Бесіктен бейітке дейін
26.01.2018
2050
1

Қуандық ТҮМЕНБАЙ


Екеуі бес жасында балалар бақшасында бір-біріне сәбилік се­зіммен қызыға қарап қалды. Осы тұнық сәт оларға өмірлік тұ­сау болды. Құм шашып ойнады, әткеншекте бірін-бірі тер­бет­ті. Ол – Мөлдір, бұл – Танаш боп өмірге келді. Шешелері екеуін бір күнде жарық дүниеге әкеп, перзентханадан да бірге алып шы­ғып, бесік тойларын да бірге жа­сады. Байқоңырдағы әскери қалашықта бесік той көп бола бермейді. Мәскеуге бағынған өң­ір болғасын омырауына орден мен медаль, иықтарына алабажақ шен таққанына мәз әскери адамдар мұндайға аса мән бермейді. Олардың арманы – ракетаны ұшыру мен аман-есен қондыру. Солардың арасында ұлттық се­зім­дерімен қылтиып көзге түсіп қалған Мөлдірдің майор әкесі бол­са, одан шені бір саты төмен, нұсқауы да аласа Танаштың капитан әкесі еді.
Тілдері де бірге шықты. «Алфавитпен» орысша ауызданды. Өйткені, басқа тілді оқуға мүм­кін­дік жоқ, тіпті мұнда ғарышқа адам ұшқан күні Мәскеудің маршы екпінмен айтылатын. Ал, екеуі сабақ басталардан бұрын Ресейдің Әнұранын шырқаға­нына мәз болып, оң қолдарын көкіректерінен әрең түсіретін.
Бір партаға отырып, сабақтан да бірге қайтатын. Ата-аналары да әркез бірге алып қайтып, кейде әскери тапсырмадан қол тимей жатса, бірі үшін бірі ата-аналар жиналысына да қатыса салатын. Осының бәрі Танаштың көз алдында, ең соңғы жүк пойызындай теңселіп өтіп жатыр.
Танаштың ең бір қиналған кезі – Мөлдірдің әкесін Семей сынақ алаңына жұмысқа ауыс­тырып, бұлардан жырақ кетуі. Ол жаққа да таптырмас маман керек екен. «Қазақтың бәрі маман, бір­ақ көзге көрінетіні сирек, менің әкем де Мәскеудің ядролық физика институтын бітірген «атомщик». Оның ғарышкер дайындаудан қолы босамайды», – деп, өзінше заманға деген зеректікпен өкпелі көңілін сездірді де, құр­бы­сы­нан қалғысы келмеген он үш жасар бала сезімі тұңғиыққа батып, көз алдынан сол бір өмір бойғы бірге өскен серігі кетпей қойды. Құм шашып жібергенде көзіне түсіп, бірақ бұл уқалап-уқалап жіберіп қайта ойнаған­дары; әткеншектің бауы үзіліп кетіп, Мөлдірдің қара жерге томп етіп түскені; соның бауын жөн­дей­мін деп құнжыңдап жатқанда Мөлдірдің анасы кеп алдына сап қуып алып кеткені; ең бір бойын шымыр еткізіп, күндер бойы өзі­не-өзі келе алмай жүрген бір сәт – олар Семейге кетерден бір апта бұрын, химия сабағында, дәптер­дің аппақ бір бетіне ірі әріптермен «Я, люблю тебя!» деп соңына леп бел­гісін қойып жазып бергені, сөй­­тіп, тез-тез басып, көрші есік­тегі үйіне асыға басып кіріп кеткені алпыс екі тамырынан алып тастай алмайтын бір сер­гелдең сезім болды. Ол кетті, бұл қалды. Мәшине жүрерде майор әкесінен именді ме, қасында
отырып қол бұлғады да қойды, бұл болса қол бұлғауға да жарамай қаққан қазықтай қаздиып тұрды да қалды.
Олар көшкенде қоңыр күз еді. Бұл каникулды күтті. Қысқы ка­ни­кулда барып-қайту арманы болды. Шешесі «Бірге барамыз» деп еді, ғарыш айлағының тірлігі таусылған ба, дәл жол жүретін кү­ні: «Бара алмаймын. 1-мамырда барайық», – деп көлдеңен сылтау айтып еді, Танаш әй-шәйға қа­рамай Қызылорда-Семей пойызына билет алып аттанып кетті.
Мөлдірмен үш айдан кейін бет­тескенде көзінен бір мұң көр­ді. «Мұнда Байқоңырдағыдай қызық емес, бәрі бақылауда, еш­қай­да шыға алмайсың, менің ха­тымды алдың ба?» – деді. Еш­қан­­дай хат алмағанын айтты. Де­мек, хатқа дейін бақылауда ұс­тайтын болғаны ғой. Мөлдірдің үйінде үш күн жатты. Үш күнде екеуі үш рет киноға барды. Кинолары да біртүрлі – «Чапаев», «За нами Москва», «Молодая гвар­дия» деген адамды тек ерлік­ке баулитын нәрселер. Шығарып салғанда жазғы каникулда өзі баратынын, Байқоңырды сондай сағынып жүргенін тағы да айтты. Сол бір сәт бір балғын сезім өн­бойына жармасып ернінен өпсем деп өрекпіп еді, бата алмады. «Жі­гіт емеспін, – деп өзіне-өзі кә­мелет жасына бет алғанда ыза бол­ды. – Жігіт емеспін. Мөлдір жігіт болса, сол кезде қарап қал­мас еді. Ынжықпын. Ол он үш жасында «Мен сені сүйемін!» деп қысылмай дәптердің бір бетіне жазып берді. Мен еркек басыммен қою қараңғы түнде өзіме тән бір нәрсе істей алмадым», – деп, табиғатында ынжық қазақы жігіт Мөлдірдің әруағынан кешірім өтінгендей боп темекі тұтатты.
Ол Мөлдір өмірден өткелі темекі шегетін болды.

***
Екі жыл тағы да аптап жаз бен ызғарлы қыс, бүрсеңдеткен күзді күткен он екі айға ұласты. Мөл­дір­дің әкесін ядролық сынақ ай­ма­ғынан таптырмас маман ретінде жібермеді. Сонда екеуі бір-біріне бір-ақ рет барып қайт­ты. Байқоңырдың есігі ашық, ал Семейдің түп-түкпіріндегі жасырын аймаққа кіру үшін «үнсіз ме­кемеден» рұқсат керек екен. Ол да екі жылда бір беріледі. Осы үш жылда Танаш танау астында түбіт мұрты үлбіреген жігіттік сезім­мен, дүниедегі бір-ақ жанға деген махаббатын жеткізе алмай, арғы жағындағы ынжық көңіл, бірақ бір бет алса қайтпайтын ішкі қай­сарлығын алға тартып, «Са­ғы­нышты сәлем хат!» деп бастап, Мөлдірді түсінде көргендігін, балабақшада әткеншек жібін жөн­деп жатқанын айтып, ең со­ңына «өзіңді сүюші Танаш» деп танадай-танадай ірі әріптерді тізілдірді. Осының бәрін орысша жазса оңай болар еді, бірақ «қа­зақша жазамын» деген еркін билеген бір ұмтылыс жібермеді. Оның үстіне әке-шешесінің «қа­зақша сөйлеңдер?» деген сөзін ұмытпайды. Өздері болса, үйде ғана бір-бірімен қазақша шүл­дірлесіп, қалған кезде бәрі орысша орындалып жатады. «Мекте­бі­міздің қазақша болатын кезі жеткен жоқ па?» – деп іштей ере­гіс­пен, қатесі көп болса да хатты қа­зақша жазатын. Ал, Мөлдір бол­са «Танаш!» деп қызға тән ибамен бастап, Байқоңырдың шаңы мен топырағын сағынғанын айтып, «Мен сені сағынып жүр­мін» деген сөзін оқығанда пойыз­ға билет алып, алып-ұшып кетіп қалғысы келетін. Соны сезген шешесі: «Осы сен неғып жүрсің, ке­лесі жылы мектеп бітіресің, са­ба­ғыңа тиянақты бол», – деді де, біраздан кейін «Мөлдірлер ұзамай келеді ғой», – деді теріс айналып. Осы сөз көңіліне демеу болды, те­мір жол жаққа қарап, аңтарыл­ған көңілін демдеп, тек сабаққа кірісті. Соңғы хатында Мөлдір «Ауруханаға түсіп қал­дым», – депті. Құстай ұшқысы келді де, не іс­те­рін білмей, амалсыз анасына айт­ты. «Е-е-е, ол жақ­та­ғылар бәлніс­ке түсе береді ғой», – деді таң­дан­бай. Бұл сөз де кө­ңіліне де­меу боп, ең жақын жер­дегі те­мір жол стансасына жөн-жосық­сыз бір барып қайтты. Қою түнде ешкімді танымаса да күтіп алып, шығарып салғандар­дың арасынан Мөлдірді көрген­дей көңілі сергі­ді.

***
Тек қазақ ғарышкері ұшарда ғана маман қажет боп Мөлдірдің әкесі бұрынғы орны – Байқоңыр­ға ауысты. Онда да жарты жыл үйсіз-күйсіз жатақханада күн кешіп, арасында ежелгі дос – осы­лардың үйіне кеп шәй ішіп, әңгіменің көрігін қыздырды.
– Барғандағы пайдам, үш ай бұрын шенімді көтеріп, подполковник қылды. Онан да өз жерім, өлең төсегімде жайраңдап, майор боп жүре беруім керек еді, – деп дөңгелек үстел басында отырған Танашқа қарады. Ол «Мөлдір қашан келеді?», – деп сұрағысы кел­ді де, орысша оқыса да құм жақ­та­ғы қазақшылыққа салып, қың­қ етпеді.
Жарты жылдан кейін Мөлдір де келді. Бұл үшін бір бас-аяғы жоқ той басталды. Екеуі бір күн бұның үйінде, бір күн оның үйін­де шекарасы жоқ адами сезімнің құшағында қалды. Әйтсе де, Мөлдір қыз басымен Танаштың үйіне келе беруге ыңғайсызданып, «Тек далада жүрейікші, үйде ыңғайсыз ғой», – деп именді.
Сол күнгі дауысы құла­ғын­да.
– Ертең мен Қызылордаға барамын…
– Неге? – деп бұл шошып кетті.
– Дәрігерге тексерілуге. Үш ай сайын тексеріліп тұрамын.
– Мен де барам…
– Қой, сен сабақтан қалма. Келесі жылы мектеп бітіреміз. Сосын атақты Гоголь атындағы институтқа түсіп, бұрынғыдай бірге тұрып, бірге… – деп мүдіріп қалды. – Менің педагог болу ар­ма­ным. Сен химик боласың… Ер­тең мені мамам алып барады ғой.
Екі күннен кейін қайтып кел­ді. Мөлдірдің жүзі жабырқау. Айналдырған екі күнде еттен ары­лып, арықтап кеткендей. Бұл кейпін Танаш соқырға таяқ ұс­татқандай көріп тұр, оның бұ­рынғы ешқандай қоспасы жоқ мөлдір үнінде де бір мұң бардай, оның себебін ашып сұрай да алмады, білгісі келсе де қанында бар қазақы кішіпейілділік пен орыстың тәлімінің ортасында не істерін білмей жаны қиналып-ақ жүр.
Ғарыш айлағындағы көзге көрінер қос төмен етек – мұсыл­ман әйелдері – Мөлдірдің анасы мен өзінің шешесі әредік шәй ішіп отырып сырласып, іштегісін сыртқа шығарып, бой жазады. Қа­ладан келгеннен кейін өз үйін­де олардың отырысынан құ­лағы шалып қалғаны: «Семейдің пайдасы ғой» – деді Мөлдірдің анасы бөгде біреу естімесін деген­дей. Бұл жердегі бір ауыз артық сөз байқамай ішкен у секілді, сонан ба сақтана сөйлеу мен жан-жаққа жалтақтай қарау ережесі жоқ дағдыға айналған.
Танаш бәрін де есітті. Қос ана­сынан сұрауға әдеп сақтаса, Мөлдірден сұрауға көңілін қи­мады. Сөйтіп, кәмелетке бет бұр­ған түбіт мұрт жігіт көкіре­гін­дегі қиғаш сауалға жауап іздеп, не істерін білмей әрі-сәрі күй кешті.

***
Ауруханада ұзақ жатпады. Тез шығып кетіп, жұртпен бірге мектеп бітіру сынақтарын тапсырып, бәрінен бес алды. Бірақ, сыныптастары масайраған көңілмен мәз боп той-тойлап жатқанда, ол шаршаған адамдай үйіне кеп аң­тарылып, терезе әйнегінен кең дүниеге қиялға батып көз тікті.
Екеуі де Гоголь атын алған пе­дагогикалық институтқа құ­жат­тарын тапсырып, ұзамай студент атанды. Мөлдірдің арманы – тіл-әдебиет маманы болу еді, Танаш болашақ химиктің тіз­гінін ұстады. Сынақ айла­ғын­дағы қызметкерлердің балаларына көрсетілетін жеңілдік те бар екен, екеуіне де соның септігі тиді.
Бірінші курсты бітірер-бітір­мес­тен Мөлдір оқудан кетті. Ден­сау­лы­ғы сыр беріп, ауруханаға түсе берді. Әйтпесе бір жатақ­ха­нада тұрып, көршілес екі бөлмеде бір-біріне күнде келіп, бірі еркек, бірі ұрғашы болғанмен, бір үйдің баласындай адам айтып жеткіз­гісіз керемет өмір басталып кетіп еді. Екеуі пәк қиял, пәк ниетпен алға талпынса, бір көзге көрінбес қара күш артқа тартты да тұрды. Ақыры артқа тартқан қара ниет­тің дегені болды.
Мөлдір оқудан шығып, көбіне ауруханада жатты. Бір күні ше­шесі Танаштың үйіне келгенде:
– Мөлдірді үйге алып шыға­мыз, – деді жанары боталап. – Екеуің қоңыр қозыдай бірге өсіп едіңдер. Сені ұл, оны қыз деп айыр­мап едік… – Көз жасын сүр­туге шүберек таппай, қос алақа­ны­мен кезек сипап тастап, сосын тор-тор жемпірінің жеңін ти­гізді.
– Шығарып алуға мен де барам, – деді өршеленіп.
– Жоқ, әкесі мен шешесі барады. Сен үйге келген соң көре­сің, – деп, анасы дызақтаған баласын әрең тоқтатты. Ынжықтық қанында болғанмен, қайсар боп өскен бала жанын бергелі тұр. Адамзат жақсы мен жаманды көре-көре көзі үйреніп, көкіре­гінен шығарады екен.
Сол күні Мөлдірдің әкесі қы­зу жұмыстан қолы босай алмады. Қазақ ғарышкері аспанға атылатын боп, бір нүктенің қатаң жау­ап­­кершілігінде жүрді. Шешесі ба­рып, үш жүз шақырым жерден алып келді. Қасына медбике қо­сып­ты. Мұндай қауіпті ауруларға жауапкершілік күшті екен, бәрі де ақ желеңділердің бақылауында болуы керек. Жаны мен тәні мөл­дір бұлақтай қыздың жолда жұқ­тырған кеселі – қан ауруы, оның да ең бір емі табылмас тобы деген анықтама беріліпті.
Мөлдір қара шаңырағына жет­пей шаңдауыт жол үстінде үзілді. Бүйірінде қызыл кресі бар санитар мәшине келгеннен кейін сол үйдің алды опыр-топыр болды да қалды. Ет жақындарынан басқа ешкімді кіргізбеді. Танаш шешесімен барғанда, Мөлдірдің өмірден өткенін естіді. «Бұл қа­лай?» – деді ол өзін өмірге әкел­ген анасына қарап. «Алланың жа­зуы ғой», – деді анасы. Әлден соң:
– Жазуды өзіміз жазуға болмай ма? – деді әшейінде жуастың қатарында жүретін үркектеу жігіт үрпиіп. – Қашанғы біреудің жазуын оқимыз. Ең болмаса, қазақ­ша да жаза алмаймыз.
– Тиіш, менің айтып тұрға­ным басқа жазу, – деп үндемей ба­рып, бетінен сүйіп, анасына көңіл айтты. Перзентінен айы­рыл­­ған ана үнсіз. Жоқтау түгілі қаза үстінде айтылар жұбату сөз бен көрісу де жоқ. Ғарышқа адам ұшқан күні артық дыбыс шығып, ешкім өрескел қимылмен көрін­беуі керек. Бұл – бұлжымас ереже. Ғарыш айлағындағылар да бір нүктемен басқарылып, робот­қа тән реңкке енген тіршілік.
Қазақ ұшқан күні о дүниелік болған қазақ бойжеткенінің жаназасы да кейінге шегерілді. Қауіпті кеселмен қайтқандарды ұстауға болмаса да, роботқа тән ережемен мәйітті санитарлық тоңазытқышта сақтап, өлі дене тас қараңғыда жер қойына жеткенше асықты.
Ғарышкер қазақ аман-есен оралған соң, үш күннен кейін Мөлдір қара жер қойнындағы мәңгілік мекеніне аттанды.
– Мен бір рет бетін ашып кө­рей­інші, – деді Танаш шығарар сәтте ызаға булығып.
– Көрсін. Бесіктен бірге өскен се­рігі, қимай тұр ғой, – деді Мөл­дір­дің анасы.
– Жоқ, нельзя, никак нельзя, – деді мәйіттің қасында қақиып тұрған ақ желеңді медбике.
Жол үстінде үзілгендер екі ғұ­мыр жасайды деп еді. Сондай бір он сегізге санаулы күндері қалып, о дүниеге асығыс аттанған қызды Байқоңырдың бүйіріндегі мұсылман бейітіне алып кетті.
Танаш жүрейін десе жүре ал­май сілейіп тұрып қалды. «Неге бармадым? Кейін бейітіне гүл апарып қоямын ғой. Қойғызса… Онда да күзет күшті шығар?». Ыза­сы терісіне сыймай жүгіріп үйіне барып, әкесінің шинелін қармалап, шылым тауып алып, асығыс-үсігіс тұтатты. Сол күйі шылым шекпесе тұра алмайтын күйге түсті. Жалт еткен жіңішке сіріңкені тұтатқанда шылымға жеткенше жіңішке саусақтары дір-дір етіп, сіріңке «Мөлдір» деп, шылым «Танаш», – деп тіл қа­та­тын болды. Тым-тырыс жігіттің өз-өзінен сөйлеп жүруі ешкімді таңқалдырмады.
Жалғыз сырласы жалт етіп тұтанған сіріңке мен түбіне дейін тартқан шылым боп қалды.

***
Байқоңырдың оң бүйіріндегі мұсылман бейіті бұның екінші үйіне айналды. Апта сайын келеді, құр бара бергенше Құран бағыштасам деп еді, бірақ кәли­маға тілі бұралмай-ақ қойды. «Бұған мен кінәлі емеспін, өзде­рің, үлкендер кінәлісіңдер» деп, кегін ала алмаған адамдай тісін қайрап, артынша босаңсып, күнде кеп жүрген көз алдындағы бейітті бірден тапты. Туған-өлген жылын қосқанда он сегізге санаулы күндері жетпей қалған қыз­дың басындағы «Мөлдір Иман­баева» деп мәрмәр тасқа қашап жазылған жазуға сүзіле бір қарап ап, әлі топырағы кеппеген бейітті қойнына тығып әкелген ойыншық күрекпен қаза бастады. «Балабақшада ойнағанда да осылай қазып ойнаушы едік» деп, өз-өзінен бір мырс ете қалды. Бәрі сау адамның тірлігі. Қиыр­шық құм сусып, бір кезде шоқ­пыт-шоқпыт боп ыдырап кеткен аппақ кебіннің қалдығы көрінді. Сосын тігінен жатқан қу сүйекті көріп, қорқудың орнына қуанып кетті. Тарам-тарам қу сүйек то­лық көрінгенде әуелі маңдай тұсынан бір сүйіп алды. Сосын «Қызыл ерін» деп ән шырқағанда бәледейміз, қызыл еріннің тұсы осы-ау» деп, онан сәл төменірек ыржиып тұрған сүйекті тағы да өбті. Топырақ иісі аралас дымқыл дәм тәбетін тартып, нәпсісін оят­ты. Күздің қара суығына бой берместен тыр жалаңаш шешініп тастап, жас көңілі жарқ етіп, «өмір­де жалғыз сүйгенімнің қы­зығын көре алмай кеттім бе?», – деген ызамен, еттен арылып, қу сүйек боп жатқан ұрғашының бұтының арасындағы жіп-жіңіш­ке жыныстық мүшеге еркектік ынтызар көңілмен бой бермей кеткен өз мүшесін тақады. Бір сәт бойы босап, әрі қарай әлемта­пырық әлемге еніп кеткен еркек мүшесін қайтып ала алмай сылқ түсті. Сол күйі қу сүйекті құшақ­тап, топырақ аралас өлі денені өпкен күйі көзін жұмып, екі дү­ние­нің арасында іздеген ләзза­тын тапқандай жатты да қойды. Қу сүйек дене дымқыл ауаның райымен тірі денені өзіне сіңіріп ап, жібермей қойды. Бұл етпеттеп жатып, «дүниенің қызығына енді ғана ендім», – деп, енді қайтып жа­рық дүниеге шыққысы да келмей, сүйгенінің тарам-тарам сүйек денесін тырнағы өскен су­ық қолмен аймалай берді. Осылай екі күн жатқасын тірі дене мен өлі дене бір денеге айналып, үстіңгісі бұлқынып қап, бұл өмі­рі­мен қош айтысты. Қазылған бейітті ешкім көрмеді, қырағы көздер де селт етпеді.
Арақ ішіп алған бейіт күзет­шісі апта өткен соң арқасына құс қонып, шоқып-шоқып ұшып ке­тіп, қайта қонақтап жатқан жа­лаң­аш денені көзі шалып қап, зә­ресі ұшып, милицияға хабар берді. Тәртіп сақшылары келіп, иістене бастаған денеге мұрын­да­рын басып тыжырына қарап, астында жатқан сүйектің әйел жынысы екенін анықтап, қосақ­талып қалған жігіттің кім екенін зерттеді. Ұзамай бәріне көз жет­кізді. Бірақ, екі денені бір-бірінен айыра алмады. Айқасқан, айма­лас­қан күйі көмілді. Бұл – сүйек зерт­теушілердің де осындай тоқ­там­ға келген тұйық заңы екен. Күн суықта екі дене бір-бірін жі­бер­мей қара жерге көміліп, таң қалдырды. Бәрін білетін Танаш­тың сыныптасы бейіт басынан қайтқанда: «Осылай боларын біліп едім», – деді біреу естіп қоя ма деген үреймен.
Тәртіп сақшыларының бар бітіргені – «Бейіт басына бейберекет адамды жіберіп, қырағы­лық танытпағаны үшін» деген баппен күзетшіге салық салып, жұмыс­тан босатты.
Ол есалаң боп жындыханаға түсті. Өлі дене мен тірі дененің ай­қасып жатқанына күн батып, ымырт жабылғанша куә боп тұрған да жалғыз өзі. Осы көрініс көз алдынан кетпей, жүйкесіне әсер еткен үшінші біреу сау адам­дардың арасынан аласталып, жындыханаға түссін деген жар­лық шықты. Көп ұзамай ол осы жердің айтқышына айналды, бесіктен бейітке дейінгі хикаятты айтар бір есалаң пайда болды. Ешкім сұрамаса да көргенін күн сайын қалш-қалш етіп, қайталап отырады. Ерте тұрып, кеш жатады. «Нөмірі 113-ші бейіттегі ай­қас­қан екеу ше…», – деп бас­тағанда, бәрі бір жерге үйіріліп, тыңдап болғаннан кейін өтінген­дей боп: «Тағы бір айтшы», – деп бойлары босап, үн-түнсіз қалып, ала же­лең жамылған еркек ұр­ғашыдан көзін алмай телміріп қалады. Жы­ныстық мүшесін бір сипап қойып, темекі тұтататын­дары да бар.
– Сен осының бәрін көзіңмен көрдің бе? Тағы бір айтшы?! – деді жақында түскен есалаң бір нәрсеге қаныға алмай. Жоғары деңгейдегі жындының айтқанын істемесең болмайды. Айтпай жа­тып ала желеңі желпілдеп, дәл желкесіне кеп тұрып алды. Тағы да еркек әйелге жақындай түсіп, айтқышты бәрі жақсы көріп кет­ті. Осы хикаятты тыңдаған сайын «торлы қоршауда неғып жүр­міз, қашан шығамыз?», – деген үміт те бойларына құс боп қонақтап қалады.
Түнге таман көне кереуеттер сы­қырлай бастайды. Етпеттеп алып, итеңдеп, ыңыранған ақыл-есі кемістерді тәрбиешілер жүгі­ріп кеп шалқасынан жатқызып, ескерту жасап жүр. «Мен бүгін үй­лендім, екеуміз қайтсек те ба­қыт­ты боламыз, сол Байқоңыр­да­ғы моланы қазған баладан қай жерім кем», – деген сандырақ сөздер де естіліп қалады…

ПІКІРЛЕР1
Төкен Әлжантегі 27.01.2018 | 10:22

Әдеби көркемділік шынайылықпен біте қабысқанда ғана шығарма адамды баурай алады. «Бесіктен бейітке дейін» әңгімесі осыны санамызға тағы бір жеткізгендей. Қазір ғалымдардың пайымдауынша адамзаттың басым көпшілігінде қояншық ауыруының нышандары бар екен. Әлемде сондай болса, сынақ алаңына айналған Қазақстанда бұл қай дәрежеде? Міне, осыны ойлар болсаң жаның түршігетіні анық. Олай болса, билік тізгінін ұстағандар мен көк қағаз санағандардың тыққанын өздері ғана қызықтамай, көпшілік жағдайына көңіл бөлгендері жөн. Басқаша жағдайда әңгімеде айтылғандардан сорақы дүниенің жер бетін қамтуы бек мүмкін.
Қуандық бауырымызға қаламың мұқалмасын демекпіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір