Менің Марал ағам
02.02.2018
1471
0

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ


Марал ағаммен дәл қай жылы, қандай жағдайда танысқаным анық есімде жоқ. Жазғандарын оқып жүретін едім. Қордайдың Сұлутөрінен екенін білетінмін.
Алматыңызды да кештеу кө­ріп, әдебиетіңізге де кештеу кел­дік. Жастар мен жасөс­пірім­дерге ар­налған үздік көркем шығар­ма­ларға арналған жабық әдеби бәй­ге­лерде жүлдегер атанып, ағамен Жазу­шылар Одағын жағалап жүр­ген кезіміздің бірінде болар, та­нысып-біліскеніміз. Бірақ, бір­ден қол аласып, қолтықтасып кет­кеніміз жоқ. 1983 жылы «Жалын» баспасынан «Алма аға­шы­ның бұтағы» деген алақандай кі­табым жарық көрді. Жабық бәй­геде жүлде алған повестер жи­на­ғым. Соған көп ұзамай Марал ағам­ның жағымды рецензиясы жа­рық көрмесін бе, «Қазақ әде­биеті» газетінде. О кезде бұл әдеби га­зетте тұңғыш кітапқа мақтап жа­зылған мақала басыла қоймай­тын. Газеттің бас редакторы Орал­хан Бөкеев соны айтқанда, Ма­рал ағам: «Маған сен, бұл жігіт сөз жоқ қазақтың жазушысы бо­ла­ды», – деп табандап тұрып алып­ты. Мен мұны кейін естідім.
Қай кезде де өзі бар да өзгенің де болғанын қалай бермейтін пен­дешілік талайды иектегені белгілі. Ішіне шынашақ айнал­май­тын қу қызғаныш. Ал Марал ағамның ішінде шынашақты айтасыз, атты кісі айналып тұра­тынын анық байқап, тап басып, таныған ек. Осындай болып тума­ған адамнан шын мәнінде қалай жақсы, тегеурінді жазушы шы­ғады. Абзалы, алдымен аза­мат­тығымен асып туғаны керегі, мы­на жарық дүниеге. Ағамнан осы кісілікті көремін. Қордайдың ұшар биігі Сұлутөрдің көк тіреген ерекше еңсесі келеді көз алдыма. Көп гүлдерімен көз жауын алған көкорай шалғыны, салған жерден сарайыңды ашатын таза, жұмсақ, жеңіл лебі, жота-жотасында жусап жататын күншуақ, момақан бұлақтардың көзінен мөлт-мөлт етіп көрінетін мөлдірлік… Осы­ның барлығы Марал ағамның бол­мысынан менмұндалап тұра­тынына таңқалдым. Адам туған топырағына тартып туадыңыз атадан қалған байлам. Өзегінде иман мен ізгілік өріліп, өмір-ай­лап өбектеп отыратын шығар­ма­лар осындай жазушыдан келер, дү­ниеге. Әдебиетіңіз, Марал ағам сияқ­ты әрнеге әсемпаздығы жоқ, жо­сылған жосықты ойлармен, кө­сілген көркем тілмен, терең­дігімен тепсініп тегеурін танытатын талғампаз таланттардың әлемі-ау деп те ойланамын.
Менің пайымдауымдағы аға­мыз­дың бір қыры осы. Жандүние­сіне ары қарай енсек, кімді де күн көбірек түсетін жерге қарай икемдеп отыратын пейілі бөлек екеніне көзіміз жете түседі.
Біздің Қордай өңірінде біраз ақын, жазушылар туған ғой. Со­лар­дың ішінде жампозы Марал Ысқақбаев екенінде еш күмән жоқ. Ол талаптанған бауырлары­ның қай-қайсысын да жетелеп, же­беп жүруге тырысты. Қабі­лет­тері кедір-бұдыр болғандарын да қаперінен шығармайды. Әлі күн­ге дейін өлі-тірісін түгендеп, есім­дерін құрметпен атап отырады. Осылардың біразының жазуы­ның олпы-солпылығын айта қалсаң ұнатпайды. Айтатыны: «Жа­қы­ныңды жамандыққа қима!». Өт­кендегі болғандарына, бүгінгі бар­ларына шүкір етіп жүретін қа­ламгерлер аз ба, көп пе, біл­мей­мін. Аз деңіз, көп деңіз, солардың бірі Марал ағам екендігі сөзсіз. Барға қуанды бұл кісі. Өмірден озып кеткен бұрынғы жеңгеміздің кезінде жазғандарым жарыққа шыққан сайын, «Әй, Несіпбек, – деп телефон шалатын – Жеңгең екеуміз ана дүниеңді оқыдық. Осын­дай он әңгіме жазсаң»… Дау­сында солай ете алсаң шіркін, дей­тін үміт, тілек, сенім өбектей­тін-ді. Өзімсінгені, әрине. Содан не шықты, оңқай асықтай он шы­ғарма жаза алдым ба, жоқ па?.. Әй, қайдам-ау.
Ағамыз «Жазушылар» баспа­сы­ның директоры болып тұрған­да, әлгі менің алақандай «Алма аға­шының бұтағы» кітабымды орыс тіліне маған айтпай-ақ ау­дарт­қаны бар. Амал не, аударма көңілге қонбады. Басылуына ке­лісім бермедім. Соны айтқанымда көзіне мөлтілдеп жас келген аудармашы қызға ағам: «Қалай болғанда да еңбек еттің. Ақыңды жемеймін, бір ретін келтіремін, қарағым», – деп жұбатып жібер­ген. Өзге біреу, соның ішінде өзіміз болсақ: «Аудара алмапсың, өк­пелеме, өкпелесең өзің біл», – деп қолды сілтей салуымыз әбден мүмкін. Ал ағамның маған қарап, жайлап айтқаны: «Әйел затының көз жасынан қорқу керек»… Жас­тау кезінде жазған «Ғашық боп көрмеген келіншек» кітабының жалпы идеясы түптеп келгенде әйел затының обал-сауабы жайлы ойдан оянған шығар. Біраз өмір көрдік. Жазушы ағайындардың жан-дүниесіндегі құбылыстар бір-бірімен үйлесе бермейтініне куәгерміз. Әрқайсысының алпыс екі тамырындағы дүмпулер әр­қилы. Пайым, байламдары сан алуан. Жүрегінде жанартаулары атқылап жататындары бар, жарық сәулелері алабөтендері бір бөлек, жылы ағыстары жылжып отыратындары өз алдына, тепсініп ке­тетіндері де жетерлік жұрт бұл. Со­лардың арасынан Марал ағам өзгемізде кездесе қоймайтын ізе­ті, иба-инабаты, мәдениетімен ерек­ше есте қалады.
Өмірімде Марал ағам жайлы тырнақтың сынығындай да әбес сөз естіген емеспін. Өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары «Аңы­рақай шайқасына» Ескерт­кіш орнату бойынша рес­пуб­ли­калық комиссия құрамына мен де енген едім. Комиссия төрағасы Әбіш Кекілбаев ағамыз. Мем­ле­кеттік хатшы болатын. Мойын­құм, Шу, Қордай тау-жоталарын ара­ладық. Дастарханның ағыл-те­гіл кезі. Отырыс көп. Тасөт­кел­дің фазендасына келгенде, комис­сия мүшелері мейілінше ер­кін­сініп, «Ереуіл атқа ер салмай» естеріне түсті ме, «еңку-еңку жер шалып» қоя берді дейтіндей әңгіме. Бі­реулер балық аулап, біреулері қырғауыл атқалы құрақ бойлап… Ал Әбіш аға екеуміз жасанды көл­дің жағасын жағалап, ұзақ-ұзақ жү­ріп алдық. Әдебиет, оның тағ­ды­ры жайлы көсем ойлы, шешен тілді Әбекең көсіле сөйледі. Бір кезде білегімнен ұстай алып: «Осы Марал сенің ағаң емес пе?», – деді. «Солай», – дедім. «Жақын ара­ла­сасыңдар ма?» «Бір-бірімізге сырт­тай тілеулеспіз». «Ол бақ пен сордың арасындағы тағдырдың тамырын тарқатып бере алатын үлкен жазушы, үлкен жүректі адам. Өте жақсы көремін, өзін. Ағаңа жақындай жүргенің дұ­рыс».
Шыны керек қой, о кісі Алма­ты­да, мен әуелі Қордай, одан Та­раз­да жүргендіктен тонның ішкі бауындай болып жүре алмадық, Шер-ағаңмен сияқты. Мені қай­дам, Марал ағам мейлі, әлгіндей бол­ғанмен, мені қаперінен шы­ғар­май, көңіл қырын салып жүр­генін белемін. Алпысқа кел­генім­де, «Егемен Қазақстан» газетіне «Шынарға айналған шыбық» деп жүрекжарды мақала да жазды. Сонда оның Оралханмен болған әңгімесі есіме түсіп, кәдімгідей бо­лып қалғанмын.
Ағамның бауырмалдығы, әсі­ресе ел-жұрт дегенде елжіреп тұ­ра­ды. Қордайда өткен тарихи оқи­ғалар мен тарихи тұлғаларды тү­гендеп, шежіресін шегендеп кі­тап та жазды. Ұрпаққа аманат дү­ние. Жазушы нені жазса да әлгі ниет. Не білгені, не ойлағаны, не­ні армандағаны бәрі-бәрі адамдарға қалуы тиіс деп ойлайды Марал ағам.
Жазушы ағайындардың бір бө­легі жас кезінде Алматы кеткен­нен ауылдан қара үзіп, кейін мерейтойларында «Атыңнан айналайын туған жерім-айлап» келіп жатады. Әрине бірдеңе дәметіп. Ел­ден ешқашан тамырын үзбе­гендердің бірі Марал ағам. Жақ­сы­сында да, жаманында да қал­май қатысып, ағайын-туғанның қа­сында жүреді. Болып жатқан шаруа­ға бас-көз болады. Ынты­мақ, бірлікке шақырады. Тегі бір­дің тебінгісі де бір, дегенді ес­теріне салады. Сондықтан да ол Қор­дайға құрметті. Қордайдың адал сүт емген перзенті. Әйгілі Но­ғайбай, Кебекбай шешендер­дің, Өтеген батыр, ұлы композитор Кенен мен Байсерке күйшінің ру­хын көтеріп, туған жұртына ұлан-ғайыр ұлағатты ұран қылып жүрген қайраткер, бірегей ұлы.
Марал ағам сексен жасына осы­лай келді. Ғұмыры осылай жал­ғаса бергей! Ағам жайлы айтар алты ауыз сөзімнің жеткен же­рі осы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір