Әйгілі суреттің тарихы
02.02.2018
1841
0
Бұл – орыс суретшісі Татьяна Яблонскаяның «Утро» атты картинасы. Осы әйгілі туынды жайлы Александр Беляков фейсбуктағы жазбасында былай депті: «Утро» картинасының көшірмесін «Огонек» жорналы басқан соң, бәрі сондағы суретті кесіп алып, қабырғаға іліп қоятын. Ол сурет Арсенның үйінде де бар еді. Сөйтіп, бала бұрымды қызға бір көргеннен-ақ ғашық боп қалады. Ержеткен соң Арсен Бейсембинов Мәскеуге жол тартып, Строгановский училищесіне оқуға түседі. Содан, ол өзінің жанындағы топтасымен көңіл жарастырады. Жазда Арсен қоярда-қоймай бойжеткенді көндіріп, Алматыға алып келеді. Сол жерде ол қабырғадағы су­рет­ті көріп, ондағы қыз өзі екенін ай­тады. Иә, әлгі сұп-сұлу қыз – Ле­на, Киевте емес, сол училищеге құ­жат тапсырған екен. Міне, қы­зық! Арсен бала кезден ынтық боп жүр­ген картинадағы қызға үйле­не­ді. Дап-дайын сюжет! Лена Алма­ты­ға көшіп келіп, Бейсембинова де­ген фамилияға өтеді. Ол мультипликатор боп жұмыс істеп, кітап ил­люстрациясымен айналысып, го­белендер жасаған және сол қа­ла­да әлі күнге дейін тұрады. Заңғар деген ұлы бар, ол да суретші. Лена апайдың немере, шөберелері бар».
Біз картинаны көз алдымызға кел­тіріп, ой елегінен өткізгенімізде көп сұраққа жауап таба алмай қи­нал­дық. «Шымылдықтың» артына жасырынған шығарманың түпкі идеясын табу үшін де асқан байқам­паз­дық қажет-ақ. «Утро» өмірдің бір ғана жылт еткен сәулелі сәтін беру­мен құнды. Сурет көп құпияны ішіне бүгіп қалғандай. Яблонскаяда кеңістік пен тұтастықты сезіну бар. Ол бояу арқылы қоғамның, өзі өмір сүрген кезеңнің көңіл-күйін, мі­незін берген.
Татьяна Яблонская 1917 жылы Смоленскте суретші, график әрі мұ­ғалім Нил Яблонскийдің отбасында туған. 1928 жылы олар Одес­саға, 1930 жылы Каменец-Подольс­кий, одан кейін Луганскіге көшіп ба­рып, жеті жылдық мектепті та­мам­даған соң, Киев суретшілер тех­ни­кумына оқуға түседі. Бұл өнер оған әке арқылы берілген. Ба­ла кезінен натюрморт салуды ұнататын сары қыз өсе келе біреуге қарапайым көрінген нәрсені өнер деңгейіне көтеруді үйренеді. Же­місті еңбек етіп, өзінің айрық­ша, еш­кімді қайталамас дара қолтаң­басын қалыптастыру арқылы студент кезінен бастап-ақ Мәскеу, Лон­дон, Будапешт, Киев, т.б. шаһар­­ларда 30-дан аса көрме ұйым­дастырып, көптеген бүкіло­дақ­тық және халықаралық бәйге­лерде жүлдегер атанған қылқалам иесі 1999 жылы инсульт алып, ар­баға таңылса да, өнерге адал боп, сол қолымен сурет сала береді. Ал, 2005 жылы ол 89 жасқа қараған ш­а­ғында қаза болады. Құлпыта­сын­да өзі тіршілігінде ерекше сүйіп оқыған орыс ақыны Афанасий Феттің:
– Что такое день иль век,
Перед тем, что бесконечно?
Хоть не вечен человек,
То, что вечно, – человечно, – де­ген өлеңі ойып жазылған.
Суретші аталмыш туындысын 1954 жылы салған. 1953 жылдың наурызында өмірден Сталин озған соң, «темір тәртіптің» тас-талқаны шы­ғып, «жылымық» басталады. Бұл – қырқыншы жылдардың ыз­ғар­лы қырғынынан қырау қатқан талай қабақ жіби бастаған шақ. Яблонская жыл құстарынша ұшқан осы сәтті ұстап қалған. Оның шы­ғармашылығына тән нәрсе – жы­лылық, мейірімділік, мейірбандық, қайырымдылық. Қанша дегенмен ана емес пе?! Жалпы, суретшінің қылқаламынан туған картиналарда өз заманы кеңінен қамтылған. «Утро»-ға жай ғана сурет деп қа­рау­ға болмас. Өйткені, аталмыш шы­ғарма түстер үндестігімен, сол кез­дегі өмірдің бейнелік-поэзия­лық тілде көрсетуімен, терең ли­риз­мімен, эпикалық кеңдігімен, монументтіліктің өзара үйлесім табуымен ерекшеленеді. Хас ше­бердің қолынан шыққан бұл дүние көрерменді бір көргеннен-ақ өзіне баурай, тарта түсері талассыз. Аты орыс, украин елінің аясынан асып, алып империяның көлеміне танылып, кейін шетелге мәшһүр болған ол, бүкіл ғұмырын туған жерінің көркем образын жасап, живопись пен пейзажға өзін алаңсыз арнаған. Яблонская шығармашылығының негізгі өзегі – адам, оның мінез-құл­қы, толғаныстары, мұңы, қай­ғысы, қуанышы, ішкі күйі, замандастар бейнесі, шаруалар өмірі, ту­ған ел табиғаты. Полотноларында тыныс-тіршілік жаратылысын, оның ішкі сыр-сыпатын, философиясын терең ашқан суретші отан­дастарының рухани кескін-кел­бетін поэтикалық күш-қуатпен бей­нелеуде асқан шеберлік танытып, талдау, тұтастықты сақтау, ойын жүйелеу, өз идеясын әсем әрі әсер­лі түрде жеткізе білу деген ас­пек­тіні алға қойған. Оның туындыларында адам табиғаты поэзияға толы өрнектермен өріле астасып, лирикалық көркем бейнелер көрі­ніс тауып, адам – табиғат, табиғат – адам байланысы үнсіз үндестік тауып, түрлі детальдар мазмұнға маз­мұн қоса түскен. Т.Яблонская өз картиналарында этнографиялық белгілерді көбіне-көп штрихпен береді екен. Бірде ол кісіге соңғы он жыл бойына суретшінің шығар­ма­шылығын зерттеп жүрген Киев сурет институтының түлегі, жас өнер­танушы қонаққа келеді. Әлгі қыз оған сұрақты жаудырады. Жас ға­лым қойын дәптеріне айтылған әңгімені шебердің аузынан түспес­тен-ақ қағып алып, түртіп отырады. Өнертанушы кеткен соң туындыгер біраз ойланып отырады да өзіне-өзі: «Біреуге айтқаннан гөрі, осының бәрін өзім жазсам қайтеді, осы?! Кейінгі тарих үшін, өнер үшін қажет қой…», – дейді. Шыны ке­рек, сол естеліктерді оқып отыр­саңыз Яблонскаяның өскен, тоқы­ра­ған, өзін жоғалтып барып қайта тапқанына таң-тамаша қаласыз. Мәселен, ол кісі былай дейді: «Бәрі әлі күнге дейін мен неге алпысыншы жылдары этнографиялық-де­коративті бағытқа бет бұрып, ал кейін қайтадан «дәстүрлі» кескін­де­меге ден қойғаныма таңғалады. Ра­сында, неге сонша сең соққан бал­ықша сенделдім екен?!. Институтта оқып жүргенімде, яғни со­ғыс­қа дейінгі кезеңде живописьті құп көрдім. Сол арқылы түс пен тұ­тастық дегенді түсіне бастадым. Бастағанымды ары қарай тереңдете беруге кесірін тигізген нәрсе – со­ғыс. Бейнелеу өнерінен үш-төрт жыл­ға қол үзіп ем, нәзіктікті сезіну де­генді жоғалтып алдым. Оны қай­та қалпына келтіру үшін натураға қарап жұмыс жасау қажет болды. Уақыт жалынан ұстатар емес. Содан не керек, картина артынан кар­тина туып, көрермен қоше­меті­не ие болдым. Асықпай-аптықпай алға жылжу арқылы ұмыт болған дүниелер еске түсе бастады. Әсі­ресе, бұл «Перед стартом» атты туын­­дымда аз-маз байқалды. Бо­яу­ды жұп-жұқа жағу негізінде қыс­ты күнгі адамдардың мінез-құлқын көрсеткім келді. Сол шығармам Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еді. Ол хабарды естісімен-ақ үйіме тілшілер мен фотографтар ағылды. Енді, қаулы шығатын боп жат­қан­да, аяқ астынан «формализмге» соқ­­қы берілгені бар емес пе?! Мені – жап-жас қызды былай қоя тұ­рыңыз, Дейнека, Сергей Герасимов, Фаворскийлердің өзі жел тұр­ған кездегі теректей теңселіп кет­ті. Сөйтіп, «Перед стартом» кар­ти­насы Украин өнерінің мұ­ра­жайында шаң басып жатып қалды. Сөйтіп, сый-сияпаттың орнына сы­бағамды берді, олар. Мені біреу­лер формалист, тағы бірі импрессионист қылып шығарды. Негізі олай емес қой! Күлкілі жағдай… бі­рақ факт. Ол заманда импрессионизм туралы айтуға болмайтын».
Александр Беляков өз жазбасын былай жалғайды: «Яблонская өзі­нің картинасында туған қызы – Ленаны бейнелеген. Ол кезде қы­зы 13 жаста-тұғын. Бұл туындысын Киевтегі пәтерінде салған. Иә, бір қарағанда бөлме абажадай көрінгенімен, бұл – коммуналка еді. Лена 1941 жылдың шілдесінде дү­ниеге келіпті. Бір ай бұрын Яблонс­кая мен оның күйеуі – Сергей Отрощенко Киев көркемсурет институтын тәмамдаған. Содан кейін-ақ, ол қолына қару алып, май­данға аттанады. Кетер алдында қызының атын Лена – Алена деп қоюды аманаттайды. Отанына аман-сау оралғанымен де, аз уа­қыт­тан кейін Сергей әйелімен ажырасып кетеді. Яблонская ұзақ өмір сүрді. Ол 1917 жылдың ақпа­нын­да туып, 2005 жылы оған сол Киевтен топырақ бұйырады. Қарап отырсақ, бұл шып-шымыр шығар­ма­ның киноға бергісіз тарихы бар».
«Утро» – символикалық мәнге ие полотно. Онда елдің, ұлттың оянуы бар. Егер қызға зер салсаңыз, оның бойынан нәзіктікпен қатар, жаңа серпілістің үйлесім тапқанын аңғарасыз. Беляков сөз арасында кар­тинаға италия суретшілерінің ықпал-әсері барын айтып қалды. Иә, рас! Татьяна Нилқызы Леонардо да Винчи, Мазаччо, Рафаэль Санти, Сандро Боттичелли, Джорджоне, Джованни Беллини, Караваджо, Давид Гирландайо секілді Өрлеу дәуіріндегі италиялық қыл­қалам шеберлерін пір тұтқанын, сол алыптармен өзін салыстыра ке­ле, әлдеқайда әлсіздеу екенін мойындағаны – кішіпейілдігінен. Суретшінің тақырыпқа тамызық ретінде басқа-басқа емес, дәл осы таң мезгілін алуында да гәп бар. Бір көр­генде-ақ жылылықтың лебі есе­тін осы туынды сап-сары сағы­нышқа малынған. Себебі, о кезде біздің апаларымыз, аталарымыз, ағаларымыз, әпкелеріміз өмір сүр­ді. Сондықтан, бір бүтін дәуірді көз алдыңызға әкелетін «Утро»-да өмір­­ге деген сүйіспеншілік, сенім, тазалық, іңкәрлік бар. Нобель сый­лығының иегері Орхан Памук «Менің атым – қырмызы» рома­нын­­да суретшілер жөнінде жазуы бекер емес. Немесе жапон новелисі Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабындағы» суретші Ëсихидэның өзінің ең ғажайып картинасын қан­дай құрбандыққа бару арқылы тудырғаны туралы оқығанда жанымыз түршігіп, жан азабын тарту не­гізінде іште бұлқынған саф дү­ние қалайша сыртқа жарып шы­ға­тынына көзіміз анық жеткен еді.Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір