Таяқшадан құйылған саз

0
138 қаралды
***
Алла Тағала өзі жаратқан пенделерінің ішінде қалаулыларына ғана сан түрлі саланы қатар алып жүре алатындай дарындылық қасиет береді. Алайда, солардың арасында бір ба­сына бірнеше өнер қатар қонса да «Мен осындай едім» деп ешқашан кеуде кермейтін, өзін өзгелерден дараландырғанды ұната бермейтін, кейінгі ұрпаққа, халық игілігіне қажетті сан-салалы өнермен айналысып биік белестер мен асқар асулардан асса да «адами болмысын» сақтап, қарапайымдылығынан айырылмаған жандар аз емес.
Сондай кісілердің бірегейі – әннен опе­раға дейін қазақша сөйлеткен әйгілі композитор, елімізге танымал домбырашыларды тәр­биелеген ұлағатты ұстаз, ондаған кітаптар жаз­ған белгілі ғалым, бірнеше қазақ оркестр­леріне «реформа» жасап, аяғынан тік тұрғыз­ған кәсіби дирижер, ҚР еңбегі сіңген қайрат­кері, профессор, ұстазым Айтқали Жайы­мов.
«Ұстаз – атаңнан ұлық» деген сөз бар дана қа­зақта. Мен өмірде де, өнерде де ұстазға жа­рыған жанмын. Алғаш қолыма домбыра мен гитараны қатар ұстатқан туған ағам – Мұрат. Музыка мектебіне шақырып оқытқан Сыр бойына белгілі күйші-композитор Тасболат Ысқақов. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясына оқуға түс­кенімде бірнеше мұғалімнен ауысып Айтқали Тілепқалиұлының класынан бітіріп шықтым және сол кісіде білім алғанымды мақтан тұта­мын. Әр сабағымыз бүгінгі күнгі «Шеберлік класынан» кем болмайтын. Перне басудың әдіс-тәсілдерін, дыбыс тербелістеріне құлақ түру­ді, қағыстардың сан түрлі қыры мен сырын үйретуден талмайтын ұстазым, музы­калық терминдерді де жаныңа жақын қазақ тілімен тез ұғындыра қоятын. Мысалы, форте, пианоның орнына қоңыр дыбыс, биязы, сы­пайы, әлжуас т.б. сөздерді қолданатын. Әрдайым, «Шәкірттеріңді алалаушы болма», «жер­шілдік, рушылдық деген үлкен індет, өнер жалпы қазақтікі» деп отырушы еді. Бұл қағиданы мен күні бүгінге дейін ұстанып келем. Ұстазым, шәкірттерінің шеберлігіне, тех­никалық мүмкіндіктеріне орай сабақ үстінде этюдтер мен шығармалар жазып беретін және соның барлығына шәкірттерін араластырып отыратын. Мәселен, осы күнге дейін домбырашылар арасында «хит» болып жүрген «Шалқыма» шығармасының дүниеге келуіне мен де куәмін. 1988–89 жылдар шамасы. Айтқали ағай Айгүл Үлкенбаеваны Бакуде өтетін халықаралық байқауға дайындап жүр. Конкурстың басты талабы – халық аспаптарына (бұл жерде әрине домбыра) арнайы жазылған күрделі шығарма болуы керек. Айтқали Жайымов бірнеше күнде Айгүл Үлкенбаеваға арнап осы «Шалқыманы» жазып берді. Өз кезегінде Айгүл де Бакуден үлкен абыроймен, лауреат атанып оралды.
Консерваторияда студенттер Айтқали ағай­ға еліктеп, ұқсағымыз келгені, «осындай домбырашы болсақ, осындай композитор болсақ» деп армандағанымыз жасырын емес. Тобымыздағы қыздардың да әңгімелерінен Айтқали ағайға деген сүйіспеншіліктерін жиі есітіп қалып жүрдік, бірақ олардың не арман­дағаны бізге құпия болып-ақ кетті ғой.
Айтқали Тілепқалиұлы бойындағы бар қабылет-қарымын өз шәкірттеріне үлестіріп бер­ген сияқты. Ұстаздығы мен ғалымдық жо­лын – Біләл Ысқақов, күйшілік-орын­даушылық шеберлігін – Айгүл Үлкенбаева, дирижерлығы мен оркестровка жазуын – Еркін Нұрымбетов иеленгендей болады да тұрады. Үшеуі де елімізге өте танымал, өз кә­сіптерінің шынайы шеберлері.
Өткен жылдың сәуір айында Астана қа­ласында, Әлшекей Бектібайұлының 170 жыл­дығына орай Әлшекейдің шөбересі Оңғарбай Дәнебеков үлкен концерт ұйымдастырды. Бұл концерт Айтқали Жайымовтың оркестрімен өтті. Концертке Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторясынан Ж.Темірғалиев, С.Садықов және мен қатыстым. Айтқали ағайдың оркестрінің құрамында жүзден аса му­зыканттар жұмыс істейді. Еліміздің ең мықты оркестрі болып саналатын бұл ұжым­ның музыканттары да жастардан құралған деуге толық негіз бар. Жалпы, Айтқали ағай қай оркестрді басқарса сол оркестр аз ғана уақыт ішінде ең танымал, ең жақсы оркестр болып шыға келетініне бәріміз куәміз. Оркестрге дирижерлық еткен Еркін Нұрымбетов таңданысын жасыра алмай, таңырқаумен болды. «Не деген қуатты оркестр! Контро­бастарға қарап, оң қолыңды сәл көтерсең, төменгі дыбыстардың гүрілінен аяғың ді­рілдеп кететіндей», – дейді. Сәлден соң Сәлімгерей Садықовтың кезегі келді. Таби­ғатынан тұйықтау Сәлімгерейдің де келбе­тінде үлкен таңданыс пен қызығушылық сезі­ліп тұр. Маған бәрі қызық. «Өзге оркестрлерден айырмашылығы көп пе?», – деймін сынай қарап. «Түһ, о не дегенің аға? Әр сауса­ғыңның қимылына дейін, қас-қаба­ғыңның қозғалысына дейін байқап отыратын оркестр артистері, көрсеткің келген нюанстарыңды ым арқылы-ақ біліп отырады. Тіпті, артық қоз­ғалыс жасауға да қорқыңқырап тұрасың!», – деген еді. Шынында да Айтқали Жайымов­тың оркестрі – шыңдалған, кез келген дири­жердің айтқанын екі еткізбей орындай алатын кәсіби деңгейге жеткен ұжым. Мұның бәрі әрине, Айтқали Жайымовтың табанды, тегеурінді еңбегінің нәтижесі.
2017 жылдың қараша айында Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық Опера және балет театрында Айтқали Жайымов жетпіс жасқа толу мерейтойына орай үлкен концерт берді. Дирижерлық тұ­ғырға секіріп мініп, қанатын қомдаған қы­ран­ша қолдарын жазған қадірлі ұстазыма халықтың сүйіспеншілігін айтып жеткізу мүмкін емес. Орындарынан өре түре­геліп, ыстық ықыластарын білдіре ұзақ қол соққан көрерменнің ризашылығында шек жоқ. Бір сәт күмбірлеген қасиетті қоңыр домбыраны қолына алған ұстазым халықты қайта сер­пілтті. Ал, ол кісінің ән-күйлері мен шығар­малары жөнінде әңгіме тіпті бөлек. Бұл концертте Жайымовтың дирижерлық, компо­зиторлық, орындаушылық қырларына таңырқаған көрермен, оның нағыз әке екенін де байқады. Арман Айтқалиұы Жайым – жастығына қарамай, елімізге кең танылған орындаушы (фортепиано), композитор әрі дирижер. Әкелі-балалы Жайымовтардың концерті көпке дейін Алматыдағы өнер­паздардың таңдайын қақтырған әдемі әңгі­меге айналды.
***

Қоңырқай күз айларының бірінде, қал­та телефоным шырылдап қоя берді.
– Аға, амансыз ба? – деген дауысынан та­ни кеттім. Оралдағы Еркін інім. Хал-жағдай сұрасқан соң Еркін өтініші барын айтты.
– Тыңдап тұрмын.
– Оралға келіп Дәулеткерей атындағы ор­кестрмен концерт қойсаңыз қалай болады?
Жөпелдемде не дерімді білмей, қалай болар екен деп күмілжіп тұрғанымда:
– Оның не қалайы бар? Бұрынғы орын­­даған шығармаларыңызды тарта ала­сыз ба? – деді.
– Иә, тартамын.
– Ендеше солардың партитураларын жіберіңіз, қалғанын кейін сөйлесе жатармыз.
Бір-екі күннің ішінде сұраған партитураларын жібердім. Бірақ күмәнім тар­қамады. Бұл қалай болар екен? Бұрын-соң­ды оркестрмен жеке шығармашылық кеш өткізіп көрмеппін, өткізбек тұрмақ, оны ойға да алған емеспін. Анда-санда кө­не домбырамды алып сүртіп-сүртіп қоя­мын. Ол жақта мені кім танып, кім керек етіп жатыр?
Сөйтіп жүргенде қаңтар айының орта тұсында Еркіннен хабарлама келді. Үлкен афишаға менің табақтай бетімді жапсырып, шығармашылық кеші өтеді деп шы­ғарып қойыпты. Мәссаған! Дереу қал­та­фонымнан Еркіннің есімін тауып ха­­­барластым.
– Ау, Ереке, мынау не?
– Афиша. Қаланың бірталай жеріне ілінді. Ақпан айының жиырма жетісінде шығармашылық кешіңіз өтеді. Келсеңіз болады, – деп кеңк-кеңк күледі.
Бір үміт, бір күдік. Еркін оркестрді дайындап қойыпты. Оркестрмен бір күн дайындалып, ертеңіне концертке шықтым. Бәрі ойдағыдай болды. Концерт жақсы өтті. Ермек Қазиев, Қырымгерей Қажымов, Хатимолла Бердіғалиев сынды елімізге кең танымал өнер тарландарымен танысып, дәмдес болдым. Асылхан, Аң­сар, Ақылбек, Ақсамал, Гүлден, т.б. іні-қа­рындастарыммен таныстым. Орал өңірінің өнерпаздарының өнерге деген ықыластарына риза болдым. Кәсіби мамандар жетіспейді, оркестр құрамы шағын, жалақылары мардымсыз, сонда да болса өнерге деген құлшыныстары мен таза ниеттері мені қатты таңдандырып, тәнтті етті. Кетерімде оркестрдің қобыз­шылар тобы мен домбырашылар тобының концертмейстерлері Жәмила Нұрым­бе­това мен Аңсар Бердіғалиевке риза­шы­лы­ғым­ның белгісі ретінде бір-бір шығарма жазып беремін деп уәде еттім. Домбыра мен оркестрге арнайы «Көшпенділер» күйін жазғанмын. Оркестрдің бас дири­жері әрі көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов редакциялап, орындатыпты. «Күйіңіз тамаша, сәтті шығыпты» дегенге мәзбін. Көп ұзамай Жәмилаға, қобыз бен фортепианоға арнап «Ақ келін» шы­ғар­масын жаздым. Бәрі бірдей қайдан жақ­сы бола берсін, үнсіз қалғанына қара­ғанда, сірә ұнамаған болуы керек.
Орал қаласында, іргетасы 1987 жылы қа­лана бастаған халық аспаптар оркестрі 2000 жылы филармония құрамына ресми бекітіліп, көркемдік жетекшісі әрі бас ди­рижеры болып ҚР еңбек сіңірген қай­рат­кері Қырымгерей Қажымов тағайын­далады. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын домбырашы, этномузыкатанушы, қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижеры мамандық­тары бойынша үздік бітірген Еркін Нұрым­бетов, еңбек жолын Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ха­лық аспаптары оркестірінде бастап, 2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық мәде­ниет басқармасының шақыруымен
Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияға келеді. Оркестрдің екінші дирижеры болып тапжылмай он жыл қызмет етеді. Еркін Нұрымбетов 2003 жылдан Дәулет­керей Шығайұлының есімін иеленген халық аспаптар оркестрінің көркемдік же­т­екшісі және бас дирижеры.
Еркін Нұрымбетов – Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, М.Төлебаев, Б.Рзаханов атын­дағы республикалық дирижерлер кон­курстарының Бас жүлдегері. Еркін елі­міздегі барлық оркестрлерімен шы­ғармашылық концерттерін өткізді десем, артық айтқаным емес. Отыздан аса ғылыми-танымдық мақала, ондаған кітап пен оқу құралдарын жазған ғалым. Ал, «Астана-Бәйтерек», «Елім менің», М.Төле­баев атындағы композиторлардың рес­публикалық конкурстарында «Балдыр­ған» шығармасы, «Қазақстаным» әні, «Мыстан кемпір» пьесалары лауреат атанып, жүлделі орындарды иеленген. «Оралым – асыл қазынам» әні отан тақыры­бындағы үздік әндер қатарына енсе, «Те­ректі толқыны» әні ауданның ресми әнұраны ретінде орындалады. 500-ге жуық қазақтың ән-күйлерін өңдеп, оркестрге түсірді. Сондай-ақ, Батыс Қазақ­стан облыстық қазақ драма театры сахна­лаған «Құрманғазы», «Махамбет», «Мез­­гілсіз келген махаббат», «Сақал саудасы» спектакльдерін музыкамен көр­кемдеген белгілі композитор. Ұстаз ре­тінде Еркіннің ондаған шәкірті рес­­пуб­ликалық домбырашылар сайыстарында лауреат атанып жүр. Бұл – менің білетінім ғана. Жасы қырық беске енді ғана толатын Еркіннің осыншама қыруар жұмысты қалай атқарып, қайдан уақыт табатынына таңдасбасқа шараң жоқ. Сірә, өнерге деген сүйіспеншілігі басым, алдына қойған мақсаты айқын, ерік-жігері мықты Еркінге алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтын шығар. ҚР композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лау­реаты, «Құрмет» орденінің иегері, қауымдастық профессоры лауазымдарына таза еңбекпен жеткен Еркіннің адами болмысы да биік. Бірде Еркінге: «Сен пультке шыққанда, бесікте жатқан балалар бүгінде еңбегі сіңген қайраткер атанып жүр ғой» дегенімде, «аға, атақ үшін еңбек етіп жатқаным жоқ, бұйырған қаш­пас» деді сол баяғы сабырлы кейіппен. Іштей сүйсінгенім рас, дегенмен әр пенде еңбегінің жемісін тіріде көргісі келетіні бәрімізге белгілі ғой. Сырда туып, Алма­ты­да білім алған, еңбек жолын Оралда бастап, сол өңір өнерінің қарыштап өсуіне еселі еңбек еткен, өмірі өнерімен өрілген Еркіннің бүгінгі арманы, өзі өсіп-өнген «Дәулеткерей» атындағы қазақ ха­лық аспаптар оркестрін «академиялық ор­кестр» деңгейіне жеткізу.

Төлепберген ТОҚЖАНОВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ
Ұлттық консерваториясының қауымдастырылған профессоры.

Пікір қосу