Мен де Ұлытаудың бір ұлымын
20.08.2015
2027
0

31Қазақ өнерінің саф алтындай таза, хас шеберлері дақпырты көп шоу бизнес­тің көлеңкесінде қалып бара жатқаны ешкімге де жасырын емес. Қазақ әнінің шынайы өкілдері бүгінде назардан тыс қалғанымен, олардың үні, салған әні халықтың жүрегінде сақталған, көңілдерінде жатталған десе де болғандай. Шын таланттың өмірі әнмен өріліп, ізгілікпен астасып жатқандай көрінеді. Сондай тұлға­лардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жұмат Махамбетов. Ол кісі де бала кезі­нен өнерге құштар болып, сонау Ұлытаудан арман қуып Алматыға келіп, қажырлы еңбегінің нәтижесінде халық сүйген өнер иесіне айналды. Содан бері Жұмат Махамбетов қазақ радиосының ән қоржынына 150-ден астам ән жаздырып, қазақтың халық әндерін насихаттауға күш салып жүрген қайраткер. Жуырда Жұмағаңмен сөйлесудің сәті түсіп, әңгімеге тартқан едік.

– Жұмат аға, «Ел іші – өнер кеніші» де­мек­ші, сіз туған топырақ, өскен ортаңыз қа­зақ өнерінің үлкен мектебі болды. Ба­ла кезіңізден осы рухани мектептің тә­р­биесін көріп өстіңіз. Әкеңіз сізді ма­териалдық байлықтан гөрі рухани бай­лыққа бейімдеп өсір­генінен болар сіздің қазақ өнерінің төрінен көрін­ген­дігіңіз. Әлқисса әңгімені сіздің ба­­ла­лық шағыңыздан, өзіңізді қа­лып­­тастырған рухани ортадан бас­тасақ…
– Жезқазған өңірінде Ұлытаудың ба­уы­рында ағып жатқан Қаракеңгір және Са­рыкеңгір деген екі өзен бар. Сонда «Қы­зыл әскер» деген колхоз болды. Мен сол жерде 1945 жылы дүниеге келгенмін. Әкем сол колхоздың ұстасы болған. Қо­лы­нан келмейтіні жоқ, темірден түйін тү­йіп, ағаштан ою оятын шебер кісі болды. Бала кезімде өте қиялшыл едім. Той-то­малақта ән салған кісілерді көп тың­дайтынмын. Ол кезде патефон деген бар еді ғой. Содан біздің дүлдүл әншілеріміз Кү­ләш апамыздан бастап, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Кәукен Кенжетаевтардың күйтабақтарын ойнатып, солардың әнін тыңдап, өзіме өнеге алдым. Олардың әні ме­нің өнерге деген құштарлығымды оятты. Мектепте жүргенде көркемөнер­паз­дар үйірмесіне қатыстым. Менен үл­кен Құт­тықадам деген ағам күйді жақсы тар­та­тын еді, соған еліктедім. Мектепте жүр­ген­де домбыра үйірмесіне қатыстым. Жо­ғары сыныптарда кішігірім сахналарда өнер көрсете бастадым. Мен мектеп бі­тірген кезде Жезқазғанда Халық теат­ры жұмыс істейтін. Біраз уақыт мен сол театр ұжымының құрамында болдым. Ол кезде Шынболат Ділдебаев деген ақын, сазгер талантты кісі болатын. Сонымен бір­ге өнер көрсетіп, сол Жезқазған ма­ңын­дағы ауылдарға, колхоз, совхоз­дар­ға ба­рып, концерт беріп жүрдік. Жезқазған руднигінде шахталарда автоматты есіктер бар. Ол жердің үстінен ауаны ішке қарай тартады. Сондай есіктер­мен айналысатын «Кип автоматика» деген цехта үш жылдай слесарь болып жұмыс жасадым. Әкем ауырыңқырап жүрді. Ағам КазГУ-дің заң факультетіне оқуға түсіп кетті. Осы жағдайларға байланысты үйде ата-анама көмектескен едім. Ол кезде мекемелерден оқу орындарына жолдама берілетін. Маған да біздің Жезқазғанның Тау-Кен металлургия комбинаты Сәтбаев атын­дағы поли­техникалық институтқа жолдама бер­ді. Ол жер техникалық институт бол­ған­нан кейін математика, физика деген пән­дер кіреді екен. Мен болсам, есепке шор­қақтау едім. Бірінші емти­ханнан-ақ өт­пей қалдым. Содан соң ба­ғымды сынап көр­мек болып, Алматы­дағы Эстрада сту­диясына келдім. Гүл­жахан Галиева деген Қазақстанның халық артисі апайымыз мені