Халықтың рухани әлемі
26.01.2018
1937
0
Абайсыз қазақты, қазақты Абайсыз елестетудің өзі қиын. Ақынның асыл сөзі қазақ баласының санасына ана сүтімен сіңер қасиет қайнары.
Абай қазақ жырын жаңа мазмұнмен байытып қана қой­май, оған тыңнан түрен са­­лып, екпін-ырғағын өз­герт­­кен еді. Ол бунақ бұзып, ыр­ғақ қуып, қыздырмалы қы­зыл сөзге салынып кетпей, қашан да өмір шынды­ғы­­на тура қарап, ақиқатты ашып айтып отырды. Абай­дың ақындығы туралы Ахмет Байтұрсынұлының: «Абай­дың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңдерінен ар­тықтығы әр нәрсенің бергі жа­ғын алмай, арғы асылын қа­рап сөйлеген. Яғни кез кел­ген сөзді шырайлы, ажарлы етіп жаза білген», – дегені бар. Абай өскен ортасының мұ­ңын мұңдасын, не жа­лын­даған жастық шағын жырласын, мейлі туған табиғатының таңғажайып сырына үңілсін, мейлі халқының өткені мен ер­теңіне көз жүгіртсін, қоғам мен адам арасындағы алуан түр­лі қарым-қатынасты зерде еле­гінен өткізсін, соның бә­рі-бәрінде оның ой тереңдігі, пікір кемелдігі менмұндалап тұрады.
Міржақып Дулатовтың: «Зәредей шүбә етпейміз, Абай­дың өткен күнінен қан­ша алыстасақ, рухына сонша жа­қындармыз. Үнемі бұл күй­де тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге ұмтылар сол күн­дерде Абай құрметі күн­нен-күнге артар.Бірінші ақы­нымыз деп қабірін зиярат етер, халықпенен ай арасы күш­ті махабатпен жалғасар», – деген сөзі соншама құдіреті мол бол­жау екенін енді түсіну­де­міз. Абай – тұтас бір халық­тың рухани әлемі. Кемеңгер ой­шыл, данышпан Абайдың ар­тында қалдырған мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жетер, мәң­гілікпен ұласар асыл қа­зы­на. Қанша заман ауысып, қан­ша буын ұрпақ жаңарса да, ұлы ақын айтқан «қуаты күш­ті нұрлы сөздің» сыры кет­пей, сыны бұзылмай, жаңа қырынан ашылып, жаңғырып келеді.
Мынау Абай –
бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады
сөзді ұғарлық, –
деп Шәкәрімді өксіткен, өкі­ні­ші көп заман өтіп, бүгінгі күн­ге жеткенімізге шүкірші­лік жасаймыз.
Абайдың мұраты – адамды адамгершілік, кісілік жа­ғы­нан жетілдіру арқылы қо­ғам­­ды жетілдіру, қазақ қо­ға­мын ілгері дамыған мә­де­ниетті елдер қатарына қосу еді. Оның өлеңдері мен қара сөз­деріндегі дүние­таным­дық, философиялық, қоғам­дық, этикалық көзқарастары, педагогикалық, психо­ло­гия­лық ой-пікірлері осыны дә­лел­дейді. Бала жүрегінде адам­гершілік, адамдық пен иман­дылық тағылымдарын ұя­латып, Абай: «Кімде кімнің әді­леті жоқ болса, оның ұяты жоқ, ұяты жоқтың иманы жоқ», – деп, адам болам деген кі­сіге қажет бес дұшпан мен бес досты ажыратуды міндет етіп қояды.
Абай қазақ поэзиясына мүл­дем тың формалар енгіз­ген реформатор. Абай, сөз жоқ, өз халқының ауыз әде­бие­тінен көп үйренген ақын. Өз заманының ойлы адамы ре­тінде, Абай поэзияның идея­сын биіктете, пікірін байы­та, сезімін тереңдете түседі.
Шын хакім, сөзің асыл –
баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе
дәмі кетпес, –
деп ақынымыз Мағжан
Жұ­ма­байұлы айтқан өлең әр қа­зақ­тың жүрек сөзі. Өйткені Абай мұраларына барлау, ұлы ақынның ой тұңғиығына те­рең­деу ұрпақтан ұрпаққа жал­ғаса беретін іс. Абай – адам­заттың ғұмыр бойы иге­ріп түйсіне түсетін тұтасқан бір ғажайып әлемі. Абай мұ­ра­ларын парасатты ой, зер­делі санасымен оқып-үйрену біз­дің қасиетті парызымыз.

Құралай Бекова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы, Таскескен ауылы, «Ақтанберді атындағы орта мектеп-бақша» КММ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір