Иман нұрлы қаламгер
02.02.2018
1739
1
Жүсіп Баласағұнның «Өмір-теңіз, жүзіп өтем демеңіз, ізгіліктен жаралмаса кемеңіз», – деген екі жол өлеңі санамда сәуле шашып тұрғалы қай заман. Сондай ізгіліктен жаралып, күміс кемесін айдынға салып, өрге жүзіп келе жатқан талантты жазушы інілеріміздің бірі – Мәлік Отарбаев. Оның жүрегінен қайнап шыққан пьессалары, әңгімелері, эсселері және заман, қоғам, тағдыр туралы жазған ой-толғамдары терең философиялық жағынан болсын, эстетикалық көркемдік жағынан болсын, психологиялық жағынан болсын жүрегіңді баурап ала жөнеледі. Ол қай тақырыпқа қалам тартпасын не болса соны езіп айтып, сағыздай соза бермейді. Суреттеп отырған оқиға мен айтар ойын жігін білдірмей қамшыдай шебер өріп келеді де, тоқпақ жіліктің жұмыр басындай етіп қордаландырып бір-ақ түйіп тастайды
Біздің алабұртып, алағызып жүр­ген жас кезімізде «Бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша бас­та­шы», – деген әзіл әңгіме көп ай­тыла­тын. Ауыл баласы Алматыға жет­кен бойда ақын боп шыға келеді деп ойласақ керек. Ақындықтың қыр-сырын кейін, бертін келе тү­сін­дік қой. Ал, құнарлы топырақта та­мыр тартып, өсіп жетіліп, үш тілде (қазақ, орыс, түрік) еркін сөй­леп, көсілтіп жаза білетін Мә­ліктің мұндай жалаң сезімге бой ал­дырмай, әдебиет әлеміне өзін үне­мі ширақ ұстап, өркениетті ел­дердің озық үлгіде жазылған көр­кем дүниелерін көп оқып, талмай із­деніп және ғасырлардың құмы көм­ген көне тарихқа да жіті үңіліп, кө­кірек көзін суарып, үлкен дайын­дықпен келгендігі бірден байқа­лады.
Әдетте өмірдің бергі беті таза сүр­тілген айна секілді жарқырап тұ­рады. Біздің көп қаламгер өмір­дің сол бергі бетін ғана қалқып жыл­­ты­ратып жазады. Ал, оның ар­­ғы терең қа­батына бойлап бара бер­мейді. Себебі, жүрегі шындыққа суа­рыл­маған. Осы тұрғыдан қара­ғанда Мәлік өзге қатар құрбы­ла­рынан бір дем жоғары тұрғандай көрінеді. Өйткені ол қай тақырыпқа барса да соны терең үңгіп, қыртыс-қатпарын қопара ақтарып, шыңы­раудан шымырлатып сыр тартқан­дай қат-қабат көріністерді, қым-қуыт тарихи оқи­ғаларды сол баяғы өлі күйінде емес, тамырына қан жүгіртіп, кеу­де­сіне жан кіргізіп, көркем тілмен су­реттеп, тірі бейнеге айналдырып, көз алдыңа жосылтып алып ке­ле біледі.
М.Отарбаевтың тағы бір ерекше қасиеті: оның жүрегінен туын­да­ған қай шығармасында да өткен өмір тарихы мен бүгінгі өмір көрі­ніс­терінің қамшының өріміндей өзара жымдасып өріліп жататын­ды­ғы. Бұл, сөз жоқ, жылдар жаны­ған кемел таланттың ғана қолынан келетін жәйт.
