Он сом
26.01.2018
1711
0
Қазақ халқының әйгілі сахна саңлағы Құман Тастабековтің дүниеден өткеніне де 40 күн өте шығыпты… Осындай абзал азаматымыздан айрылып қалғанымыз арқамызды аяздай қарып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Сонау Ақтау қаласынан суық хабар жеткенде, жүрегіміз қан жылап, бауырымыз езілгендей күн кештік. Мен Құман Тастанбековпен бір институтта, бір курста оқып, төрт жыл бір бөлмеде тұрдым. Арамызда үш жас айырмашылық болғандықтан мен оны күні кешеге дейін «Құман аға!» деп кеттім. Екі жыл М.Әуезов атындағы драма таетрында қатар қызмет еттік. Едәуір рөлдерге қол жеткізіп, таетрдағы ұлы актерларымыздың тәлімін ала бастаған керемет бір кезең басталып жатқан шақ еді… мен күтпеген жерден қартаң тартқан әке-шешеме қарау үшін елге Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, бұрынғы «Южный», бүгінгі «Жаңатілек» ауылына бір-ақ кеттім.
Елде мұғалім болып еңбек еттім…

Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастанбеков,
Әшірәлі Кенжеев. Алматы, 1968 жыл, қазан.

Сонау Кеңес дәуірінің 70 жыл­­дары қазақ деген ұлт бар еке­нін әлем жұртшылығы біле бер­мейтін. Өйткені, кеңес үкіметінің көп республикасының бірі ғана болатынбыз. Қазақты әлемге қа­зақ ретінде танытқан – «Қыз Жі­бек» кинофильмі. Оның сце­нари­ін жазған көркем сөздің майталманы Ғабең (Ғабит Мү­сіре­пов), қоюшы режиссер, Отан соғысының ардагері Сұлтан Қо­жықов, суретшісі Гүлфайруз Ис­ма­йылова, сазгері тұлабойы тұн­ған музыка Нұрғиса Тілендиев ағамыз. Осындай біртуар мар­қас­қалардың қолынан шыққан дүн­ие қалай классика болмасын?!. Басты кейіпкерлерді сомдаған Асан­әлі Әшімов, Меруерт Өтеке­шова, Құман Тастанбеков баста­ған атақты актерлерімізге, жалпы сол ұжымға бүкіл қазақ жұрты, кейінгі ұрпақ рахмет айтуға тиіс. 50 жылға тарта уақыт өтсе де әлі тұ­ғы­рынан түспеген қазақ кино­сының алтын қорының Хан-Тәңірісі болған фильм әлемнің 80-нен астам елінде өзінің жо­ғары бағасын алған. Қазақ деген халықтың сұлулығын Меруертті көріп таңданса, Құманды көріп қазақ жігітінің серілігін, мыр­за­лы­ғына таңдай қақты. Құманның аттың құлағында ойнайтынын көріп, ешқандай дублерсіз шауып келе жатып, садақ тартысы қазақ жігіттерінің ерлігін мақ­танышпен паш етті.
Оның жасаған образдары, сом­даған рөлдері кезінде өз баға­сын алды. Ол театрда Еңлік-Ке­бекте Кебек болып бастап, абыз болып аяқтады.
1969 жылы Кебекті ойнағанда, Еңлікті – Гүлжан Әспетова, Жапалды – мен ойнап едім. Сахнада «жан бауырым Жапал!» деп бауырына қысушы еді. Сол бауырмал­дық сезім өмірде де өз жалғасын тапты. Өмірінің ең ақырғы сәтіне дейін екеуміз телефонмен байланыста болдық. Қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге ортақ­тас­тым. Ал Құман ағамның абызы басқа актерлердің ойынына мүлдем ұқсамайтын ерекше бір образ еді. Оның «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер?..» деп толғанғанда ішкі жандүниеміз астаң-кестең болып кететін. Себебі, оның диапазоны кең, бірнеше жоғарғы октаваларды алатын, күңіренген дауысымен дүйім жұртты дүр сілкіндіре­тін. Ол өмірде әнді жақсы ай­та­тын, сауық-кештерде Мүсі­лім Магамаевтың әндерін орын­дағанда, баян тартқанын, сұңғақ бойы мен сұлулығын көргенде, ғашық болмаған қыздар қалмау­шы еді. Бірақ, Құман ағам еш­бі­реуіне қарамай, өзінің Қыз Жі­бегі – Меруертімен өмірде де, өнерде де бірге болды. Мына бір студенттік өмірде есте қалған «10 сом» деген студенттік кезеңдегі қызық бір жағдайды қағазға түсіріп, көзі тірісінде Құман аға­ма телефонмен оқып бергенімде, іш­ек-сілесі қатып күліп: «Ой, жазу­шым-ай, осының барлығы қа­лай есіңде қалған? Мынау бір жып-жылы дүние екен, газетке берсеңші», – деп айтып еді. Сол өс­иетін орындап, қалың оқыр­манға ұсынып отырмын.***

Хадиша Бөкеева шәкірттерімен,
1966 жыл.

Бірде жатақханамызда мынандай бір жағдай болды. Сол кездерде жатын бөлмелерімізге жапсарластырып бір корпус салынды. Онда студенттер сабақтан тыс уақытта музыканттар инст­ру­ментерін алып, вокалистер өлең­дерін айтып, сол бөлмелерде ертеңгі сабақтарына дайындалып жатты. Бізде бір бөлме алып, актерлік шеберліктерімізді шың­да­йық деп сахна тіліне дайындалып, дауысымызды шығарып, топтық этюдтер, әртүрлі трюктер жасап, қаратер болып дайындалып жүрдік. Артынан міндетті түр­де төмендегі жертөледегі душ­қа түсетінбіз. Сондай бір кезекті дайындықтан кейін «Мұратжан кеттік душқа», – деді Құман ағам. Үш жас үлкен ағаның сөзін екі етпеймін, «мақұл» деп орамал, сабын, жөкемізді алып төменге түстік. Рахаттанып жуынып алып, енді киінетін жеріме келіп сүртінейін десем, аяғым­ның ас­тында 10 сом ақша жатыр:
– Құман аға мына 10 сомды қара, – дедім. Ол жан-жағына қарады да:
– Түш, ешкімге айтпа, екеуміз бөліп аламыз, – деді. Трикомның артқы қалтасына салып, бөлмеге келе жаттық. Ойым сан-саққа жүгірді. Ол кезде ақшаның құны жоғары болатын. 50 тиынға тойып түскі ас ішетінсің, 5 сом тисе 10 күнге талшық болады ғой деп ойлап келем. Сол кезде Моң­ғо­лия­­дан Баян-Өлгей жерінен кел­ген екі қандас бауырларымыз оқыды. Бірі хоровой да, екіншісі домбыра класында болатын. Ол мені бөлмеде асыға күтіп отыр ек­ен. Қояр да қоймай шахмат ойнауға бөлмесіне алып кетті. Институттағы шахмат жарысында мен екінші орын алып, әжеп­тәуір абырой-атақ жинап алғам. Жығылған күреске тоймайды деген жеңіліп қалса да, әйтеуір бір жеңем деп қыр соңымнан қалмай қойды. Екеуміз шахмат ойнап отырғанымызда, біраз уақыттан кейін бөлмеге курстасымыз Ерсайын Дүйсенбинов кіріп келді:
– Мұратжан сен жаңа 10 сом ақша тауып алған жоқсың ба, бір студент сұрап келді, – деді. Жүрегім «зырқ» ете түсті. Құман­ның ешкімге айтпа деген сөзі есіме түсіп кетті де:
– Жоқ, тауып алғам жоқ, – дедім.
– Онда жарайды, – деп кетіп қалды. Көңіліме біртүрлі қолай­сыздық жағдай пайда болды. Енді біраз отыр едік, екінші курс­тасымыз Әшірәлі Кенжеев келді:
– Жаңа вокалист татар жігіт тағы да келіп кетті, «осы сендер жуынғансыңдар» деп отыр. Ертең деканатқа апарып әуре-сарсаң болмасын дегенім ғой.
Рас, шынында да сол жігіт біз­бен бірге душқа түскен. Жүре­гім аузыма тығылды. Шахмат та жайына қалды. Бауырыма:
– Ертең келейін, бүгін бір ты­ғыз шаруам бар, – деп кетіп қалдым. Бөлмеге келіп, ертеңгі сабақ жайында конспектілерімді алып, дайындалып жатыр едім, әлгі әңгіме тағы да басталды.

Әшірбек
Сығай, Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастанбеков, Ерсайын Дүйсенбинов, Әшірәлі Кенжеев,
Кремль,
1967, желтоқсан.

– Тауып алсаң Мұратжан айт, се­нің көңілің ақ, біреуге бір зиян­дық ойламайсың. Әлі қан­шама жыл бірге жүреміз, – дегенде, жүрегім жібіп кетіп:
– Жігіттер, – деп дауысым қатты шығып кетіп еді, Құман ағам жалт қарап көзін алайтқан­дай болды. Түсіне қойдым да жоқ тауып алғам жоқ дедім. Сол кезде тағы бір сабақтасымыз Әшірбек Сығай: «Сендер немене айта бересіңдер, тауып алмаған шы­ғар, тапса Мұратжан айтады. Ол ондай-мұндай қуаяқ жігіт емес, таза жігіт», – деп бір-ақ қойды. Жүрегім атша тулап кетті…
Көзімнің қиығымен Құман ағама белгі бердім. Ол «коридорға шығып кет» дегендей емеурін танытты. Зып беріп дәлізге шық­тым да: «Қалтамдағы 10 сом санымды күйдіріп бара жатыр, аға, мә, өзің алшы құрысын, айтайық­шы. Қара нанды қақ бөліп жеп жүрген достарымыздан нені аяймыз десем:
– Аузыңды жап та, тығып қой қалтаңа. Шекеңді жарып бара ма, ертең бөліп аламыз, олардың бірі де білмейді. Әлгі ақшаны тағы да қинала-қинала қалтама салдым.
– Ендеше сіз бірінші кіріп ке­тіңіз, әйтпесе біліп қалар, – де­дім. Ол кіргеннен кейін біраз­дан кейін әлгі әңгіме тағы да басталды:
– Мына жағдай ұстазымыз Хадиша апай Бөкееваға жетсе ұят болады ғой. Мұратжан сен шыншыл, әділ едің ғой. Бір жағдай болса бірге көреміз ғой, – дей ме?.. Қойшы әйтеуір, бірі мені мақ­тайды, бірі қорғайды, бірі жақ­тайды. Содан әбден басым қатқан соң:
– Жігіттер, – деп қаттырақ дауысым шығып кетті. «Рас, біз…» деп келе жатыр едім, Құман ағам терезе жаққа қарап, арқасы мен иығы селкілдеп тұрып, қарқ-қарқ күліп жатыр. Өзімнің де шыдамым таусылып, «біз екеуміз тауып алдық» деп айтайын деп тұрған едім, Құманнан кейін бәрі қарқылдап қыран топан болып күліп жатыр. Сөйтсек, бұл 10 сом Әшірәлінікі екен. Ол біздің арты­мыздан суға түскен кезде қал­та­сында жүрген ақшаны бөлмеге апа­ра салшы десе, Құман ағам оны менің киінетін жеріме тас­тай салған ғой. Сонымен, бәрі келісіп алып, «мына Мұратжан қайтер екен?» деп істеген әзілдері екен. Міне, студенттік өмірдің қызықты күндерінің бірі осылай есте қалды…
Сондай жақсы ағамыздан айы­рылдық. Ал оның сомдаған об­раздары, ойнаған рөлдері кейін­гі ұрпаққа өнеге, ұлттық өне­ріміздің қайнар бұлағы болып қала бермек. Бақұл болыңыз, Аға! Біз Сізді ешқашан ұмыт­пай­мыз.

Мұратжан МҰҚАЖАНОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір