ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЖЫМЫ

0
197 қаралды
Академик Қажым Жұмалиевтің артында қалдырған мол мұрасын әр қырынан қарастырып, бүгінгі өскелең ұрпаққа таныстыру – уақыт талабынан туындаған игілікті істердің бірі. Өйткені, Кеңес өкіметі тұсында ұлттық әдеби мұраны коммунистік партияның қаулы қарарлары мен партиялық саясат тұрғысынан түсіндіру көптеген қайшылықтарға әкеп соқтырды. «Ескішіл, кертартпа, феодалдық, буржуазияшыл-ұлтшылдық идеологияны жақтаушы» деген сылтаумен 1950 жылдары ілгері басқан аяғы кейін кетіп, дұрысы бұрысқа айналып, қорлық көргендердің жуан ортасында академик Қ.Жұмалиев те жүрген болатын. Бірнеше жылға созылған Ұлттық кауіпсіздік комитетінің тергеу нәтижесі бойынша заттары тәркіленіп және арыздану құқығынан айырылып (без права обжалования), 1953 жылы 27 мамырда табаны күректей 25 жылға сотталғанымен, өзінің де және жұбайы Александра Ивановна Малинаның да Н.С.Хрушевке және КСРО Бас прокуроры Руденкоға жазған арыздарының нәтижесінде 6 айдан кейін Жоғары соттың шешімі 15 жылға шегеріліп, жаза 10 жылға түсірілген. «Қ.Жұмалиевтің қазақ әдебиеттану ғылымы жөніндегі еңбектерінің бәрі буржуазияшыл-ұлтшылдық сарында жазылған» деген комиссия шешімінің негізгілеріне көз жүгіртіп көрейік:
«1) Қ.Жұмалиевтің бур­жуа­зия­шыл-ұлтшылдық көзқарасы 1941жылдан 1951 жылға дейін жа­рық көрген баспаға дайындалған «Қа­зақ әдебиетінің хрес­тома­тия­сын­да», «Едіге» пьесасында, «Біздің Мә­лік» атты жинақта, орта мектеп­тің 8-9 кластарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарында ашықтан-ашық толық түрде орын алған.
2) Жұ­малиевтің буржуазияшыл-ұлт­­шылдық көзқарасының мәні мы­­нада: ол өткен тарихтан, ауыз әде­биетінен, жазба әдебиеттен ең алдымен орысқа қарсы кертартпа мазмұнды шығармаларды пай­да­ланған. 3) Жұмалиев өз көзқарасын на­сихаттау мақсатымен тарихи де­ректі (фактіні) бұрмалау (фальсифи­кация) әдісін кеңінен пайдаланған. 4) Жұмалиев буржуазияшыл-ұлт­шылдық мазмұнға толы сақтауға тиым салынған әдебиеттерді сақтап қалған… 5) 1941-1943 жылдарда жа­зылған «Қазақ әдебиетінің» оқу­лықтарында Жұмалиев жүз шамалы бетін «Бұхар, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нысанбай, Шәңгерей, т.б. осылар сияқты кертартпа феодал­дық ақындарға арнайды. Соларды насихаттайды… 6) Абылайдың кертарпа саясатының қолшоқпары болған Бұхарды Жұмалиев халық­тың ой-арманын білдірген ақын деп сипаттайды, ақынның ой-өрісі біздің заманымызбен ұштасып жатады да, «оның шығармалары кеңес адам­дары үшін үлкен тәрбиелік мә­ні бар» деп сандырақтайды. 7) Кертартпа молда Ақмолда мен композитор Ақанның өлең-жырларында өте мол орын алған панисламдық-пантюркистік идеяны, діншілдікті айтпай, «тек қана жағымды жағына» көңіл бөледі. 8) Оқулықта шығарма­сы кертартпа, барып тұрған ұлтшыл Нарманбет Орманбетовті, алашордашыл контрреволюционер Омар Қарашевті, Нұржан Наушабаевты, кертартпа пантюркист Мәшһүр Жүсіп Көпеевті насихаттайды».
Сондай-ақ, «Қобыланды», «Ал­па­мыс», «Орақ-Мамай», «Едіге», «Қарасай-Қази», «Бөгенбай батыр», «Кенесары-Наурызбай», «Шора батыр» сияқты эпостық жырлар ту­ра­лы жазғандарынан да, ауыз әдебиетінен де, оның ішінде тұр­мыс-салт жырларынан да, «Асан­қай­ғы», «Қорқыт» аңыздары бойын­ша да жалпы «ұлтшылдық са­­­рын­­дағы жырлар» деп кінә таққан барлық шығармалардан нақтылы мы­салдар келтірілген үш томдық тергеу ісі ҚР Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің архивінде 2014 жылға дейін сақталып, қазір бұл құжаттар Ішкі істер министрлігінің арнайы ме­мелекеттік мұрағатына өткізіл­ген.
Қаламгер «жылымық кезеңінің» жылы шуағы қашан төгілгенше Қа­ра­ғанды лагерінде қуғын-сүргінде жүр­гендігін кейінгі әдебиетшілердің біреуі білсе, біреуі білмес. 1955 жы­лы 25 ақпанда Мәскеудегі Бас про­курорға өз қолымен орыс тілінде жаз­ған 13 беттік арызы ҚР Жоғары со­тында қайта қаралып, тура бір жыл­дан кейін 1956 жылы 16 ақпанда то­лық ақталып шығады. Бұған ең бас­ты себеп 1956 жылы ХХ съезде Ста­линнің жеке басына табыну­шы­лық айыпталып, Н.С.Хрущев бас­та­ған коммунистер партиясы ста­лин­дік диктат үстемдігін әшке­ре­лейді. Осыған орай, 25 ақпандағы жабық мәжілісте «Жеке басқа табыну­шы­лықтың зардаптарын жою» жөнін­дегі қаулы арнайы бірнеше рет тал­қыланып, тек 30 маусымда іс жү­зінде қабылданады. Десе де, Хрущевтің ХХ съездегі «Сталиннің же­ке басына табынушылығын әш­керелеу» туралы баяндамасының толық мәтіні 1989 жылы «Известия» журналында алғаш жарияланады.
Егер ғалым еңбектерінің хроно­ло­гиялық жіктелуіне үңілсеңіз, 1950-1956 жылдар аралығында бір­де-бір шығармасының жарыққа шық­пағаны көзге ұрып тұр. 73 беттен тұратын жала қорытындысын оқып отырсаңыз, ғалымның атылып кетпей, қалай аман-есен шық­қан­дығына таң қалмасқа шараңыз жоқ.
Өз қолымен түрмеде жазған өмір­баянында «1907 жылы Батыс Қа­зақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылында тудым» деп көрсетсе, 1949 жылғы «Қазақ со­вет әдебиеті тарихының очер­кін­де» алғаш рет шығармашылық өмір­баянын жазған Қайнекей Жармағамбетов «Батыс Қазақстан об­лысы, Қаратөбе ауданы, Жалғы­за­ғаш деген жерде март айында ту­ған» деп көрсеткен. Бұл жерде «март айы» дегеннен басқасы – дұ­рыс. Саралжын ауылы совхоздастыру ке­зінде Аққозы ауылының құра­мын­да еніп, кейіннен қайта құ­рыл­­ған.
Кеңес өкіметі тууы туралы куә­лік беруді бастағанша сол тұстағы дүниеге келген адамдар туған күнін әке-шешесінің айтуы бойынша өз­дері шамалап белгілеп алатын. Қыс­тың қақаған суығында дүниеге келген Қ.Жұмалиев туған күнін 28 жел­тоқсан деп белгілеген екен. Ға­лым 1968 жылы 61 мүшелінде 28 жел­тоқсан күні Алматыдағы Райым­­бек даңғылында орналасқан зи­ратқа жерленеді. Тура сол күні жамбасының жерге тиюі Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген сөзін еріксіз еске түсіреді. Өйт­кені, ғалымның өзі де «Абайдың осы өлеңінде бүкіл ауыз әдебиеті сыйып тұрғандығын» дәлелдеген бо­латын. Елеусіз ғана мәлімет бол­ғанмен, тылсым дүние құдіретіне шек жоқ.
«Азан шақырып, қазанның құ­лағын қағып қойған Қажығали атым аталмай, Қарабала деп атанушы едім», – дейді ғалым. 1919 жылы шешесі Жауқазын Мырза­кел­діқы­зынан кейін әкесі Жұмалы Қазиұлы да қайтыс болып, ағаларының қо­лын­да тәрбиеленеді. Әкесі қайтыс бо­ларының алдында Қажымды шақырып алып: «Менің татар дәмім тау­сылған сияқты, балам. Мен өл­ген­де көзіңе жас алып, жылаушы бол­ма, сөйтсең көрде тыныш жата ал­­м­аспын», – деген мазмұнда өсиет айт­қан екен. Бұл қабырғасы қат­паған, бұғанасы бекімеген баласы­ның келешек тағдырына алаңдаған әкенің қолынан келген айла-шар­ғы­сы іспетті. Әке өсиетін қапысыз орын­даған 12 жастағы бала әке қа­бірінің басында тұнжырап отырып алғаны болмаса, көзіне жас алмапты.
Қаршадайынан небір өлең-жыр мен қисса, дастандарды жаттап өс­кен болашақ ғалым 16 жасқа келген­ше әуелі ауыл молдасынан, сосын орыс-қазақ мектебінен хат таниды. Екі тілді де, араб пен кирилица жазуын да еркін меңгергендіктен, кө­кейін оқу тескен Қ.Жұмалиев 1923 жылы ағаларына айтпай, 300 ша­қырым жердегі Орынбор қала­сына жаяу тартады. Жол азабын тар­та жүріп, әсіресе жаяу көп жүр­ген­діктен, аяғына кигені жыртылып, әбден қаратабанға айналғанда ол Қазақстан астанасы Орынборға жетеді. Өзі сияқты жерлестерін та­уып алып, қара жұмыстың қанда­йын бол­сын атқара жүріп, қолайлы оқу ор­нын іздейді. Бірақ таудай талабы жан­бай жатып, сөнеді. Өйткені, сол тұста жаңадан ашылып жатқан «Ере­­сектер мектебіне» жолдама алу­ға келгенде, жалаңаяғы күс-күс, балағы жырым-жырым ұсқынсыз баланың бойындағы жалғыз іліп алар киімі «аталық бөркін» (өз сөзі) басына оқшырай­тып киіп алып, ешнәрседен тайсалмай «күніне ке­ліп, мектептің қашан ашылатынын» сұрай бергеніне жыны келген Ха­лық комитетінің бастығы: «Сен оқуға алынбайсың», – дейді. Қа­бі­лет-қарымы өзгелерден оқ бойы озық екеніне кәміл сенген бала: «Не­ге алынбаймын? Мен кім­нің әке­­сін өлтіріппін? – деп салады. Бұл сөзге қатты ызаланған бастық: «Мен тірі тұрғанда, сен оқуға алын­байсың», – деп қайталағанда: «Жоқ аласың. Мен не оқуға кіремін немесе Нарком­простың тап табалды­ры­ғында өлемін», – деп серт етеді. Тауы шағылса да, алған бетінен қайт­паған қайсар бала мектептің ашылуынан күдер үзіп, ауылға қайт­қан жерлестеріне ілеспей, Орын­борда қалып қояды. Мектеп ашыл­ғанмен, Қ.Жұмалиевтің қа­сындағы оқуды тосып қалған Бе­ріш­тің екі баласы қабылданып, Қа­жым иесіз қоста жалғыз қалады. Ба­рар жер, басар тауы жоқ, ауылдан қа­шып кеткен Қажым өмірден кү­дер үзіп, әке қазасынан кейін екінші рет көзіне лықсып келген жасын тия алмай, жар басында жападан-жалғыз құлазып отырғанда, ойда-жоқ­та кездескен Хамит Жәнібеков де­ген ересек студент С.Меңдешевке бару туралы оған ақыл береді. Сөй­тіп сол тұстағы өкімет басшысы Сейтқали Меңдешевтің көмегімен «Сені оқуға қабылдатқызбаймын» деген Есқали Шоқановтың өзі Қажымның алдында құрақ ұшып, «Ересектер мектебіне» өзі жетектеп әкеп, орналастырады. Ол кезде Кеңес өкіметі тегін оқытумен қоса мек­тептерде тегін тамақтандырып, киіндіретін. Қол жетпестей көрінген арманына бір күнде аяқ басқан Қ.Жұмалиев «Ересектер мектебін» ойдағыдай тәмәмдағаннан кейін Шымкеттегі ауыл шаруашылығы техникумына түседі. Осы оқу орны­ның жоғарғы курсында жүргенде, 1928 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне «Батырақ Ға­лиасқар» деген тырнақалды өлеңі басылса, 1929 жылы «Егізбай мен Ерқожа» деген поэмасы «Жаңа әде­биет» (қазіргі «Жұлдыз») журналына жарияланады. Осы шығарма­ла­рының арқасында 1929 жылы түскен қа­зіргі Абай атындағы ҰПУ-нің жа­ратылыстану факультетінен оны университет ректоры С.Асфендияров әдебиет факультетіне ауыстырады. 100 оқушының 30-ы ғана ілік­кен жаратылыстану факуль­те­ті­нен өзі жан-тәнімен жақсы көретін әдебиет саласына біржола бет бұруы­на осылайша жол ашылады.
Оқуды бітірген соң, 1932 жылы Орал­дағы пед институтқа оқыту­шы­лыққа жіберіледі. 1937 жылы Ха­лық ағарту комитетінің ша­қыр­туы­мен өзі оқыған уни­вер­ситетіне қа­зақ әдебиетінің тарихы мен тео­рия­сынан дәріс береді. Содан өмі­рінің соңына дейін қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қыз­мет атқарады.
Қазақ әдебиетінің тап қазіргі дең­гейден әлденеше саты төмен тұр­ған кезінде тәжірибесі тапшы, оқу­лығы жүйеленбеген қазақтың сол кездегі университетінде сабақ беру оңай емес еді.
Профессордың орта және жо­ғар­ғы оқу орындарына арналған «Әде­биет теориясы» (1938), «Қазақ әде­биетінің тарихы» (1941-1942), XVIII-XIX ғасырлар әдебиетінен тұң­ғыш оқулықтар жазуы осындай мұқ­таждықтан туғаны анық. Қ.Жұ­малиев 1941 жылы «XYIII-XIX ға­сырлар әдебиетінің тарихы» деген та­қырыпта кандидаттық, 1946 жы­лы «Абай поэзиясының тілінен» док­торлық диссертациялар қорғай­ды. Бұл ғылыми атақ жағынан да, та­қырып сонылығы жағынан да қа­зақ әдебиетшілері арасынан тұң­ғыш қорғалған диссертациялар еді.
Қ.Жұмалиевтің Махамбет пен Абай мұрасы хақында жазған мо­нографиялық еңбектерінің өзі бір төбе. Оның Махамбет Өтемісұлы ту­ралы 1937 жылдардан басталатын қо­мақты зерттеулері мен «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэ­зиясының тілі» (1948) атты мо­ног­рафиясы – ең шоқтығы биік асыл қазыналар. Сондай-ақ, қазақ әде­биеті тарихына елеулі үлес болып қосылған 1948 жылдан бастала­тын алғашқы көптомдық ака­де­мия­лық жинақтардың негізгі ав­тор­ларының бірі болып қана қоймай, 1917-1947 жылдар аралығын қамтитын тұңғыш академиялық жинақтың жалпы редакциясын басқарды. 1949 жылы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» деген атпен шыққан бұл кітап Ж.Жабаев, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Н.Бай­ғанин, И.Байзақов, А.Тоқ­ма­ғамбетов, Ж.Сыздықов, Қ.Әбдіқа­дыров, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев,
Ғ.Ор­манов, Ғ.Мұстафин, Қ.Жұ­ма­лиев, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Әбі­шев сияқты қаламгерлердің алғаш­қы шығармашылықтарын саралай білетіндігімен ерекшеленген. Ол ке­ле-келе 1961 жылы шыққан «Қа­зақ әдебиетінің тарихының» (2-том, 1-кітап) жалпы редакциясын бас­қарды.
Тәуелсіздіктен кейін жаңаша жазылған 10 томдық «Қазақ әде­бие­тінің тарихына» ғалымның Махамбет, Шернияз туралы зерттеулері ен­гізілсе, «Классикалық зерттеулер» көптомдығына «Әдебиет тео­рия­­­сы» оқулығы енгізілген. Жұрт­шылыққа кеңінен таныс «Ломоносов және орыс ғалымы», «Қазақ эпосы және қазақ әдебиеті тарихының мә­селелері», «Қазақ әдебиеті тари­хы­ның мәселелері және Абай поэ­зия­сының тілі», «Ахмет Жұбанов», «Стиль – өнер ерекшелігі», «XYIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «Жайсаң жандар», т.б. газет, журнал және әртүрлі жинақтарға енген ең­бектерін қосып есептегенде жалпы саны 200-ге жуық ғылыми зерт­теу­лері, сондай-ақ 40-қа жуық өлеңі мен бес поэмасы, 30-ға тарта очерк, әң­гімелері мен екі повесть, екі драмасы бар.
1946 жылы орталық газеттерде жа­рияланған Орталық Партия Ко­митетінің қаулы-қарарларынан түс­­пеген бірнеше адамды байқауға бо­лады. Олар – тарихшыдан Ермұ­хан Бекмағамбетов, әдебиетшілер­ден Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов және Қажым Жұмалиев. 1940-1970 жылдардағы қазақ әде­биетінің тарихы сөз болғанда, Қ.Жұмалиевтің Бұхар жырауға бай­ланысты «қасаң қағидасын» айтпа­ғанның өзінде М.Әуезовтің 1927 жыл­ғы «Әдебиет тарихы» еңбегінің өзі баспадан шықпай жатып, туралып кеткенін тілге тиек ету – пары­зы­мыз.
1950 жылғы бір мәжілісте
Қ.Жұ­малиев: «Бұхар, Дулат, Шор­тан­бай, Мұраттарды бүтіндей оқу­лықтан шығарып тастауға болмайды. Өйткені, ХІХ ғасырдың І жар­­­­ты­сы мен орта кезінде болған әдебиетті тек Махамбетпен шектемеу керек, кертартпалық кемшілігін айтып, мар­кстік-лениндік қағидаға сүйене отырып, оқулыққа енгізу керек», – деген мәселе көтереді. «Қ.Жұ­ма­лиев ұсынысын Ә.Шәріпов қарсы бол­май, қабылдай салды» делінетін сол кездегі Оқу министрі­нің орынба­сары Ә.Шәріповке жиналыс ше­шімін қорғау үшін біраз тер төгуге тура келеді.
Кеңес дәуіріндегі зерттеулерді кей­бір әдебиетшілердің жоққа шы­ғаруға тырысатын пікірінің тым ұш­қары екендігін байқаймыз. Қ.Жұмалиев еңбектерінің барлығы ға­лым­ның табандылығының, ба­тыл­дығының, ержүректігінің арқа­сында ғана жүзеге асты, әрі бірнеше буын өкілдерін қалыптастырған құн­дылыққа айналды.
1987 жылы ғалымның әдеби мұра­сын түгендеп шыққан, филоло­гия ғылымының докторы, марқұм Мекерия Атымовтың «Қажым Жұмалиев» атты монографиялық ең­бе­гінде оның негізгі шығарма­шы­лық тұлғасы «Жазушы. Ғалым. Ұстаз» деген үш бөлім бойынша қарас­тырылды. 1986 жылға дейінгі ака­демик туралы жазылған ма­қалалар мен Қ.Жұмалиевтің көзі тірісінде жарық көрген шығарма­лары­ның хронологиялық тізбесін төкпей-шашпай жүйелеген де осы автор екенін айтқымыз келеді.
Бұдан кейін академиктің әде­биет­тану ғылымына қосқан үлесін мүм­кіндігінше зерттеген осы мақа­ла авторы 1989 жылы «Қажым Жұ­малиев еңбектеріндегі әдебиеттану мәселелері» деген тақырыпта кан­дидаттық диссертация қорғады. Бұл Қ.Жұмалиевтің ғылыми ең­бек­терін жүйелеудегі бірінші дис­сер­тациялық жұмыс болатын. Ал 2006 жылы Азамат Мамыров «Қажым Жұ­малиев – эпостық жанрдың түр­лерін зерттеуші» атты кандидаттық диссертация қорғады. Осы аталған жұмыстардан басқа бүгінгі тәуелсіз ел тұрғысынан қарап, саралаған зерттеулер әзірге жазылған емес.
Ал қазіргідей тілді кеңейтудің түр­лі шараларын қарастырып жат­қан кезеңде төл әдебиетіміздің төрт жанрында өзіндік өрнек қалдырып, туған халқының мәдениетіне ұшан-теңіз еңбек сіңірген Қ.Жұмалиев ең­бектерін тұтас күйінде жинақтап, баспадан шығару ісі әлі де толық қол­ға алынбағанын байқауға болады. Рас, 2010 жылы Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту орталы­ғы­ның қолдауы бойынша Оралдың «Ағартушы» баспасынан акаде­мик­тің жеті томдық шығармалар жи­нағы жарық көргені құптарлық іс. Десе де, бұл томдарда Қ.Жұмалиев­тің поэзия, проза, драматургия са­ласындағы көркем шығармалары мен мерзімді баспасөздегі мақа­ла­лары, шығармашылық өмірбаяны мен ол туралы жазылған жылы ле­біздер қамтылмаған. Негізінде
Қ.Жұ­малиевтің 1958 жылдан жарық көрген Қазақ әдебиеті тарихына бай­ланысты еңбектерін 1939-1949 жыл­дар аралығындағы нұсқасымен салыстыра отырып, солақай сая­сат­тың кесірінен түсіп қалған тұс­та­рын және өзгертуге мәжбүр болған саяси күрмеуі күрделі тақырыптарды то­лықтырып беру қажет еді. Сон­дай-ақ, көптомдықтың таралымында да кемшілік бар сияқты. Өйт­кені, Алматыдағы ең үлкен Ұлт­тық кітапханадан да бұл жеті том­дықты таба алмайсыз.
Елдің де, ердің де, сөздің де тәуел­сіздік алған тұсында қазақ әде­биетінің үлкен діңгегінің бірі ака­демик Қ.Жұмалиевтің 90-100 жыл­дық мерейтойлары шағын ғана се­минар-конференция түрінде өткізілгені болмаса, мемлекет тарапынан ескерусіз, елеусіз қалғаны да арқаға аяздай батады.
1982 жылы Әдебиет және өнер инс­титутының аспирантурасына түскенде маған жетекшілікке та­ғайындалған М.Атымов жоғарыдағы та­қырыпты алғаш ұсынғанда менің өмірлік қосағым белгілі ақын, сатирик, сазгер Қажытай Ілиясұлы «Қажымды білу – бүкіл әдебиетті білу» деп мені қызықтырған еді. Ра­сында мен осы бір ерекше тұл­ғаның еңбектерін зерттеу арқылы әдебиеттанудың барлық саласымен қаруланып шыққанымды енді ғана түсіндім.
Қазақ әдебиетінің зерттелу, жи­нақталу, жүйелену мәселесін ескергенде біз Қажым Жұмалиевті қөп қоңыраулы салқар әдебиет керуе­нінің көшбасшылары қатары­нан іздейміз. Қазіргі өрісі кеңіп, өресі биіктеп, пайым- парасат дәрежесі то­лысқан әдебиеттану ғылымының әр қойнауындағы ерен еңбек сіңір­ген өнер қайраткерлері туралы сөз қозғау – әрбір жаңа уақыттағы әрбір жаңа ұрпақтың азаматтық парызы болмақ.
Руда Зайкенова,
Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық
университетінің професоры,
филология ғылымының докторы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.