Өткен өмірдің шерлі беттеріне үңіл­сең Гитлердің зұлымдығынан гөрі Сталиннің зұлматы анағұрлым сұм­дық екеніне көзің жетеді. Гитлер өзге елге қайғы-қасірет әкелсе, Ста­лин немістерге бағынып, болысып кетеді деген сылтау ойлап тауып, құзырына қараған өз халқын – аз ұлт пен ұлыстарды қуғын-сүр­гінге салып, қан жоса қырып, тіпті жер бетінен жойып жібере жаздаған жоқ па? Сөйтіп, шешен, қарашай, курд, неміс, кәріс, месхетиялық тү­рік­терді азап пойызына тиеп, «өлмесең өмірем қап», – деп қазақ еліне жер аударған. Өмірден тү­ңі­ліп, усойқы уақытқа лағнет айтып, ұзына жол бойында өлгені – өліп, өлмегені қу сүйегін сүйретіп әзер жеткен аш-жалаңаш босқын­дар­дың барлығын құшағына алып паналатып, мұздаған жүрегін жылытып, барын аузына тосып, бағып-қаққан қазақ елі еді. Бауыры суық қара тасқа да көктем боп қараған ата жұрттың бұл ізгі қа­сиетін олар да ешқашан ұмытпақ емес. Драматург Мәлік Отарбаев «Баянды бақ» пье­сасына сол қан­құйлы заманның ауырт­палығын, месхетиялық түрік­тердің қазақ еліне жер ауып кел­ген тағдырын арқау етіп алса да, түп­теп келгенде, оның айтпағы жал­ғыз бұл емес-ті. Осы күрделі та­қырып арқылы ел басына екі­талай күн туғанда ар-намысты пір тұтқан адамзат баласының бір-бірін бауырға тартып, жақын туыс санап, бірінің мұздаған жүрегін бірі жылытып, қайғының өзінен де қайрат тауып, тату-тәтті ғұмыр кешетінін сипаттау болатын. Автор сол мақсатына жеткен. Қазақ, тү­рік елдерінің сахналарында алма-кезек қойы­лып, көрерменнің тұ­ғыр­лы туындысына айналған пье­саның «Баянды бақ» боп аталуының өзі бізді сан қилы ойға же­телейді. Ойлап көрсең, нағыз ба­қыт байлық та, атақ-дәреже де, ірі қызмет те емес. Нағыз бақыт от­ба­сының жылуы, Отаныңның аман­дығы, дүниенің тыныштығы, ха­лықтар достығы, жұмыр жердің тұ­тастығы.
Сталиндік зұлматты жер-же­біріне жете айыптап, түрік пен қа­­­зақ­тың туыстығын ту етіп, бауыр­­­ластығын бедерлі бейне­лей­тін бұл спектакль осы күрделі тақырыптың өңін ашып, тарихи шын­дық тұрғысында ажарлы көр­сете білген алғашқы қойылым еді. Философиялық биік өреде жа­зылған бұл драма ой-толғамы­ның тереңдігімен, идея айқынды­лы­ғымен, сонымен бірге тарихи шын­дықты шынайы көрсете білуімен қалың қауымның жүрегіне жол тапты. Бұған қуанбасқа бола ма?!
Осындайда еріксіз еске түседі. Қонаевтың тағында мығым отыр­ған кезі екен. Бірде идеология хат­шы­сы кабинетіне кіріп, ақын Кә­кім­бек Салықовтың өлеңдері жа­рияланған «Правда» газетін бе­ріп жатып:
– Димаш Ахметұлы, осындай са­рыуайымға беріліп өлең жазған­дар­ды ЦК-да неге ұстаймыз? – де­ген­де, Қонаев:
– Әй, сен немене, қазақ ақыны­ның өлеңдері «Правда» газетіне жар­қырап шыққаны мақтаныш емес пе? Қуана білгенге құт, ба­ға­лай білгенге бақ қонған. Бұл қай сө­зің сенің? – депті қынжылып.
Бізде елдің мерейін өсіретін жақ­сы жаңалықты көруге келгенде көзіміздің тарс жұмылып қалатыны қа­лай? Түсінсем бұйырмасын. Тұяғының дүбірі алысқа кеткен дра­матург Дулат Исабековтың пье­сасы Лондон сахнасында қойылып еді, оған да қуана білмедік-ау… Сон­ша неге ішмерез болдық, ағайын?!
М.Отарбаев тамырын тереңге жі­беріп, тас жарып шығып, көкке қа­рай қол созып, жаңа-жаңа же­ті­ліп өсіп келе жатқан жас бәйтерек – пьеса, әңгіме, эссе, аударма сияқты бұтақтардан тұратын. Бірақ сол бұ­тақтар имандылық, адамгер­ші­лік, ізгілік боп тербетіліп тұрғанын көргенде көзіңде күн күліп, жан­дүниең жаңғырып, түлеп сала бе­ре­ді. Өйткені, дүние ластанып, көңі­лін кір шалған адамдардың қа­расы көбейген қазіргі кезеңде оқу­шы қауым өн бойынан сәуле есіп тұратын осы секілді шымыр жа­зылған шығармаға зәру. Себебі, бұ­лар күйкі тірліктің көңілсіз кө­ріністерінен көз жанары қажалып, жүйкесі тозып, әбден мезі болған. Сон­дықтан атар таң, келер күнге үміт­пен қарап, қабырғалы қалам­гер­лерден бүгінгі күннің нағыз өзек­ті мәселесін көтерген өркешті шы­ғармалар күтіп, жаралы жандарына шипа болар дәтке қуат, шуақ іздейді. Рас, күннің сәулесі түспей­тін адам болмайды. Бірақ сонымен бірге, қазіргі адамдарға рухани жы­лылық та аса қажет.
Жазушының «Бүржарған» әң­гімесінде жағымсыз осы жәйттер жан-жақты қамтылып, тартымды суреттелген. Бүкіл оқиға бас кейіп­кер Төлегеннің ой-сезімі арқылы жаңа тәсіл, соны сипатта дамып, шы­найы көрініп отырады. Сырт қара­ғанда бұл әңгімеде жұпыны от­басының ауыр тұрмысы, мас­күнем әкенің бейбастақ қылығы, ала қап арқалап базарға шыққан ананың қайғы-мұңы, іні-қарын­дасын жұбатып, алдарқатып үйде қалған қамкөңіл баланың жан күй­зелісі бейнеленген сияқты. Бірақ оған терең үңілгенде астарында тұң­ғиық сыр жатқанын аңғарасыз. Ол қандай сыр? Автор бұл әңгіме­сінде о баста имантаразы кісілердің кенет аяқастынан өзгеріп, мас­күнем­дік жолға түсіп, отбасының берекесін алатын бейбастақ қылы­ғын суреттеу арқылы соның себеп-сал­дарын ашып көрсетуге тырыс­қан. Сөйтіп адамды бұзып, теріс жол­ға салып, адастыратын қатыгез қо­ғам мен ойсыз орта екеніне кө­зіңді жеткізе түседі.
Жігіт ағасы жасқа жеткенше са­лауатты өмір кешіп келіп, ойда жоқ­та тағдыры талқыға түсіп, қан­ша қуынса да шындықтың түбіне жете алмай сарсылып, ақырында ішкілікке салынып, азып-тозып, құрдымға айналған әкесінің жай-күйін ойлап, күйзелген Төлеген бірде түс көреді. Ол, шынында да, төңі­регін түгел қою қараңғылық басып, көзіне көр азабын елестетіп, зәресін алған қорқынышты түс еді. Тұла бойын бір тылсым сезім шымырлатып, түбі қараңғы тұңғиық иірімге тартып, тұншықтырып ба­ра жатқан. Кенет көгілдір теңіз­дің ар жағынан алты мұнаралы мешіт көрініп, соның арайлы нұрынан суық сорған жүрегі жылынып, жан­дүниесі тазарып, әп-сәтте сер­гіп сала береді. Ал, түсінде көгілдір айдынның толқыны тербеген қайық үстінде өзін қол бұлғап ша­қыр­ған ақ киімді адам бір қайыры бар дүниенің тылсым бір күші болатын. Сол күштің арқасында Түр­кияға барып оқып, саналы бі­лі­м алып елге оралған ол намазға жы­ғылып: «Әкемнің тозақ отына жанып азап тартқанын қаламай­мын. Бақ бер, бақыт бер оған. Иман бер, парасат бер!», – деп Алла-Та­ға­лаға жалынып-жал­ба­рынып егі­леді. Көз жасы омырауын жуып, ағыл-тегіл жылап, ессіз күйде мі­нә­­жат етіп дұғасын жал­ғас­тыра береді. Кенет Төлеген өзінің иы­ғына әлдененің тырсылдап тамып тұрғанын байқайды. Бұл – маскү­нем әкенің ыстық көз жасы еді. Сол кезде оның жандүниесі күнәдан ары­лып, тазарып тұрғандай сезіл­ген.
Әңгіме осы жерде бітеді. Одан әрі тәптіштеп соза берудің қажеті жоқ-ты. Өйтсе әңгіменің мән-ма­ғанасы, салмағы болмас еді.
Бұрын болашағын ойлаған әке бауыр етінен жаралған баласына көп уақыт бөліп, саналы білім алуы­­на жағдай жасап, ұлттық рухта тәрбиелеп өсіретін. Қазір бұл үр­­діс керісінше жүріп жатқан сияқ­ты. Алладан алыстап, теріс жол­ға түсіп, адасқан әкенің суын­ған көңілін салауатты өмірге ұм­тылған өз баласы мейірім шуағымен жылытып, әлгіндей ізгілік жолмен жөнге салатын болған. Әйтсе де бұл күнделікті өмірімізде арагідік боп жататын үйреншікті жағдай шы­ғар. Бірақ бұл әңгімеде басқа сипатта көрінеді.
Жас болса да көңіл көкжиегін кеңей­тіп, алысты барлай бастаған жазу­шы М.Отарбаев осы қоғам дер­тін адамның жандүниесіндегі өз­геріс, бұлтарыс-қалтарысы, ішкі тол­ғанысы, күйініш-сүйініші, кө­ңіл-күйі, санасында шарпы­лыс­қан ойлары арқылы әсерлі суреттеген. Өйткені, Алла мен адам ара­­­сы ал­шақ­тап, адамзат өзіне жә­не жүрек үніне деген сенімін жо­ғалтқан. Дү­ниенің олқы тұсын, кем-кетігін Тәңірінің есебінен тү­генделіп жататынын ұмытқан. Ен­деше, ізгілікті қара сөзбен жырлап, оқушы жүре­гіне сәуле түсіріп, жаулай білген оның «Бүржарған» әңгімесі қай жағынан да толыққан­ды туынды екені даусыз. Бірнеше елдің тіліне аударылып басылған бұл туынды­ның «Қазақстан – Рос­сия: литературный альманах» жи­на­ғына енгені біздің осы сөзімізді толық қуаттай түседі.
Мәліктің мән-мағаналы, тілі көр­кем шығармасы жалғыз бұл емес. Оның «Үзілген жапырақ» әң­гі­­месінде өткен бағзы заманның кесір-кесапаты мен қайшылыққа толы бүгінгі дәуірдің қайғы-қа­сі­реті қос тізгін секілді қатар суреттелген. Қылышынан қан тамған Рим мен Сасани империялары сал­танат құрған қаһарлы жылдары жаңа туған нәресте қызды өз әкесі жал­ған намыстың жетегіне еріп, қа­бір қаздырып, тірідей жерге кө­метін болған. Неге? Ол кезде әйелді адам санатына қоспаған. Тек ойын-күлкі үшін жаралған қуыршақ деп қараған. Жарайды, бұл ешкі жүні бөрте заманның көрсоқыр надан­ды­ғынан туған кесір-кесапат шы­ғар. Ал, қазіргі көзі ашық қоғамда болашақта арыс туатын ару қызда­ры­­мыздың хал-ахуалы қалай? Кө­рінгенге көзтүрткі боп, қорған­сыз­дың күнін кешіп жүрген жоқ па? Мәлік, міне, бұл әңгімесінде осы секілді сауалдарға жауап іздейді.
Жүзін сүр шекпен бүркеген күз­гі табиғаттың сұрғылт көрінісін су­реттеуден басталған әңгімеде тү­рік елінде оқып, туған ауылына орал­ған Төлегеннің атасы мен әже­сінің зиратына барып, дұға ба­ғыш­тағаны, қалың қорымнан шыға бер­генде шеткі қабірдің басында егі­ліп жылап отырған әйелді көр­гені, оны жұбатпақ боп қасына жа­қындағанда: «Періште қызымды әкесі өлтірді… Ол да есеп береді», – де­ген сұмдық сөзін естіп шошын­ға­ны… бәр-бәрі қамырдан қыл тарт­қан­дай шебер әрі сенімді си­патталған. Сонда қалай? Бұрынғы Рим мен Сасани империялары секілді қазір де өз қызын өлтіріп, қара жерге тірідей көметін әкенің болғаны ма? Бұған кім кінәлі? Адам ба, қоғам ба? Бұның түйінін кім шешеді? Гәп, міне, осында. Қа­бір басында аңыраған ананың қы­зы елде жоқ сұмдық сұлу болған. Ал­матыда өткен арулар сайысына қа­тысып, «жыл аруы» атанған. Ал, сұлу қыз қашанда еркектің көз­құрты… Байқауға қонақ боп келген шетелдік бір азамат «сені әлемдік сайысқа қатыстырып, бағыңды ашамын, Америкада оқытам» деп қыз­ды азғырып, мұхиттың ар жа­ғына алып кеткен. Бірақ кейін елге оның өзі емес, өлі денесі оралған. Неге? Өйткені қазір дүние-әлем алып жындыханаға айналған. Со­ның ішінде ар-ұяттан безінген жұ­мыр басты жырындылар бір-бі­рін қасқырдай талап, қырық пы­шақ боп қырқысып, төңірегінен жау іздеп, жаланып жортып жүрген жоқ па? Бір кезде табиғатқа шабуыл жасалса, енді сұлулық атаулыға шабуыл басталған. Қыздың адам жүрегінен иман кетіп, ар-ұяттан жұрдай жауыз ортаның құрбаны болғаны анық. Бірақ бұл орайда кінәні жат жұрттан іздеудің қажеті жоқ. «Шығасыға иесі басшы» де­мекші, бар кінә қыздың әкесінде. Жал­ғыз тал қызы асылып өліп, қай­ғыдан есі ауысқан Хадиша ана­ның «Періште қызымды әкесі өл­тірді» деуі тегін емес. Қай заманда қай қазақ оң жағында ұстап, үсті­нен шыбын ұшырмай бағып-қағып, әлпештеп өсірген қызын қайдағы бір көк аттыға сеніп жетектетіп жі­беріп еді. Бұның ар жағында көр­көңіл әкенің өз ұрпағына деген жауапсыздығы, тіпті тәрбиелеп өсіруді қиынсынып, соның өзін өз­генің мойнына арта салудан тайынбайтын сатқынпаз психолагиясы жатқан жоқ па?! Сенбейсіз бе? Ендеше, әңгіменің соңғы сөй­лемін оқыңыз, сонда көзіңіз анық жетеді. «Ағаш бұтағында қалған жалғыз жапырақты жел аяусыз жұлқы­лайды. Ал, жапырақ болса, барынша қасарысып үзілмейді».
Елге, жерге, ұлтқа қатысты мә­дени-тарихи құндылықтарды жо­ғары бағалайтын М.Отарбаев қай тақырыпқа қалам тартса да иман­ның нұрымен, жүрек сәулесімен жазады, бірақ тебінбей, текірек атпай тек тебіреніп және қысқа әрі нұсқа жазады. Соның өзінде дүн-дүние додаға түсіп, сан алуан түрлі мүд­делер қайшыласып жатқан тас­бауыр суық дәуірдің кескін-кел­бетін кемел суреттеп, бейкүнә тір­шіліктің ажарын ашып, бедерлі бейнелей біледі.
М.Отарбаев «Кемелдік қай­да…а..а?!» эссесінде «Тәңіртаудың ұшар басындай көрінетін» ке­мелділік деген күрделі ұғымның мә­ні өзгеріп, қалыбы ауысып, жұрт­тың дені қазірдің өзінде рухани өзегінен алыстап, ұлы Абай айтқан «толық адам» мен кәдуілгі «семіз адамды» ажыратып, білуден қалып бара жатқанын ашына суреттеп келеді де, сөз соңын торы айғырдың тоқпақ жалындай етіп былай түйіндейді: «…Бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жатқандай­мын. Жәннатқа бейім жаралған жаңа жүйем қабығы қалың жаң­ғақтың ішіне тығылып, күндей жа­рық ақиқатты көре алмай, зұл­мат қараңғылықтың тұтқынына ай­налған тәрізді.
Кім біледі, жұмағымды ұрла­тып, жұмақтағы сұлулықтан ажырап қалған шығармын».
Қазір қарап отырсаң, жалғыз шы­ғарма кейіпкері ғана емес, бүкіл қа­зақ қоғамы «қабығы қалың жаң­ғақтың ішіне тығылып» рухын, шын­дығын, жұмағын жоғалтып, «бейуақтағы ұйқысынан ояна алмай» бұйығып жатыр. Ал, оянып арман қуғандары айдалада қаңғып қалып, ақша қуғандары алтын сан­дықтың ішінде жатқан рухани мол мұрасын былай ысырып қойып, жапа-тармағай дүние қуып кет­ті. Бәлкім, содан ба, рухани бай­лықтан гөрі қу дүниеге жақын то­ғышар елге айналып бара жатқан сияқ­тымыз. Ендеше, автордың өз сө­зімен айтқанда, «қайырсыз са­наға құрбан болған қайран басы­мыз-ай!» демеске шара қайсы?
Қай заманнан бері шығармасын үл­кен гуманистік нұрға бөлеп, әрі әде­би-философиялық сипатта жа­зып келе жатқан ол ертеде өмір сү­ріп, ерте гүлдеген ғұламалардың ой орманын аралап, одан өзіне ке­регін теріп алады да, оны өз көрі­гін­де қыздырып, қайта қорытып ке­ліп, соңынан өз түйінін жасайды.
Қандай тақырыпқа қалам тартса да жігерін жанып, жанын жеп, те­реңнен толғап жазатын Мәліктің «Әлем аруы» деген шағын әңгіме­сін­де Рузвельт таққа қонған жылы Бельгияда Әлем аруының байқауы өткені, сол сұлулық сайысына түс­кен түрік қызы Кериман Халистің Әлем аруы атанғаны баяндалған. «Бұл оқиға Ататүрік басшылық ет­кен Түркия үшін де, Осман мә­дениетін арқалаған Анадолы халқы үшін де сұмдық жаңалық болды. Сол кездегі түрік басылымдары Түр­кия әлемдік мәдениетке қо­сыл­ды!» деп бүкіл әлемге жар салды», – дейді автор.
Шығарманы көз жүгіртіп оқи бас­таған бойда әлем аруы атанған сұлу қыздың жеңісіне сүйсініп, әлем­дік мәдениетке көтерілген Түр­кия жасасын деп қуанып қол со­ғасың. Бірақ одан әрі оқиға күрт өз­геріп, аптыққан көңілің су сеп­кен­дей басылып, көңілің суып сала бе­реді. Неге?
Сөйтсек Еуропа елдері «ғасыр­лар бойы әлемге үкім жүргізген ис­ламдық мәдениеттің» өрісін та­рыл­тып, тоқыратқалы арулар сайыс­ын ойлап тапқан көрінеді. Он­дағы мақ­са­ты: мұсылманның бет­ке ұстар сұлу қыздарын жұрт ал­­дына жа­лаңаш шығарып, «бұлар атақ үшін арын сатып, жанталасып жатыр» деген ұғым қалыптастырып, сөй­тіп бүкіл әлемге айдын асырып кел­ген Сүлеймен сұлтанның ұр­па­ғын бір­тін-біртін осындай сұрқия жіңішке жол­дармен аздыру болатын.
Автор осының бәрін теңіздің дауыл сапырған ақжал тол­қы­нын­дай түйдек-түйдегімен суреттеп келіп: «Ұлылардың ұрпағы ұсақ­тал­ғанына ұялмай, жұтаңдан­ға­нына қайғырмай, енді қайырсыз­дану­ға көшкені ме?», – дейді.
М.Отарбавтың жер-жаһанның мұң-наласын, жақсылық-жаман­ды­ғын, кесір-кесапатын, қуаныш-сүйі­нішін, ой-арманын, мұратын си­паттап жазған «Тоғызыншы пре­зи­дент», «Бір қайыры бар», «Аң­сат­қан жұмақ», «Салқын самал», «Екі метр жер» сияқты ой-толғамдары бірінің мазмұнын бірі толықтырып, сар ­даланың биігіндей жоталанып кө­рініп жатады. Ол кейіпкерлерін қол­дан сомдап, әрлеп, елден ерек қаһар­ман етіп көрсетуге тырыспай­ды, табиғи қалпында бейнелейді.
Әдетте шығармасын тұнық ой­ға құрып, тұңғиық сырға бөлеп, те­біреніп жазатын М.Отарбаевтың «Ескендірдің ессіздігі» деген әңгі­ме­сінде Ескендір Зұлқарнайынның жарты әлемді жаулап, өзін жарық жалғанның жалғыз Тәңірісі санап, мейманасы тасып, есірік атып ал­жас­қан өмірінің соңғы қайғылы күн­дері суреттелген. Автор осы әң­гімесі арқылы «елдің басы бол­ған, әлемнің патшасы атанған Ес­кендірден ешкім әулие емес, қанша биік­ке көтерілсең де тарихта жақсы қырыңмен қалу, қалмауың алған атағыңның қайырына байланыс­ты» дегенге меңзейді.
Мәліктің қыл шылбырдай шымыр есілген мұндай шығармалары ел­дің төріне адалдық, адам­гер­ші­лік, мейірімділік, азаматтық, сар­дар­лық, ерлік қасиеттерді жарқы­ра­тып шығарып, сәуле шашып тұ­ра­ды. Оқыған кісінің жан дүние­сі аппақ нұрға шайылып, тазарып жүре береді. Оның бір қайыры бар дү­ние хақында жазған ой-тол­ғам­дары ізгі арнаның басы сияқты кө­рінетіні, міне, сондықтан. Ертеде өткен ұлылар мен ғұламалардың, әулие-әмбилердің таза қайнарынан су­сындап, өмірдің мәнін, тірші­лік­тің сәнін қара сөзбен жырлап келе жат­қан жазушыға ақиқат жолында тай­ғақ кешсең де табаның таймасын, қаламың мұқалмасын, сәт сайын өткірленіп, ұштала берсін деп ізгі тілек айтқым келеді.

Рафаэль НИЯЗБЕК.

ПІКІРЛЕР1
KZ 08.02.2018 | 04:42

терең ойлы қаламгер Мəлік інімізге шығармашылық табыс тілейміз! Қазіргі қазақ қоғамына имани əдебиет қажет ақ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір