрдім деп ойлаймын. Құдайға шү­кір, бауырымнан алты перзент өрбітіппін, бәрі жоғары білімді, үйлі-баранды. Әзірше алтауынан он бір немере, төрт шөберем бар. Ол үшін де Алла Тағалаға мың мәрте тәу­бе келтірем.
Әдебиетке кештеу келгенім бар, үне­мі басшылық қызметте жүріп, жұ­мысбасты күн кешкенім бар, оның үстіне «Әдебиет – ардың ісі» де­ген принципті қатал ұстанғаным бар – бұрқыратып жаза алғам жоқ. Әдебиеттен тыс тақырыптарға жаз­ған публистикалық мақалаларым мен әртүрлі гәзет-жұрналдарда жа­рия­ланған сұхбаттарымды қоспа­ғанда, тек таза әдеби көркем туын­ды­ларым, сыни, зерттеу еңбектерім 8-9 том болады екен. Мәселе санда емес, сапада. Осы еңбектерім оқыр­ман көңілінен шықса – жетеді. Мен өзімді өз қадірін де, өз деңгейін де жақ­сы білетін адамдар санатынан шы­ғармын деп ойлаймын. Асып-тасып күнәһар болған кездерім жоқ. Өмір бойы өз жүріс-тұрысымды да, кісі көңілін де бағып келем.
Мансап үшін, атақ үшін жан са­ла арпалысып көрген емен. Маған олардың өздері келді. Өзімнің анық білетінім – қандай шаруаны қолға алсам да, ынта-шынтымды салып, адал істеуге, сол арқылы туған хал­қы­ма, айналама шамам жеткенше пай­дамды тигізуге ұмтылғаным, байқаусызда соңымнан жаман сөз ілес­тіріп алып, ел алдында, ең бас­тысы, өз бала-шағам алдында ұятқа қалмауға тырысқаным. Одан асқан атақ та, абырой да жоқ. Басқасының бәрі – жай нәрсе…


Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

МАРАЛ ЫСҚАҚБАЙҒА
МАРАПАТ

Көргем жоқ дәл өзіңдей ізгіні өзім,
Дидарың қызықтырар қыздың көзін,
Жайдары жанарыңнан,
Жүрегіңнен
Сеземін жемісі мол күздің кезін.

Жайың бар
Жан тылсымын білдірмеген,
Жанарын
Жұмыс үшін ілдірмеген.
Шабыт бар
Шашыңда да,
Әлі күнге –
Толқыны тартылып үлгірмеген.

Адамсың ұстанатын
Арды берік,
Жегенге не жетеді барды бөліп.
Өнер мен әдебиет адамдарын,
Сақтадың –
Қиын күнде қаржы беріп,

Еренсің
Ел кетпеген есігінен,
Кең жайлау –
Айдын шалқар төсі кілең.
Аттассың, сол үшін де ардақтысың
Атақты –
Марал ишан есімімен.

Мен інің, есіміңе елеңдеген,
Кезіңді көрген жоқпын еленбеген.
Аңдардың киелісі марал болса,
Адамның қасиетін сенен көрем.

Сол үшін маған қымбат Марал атың,
Халқыңның кәдесіне жарағасын.
Көремін көкірегіңнен күн сәулесін,
Қосылып таң нұрымен таралатын.

«Қаламгер –
Қазақ мұңын жаза алатын»,
Деп халқым қадірлейді азаматын.
Болады оған да үлгі,
Маған да үлгі –
Мұнтаздай сенің
Мінсіз, таза қалпың.

Қалпың бар
Қадіріңді кеш ұқтырған,
Салтың бар
Сан сауалды шешіп тұрған.
Сеземін бір рахат
Маңайыңнан –
Мамырдың майда желін есіп тұрған.

Ағаның шыға берсін
Аты осындай,
Әр сөзі –
Абыздардың батасындай.
Жан-жағың
Қызыл-жасыл
Қызық дүние –
Сеземін гүл біткеннің атасындай.

Адамдар сирек болар дара мұндай,
Бір өзің Азаттықтың аралындай.
Шіркін-ай,
Аға болса деп тілеймін,
Әр адам – Ысқақбайдың Маралындай.

19.03.2010 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір