Талғам таразысы
02.02.2018
1676
0

Бекен ЫБЫРАЙЫМ


Байсалды, дәлелді пікірлердің қай-қайсысы да талғам мен танымға әсер ететіні белгілі. Олай болса, сол пікірді ортаға салған автордың-қаламгердің біліктілігінің маңызы ерекше. Осы талап үдесінен шығатындар қай кезде де көп емес. Шын мәніндегі әдеби сын – терең таным мен биік талғамның көрінісі. Айтуға ғана оңай, бұл деңгейге жету үшін ойлы тәрбие, жылжыған жылдар, шым-шымдап сіңірген тәжірибенің маңызы айрықша. Сыншы ғалымдар мен ақын-жазушылардың көркем әдебиет пен әдеби шығармашылық туралы толғамдарынан сөз саптау мәнерін,
ой өрбіту машығын былай қойғанда, шығарманың философиялық-эстетикалық әлеміне бойлайтын көркемдік түйсік пен сол түйсік сәулелендіріп, анықтап көрсететін сыр-сипаттарды сараптау ерекшелігін байқамау мүмкін емес. Алғашқыларында әдеби шығармаға, әдеби процеске, шығармашылыққа тән объективті заңдылықтарды, ортақ белгілерді, болмыспен эстетикалық қатынасты аналитикалық байыптау басым екені айқын. Алайда, көркем мәтінді нәзік организм ретінде қапысыз түйсіну көңілдегідей көріне бермейтіні талассыз. Сондықтан шығар, кезінде
М.Горький С.Цвейгке жазған бір хатында басқадан гөрі жазушы жазушыны тереңірек түсінеді дейтіні.
Ал, қаламгерлердің толғам­да­рын­да әдеби шығарманың ішкі құ­пияларына бойлау, шабыттың қызуы­мен қуаттанған қаламның қай тұста, қай бетте көсілгенін, қа­шан тасырқап, қай кезде бәсең тарт­қа­нын жазбай танығаны анық аңға­ры­лады. Қатар тұрған сөздер мен сөй­лемдер ұжымдасып, ұяға айналды ма, бірін бірі тосырқап, әлде мү­сіркеп, әлде жатсынып тұр ма, т.б. ға­лым аңғара бермейтін нәзік иірім­дер талғампаз жазушының назары­нан тыс қал­майды. Сондықтан да жазу­шылардың мақалаларында, жал­пы сын пікір­леріндегі байқаулар мен талдаулардың жалпы оқырман үшін де, ғылым үшін де қажеті ай­рық­ша. Сонымен қатар жазушының әдебиет тарихын, белгілі бір кезеңдегі әдеби процесті, көркем шығарманы салыстыру, іштей таразылау арқылы, әдеби прак­тиканың ұзақ жыл­дар­дағы жолын барлау арқылы туын­ды­ның, жалпы әдебиет­тің ерекшелігін тереңірек тануға жәрдем ете алатын аналитикалық толғаныстардың маңы­зы, қажеті және талассыз. Мұн­дай биіктерге көтерілетін қалам­гер­лер қай әде­биетте де көп емес.
Осы орайда, белгілі жазушы Марал Ысқақбайдың әр жылдардағы жаз­ған сын мақалаларының қазіргі қа­зақ әдеби сынында өзіндік орны ай­қын екенін атап айтар едік. Оның қа­ламынан туған сын пікірлер бес том­дық шығармалар жинағының бе­сін­ші томында бас қосқан. Түрлі жанрда жазылған пікірлер белгілі қаламгерлердің шығармашылығына, же­келеген кітаптарға, әдебиеттің алуан мәселелеріне, халық шығар­ма­шылығы өкілдеріне арналған.
М.Ысқақбайды әдебиетші ре­тінде қалың қауымға бірден танытқан және мойындатқан оның ше­бер­лік мәселелеріне арналған проб­ле­малық мақалалары аталған томның «Арналы ағыс – толқынды талғам» атты бөлімінде топтастырылған.
Детальдың дәлдігіне байланыс­ты шығарманың шыншылдығы, бей­нелік нанымдылығы айқын­да­ла­тынын пайымдаған «Деталь. Шын­дық. Нанымдылық» атты мақаласы ке­зінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рияланып, сол кезде әлі көпші­лік­ке кеңінен мәлім емес, жас әдебиет­ші­нің біліктілігін бірден дәлелдеген. Автор өмір материалын жете білмеу, тіліміздің байлығын орнымен пайдалана алмау салдарынан шығар­ма­дағы көркемдік шындық солғын­дай­тынын, стильдік тұтастыққа нұқсан ке­летінін көптеген нақты мысалдар ар­қылы дәлелдейді. Мұндай дәлелдер көркем шығарманың қыр-сырын біл­гісі, немесе шығармашылық әле­міне бойлағысы келген жастар үшін тіпті қажет. Қазіргі жастар сиырдың күрек тісі болмайтынын, шөпті тілі­мен шалатынын, бота түгіл түйенің жү­нінен киіз баспайтынын, жанар мен көз екеуі бір ұғым емес екенін біле бермейді. Осы тақылеттес мы­сал­дар оқырманның білімін арттырса, жас қаламгерлерге шеберлік мек­тебінің құпияларын ашады.
М.Ысқақбайдың өскен ортасы, ал­ған тәлім-тәрбиесі, оқыған-тоқы­ған оқу ордасы игілікті әсер етіп, танымы терең талғампаз тарланға ай­нал­дырды. Халық шығармашылы­ғы­ның, табиғат құпияларының, ана тіліміздің екінің бірі біле бермейтін бел­гілерін М.Ысқақбай шығарма­лары­нан табамыз. Ақын Әлмейін дейсіз бе, күйші Байсерке дейсіз бе, өсімдіктердің неше алуаны дейсіз бе, энциклопедияда, сөздіктерде жоқ мысалдарды М.Ысқақбай кітапта-рынан ұшыратамыз. Көкірегі ояу, құйма құлақ, зейінді зерде болмаса, соның бәрі далада қалмас па еді?! Жалпылама көрінетін бұл сөзді айтуымыз – Марал Ысқақбайдың шы­ғармашылығындағы барлық ұнамды ерекшеліктердің тамыры аталған қасиеттерде жатқандықтан. Ал, бұ­ған дәлел әбден жеткілікті.
Баршаға белгілі, әдебиетке алпысыншы жылдары келген ұрпақ әде­биетімізге үлгілі, үлкен жаңа­лы­қ­тар әкелуінің сыры неде? Бейнелік, түр­лік, т.б. ізденістер қыруар зерттеулерде, баяндамаларда айтылды. Ал, сол соны ізденістерді әкелген қандай құ­дірет? Міне, осы сауалға орнықты, ойлы жауапты, бірегей дәлелді
М.Ыс­қақбайдың «Тереңдік шарты» ат­ты мақаласынан табамыз. Сан қиын­­дықтарды, әлеуметтік-қоғам­дық зобалаң мен зорлықтарды бастан ке­шірген алдыңғы буындарға қара­ғанда, бұл ұрпақтың көбірек оқуына, ойлануына мүмкіндік молырақ бол­ғаны тарихтан мәлім. Ойланып оқу­дан, толғанып тоқудан толқ­ындаған тосын толғаныстарын еркінірек тол­ғауына да жағдай қолайлырақ еді. Мі­не, осындай жағдайда алуан көр­кемдік ізденістердің өрістеуіне та­ным­ның тереңдігі басты әсер еткенін М.Ысқақбай әдеби сында алғашқы бо­лып арнайы атап айтқанда, жүйе­леп көрсеткені дау тудырмасқа керек.
Тағы да сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, осы және басқа да мақала­ла­рын­да ол белгілі бір теориялық мәселеге арнайы назар аудару үшін уа­қытын, қуатын бөліп күшеніп жат­пайды. Отырып алып проблеманы ­«ойлап» шығармайды. Мәселен, атал­ған мақалада Ә.Кекілбаев,
Т.Әб­діков, Д.Исабеков, Т.Тлеуханов шығармаларын оқу барысында көңі­лінен шыққан ортақ сыпаттарды жинақтап жүйелей келе, ұқсас бел­гілеріне қарай топтастыра келе, не­гіз­­гі нышандардың түзілуіне әсер ет­кен объективті себептерге зер са­ла­­ды да, сол қуат – ең алдымен таным екенін дәлелдейді. «Ал енді автор неғұрлым дарынды, білімді бол­ған сайын оның дүние-танымы терең әрі жүйелі келеді де, шығар­маларындағы идеялар сабақтасып, өзінше бір үлкен арна құрайды. Жазушы концепциясын осындайдан танимыз…
«…Әрбір шын жазушы – концеп­ция­лық тұжырымдар иесі. …бүгінгі таңға дейін біздің ұлттық сынымызда ол мәселе арнайы қозғалған емес… Бұрынғы-соңғы классиктер концепцияларын санамалап бере алатын кейбір ыждаһатты оқырман өзгені бы­лай қойғанда, аса ірі суреткер, ой­шыл М.Әуезовтің де ең басты концепцияларын саралай алмайды. Бұл ұят!» (аталған том, 29-бет). Мақала жет­пісінші жылдардың екінші жартысында жарық көрді. Содан бері қырық жылдан аса уақыт өтсе де, бұл мәселе жүйелі зерттелмей келеді. Біздің бұл арада назар аударғанымыз – жазушы М.Ысқақбайдың сын­шы­лы­ғы. Әу баста оны аға буын қалам­гер­лер сыншы деп ойлап келгені де есі­мізде. Ал, келтірілген мысалдар жазу­шының әрі парасатты сыншы екенін де айқын көрсетсе керек.
Тағы бір атап айтатынымыз – «кон­цепция» терминінің ұғым ретін­де осы мақаладан кейін әдеби сы­ны­мызда біршама кеңірек қолданыла бастауы. Орыс әдебиеттануы үшін жаңалық емес бұл терминді М.Ыс­қақ­бай сән үшін, оқығанын көрсетіп, білімін бұлдау үшін емес, аталған мә­селені нақтырақ, тереңірек айту үшін «амалсыз» қолданған. Өйткені, та­нымның тереңдігі жайында сөз қоз­ғағанда, шағармалардағы көркем­дік мазмұн айрықшалықтарын жо­та­ланып көтеріп шығатын коцепция­ларды айтпай, айналып өту мүмкін емес. Демек, терминнің жалпылама атау немесе белгілі ұғым деңгейінде қа­лып қоймай, жаңа прозаның, жаңа буынның аяқ алысы мен ерекшелігін танытатын мәселе деңгейіне кө­те­рілуі – мақала авторының алымы мен аңғарының, қарымы мен қар­қы­нының айғағы.
Осы біліктілік пен сергектік, қы­ра­ғылық М.Ысқақбайдың барлық ма­қала, рецензияларынан да та­бы­лады. Оның әрқайсысына тоқ­талу – арнайы, көлемді зерт­теу ең­бектің жүгі. Сон­дық­тан көкейтесті мәсе­ле­лерді дер кезінде кө­тер­­ген кейбір ма­қа­­­­лала­рын­дағы жекелеген сәт­тер­ді ғана айта ке­тейік.
М.Ысқақбай сын­шылығы ғы­лы­ми ойлауға да бастайтынын әде­биет­тануы­мызда әлі күнге арнайы сөз болмаған мә­се­лелерге назар аударуынан байқай­мыз. Мәселен, көр­кем шы­ғарма­ның фоны туралы түр­лі мақа­ла­ларда жол-жөнекей ай­тыл­­ғанымен, бәлендей те­рең­деп мән берілмейді. Сол сияқты сөздіктерден де сол ұғымды түсіндірген, мысалмен дәлелдеген ештеңе таба алмайсыз. Түптеп келгенде, көркем шы­ғармадағы фон – күр­делі тео­риялық мәселе. Оны байып­тау үшін теориялық білім өз алдына, көркем шығарманың жалпы табиғатын терең танитын, қапысыз білетін, сонымен бірге аналитикалық ойлауға да бейімі бар жазушылық-көркемдік түйсік керек. Бұл қасиеттер тоғыс­па­ған жағдайда зерттеуші жаң­сақ­тыққа ұрынуы әбден мүмкін.
Ал, көркем шығарманың фоны ту­ралы ұғым жоғарғы оқу орнының студенттері үшін ғана емес, мектептің жо­ғарғы сынып оқушыларына да қа­жет. Онсыз көркем шығарманың төл ерекшеліктерін жете түсіну қиын.
Жазушы сыншының байыптауынша, тақырып пен фон ұғымдарын же­те ажырата алмау салдарынан шы­ғармаларда көркемдік шынайылық, бейнелік нақтылық қуаты қожырай­ды. Әдеби сын мен зерттеуде, «кітап шығару ісінде де ағаттыққа жол ашылады» (сонда, 76-бет). Қазақ әдебиет­тануында тақырып пен фонның ерекшелігін, әрқайсысының өзіндік қызметі мен маңызын, функциясын алғаш рет саралаған – әрі жазушы, әрі сыншы Марал Ысқақбай.
«Көрікті әлемдегі көркемдік із­де­ністер атты» үлкен мақаланың «Та­қы­рып пен фон» атты тараушасын оқу барысында заман талабы мен ерек­шелігіне қарай әдеби процеске, кө­терілген мәселеге зер салуына зейін қойғанда, байқалатын шындық мы­надай: автор өзінің ғылыми әде­биеттермен де таныстығы барын, бі­лімін көрсету үшін көзге түсуге ты­рыспайды. Мақаланы жаздырған – омыраулап алға түсуге деген өзім­шілдіктің өркөкірек құлшынысы емес, етек алып бара жатқан келеңсіз кемшіліктердің орын алуына ықпал жасаған себептерді айқындауға, шындықты айтуға деген мәжбүрлік. Демек, рухани-азаматтық парыз «қол­қалаған».
Жазушының сыншыға тән қы­ра­ғылығы мен сергектігін, ғалымға тән ойлау ерекшелігін дәлелдейтін мы­сал­дар көп. Соның бірі – біздің әде­биеттануымызда түрлі зерттеулерде жол-жөнекей айтылғанмен, арнайы теориялық мәселе ретінде тереңдеп қарастырылмаған авторлық идея мен шығарманың объективтік идеясы. Мәселен, С.Шаймерденовпен пі­кір алысып отырып, «маған образдар логикасынан туындайтын ав­тор­лық идеядан гөрі, кеңірек, жинақтық мәні бар объективтік идея маңыз­ды­рақ көрінеді», – дей келіп, әрқайсы­сы­ның ара-жігін ажыратады. Осы пайым мен байлам да алуан шығар­ма­ларды оқу барысында түзілгені күмәнсіз. Өйткені, көркем әдебиетті де, әдеби сынды да қадағалап отыратын жазушы қаламдастары мен сын­шылардың пікірлеріндегі қай­шы­лық­тарды, шығарманың өз ішіндегі қай­шылықтарды аңғарып, оның пайда болу себептерін іштей ізде­ген­де, әлгіндей тұжырымдар тамырлан-ған. Аталған сұхбат 1974 жылы болса, одан он жыл кейін жарық көрген, жоғарыда аталған «Көрікті әлемдегі көр­кемдік ізденістер» атты мақала образ логикасының өзі үнемі автор­лық идеяға айнала бермейтінін, субъек­тивтік идея мен образ логикасы қандай жағдайда үйлеспейтінін нақты мысал арқылы дәлелдейді. Мұндай байыптаулар ғылым үшін де, жас қаламгерлер үшін де пайдалы.
Сол сияқты шығарма фабуласы, құлақ күйі, ракурс мәселелері туралы сөз арасында айта кеткен пікір­ле­ріндегі әдеби шығармашылықтың прак­­­тикалық қажеттілігінен туған байыпты толғамдары ойға қалдыра­ды.
М.Ысқақбайдың «Тілдегі түйт­кіл­дер», «Он ғасырға созылған ұлы күрес» атты осындай проблемалық мақалалары әдебиетімізге деген шын жанашырлық пен біліктіліктен, аза­маттық-шығармашылық арлылық пен адалдықтан, белсенділіктен ту­ған. Кемшіліктерді көріп тұрып, бі­ліп тұрып айтпай, ескертпей, жана­шырлығын білдірмей күмпиіп жатып алатын дүрдиген жазушыларымыз да, ғалымдарымыз да бар екені жасырын емес. Кемшіліктерді көрсету күстаналап кері тарту емес, «айналайын, арылшы» деп бері тарту ғой. Ана тіліміздің шұбарлануы, тілдің бай­лығын пайдалана білмеуге байланысты орын алған олқылықтарды Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты аға буын қаламгерлер әр кезде-ақ атап ай­тып, мәселе көтергені есімізде. Олар­дан кейін осы мәселеге қатты мән беріп, үнемі алаңдаушылық біл­діріп, арнайы назар аударып, пікір­лерін жүйелеп, бүкпей айтып жүрген, көлемді мақалалар арнаған – жазушы М.Ысқақбай. Оның «Тілдегі түйт­кілдер» атты мақаласына байланысты айтыс, талас пікірлер «Қазақ әдебиеті» газетінде бір жарым жылға со­зылғаны да есімізде. Кезінде Ғ.Мү­сіреповтің Қазақстан Жазушылар Одағында 3 сағатқа созылған баяндама жасағаны көпке мәлім. Арада талай уақыт өткен соң жазылған «Он ғасырға созылған ұлы күрес» атты ма­қалада аталған мәселе әлі де күн тәртібінен түспегенін, ары-беріден кейін ана тіліміздің халы одан әрмен на­шарлай бастағанын дәлелдеп, қыруар мысалдар келтіреді.
Міне, осының бәрі – қаламгердің жүре­гін ауыртқан, жанын мазалаған мә­селелер. «Айтпаса, сөздің атасы өле­діні» былай қойғанда, біліп тұрып, жұмған аузымызды ашпасақ, өзі­мізге өзіміз көмек етпесек, кім жәрдем қолын созбақ?! Әдебиетіміз­дің, тіліміздің мәселелері – еліміздің, ұлтымыздың мәселелері. Одан ешкім де тыс қалуға тиіс емес.
Сондықтан да М.Ысқақбайдың Ж.Нәжімеденов, Ә.Кекілбай, Ф.Оң­ғарсынова, Ш.Елеукенов, т.б. әдебиет қайраткерлеріне арналған шығар­ма­шылық портреттері, басқа да қа­лам­дастары туралы рецензиялары, ру­хани тарихымызға қатысты ма­қа­­ла­лары арнайы сөз етуге лайық.
Сыншы Марал Ысқақбайдың көр­кем шығарма, тарихи-әдеби процесс туралы толғамдары әдебиеттің түрлі мәселелеріне зер салатын ғы­лы­ми ізденістерге, көркемдік кемел­дікке ден қойған қаламгерлерге, әде­биет сүйгіш оқырман қауымға ой са­лары хақ. Эмоция екпінін еселемей, тізгінді тартып, қажетінше тежеп ұстай білетін сабырлылық, шиыр-шытырман сауалдардың жүйе-жүргесін сергек байқап, табандап тексеретін төзім, көзі шалған ай­нала әлемді өзі зейін қойған құбы­лыстармен салыстыруға мүмкіндік беретін бұлжымас тиянақ ретінде байыптай білетін аналитикалық білгірлік – жазушы М.Ысқақбайдың сын-зерттеу еңбектерінің айрық­шалықтары.
Түйінін айтқанда, жазушының өзек­ті мәселелер көтерген сыни ең­бек­тері – автордың қашанда туған әде­биет мүддесін ойлайтын пер­зент­тік адалдығының, азаматтық сер­гектігінің, шығармашылық па­ра­сатының айғақтары.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір