Ән әлемінің Алтынбегі
02.02.2018
3624
0
Елу жыл ел алдында, ән сахнасында төлтума ән туындыларын, ілгері өткен, өзіне замандас сазгерлердің шығармаларын өнерге қойылар биік талап деңгейінде қалықтата шырқап келе жатқан саз өнерінің саңлақтарының бірі, композитор, ардақты әнші-сазгер – Алтынбек Қоразбаев. Бүгінде жалпақ қазақ, іргелес жатқан қырғыз, өзбек халықтарына есімі, шығармашылық жолы жақсы таныс Алтынбек Қоразбаев әнші-композитор ғана емес, соңынан шәкірт ертіп, баулып келе жатқан, өнердегі мектебін де қалыптастырған ұстаз. Ол Жетісу ән өнері мектебінің ұлы дәстүрін жалғастырып, дамытушы, ізденімпаз әрі талғампаз, еңбекқор, шығармашыл тұлға. Ұлттық, дәстүрлік сипаты мықты өнер туындылары ғана халықтың жүрегіне жол табады. Ұлттық топырақтан нәр алмаған, ұлттық құнарға тамыр жая алмаған кез келген шығарма бауы байланбаған түндіктің киізіндей, желп-желп еткен жеңілтек бір нәрсеге айналып кетеді. Есті әнді мұндайда күту қиын, ал есер әнге тұншығасың. Композитор Алтынбек Қоразбаев шығармалары ұлттық сипатқа тұнып тұр. Оның ән әуендерінің табиғилығы, шынайылығы ұлттық ерекшелігінің асқақтай көрінуінде жатыр. Алтынбек шығармаларынан ұлтымыздың ән өнерінің болмысы мен сипатын, халықтық дәстүріміздің саф алтындай тазалығын сезінесің, сезбеу мүмкін де емес.
Ұлттық өнеріміздің, мәдение­тіміздің кеңістігін тың музыкалық туын­дылары мен мәртебесін биік­тетіп, іргесін кеңейте түсіп, әлемдік му­зыка жетістіктеріне ұштастыра біл­ген. Алтынбек әндеріндегі ха­лық­тық дәстүрдің тінінің мық­ты­лығын, балғын бала кезден халық мұ­раларын: аңыз-әңгіме, ертегі, эпос­тық, батырлық, ғашықтық жыр­ларды бас алмай оқып, өзі де кеш­кісін дастархан басында үл­кен­дерге оқып беріп, өнеге тұтуында, бойы­на, балалық санасына терең сіңіруінде жатыр дер едік. Халқы­мыздың ауыз әдебиеті түрлерімен, халық әндерімен балаң кезде ауызданып, бойына сіңіріп өскен, қалың елдің ішінен шыққан балаң жігіт­тер, әсіресе, 1970 жылдардағы қазақ әдебиетіне бір ерекше толқын болып кіріп, әдебиетіміздің болашақ дамуын қалай айқындап беріп кетсе, қазақ музыка тарихында да му­зыкалық мәдениетімізді кәсіби биік белес деңгейге көтерген де сол ел ішінде өскен, бойында музыкалық таланты тасқындаған жігіттер еді. Қазақ әдебиеті мен музыкасын да­мытушылардың тылы – ел іші, ауыл болғаны мәлім. Ауылда өсіп, қалада білім алған біз әңгіме етіп отыр­ған кезеңдегі жастар ауыл мәде­ниетін де, елімізді, республика­мызды, ұлттық мәдениетіміз бен әде­биетімізді гүлдендірді. Сол шо­ғыр­дың ішінде елмен етене өскен композитор-әнші А.Қоразбаев та бар. Ол қазақ халқына әншілік, дом­бырашылық, сазгерлік, ұстаз­дық, қазақ музыкасын насихаттау­шы­лық еңбегімен тынымсыз бел­сенді қызмет етіп келе жатқан тұлға. Ол ән керуен көшін болашаққа тура бағыттап келе жатқан да азамат. Алтынбек ән әуендерінде халықтық сарын, елдік бояу, нақыш, ұлттық рух басым. Болмысында ұлттық рух ба­сым әндер адам еркін билеп ке­тетіні мәлім. Алтынбек әндерінің қуаттылығының арнасы осыған сая­ды. Тыңдаған жан, естіген құлақ ерік­сіз ән жетегіне қалай ілесіп, ән­­шімен бірге қосылып, өзі де әуе­летіп ән айтып кеткенін білмей де қалады.
Алтынбектің ән өнерінде, қалай дегенмен де, жаңашылдықпен ұлас­қан дәстүршілдік басым. Оның ән­дерінен сондықтан да уақыт пен ке­зеңнің табын, болмысын сезі­несің. Шуақты, нұрлы күндердің, қой үстіне бозторғай жұмыртқа­лай­тын кезеңнің әні де, жыры да, күйі де бөлек. Жекелеген адамдар ғана емес, жекелеген ауыл, аудан, облыс­тар ғана емес, тұтастай еліміз бір мем­лекеттік жүйеден екінші бір жүйе­ге ауысып, ел экономикасы, ауыл тұтастай дерлік күйреп қалған заман кезінде туған ән де, әуен де мүлдем бөлек сарынға ие. Мемлекет басына кездейсоқ келген адамдардан сақтандыруға қатысты ұлылар ескертуі ұмытылып, алып мемлекет кездейсоқ адамның жауапсыз іс-әрекетінен күл-талқан болды. Ұлы Отан соғысында жау омырт­қасын күйретіп жеңген халық на­рық­тың көзге көрінбейтін шең­геліне ілікті. Бетпе-бет келетін жау­дың сұлбасы елес бермесе де, қы­сымы, қиянаты тірі жаудан да асып түсті. Республика дағдарысқа ұрынып, қиыншылықтан шыға алмай жатты. Бұл кезеңдегі бүкіл халықтың басына түскен ауыр күн­дер ән бедерінде де өз ізін салмай тұрмады. Көптеген әннің әлеуметтік сарыны қоғамдағы ауыр тұрмыстың күйін бейнелей алды. Халқымыз пессимизмге салынбай, оптимис­тік, жасампаз ән рухымен тәуелсіз­дігіміздің туын көтеруге ұмтылды. Ал­тынбектің де мұндай күрделі кезең, ел басына түскен ауыртпалық заман шығармасында көрініс таппай тұрмады.
Ән де, жыр да белгілі бір жағдай­ға немесе әсер еткен оқыс оқиғаларға байланысты туып жатса, Алтекеңнің басты әндерінің денінің шығу тарихы бар, ән кездейсоқ дүниеге келмесе керек. Әннің тарихы белгілі оқи­­ғаға арналғандықтан оның тақы­рыбы да нақты, кейіпкері де кө­біне ортамызда жүрген қилы тағдыр иелері. Сондықтан да мұн­дай әндер өмірдің шындығын қаз қалпында бейнелеп, әуен өзегіне айналдырады. Әрбір әннің жазылу, шығу тарихы әр қилы, жалғандығы, жылтырағы жоқ өмірдің өзінен алын­ғандықтан, көптеген тағдыр иелерінің де басынан өткен, ұқсас, ортақ оқиғаға келіп саяды. Бір адам­ға арналған ән көптеген адамға ор­тақ, соның күйін ән әуенімен жет­кізіп тұрғандай қабылдайды. Ал талантты сазгер бауырымызда мұн­дай әндер аз емес. Халықтың жүре­гіне жетпеген ән – құлақты то­сыр­қататын, миды шыңылда­татын, есер ән. Әнді құдыретті, киелі өнер деп сезініп, әулие, пір тұтып, биік өнер шыңын мұрат тұтқан сазгер бауырымыз туған елі мен жерін, қасиетті Отанын ән әуе­німен, ақ жүрегімен қалай те­біре­ніп ақтарыла сүйсе, оның әнін сүйер қауым да сазгерге деген шексіз, рия­сыз іл­типат, ықылас-пейілмен қол­дап, кө­­кке көтеріп жүргенін сезінсе керек. Қаршығаның жүз күйшіні жиып, жұдырықтай жұмылдырып, бір адамдай күй төгілткен тосын сыйындай, Алматының, республи­каның, басқа да үлкен қалалардың кісі лық толы залдарынан шыр­қал­ған Алтынбек бауырымыздың әні мыңдардың, артық айтпады деме­сеңіз, миллиондардың тағдырына ортақтасып, үндесіп тұратын. Әні­нің мұндай қасиеті Алтынбекті ел­дің, жұрттың сүйікті әншісіне, сазгеріне айналдырды. Бүгінде Ал­тын­бек әндерін балалар, мектеп оқу­шыларынан бастап, қалың ән­шілер тобы, ел-жұрт той-думанда, түр­лі мереке жиындарда, айтулы да­талы күндерде жиі-жиі шырқай­ды.
Композитордың біраз өлеңдері балаларға арналған, үйреніп, тез ай­тып жүруге жеңіл. Балаларға ән шығаратын композиторлар бізде аз. Алтынбек бауырымыз балажанды, ақ көңіл, көпшіл, бауырмал жан болғандықтан оның әндерінің дені балалардың орындауына ыңғайлы деу керек. Талай таланттың жолын аша­тын ән де – Алтекеңнің қор­жы­нында.
Қазақтың сал-серілерінің соңы, атақты Балуан Шолақ Арқадан Же­тісу жеріне келген сапарында Ке­нен­ді көріп, батасын берген, өне­рінің ашылуына үлкен септігі ти­ге­ні мәлім. М.Жолдасбеков аға­мыз «Кененнің сарқыты» деп айт­қандай Алтынбек Кенен атамыздың «Базар-Назар», «Қайран жастық», «Көк шолағын» айтып жүрді. Алғаш «Ақ қайың – аңсарым», «Ақ халатты дәрігерім» деген әндерін шығарып, ел алдында орындауға ыңғайсыз­да­натын. 1972 жылы Ғарифолла Құр­ман­ғалиев Атырауға баратын топқа Алтынбекті де қосып, жас жігіттің әнін тыңдап: «Әнші болуға бейім еке­нсің, Кенен атаңа ұқсайсың», – деген сөзі ән айтуына қамшы бол­ған екен.
«Әгугәй домбыра» әнін шығар­ған сазгер 1975 жылы Кенен Әзір­баев­тың 90 жасқа толу мерейтойына дайындық барысында «Жүз жасаған Кенен ата» әнін жазып, сол тойға ар­найды, ән тыңдарман тарапынан өте жылы қабылданады. Көзі тірі­сін­де 90 жасқа келген мерейтойы бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде тойланған әнші, сазгер, қайраткер. Бұл дүбірлі тойға КСРО Жазушылар одағының төрағасы Г.Марковтан бастап, Одақтас республикалардан да қонақтар қатысқан. Кененнің 90 жылдық мерейтойының алдында Алматы обкомының бірінші хатшысы, көрнекті мемлекет қайраткері А.Асқаров обком бюросының шешімімен К.Әзірбаевқа Алматыға келген кезде түсіп жүретін үйі болсын деп Т.Шевченко мен М.Төлебаев көшелері қиылысында жаңадан салынған 5 қабатты үйдің екінші қабатынан 4 бөлмелі пәтер бөл­діреді. Қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет қайраткері Х.Әміровке де Қарғалыдан дача салдырып береді. Кенен атамыз дүние салғанда арнайы топпен келген Алтынбек
Н.Тлендиевпен кездесіп, танысады. Алтекең: «Атамызды қазақ қана емес, табиғаттың өзі жоқтап тұр­ғандай сезілді. Алдында ғана шайдай ашық аспан түнеріп, дауылдатып, саябырсыды. Бірнеше жігіт Кенен атаны көтеріп барады. Мәйіт­тің беті ашық. Атамның аппақ с­ақалы желмен бірге желбірейді. Бей­не, туған елімен қоштасып бара жатқандай. Сол сәт қолтығымнан мықтап ұстап алған Нұрғиса ағам: «Ай­налайын, сақалыңнан желбі­реген… Кетіп барасың ба, қабырғалы еліңді, туып-өскен жеріңді тастап», – деп көз жасын бет орамалмен сүр­те берді. Нұрғиса ағаның сол сөзі есім­нен кетпей қойды», – деп жазыпты. Бір ғана адам жанын тербейтін сөз бо­лашақ жазылар әннің кілтін қол­ға ұстатып жібергендей еді. Ақыры ұзақ толғанып жүріп «Сағындым, Кенен атамды» деген әні дүниеге келді. Ақын Ж.Сәтібековпен бірге ән мәтінінің де сәтті тууына себеп бол­ды. Өлең де, ән де өте сәтті шық­қан. «Желбіреген ақ күміс, Сақа­лыңды сағындым. Жайлауындай да­ла­ның, Шапаныңды сағындам. Ән мен жырдың кені екен, Айналайын берекем».
Алтынбек Қоразбаевтың төрт әні туралы арнайы тоқталудың енді реті келді. Бұл әндері – «Қара кем­пір», «Қара шал», «Қара бала», «Қа­ра пима» деп аталады. Бұларды бірін-бірі жалғастырып жатқан ән­дер циклі десе де болады. Компози­тордың бұл туындылар циклін ән-эпопея десе, артық өлшем болмас. Адам тағдырын, қасірет-қайғысын Алтекеңдей терең толғап, ән желісі­нің тініне айналдырған сазгер кем­де-кем. Қара кемпір – ғұмыр бойы Алтекең өскен Қызыл сайда тұрған. Майданға аттанған Жексенқұл мен Қосшығұлы хабар-ошарсыз кеткен, шалы да дүние салған. Өмір бойы қос ұлының жолын әні келіп қа­лады, міне келіп қалады деп жәутең­деп тосумен, қой-ешкісін сол қос ұлы­ның малы деп өсірумен қасірет пен қайғыға батқан кейуана. Соғыс қасіретін шеккен, талай боздақтары­нан айырылып, шерменде болған аналардың тұтас бір жиынтық бей­не­­сіндей, солардың символындай үмітпен өткен қаралы Қали апа. Ол қырғыз қызы екен, жетпісінші жыл­­дар­дың соңында қайтыс болып­ты. Өмірін боталап, қос пер­зен­тін жоқ­таумен өткен, қайғы-мұң­ға батқан жан еді. Қара кем­пір­дің айтып жү­ре­тін мұңды әуені Ал­тынбектің түн­де құлағына келіп, елегізітіп, бейшара кейуананың бейнесі көз алдында тұрып алады. «Әдеттегідей ұл­дарымен әңгімелесіп отыр. «Жек­сенқұл, саған арнап құрт-ірімшік жи­надым. Тойыңды дүрілдетіп өт­кіземіз. Қойларың да көбейді. Мына жұрт­тан сені сұрасам «келмейді» дейді. Өтірік, сенің тірі екеніңді жү­регім сезеді. Түбі мені іздеп келе­сің… Ех, қарақтарым, сендер менің сағыныштан жүдеген хәлімді көр­сеңдер ғой», – деп отыр. Қасына ке­ліп тыңдап отырғанымды сезер емес. Ақырын кетіп қалдым. Үйге қарай аяңдадым. Көзімнен сорғала­ған жастың не үшін, қалай аққанын өзім де түсіне алар емеспін. Сол түні ұйықтай алмадым. Көкірегімді удай ащы запыран қыж-қыж қайнатты. Сол түні мен алғаш рет тағдырға на­лыдым. Өмірдің қасіретті бетіне тура қарадым… Ыңылдап әлдебір мақамдарды ойға түсіріп, өзімше толқып жүретінмен. Бірақ біздің басқа мұндай бақ қонатынын кім білген? Алланың бұйыртқаны шы­ғар. Қали апама ақыры саз өнерімен өлмес ескерткіш орнаттым. Бұл бір анаға емес, тағдырлары ортақ сан мил­лиондағам аналарға арнаған пер­зенттік ескерткішім – «Қара кемпір» еді» деп жазыпты ән авторы. «Қара кемпірді» Алтекең 1984 жылы шығарған. Жеңістің 40 жыл­дығы қарсаңында. Бұл ән «Тама­шаның» 40 жылдығы қарсаңында алғаш Республика сарайында орындалды. Егілмеген ел қалмады, жанарлары жасаурамаған жан болмады. Алтынбектің де көзінен жас шы­­ғып, іштей езіліп кетті. Осы күн­нен бастап әннің аты бүкіл Рес­пуб­ликаға таралды. Алтекеңнің атақ-даңқы да аспандап шыға келді. «Қара кемпір» өнер ордасының да атын биікке көтерді. Арада 10 жыл өткен соң Алтынбек өзінің маңдай терімен жинаған ақшасына «Қара кем­пірге» – Қали апаға арнап ес­керт­кіш тұрғызды. Осындай керемет мұңды әннің дүниеге келуіне басты себепкер болған Қали апасына Алтекең өзін қарыздармын деп есептейді. «Қара кемпір» әні қандай әсерлі болса, Алтекеңнің көкіре­гінен қара сөз болып төгілген «Қара кемпір» деген новелласы да нағыз сон­дай көркем әдеби ескерткіш.
А.Қо­разбаевтың бұл «Қара кемпір» деген новелласы бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулыққа сұранып-ақ тұрған, көркем, шынайы туынды. Алтекең өте күрделі та­қырыпты, қасіретті, көркем тіл­мен де, музыка тілімен де ғажап игер­ген нағыз хас талант. 1988 жылы «Қара шал» толғауын жазды. Бұл да бұрын-соңды қазақ бала­сының басына келмеген қасіретке арналған еді. Соған қарсы Алтекең ән тілімен, сөз өнерімен күресті. Үшінші толғау – тастанды балаларға арналған «Қара бала» («Бозторғай») әні. Бұл ән Мейрамбек Беспаевтың жұл­дызын жарқыратты. Талантты ақын Ұ.Есдаулетовтың «Қара пима» балладасына арнап жазған. Он жыл бойы осы балладаға ән жазамын деген ойда жүрген, толғаныстарды бас­тан кешкен сазгер әнінің туар сә­тін күтіп ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Ән 1997 жылы туды.
Біз тоқталып отырған әндер А.Қоразбаевтың ұлтын қалай сүйе­тінін, оның тағдырына әнімен шырылдап қалай араша түсетінен көр­сетеді. Отаншыл жүректі, кең диапазонды, заманымен бірге жасасып, жасампаз өмір орнатуға әні­мен үлес қосып келе жатқан ой құшағында, ән әлемінің ішінде жүретіні жастарға үлгі болмақ. Алтынбек Қоразбаевтың Елбасының сөзіне жазған «Үш қоңыр» мен «Са­рыарқа» шығармалары бүгінде тұтас халық сүйсініп орындайтын ән­ге айналды. Бұл әндер ғасырлар­дан ғасырларға жалғастық табатын өлмес, өшпес адам жанын от жылуымен жылытатын туындылар бо­лып қала бермек.

Мұхтар Қазыбек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір