«…Тағдыр, қандай болсаң, мен де сондаймын!»

2
793 қаралды

Ақсұңқар АҚЫНБАБА


Қаншама рет өліп қайта тірілдім,
Қаншама рет тұрып қайта сүріндім.
Қаншама рет балдай дәмін тамсанып,
Шамырқанбай дәмін таттым уыңның,
Қаншама рет лақтырылдым жазықсыз,
Анталаған талауына қуғынның.

Қаншама рет қашып шығып сорлардан,
Қаншама рет жылап қайттым жолдардан,
Қаншама рет ақ қағазға боздағам,
Айтшы,үнсіз қалған кезім болды ма,
Болды ма кез қолдарымды созбаған?!
Қалды ма сөз айтылмаған? Жазбаған?!

Қажет емес еді ешбір атағың,
Ешкімінде жоқ еді еш шатағым,
Сонда ненің өтеп келдім жазасын,
Соны ұқтыра аласың ба,Отаным?
…Соның бәрін көріп, кешіп өткен соң,
Бұрынғыма қайта оралып енді мен,
Қалай кенет бақытты боп көрінем?

***
Қауырсындай қанатым жеңіл еді,
Күш бітетін бойыма ұшқанымда,
Көңілді едім, ғажайып өмір едім,
Аппақ қардай сезім ем құшқанымда.

Бар адамға, әлемге ашық едім,
Ең бақытты шақтарға ғашық едім,
Алдамшының бәріне сенуші едім,
Қара аспаннан Күн болып төнуші едім.

Тозақтан да өтердей кедергісіз.
Рух бар ед арқамда теңдесі күн!
Енді мені көрсеңіз, сенемісіз,
Мүлдем басқа адамның бейнесімін…

Шуағым жоқ тұратын жарық беріп,
Жерге түсе бастадым «қалыпқа» еніп.
Мен емеспін
Мына мен,
Бөтен маған,
Бүгін жылап ояндым табыт көріп…

***
Ұмытпастай бірге қызық кешпедім,
Ұмытпастай құпиямды шешпедің,
Бірақ, неге күн-түнімді бодандап,
Ұмытпастай, айтшы, маған не істедің?

Жо-жоқ,
Сүйген жоқпын сені жаныммен,
Сен жеңілсің, мен тым биік, ауыр ем.
Мен де сендей алақұйын кешіріп,
Өз-өзінен безіп алған тағдыр ем…

Кездейсоқта табыссақ та екеуміз,
Шырқ үйіріліп шыға алмаймын ырқыңнан,
Мұндай күйге қалай ғана жеткенбіз?
Басқа адам боп көрінген ең сыртыңнан…

Еріксізден берілмеген жанымды,
Еркімді алып алғандайсың еріксіз…
Сенсіз қалсам күтетіндей сағымды,
Қорқам бірақ,
ақырындап жеріткіз?

Бірде шуақ,
Бірде тозақ жұмақтан,
Тіл қатасың ойыншық қып мұңымды,
Мен осылай тірімін һәм үн қатпан,
Сен де,
Осылай шулата бер жырымды!

***
Кешір Алла!
Жарылқап кешкің келсе,
Жазмышымды
Жатырқап
Көшкім келсе,
Сойыл артқан тағдырды қасақана,
Қарсы алмаған болар ед ешкім менше.

Менің жолым тым жеңіл емес білем,
Үздіксіз зар, кілең өрт, егес кілең,
«Тағдырыңды тартып ап әлдебіреу,
Өзге өмірді сүрдің сен» демессіңдер?!.

Қарсыласқым келгенмен, тістелескім,
Құтқармайтын жазмыштан күшті емеспін.
Қоғамым мен Тағдырым осы болса,
Мен бақытты болуға тиісті емеспін!

***
Барлығына кінәлі кім?
Мына мен!
Келе жатқан кешірумен,
Шыдаумен…
Біле тұра әлсіздігін шындықтың,
Көре тұра құрықтарын қулықтың.
Мен кінәлі емей бұған, енді кім?
Мен –
Жеңілдім!
Кінәлаңдар!
Сорға біткен бағыма,
Сына!
Міне!
Өштеріңді ал, тағы да!

Барлығына кінәлі –
Өзім,
Өзіммін!
Шайнай-шайнай
Шандырланған төзіммін,
Әйел емес,
Адуынды сезіммін,
Безіндірдім!
Безіндім!

…Кешіріңдер!
«Қылмысымды» ұқтым мен.
Қолдарыңнан келмейтінді күттім мен,
Ақырында,
Аңырақай шайқастан,
Жалғыз өзім
Зар еңіреп шықтым Мен!

Кешіріңдер!..

***
Кеш жаралы… Кеш налалы… Ой басқан,
Ішкен сайын итішкірге тоймас жан,
Ана жақтан естіледі масаң үн,
Менің ауыр тақсіретімді тойласқан.

Өзімді-өзім енді алдауға шамам жоқ,
Қайда екенсің құрбандыққа шалған топ,
Көлеңкесін күңгірт шашқан сұр кеште,
Жарық жаққым келіп еді, шам да жоқ.

Менсіз қараң қалатындай түнегің,
Неге менен неге нала тіледің?
Күңіреніп тұрып алған бұл кештен,
Жарық көргім келгеніне күлемін…

***
Жәукемделген жүректің сүйреуімен,
Шығып келем өртеніп, күйген үйден.
Оның аты қайғы емес, бұдан кейін,
Себебі оны сезбейтін күйдемін мен.

Ер дегенім тоты екен, тоқым екен,
Түннің көзі түспеді, соқыр екен,
Қаңғып ұшқан қаңбақтар қағып алып,
Жалғыз қалдым. Солармен отыр көкем.

Толағаймын демеймін, тау көтердім,
Құдай сенің ойыңда бар ма екенмін?
Сен қандайсың, білмеймін,
Мен өзімнің,
Өмірімнің білемін даулы екенін!

***
Күнмен күліп,
Түнмен тынып табыстым,
Қоғам дерті бізге ерекше сіңімді,
Күнәсі ірі алыптармен алыстым,
Кешіріңдер,
Ұсақ-түйек мінімді.

Өткергенім
Өткелі көп сең көшкін,
Өкпеден мың
Сан жұдырық түйілді,
Қорғаны зор
Дауыстармен шендестім,
Кешіріңдер,
Тым қорғансыз күйімді.
Жиналады
Тасқорғандай құзға мұң,
Тасқорғанға бала менің салтымды.
Бедірейген,
Қабырғалар бұзғаным,
Кешіріңдер
Бұзылмаған қалпымды.

***
Куә боп күнәға,
Күрсініп түн бала,
Күнаға бір шығып, бір батып,
Түн бала жылама,
Жетеді улама,
Бізді де есіркер бір бақыт.
Жанымды балталап,
Наламды арқалап,
Көш кетіп барады ауырлап,
Біресе ит талап,
Біресе бит талап,
Мен кетіп барамын қауым қап.

Сойқанын соққының,
Тойтарған оттының,
Көрдің бе сөнгенін,
Көнгенін?
…Бәрібір оттымын,
Бәрібір жоқ құным,
Осылай кеткенім жөн менің!

***
Ашыл, тұман?
Құшағыңды жай, ғалам,
Аптабыңа қайнап-қайнап сарқылғам,
Өмірім бар өзіне-өзі алданған,
Дау мен жауым бар қалмайтын артымнан.
Дау боп кеткен азды-көпті даңқым бар.

Басыл, тұман!
Аласұрған, ақырған,
Маған біткен қайғымдайсың,
Тартынбан,
Жан-жағымнан таласа үріп, атылған,
Көре алмайтын сансыз жауды көп иттей,
Ешкімімнің жоқтығына қарамай,
Шабуылға шақырып ап, ал,сосын,
Қан-қан болып көк иттей боп таланып,
Жалғыз қалып аһ ұрғам.

Басыл енді,
Дауыл менің не теңім!
Осы алғаным жетеді!

***
Толған ұры, толған өсек, қапыл үн,
Сатылмайтын қалмайды ешкім жаныңда.
Жүреленіп, қозғала алмай отырмын,
Қорқынышты ғасырымның алдында.

Құйшы, жаңбыр,
Сыбыр-күбір тал қайың,
Көрдім көлден қаны қашқан өңімді,
Енді ешқашан тыншымайтын жайдамын,
Мен де ұмытам
Мені ұмытқан елімді.

Қаралады қасиетті сөзімді,
Табалады көтертпестей көзімді ,
Жүректері тілім-тілім тікенек,
Тілектері құртып тыну өзімді.

Алай-дүлей ағып жатқан өзенге,
Қарап тұрмын, оны өзен сезер ме?
Бір аппақ құс ұшып барад әуелей,
Мен сияқты бара жатқан өзге елге.

***
Көздерге от сап,
Көрінем күнде,
Жасырып жаным күйгенін ішім.
Безініп алдым өмірден мүлде,
Өмірді өле сүйгенім үшін.

Онсыз да аз зар көтеріп пе едім?
Тағы да торлар құрылып жатыр.
Жасыру үшін қателіктерін,
Жанталас тірік жүріліп жатыр.

Аспанға қайта шығар ма күнім?
Көремін қашан көне Алтайымды?
Жеңе алар ма екен шыдам барлығын,
Күш берші Тәңір жеңер қайғымды?

Қуат бер, Алла!
Жолымды оңғар?
Төгілген тер жоқ маңдайдан босқа.
Жанымда жар жоқ бабымды табар,
Ешкім жоқ менде өзіңнен басқа!

***
Ұшып келем.
Аспан асты аламан,
Аламаннан
Қалса болды жан аман.
Қанатымды тостым,
Жиі алдымнан,
Шыға берген от бұрқаққа
Бораған.
Көзімнен шоқ
Тамған сайын зу етіп,
Қанатымды
Шайған сайын су өтіп,
Ұшқан сайын
Күн алыстай берсе де,
Ұша берем,
Екпінімді үдетіп.

Ұша берем,
Сахарада қаңғырып,
Құс баласы,
Қанатың бар!
Ұяң жоқ!
Өле аңсаған аспаның да,
Бәрібір,
Қондырмады,
Қияң боп!

Қанатым бар
Тағдырым боп жолыққан,
Өрден жеріп,
Кете алмадым сондықтан,
Қарамастан
Аспанға да, жерге де,
…Ұша берем!
Тағдырыма бағынып,
Ұша-ұша жалыққан.
…Ұшып келем!

***
Жақпар-жақпар –
Алтайда сүрен-сүрен,
Қатпар -қатпар жолдарым сайрап жатыр,
Қатып- семген құздарда сілем-сілем,
Қарлы шыңдай,
Тағдырым бойлап жатыр…

Маңғаз,
Құпия,
Тәкаппар,
Алып тұлға-
Өр Алтайдың мінезі, ерікті өктем,
Алақұйын бораны, қары ұйтқыған,
Жырларыма ежелден еніп кеткен.

Көк Тәңірге мұңайсам,
Қарып суық,
Саған келіп жай табам, Ғасыр — Дала!
Аспантаудың алдына барып тұрып,
Серт берген ем, аһ ұрып, жасымауға!

Іңір түсе көз ілсем,
Көрінесің,
Жандырасың Рухымды
От алмасам,
Мұз мұңымыз кенеттен ерімесін,
Ерісе егер жаһанды топан басар.

Сыр ашпайтын қашаннан басқаға Алтай,
Кие -Бағын күзетіп тұрғандай Шың,
Көкке ғана жұмбағын ашқан Алтай,
Жер Киесін күзетіп тұрғандайсың!..
***
У ішуден қорықпайтын түгесіп,
Жүрегіме үңілуден қорқамын:
Мұзды таудай қатып-семген сіресіп,
Мұздай мұңның құшқым келмей қаһарын.

Үңгіп-қазып,
Бұзып-жарып сол мұңды,
Көру қандай қорқынышты бетпе-бет.
Қаншама рет бетім тасқа соғылды,
Тайталасқа түстім қанша кек кернеп.
Кернеп алған жеңе алмай кегімді,
Қатал түндей түнерсем де түршігіп,
Қайта сүйсем бұрынғыдай өмірді,
Аспан қайта ашылар ма, күн шығып.

Жүректерді сөйлете алған, айта алған,
Жүрегіммен ұғар ем ғой барлығын,
Өрт көңілді оятар ем қайтадан,
Жана-жана күл боп қалды тағдырым.

Ашу толы көздерімде сөйлеп нұр,
Мені оята алса, бірақ, оянам,
От жүректі қайтпас сезім кернеп тұр,
Мен де өзіңдей адаммын ғой,
Ей, Адам!

***
Мен өзгердім:
Өзгермеске қоймады,
Бұрынғыдай бола алмаймын тек енді,
Кімнің егер артса азабы бойдағы,
Өткенімен қалу еркі кемиді.

Қарап тұрмын сол… өзіме… алыстаан,
Баяғыдай сүре алмайтын тек енді,
Шындығы сол:
Тағдырым боп табысқан,
Ащы өлеңім менен кейін өледі!

***
Көзін жауып біреулер,
Айғайлады Күн жоқ деп,
Мені жеңіп күлгендер…

Ғасырымның жанарын,
Басқан бұлттар өлең боп,
Жауған жерге қарадым…

Шоқтай қызып бұлт қаны,
Темірлерді майырды.
Қанатымнан қайырды.

Таба алмадым жұбаныш,
Қарап тұрмын белдерден,
Қасіретіме өрлеген.

Қарап тұрмын аспанға,
Ноқаттай боп қарайып.
Жалыққан соң жерден кең.

Мен кешпеген кейінге,
Қалдырдың ба, Құдайым,
Жазмыштың сынағын?

Шоқ ұстатып қолыма,
Соқтықпаған жаныма,
Қалды ма өмір ылаңың?

Сен сынбашы,шыдамым,
Жанып тұрған шырағым?
Құтқар мені шуағым?

Өңім бе әлде, түсім бе?
Қалды ма екен бір қызық,
Қара жер-ау, үстіңде?

Қолын созып орнымнан,
Тұрғызар жан қалды ма,
Оралтатын күшіме?

***
Сарқылғанша соңғы сенім тамшысы,
Төздім. Көндім.Ұмыттым ән-сауықты,
Қан-жоса ғып сойса да, өткір қамшысы,
Өмір сүре білдім Асқақ, Даңқты.

Кешірсем де мейірімсіз жылдарды,
Болашақтан сезген едім тұма күш,
Алматының күллі өлеңі тұманды,
Бәрі артта қалғаны тек жұбаныш.

Бәрі артта:
Бақ пен Сорға бөккен күн,
Тұла бойдан оттай ызғар өткен күн,
Жылау да енді келмес, сірә, қолымнан,
Жылай алар шақтан өтіп кеткенмін.

***
Қаралы Өлең!
Жамылғаным,
Жазғаным,
Есіл терім,
Еш еңбегім, қазғаным.
Құдай сенің құлыңмын ба,
Кіміңмін?
Жел ішінде,
Жапырақша жұлындым.

Мен әлі де керекпін ғой, белгілі,
Көрер күнім не болады ендігі.
Сүйдім.
Сөндім.
Көрдім бәрін: оңбадым.
…Тағдыр, қандай болсаң,
Мен де сондаймын!

2 Пікір

  1. Ақын Ақсұңқар Ақынбаба көптен көрінбей кетіп еді. Ол жыр қазанын қайнатып жатыр екен. «Қазақ әдебиеті» газетінен жырларын оқып қатты қуанып қалдым. Қандай рухты жырлар. Қыз бала болса да ойлары кесек-+кесек. Ойы ұшқыр, айтар ойын батыл айта алатын, күрескер ақынның жазары көп болсын! Қазақ радиосында небір маңызды хабар жасап, тыңдаушысының сүйікті журналисіне айналғанын, шындықты айтамын деп әркез шырылдап жүретін асыл қасиетін де жақсы білеміз. Қазақ журналистикасы мен қазақ әдебиетіне әлі де берері көп Ақсұңқар ақынға шабытың шалқи берсін дегім келеді. «Қазақ әдебиетінің Бас редакторы, арқалы ақын Жанарбек Әшімханға осындай тамаша ақынның шығармашылығына көңіл бөліп, жарыққа шығарғанына көптен көп рахметімді айтамын. Еңбегіңіз жемісті болсын! Ақсұңқар Ақынбабаның әншілігінің өзі тамаша. Алдағы уақытта шығармашылық кешін ұйымдастырса қаншама көрерменнің рухын оятқан болар еді. Іске сәт, ақын қыз!
    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.