тыңдап, «Жақсы шырағым, сені ән­шілер дайындайтын бөлімге аламыз», – деді. Соған барып оқимын деп жүргенімде жа­тақханада бірге жататын жігіттер: «Кон­серваторияға қосымша қабылдап жа­тыр. Соған барсаңшы»,– деп кеңес бер­ді. Бекен Жылысбаев деген ағамыз ка­федра меңгерушісі екен. Сол кісі тың­дады да: «Сен түстің, оқуға дайындала бер!» – деді. Мен енді, қысылыңқырап: «Аға, мен эстрада студиясына түсіп едім: ен­ді қалай болар екен?», – деп едім, «Оны қайтесің, консерватория деген кәдімгі са­лиқалы оқу орны ғой, әлі-ақ мықты ән­ші болып шығасың. Уайымдама!», – деп сол кездегі керемет әнші Мұрат Мұсабаев де­ген ағамыздың шеберханасына (класы­на) жіберді. Онда екі жыл дайындық, бес жыл негізгі курсында бас-аяғы жеті жыл оқыдым. Оқып жүргенде-ақ ән айтып, ра­диоға, теледидарға шыға бастадым. Кейіннен радиода музыкалық редакцияда редактор болып жұмысқа орналастым. Оған себеп болған менің нағашы апам Қуаныш Бекжанова деген кісі сол жерде үйлестіруші редактор болып жұмыс жасады. Жездеміз Құсман Игісін деген мық­ты журналист қой. Сол кездегі музыка редакциясының бас редакторы Зә­м­зәм­шәріп Тарғақов деген кісі болатын. Сол кісіге мені ертіп апарып таныстырды. Зәмкең қарсылық танытпастан жұмысқа ал­ды. Кейіннен ол ағамыз дүниеден өткеннен соң, Ілия Жақанов, Мансұр Сағатов де­ген композиторлармен бір­ге жұмыс жасадым. Мен үнемі жұ­мыс­қа кешігің­кіреп келетінмін. Кейде Мансұр аға: «Сен қайда жүрсің, жұмысты қойдың ғой»,– деп ренжіген кездері де болды. Он­дайда консерваториядағы сабақтан қолым босамай жүргенін айтып, ақ­талатын едім. Сөйтіп жүріп 1972 жылы консерваторияны бітірдім.
– Шығармашылық жолыңыз қалай бас­талды?
– Иә, бұл өзі расында да қызық жағ­дай еді. Мен 17 мамыр күні емтихан тап­сыр­дым. Ертеңгі 18 мамыр туған күнім еді. Сол күні мені әскерге алып кетті. Ол уақытта жиырма жеті жастан бір күн ас­са, әскер қатарына алмайтын еді. Сол тұста Орта Азия әскери округі құрылған бо­латын. Ол жерге барғанда да ән-би ан­самблі бар екен. Мені тыңдады да, сол ансамбльдің солистері қатарына жіберді. Бір жыл бойы әскери борышты өтей жүріп, республиканың әр жеріне концерт бер­дік. Орта Азияның біраз жерінде бол­дық. Негізінен өнер адамының өмірі өзіңізге белгілі ғой. Бәлендей қиындық кө­ре қойғам жоқ. Әскерден келгеннен кейін Жамбыл атындағы филармонияға же­ке әншілікке жұмысқа қабылдады. Ол кез­де филармонияның құрамында ака­демиялық Құрманғазы оркестрі, сим­фониялық оркестр, капелла ұжымдары болатын. Сол уақыттан жеке әнші ретінде нағыз шығармашылық өмірім басталды.
– Сіздің репертуарыңыздың негізі ха­лық әндерінен тұрады. Ол ішкі шығар­ма­шылық қуатыңызға байланысты ма?
– Мен өзі о баста-ақ халық әндеріне жа­қын болдым. Көбінесе «Япырай», «Шә­пи­бай-ау» содан соң Абайдың «Айттым сә­лем, Қаламқас» сияқты көптеген ән­дерін орындайтынмын. Әрі де Әбілахат Ес­паев деген тамаша композиторымыз бол­ған. Сол кісінің классикаға айналған «Мар­жан қыз», «Сағыныш екен бала кез» де­ген керемет әндері бар. Жалпы, ол кісі­нің әуендері халық әндерінен нәр алған десе болады. Ең бірінші радиоға жазған әнім Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған «Сағыныш екен бала кез». Осекең әзілдің адамы болса да лирикаға тұндырып жазған екен мәтінін. Маған қатты ұнады. Одан кейін Отан туралы пат­риоттық әндер, классикалық романс­тар да репертуарымда болды. Жалпы, халықтық бояуы бар әндер менің жаныма жақын келеді.
– Қазіргі кезде халық көбіне жеңіл әндерге құмар. Халық әндері солар­дың тасасында қалып бара жатқанға ұқсайды. Осылай кете берсек, ұлттық өнердің болашағы қалай болады? Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына қазақ өнерін, ұлт­тық құндылық­тарымызды сіңіру үшін қандай бағытта жұмыс жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Осы мәселе көптен көтеріліп, бар­лық саладағы азаматтар дабыл қағуда. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Менің бағ­дарлауымша қазақтың тілі өз тұғырына толық қонбайынша, бұл үрдіс осылай кете береді. Қазіргі жастар халық әндерін тың­даудан қалды. Классикалық музыка миларына кіріп те шықпайды. Радиодан да сирек беріледі. Бұрын «Шалқар» радио­сы таңертеңнен түнге дейін халық ән­дерінен бастап, классикалық музыкаға дейін­ керемет концерттер беретін. Со­лар­дың бәрі қалды. Қазіргі әндердің мә­тіндері сүйдім-күйдім, жанып барамнан аспайды. Ол мәтінді басқа тұрмақ, әншінің өзі де түсінбейді. Өсіп келе жатқан кіш­кене ба­лалар да соны қайталап жүргені. Дәс­түрлі ән-күйлеріміз де қалып бара жатыр. Оларды эстрадалық әндер басып кетті. Дәстүрлі әндер орындайтын әншілерді радио-теледидардан ешкім көрсетпейді де. Насихат жоқ. Ал бір-екі ән жазып алып, соған бейнебаян түсіріп, жұлдыз бо­лып кеткендер қаншама. Біздің бәлен жыл өмірімізді арнаған әндер, жанрлар қалып бара жатыр. Бұл, әрине, адамды қынжылтады. Өте өкінішті. Кезіндегі айт­қан әндерімізді қазіргі аппа­ратураларға қой­майды. Қояйын десе, естілмейді. Са­па­сы нашар. Оны қайтадан өңдеп, қал­пына келтіру керек. 70-80-ші жылдары жазу студияларында техника өте нашар болды. Қазіргі техникамен салыстыруға келмейді. Бір кездері барлық жазылған ескі әндерді өңдейді екен. Қайтадан шығарады екен деген әңгімелер естілген. Бірақ онымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Енді осы мәселені үкімет деңгейінде, оның ішінде Мәдениет министрлігі қолға алуы керек деп ойлаймын. Балабақшадан бас­тап балалардың санасына ұлттық әуен­дерді сіңіре білуіміз қажет. Ал ол үшін уақыттың тозаңына көміліп бара жатқан көне ән-күйлерді жаңғыртқан дұрыс болар еді.
– «Қанатсыз құс, армансыз адам бол­майды», – деп қазақ бекер айтпа­ған-ау, сірә! Орындалмай қалды-ау де­ген, көңіліңіздің түкпірінде жүрген ар­маныңыз бар ма?
– Әрине, менің арманым өте көп. Со­ның ішінде, әлі де болса репертуарыма біраз шығармаларды жаздырып қал­дыр­сам деген ой бар. Бірақ оған қаншама қа­ражат, қаншама күш-жігер керек. Со­ның әзірге реті келмей тұр. Құдай әл б­е­ріп, мүмкіндік беріп жатса, ойда жүр­ген сол армандарымыз орындалып та қа­ла­тын шығар…
– Балаларыңыздың ішінде сіздің жо­лыңызды жалғастырып өнерде жүр­гендері бар ма?
– Мен отбасым туралы айтсам, зайыбым Рәш Құрақбайқызы қаржы саласында көп жылдар қызмет жасады. Қазір зейнеткер. Қыздарым Әлия мен Қорлан екеуі де С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетін бітірген. Екі қыздан төрт немере бар. Қыз­дарым мектепте оқып жүргенде фортепьяно класына барып, сабақ алған. Му­зыкалық сауаттары бар. Бірақ дәрі­гер­лікті таңдады.
– Сізді былайғы жұрт әнші ғана емес, ұстаз ретінде де біледі. Өз ше­бер­­­ханаңыздан шыққан шәкірт­тері­ңізден кімдерді бөліп айтар едіңіз?
– Мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлт­­тық Өнер академиясының «Жеке ән салу» кафедрасында дәріс бе­рем. Ғ.Мүсі­ре­пов атындағы академиялық Балалар мен жастар театрында менен сабақ алған бірнеше шәкірттерім өнер көрсетіп жүр. Әсет Иманғалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Жанар Мақашева деген өте жақсы жас­тар бар. Қазір «Каспий» тобында ән салып жүрген Мұрат Қожа секілді басқа да өнер ұжымдарында қызмет жасап жүр­гендер баршылық.
– Сіз қазақ өнерінің белгілі өкілде­рі­мен бірге жұмыс істедіңіз. Сол кісі­лердің адами болмысы, үлгі өнегесі туралы айта кетсеңіз…
– Үлкендердің өнеріне, өміріне қарап бой түзеген адамдармыз. Солардың іші­нен Кәукен Кенжетаев ағамызды өте қат­ты қадірлейтін едім. Кәукең керемет дауыс­тың иесі, әнші, талантты актер, ре­жис­сер еді. Ермек Серкебаев ағамыз қан­­дай еді. Енді ондай әнші қашан дүниеге ке­летіні белгісіз. Сондай көптеген ағала­ры­мыздан тәлім алып, олардың жақсы мінездерін бойымызға сіңіріп өстік. Ма­ған ән салуды үйреткен Мұрат Мұса­баев ағамыздың мінезі өте салмақты әрі қатал болатын. Ұстазымыздың алдында жас­қанып, қысылып тұратын едік. Мен Мұрат ағаның айтқан ақылын, барлық тәсілін өзіме қабылдап, бойыма сіңіруге тырыс­тым. Бірақ дәл сол кісідей бола алған жоқпын. Дегенмен, өзімше ән шырқадым. Құрманғазы оркестрінде Нұрғали Нүсіп­жановпен сахнада бірге өнер көрсеттім. Нұрекеңнен парасаттылықты, қара­пайым­­­­дылықты үйрендім. Өнердің қа­ра­шаңырағы саналатын Құрманғазы ор­кест­рінің ұжымына, оның ішінде бірге жүр­ген, дәмдес болған үлкен музыканттар Рүстембек Омаров, Қаршыға Ахмедияров, Шамғон Қажығалиев сияқты аға­ларымызға үлкен ризашылығымды білдіремін. Алдаберген Мырзабеков, Айтқали Жайымов, Жанас Бекентұров, Жал­ғасбек Бегендіков, Жамағат Темір­ғалиев сияқты көптеген өнер қайрат­кер­лерімен және өнер ұжымдарымен қыз­меттес, сапарлас болдым. Кейініректе Нұрғиса Тілендиев ағамызбен де жақсы қарым-қатынаста болдық. Нұрағаның маған деген ілтипаты, ағалық құрметі өте жо­ғары болды. Менің өнеріме биік баға­сын беріп жүретін еді. Тіпті, ми­нистрлікке дейін хабарласып: «Айналайын шырақ­тарым-ау! Сендер бір-екі ән айтқан кісілерге де атақ беріп жүрсіңдер. Бұла­рың қалай? Мына Жұматтың еңбегі елен­бей жатыр ғой», – деп жүріп, менің Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі деген атақ­ты алуыма мұрындық болды.
– Қазақ өнеріндегі соңғы буын жас өкілдері туралы не айтасыз?
– Бізді алдыңғы буын десек, бізден кейін­гі Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұ­хамедқызы, Жәмила Баспақова, т.б. ор­та буын өкілдері келе жатыр. Олар да әлемді өнерімен тамсанды­рып жүрген талантты әншілер. Дегенмен, соңғы толқын есептелетін қазіргі жас­тар­дың арасында да жақсы өнер иелері өсіп ке­ле жатыр. Олардың есімдерін атау қа­зірге ертелеу сияқты. Атақты ақын Мағ­жан айтқан­дайын «Мен жастарға се­не­мін!» – деп. Болашақ жастардікі. Бұл – өмір­дің де, өнердің де өзінің даму заң­дылығы. Жалпы, біздің халық ежелден өте өнерпаз халық қой. Біздің ұлттық өне­рі­­­міз­дің көкжиегін осы жастардың кеңей­тетіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлім СЫДЫҚОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір