Классиктің батасы

0
319 қаралды
Алматы қаласы студенттік кезден ыстық. студенттік кезең аспирантурамен жалғасты. Ғылымға алғашқы қадам да осы жерде жасалды. Әдебиеттану ғылымының нағыз ғылыми мектебі, ғалымдар мен ақын, жазушы-қаламгерлер ортасы сағындырады. Әр барған сайын үлкен естеліктер қалады. Әр кездесу де бір тарихқа айналатындай.
Жиі ат басын бұрма­ған­мен, іссапар­ларда жол түсіп тұрады. Бұл сапардың жөні бөлек, бірақ.
Жұмыс уақытында хатшы кыз Ал­ма­тыдан үлкен кісі телефон соғып, ме­ні сұрағанын жеткізді. Сол жерде тұр­ғам, телефонды көтерсем, Рита Сұл­танғалиеваның керек екенін айтты.
– Сәлеметсіз бе? Сұрап тұрған ада­мыңыз мен, Рита Сұлтанғалиева­мын.
– Сені бұлай оңай тауып алам деп ой­ламадым.
– Сұлтанәлі Балғабаев деген драма­тург, жазушыны білесің бе? Естуің бар ма еді?
– Әрине, білем. Шығармаларыңыз­бен таныстым, талдап та жүрмін.
– Сол талдауларыңыз арқылы сізді тап­тым. Драматургиялық шы­ғармала­рымды талдаған екенсіз, біраз мақала­ларыңыз жарияланған. Қа­зір интернет деген жақсы ғой. Өзің туралы кімнің не жазып, не айтып жат­қанын біліп отырасың. Енді қысқаша айтып өтейін. Шаруам – мынау. 70 жасқа толған ме­рейтойыма орай халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік үлкен конференция өтеді. Театрда бенефисім болады. Тағы біраз шаралар бар. Соған өзіңді шақы­рам.Пленарлық мәжілісте бас баяндама жасасаң деген ұсыныс айтам. Бағдар­ла­ма мен шақыруыңды өзіңе жеткі­зем.
Әңгіме осылай аяқталды. Шығар­ма­ларымен таныспын, театрда қойы­лым­дарын да көріп жүрмін. Бірақ өзін көріп, сойлескен адамым емес. Келесі хабарласқанымызда баратынымды жеткіздім. Конференция өтетін күн де келді. Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­де­миясының мәжіліс залында пле­нар­лық мәжіліс өтті. Сұлтанәлі Балға­баев­тың «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық бол­ған­быз», «Қазақша күрес», «Ғашық­сыз ға­сыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Әйел­дер әлемі», «Сағыныш пен елес» атты драмалық туындыларын талдап, дра­матургтың бүгінгі заман тынысын бейнелеудегі жаңашыл ізденістері, қазақ әйелі образының бейнеленуі және психологизм мәсе­ле­лері, әзіл-сы­қақ интермедия­лардың көркемдік идея­лық ерекшелігі бағы­тында баянда­ма жасадық. Түстен кейін драматургтың туындылары бойынша қойылымдарды тамашаладық. Уақыттың тығыздығына қарамастан, кешкілік дастарханға барудың да сәті түсті. Әр өңірден келген қонақтар сөз алып, құттықтауларын білдіріп жатқан кез. Оралдың атынан бар­ғасын, бір ауыз құттықтауымды жет­кізіп тұрған сәтте: «Конференцияда баяндама жасаған қызсың ғой, атың кім? Қай жақтан келдің?», – деп бір кісі жөн сұрасып, «Сізді Әбдіжәміл аға шақырады», – деді. Абыз қаламгер­мен де, шығармаларымен де таныспын, Жазушылар одағында болған кештерде көріп те жүрмін. Бірақ жақын сөй­лесіп көрмеппін. Университетте оқытушы екенімді біліп: «Жастар қай шығармаларымды оқып жүр? Жалпы, қазір романдар оқыла ма?», – деп сұ­рағын төтесінен қойды. Өзім тәуелсіз­дік кезеңіндегі әдебиеттен сабақ бер­гесін, бірден «Соң­ғы парызды» оқи­тынын, осы са­бақ өтетін топтар бұл романды түгел тап­сыратынын жет­кіздім:
– «Соңғы парыз» – тәуелсіздік ке­зеңін­дегі қазақ романы, бұл шы­ғармаңыз Кеңес дәуірінде жазыла бас­тағаны белгілі ғой. Алғашқы нұс­қа­лары кітап болып жарияланып та үл­гер­ген. «Соңғы парыз» роман-дило­гия­сының басты табысы туралы қазақ және әлем әдеби сыны түйінді ойын айтып та үлгерді. З.Қабдоловтың баға­лауын­да «Соңғы парыз» рома­ныңыз қазіргі қазақ прозасының айтулы үздік жетістігі екенін білеміз.
«Табиғат тақырыбы өзіңізді ертеден толғандырып келе жатқаны айқын. «Қан мен тер» романындағы басты кейіп­кердің бірі Тәңірберген мырза: «Адам аспанға тырмысып шықпасын деңіз. Шықты екен, аспанды да ластайтын түрі бар», – дейтіні де бар.
«Заманақыр – азғынды өмір кезеңі» дейтін Абайдан қалған сөз бар. «Та­биғатты азғындатқан адам қай оңған тірлік жасайды», – дегізеді ғой роман. «Бірақ қолдан ақырзаман туғызушы шен­құмар, баққұмарлар оңай алдыратын жау емес. Ондайлар өмірде басым түсіп жатады. Әдебиет – гуманизм құра­лы. Оның өз серті бар. Жамандық жа­за­ланбай қалмауы тиіс». Сіздің шы­ғар­ма­ңыз да ежелден келе жатқан бұл дәс­­түр­ден ауытқымайды. Арал қасіреті – адам­заттың экология мәселесін елемеуден туған қасіреттің бір көрінісі. Аралдың азып-тозып бара жатқанына адамзат немқұрайлы қарамауы тиіс. «Адамзат, енді сен оян! Соңғы парызың – осы!» деген шығармаңыз туралы ба­рын­ша осылай түсіндіреміз, – дей бер­ге­німде, қай жақтың қызы екенімді сұрады.
– Оралданмын, – дедім.
«Қызым, мен сөзге сараң адаммын жалпы. Жайықтың қыздарының жаны сұлу ғой. Бақытың баянды болсын. Әбді­жәміл атаң маңдайыңнан бір
сү­йе­ді», – деп қысқа қайырды. Бұл да жай естелік болмасы анық. Алматыға деген сағыныш драматургтың алғысын, қа­лам­гердің батасын алуға ұласқан күн ретінде мәңгі естелік боп қалды.

Рита Сұлтанғалиева,
ф.ғ.к., М. Өтемісов атындағы
БҚМУ-дың
қауымдастырылған профессоры.

Орал қаласы.

Пікір қосу