Кітапханашы беделі
20.08.2015
7628
0

суретАлматы мен Астанадан тысқары ағайынның да кітап оқуы мен кітапқа құмарлығы жайлы әңгіме тиегін ағытқымыз келетін тұстар көп. Әсіресе, кітап оқитындардың қатары азайды деген сөзді естіген сайын ауыл жаққа қарап елеңдей түсесің. Рухани азығын кітаптан іздемейтін ұрпақтың нені құрмет тұтып, кімдерді қадірлейтінін білгің келетіні де бар. Қызылордаға жолымыз түскенде ең әуелі кітапханасы қандай екен деп, сәулетті, еңселі ғимараттың есігін ашқанымыз бар еді. Кітап пен газет-журналға үңілген оқырмандарды көріп «Ел мен жерде кітап оқитындардың қатары сиремеген-ақ екен» дескенбіз. Сол кезде емен-жарқын отырып әңгімелесудің реті келмесе де, арада біраз уақыт өткізіп барып Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұржамал Ахметқалиқызымен тілдесудің реті келді…

– Кітапхана оқырмандарының ор­тақ келбетін жасар болсақ, сіздерге ке­летін оқырман туралы не айта аласыз? Оның орташа жасы, жынысы, қан­дай кітаптарға көбірек қы­зығу­шылық танытатыны жайлы әлеуметтік зерттеулер жүргізесіздер ме?
– Қазіргі таңда Ә.Тәжібаев атындағы Қы­зылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында отыз мыңға жуық оқырман бар. Күн сайын кітапханаға үш жүзге жуық оқырман келеді. Сондай-ақ, кітапхана қорын қашықтан, интернет арқылы пайдаланатын оқырмандардың қатары да көбеюде. Оқырмандарының негізгі құрамы ғылыми қызметкерлер, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, зейнеткерлер, жұмыссыз жастар, балалар мен оқушылар. Кітапханада 100 орындық оқу залы, мерзімді басылымдар залы, са­ла­лық залдар, электронды оқу залы, абонемент, балалар оқу залы мен абонементі оқырмандарға қызмет көрсетеді. Мектепке дейінгі балалар үшін арнайы «Бал­дыр­ғандар залы» жұмыс істейді. Ең жас оқыр­ман 4 жаста болса, 80 жастағы зей­нет­кер Рүстембек Асан кітапхананың құр­метті оқырманы екенін мақтанышпен айта аламыз.
Кітапханада жүргізілген әлеуметтік зерт­теулерге жүгінсек, қазақ әдебиеті клас­сиктерінің шығармаларына, көркем әде­биетке, поэзияға сұраныс жоғары. Сон­дай-ақ тарих, ұлттық салт-дәстүр, тіл бі­лімі салалары, әлеуметтану, саясаттану, философия, психология бойынша кітаптар көп сұралады.
– Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әм­бебап ғылыми кітапхананың өткені мен бүгіні туралы сөз қозғағанда оқыр­мандар мәселесін айналып өте алмаймыз. Сіздерге қай уақытта ең көп оқырман болады? Сол оқырман қай жылдары азайып кетті?
– Кітапхананың негізгі оқырмандары –студенттер мен оқытушы-ғалымдар, оқушылар екені белгілі. Олар көбіне оқу мер­зімі кезінде көп келеді. Оқу бағ­дар­ламасына сай әдебиеттерді көбірек пайдаланады. Оқырмандарды кі­тапха­на­ға тарту мақсатында кітап­хана­лық қыз­мет аясын кеңейтіп, жаңа бағытта, жаңа үлгіде қалыптастыруға жұмыс жасап жа­тырмыз.
Кітапты және оқуды насихаттау, қо­ғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында кітап көрмелері, ақын-жазушылармен кездесулер, шығар­машылық кештер жиі ұйымдастырылады. «Тәжібаев оқулары», «Бір ел – бір кітап акциясы», «Отбасымызбен оқимыз!» бай­қауы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. «Кітапханадағы түн» акциясы кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, оқуға шақырудың жаңа үлгісі ретінде қалыптастыруға бағытталған ша­ралардың бірі. Сондай-ақ, студенттер мен мектеп оқушылары үшін экскурсиялар, Ашық есік күндері өткізіліп тұрады.
Өткен ғасырдың 60-90-шы жылдарын­да кітапханаға келушілер, кітап оқитындар саны көп болатын. Кітапханалардан, кі­тап дүкендерінен кітаптарды іздеп жүріп оқитын. 1997 жылы оңтайландыру ке­зеңін­де қиын кезді де бастан өткердік. Кітапханалар жабылды. Сол уақытта да кітапханашылар кітап қорын талан-та­раж­ға түсірмей рухани мұрамызды сақ­тап қалды. Алайда, тәуелсіздік жылдары кітапхана қорлары қайта толықты. Ақ­парат пен білім іздеген оқырмандар саны жыл сайын артып келеді. Кітапханадағы көрсетілетін қызмет, кітапханашылардың интеллектуалдық деңгейі, кәсіби шебер­лігін шыңдауы, кітапхананың ақпараттық мүмкіндіктері қазіргі кезде жоғары сатыда екендігін атап өтуге болады.
– Кітапханаларыңыздың ғимараты заманауи үлгіде, көз тартарлық. Оқыр­­манды көбейту үшін заманауи келбет пен жаңа технологиялық мүмкін­­дік­тер­ді қалай қолданып жатырсыздар?
– Заман ағымына сай жаңалыққа ұм­тылу – біздің басты мақсатымыз. Ақ­параттық жаңа технологиялар мен интернет жүйесі дамыған уақытта оқыр­ман­дар­ға дәстүрлі қызмет көрсетумен қатар, ақпараттық телекоммуникациялық қыз­меттің сан алуан жолдары арқылы оқыр­мандарға қызмет көрсету кітапхана жұмысының күнделікті тыныс-тіршілігіне ай­налуда. Кітапханалық-библиогра­фия­лық жұмыстарға қазіргі заман талаптарына сай технологияларды енгізу кітап­ха­наның жаңа жетістіктерге қол жет­­кізуіне мүмкіндіктер береді. Электронды каталогтарды ұйымдастыру, құ­жаттарды цифрлық жүйеге енгізу, ақпа­раттық-анықтамалық жұмыстарды элек­тронды жүйеге көшіру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде және кі­тапхана қызметтерін жарнамалауда Интернет пен веб-сайттарды қолданудың маңызы ерекше.
Бүгінде кітапхана өз оқырмандарына жаңа электронды қызмет түрлерін ұсы­на­ды. «Құжаттарды электронды түрде жет­­кізу», «Кітап мерзімін онлайн ре­жи­мін­де ұзарту», «Кітапханашыға сұрақ» вир­туалды анықтама қызметі қашықтан анықтамаларды орындауға бағыт­тал­ған.
БҰҰ және ҚР Үкіметі бірлескен «Эко­номикалық, әлеуметтік және қоршаған ортаны қорғауда инновациялық тәсіл­дерді енгізу арқылы Қызылорда облы­сының тұрғындарының, соның ішінде әлжуаз топтар өкілдерінің әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту» бағдарламасы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жұ­мыс­сыз жастарға қолдау көрсетуге бағыт­талған «Шаңырақ» интеллект-орталығы өз жұмысын бастады.
Жобаның мақсаты – 18–35 жас ара­лығындағы жұмыссыз жастар мен мүм­кіндігі шектеулі азаматтардың еңбек пен бә­секеге қабілеттілігін арттыру мақ­са­тында ІТ-технологиялар­ды пайдалануға үй­рету.
Кітапхана – рухани білім іздеген адам­­дардың шаңырағы. «Шаңырақ» – ел­дің елдігін танытып, берекесін ұйытатын басты ұлттық құндылықтардың бірі, бірлік пен татулықтың белгісі. Алдына мақсат қой­ған жастар кітапханадағы «Шаңы­рақта» бас қосып, электронды білімдерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған оқу курстары мен тренингтерге тегін қатыса алады. Орталықта жастар компьютер және интернетпен жұмыс істеуді үйренеді. Электронды білім оларға интернет арқылы жұмыс орнын іздеуге, әртүрлі әлеуметтік желілерді және электронды үкіметтің онлайн қызметтерін пайда­лану­ға зор септігін тигізері сөзсіз.
Алдағы уақытта «Шаңырақ» интеллект-о­рталығында жастарды компьютерлік сауат­тылыққа оқытып-үйретіп қана қой­май, олардың бойында азаматтық және отаншылдық сезімдерін ояту, өз елінің тарихы мен мәдениетіне құрметпен қа­рауға тәрбиелеу мақсатында түрлі ба­ғыт­та білім беретін курстар ұйымдас­ты­ры­лады.
– Кітапхана қоры Қ.Мұхаме­джа­нов­­тың жеке кітапханасымен то­лы­­ғып жа­тыр екен. Оны оқыр­ман­дар­ға кеңі­нен насихаттау, таныстыру үшін қандай жобалар қолға алынуда?
– Қазіргі таңда Ә.Тәжібаев атындағы об­лыстық әмбебап ғылыми кітап­ха­насы­ның қоры Қалтай ағаның ұрпақтары сый­ға табыстаған 7597 дана кітаппен то­лық­ты. Қалтай Мұхамеджановтың жеке кі­тапханасы өз құндылығымен ерекше­лен­ді. Мұнда жазушының жылдар бойы жинақтаған кітаптары, тұрмыстық заттары, мерейтойларына арналған көптеген сый­лықтар, басқа да әр алуан заттар жә­не құттықтау хаттар мен фото-мате­риал­дар бар. Кітапхананың көркем әдебиет қоры Қазақстан жазушыларының, шетел әдебиеті классиктерінің көркем шығар­маларынан және қазақ, орыс тілдерінде жазылған қазіргі заман әдебиетінен құ­ралған. Сондай-ақ, тіл білімі, өнер, философия, дін туралы кітаптар бар. Түрік, өз­бек, ұйғыр, қарақалпақ, қырғыз, татар, баш­құрт, славян тілдерінде 400-ге жуық кі­тап жинақталған. Қорда М.Әуезовтің баш­құрт тілінде жарық көрген «Абай жо­лы» романы, Шығыс әдебиетінің жау­һарлары Омар Хайям, Хафиз Ширази, Әлішер Науаи, Қожа Ахмет Иассауидің тү­рік, өзбек тілінде жазылған шыға­р­малары кездеседі. Сондай-ақ, Жак Брель­дің орыс, француз тіліндегі өлеңдері және Достоевскийдің түрік тілінде шыққан кі­тап­тары бар.
Марк Твен, Шиллер Фридрих, Генрих Гей­не, Д.Байрон, А.Блок, Вальтер Скотт, Ф.Стендаль, Оноре де Бальзактың көп том­дық шығармалары бар.
Сондай-ақ, Махмұт Қашқаридың 3 том­дық «Түрік тілінің сөздігі», мифоло­гия­лық сөздіктер және парсы, араб, күрт, француз, түрік, қытай тілдерінің сөздіктері бар.
Жазушының жеке кітапханасындағы сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы болып табылады. «Құран-Кәрімнің» қазақ, өзбек, түрік тілдеріндегі нұсқасы бар. Сондай-ақ, теология ғылы­мына байланысты кітаптар, әлем дінде­рінің тарихы мен Ислам діні туралы кітап­тар да жинақталған. Белгілі қоғам қай­рат­керлері мен қаламгерлердің жекелей қолтаңбасы қойылған 250 дана кітап бар. Кітапханаға келушілер Елбасы Н.Назарбаевтың, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың, тағы да басқа белгілі тұлғалардың өзіндік қолтаңбалары қойылған кітаптармен таныса алады. Ең құнды дүниелердің бірі – Елбасының жазу­шыға сыйға тартқан шапаны. Ал жазу­­шының қызметі мен отбасылық өмі­ріне қатысты фотосуреттер арнайы сө­ре­лерге қойылды. Артына өшпес рухани мұра қалдырған Қалтай ағаның еңбектері оқырмандар үшін қымбат қазына болып қала берері сөзсіз.
Алдағы уақытта жазушының жеке кі­тапханасы оқырман қауымға ақпарат­тық-библиографиялық қызмет түрлерін ұсы­натын болады. Қалтай Мұхамеджанов­тың жеке кітап қоры мен заттарын сақтау, оларды оқырмандардың пайдалануына мүм­кіндік жасау, шығарма­шылығына зерт­теу жұмыстарын жүргізу кітапхана қыз­меткерлерінің міндеті болып қала бе­реді.
– Осы күні кітапханашы мәртебесі қандай? Кітапханашы мамандығына қы­зығатын жастар бар ма?
– Қазіргі уақытта кітапханашының қыз­меті мүлдем өзгерді деуге болады. Кітап­ханашы кітап оқып, уақытын өткізіп, үйіне қайтады деп ойласаңыз, онда қа­телесесіз. Заман ағымына сай кітап­хана қызметін пайдаланушылардың интеллектуалды деңгейі мен сұраныстары өте күрделі, мазмұны да өзгерген. Бүгінгі кі­тап­ханашы – менеджер, ол – бағдар­ламашы, ол – психолог, бірнеше саланы меңгерген, дәлірек айтқанда, кітапхана ісінің дамуын алға жылжытатын, қызмет көрсетудің әдіс-тәсілін қалыптастыратын білікті маман болуы шарт. Қоғамда кітапханашы беделі жоғарылап, мәрте­белі мамандық ре­тінде танылып келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!сурет

Әңгімелескен
Қ.СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір