Ей, Бесін, келіп қалдың қай тұсымнан…
26.01.2018
1929
1

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ


Иттік пен пенделік хақында
Қара басын арылта алмай күнәдан,
«Итсің!» – деді бір адамға бір адам.
Иттік пенен адамдықтың арасын,
Ажыратып берді дейсің кім оған?!

Көрмесе де қиындықты тым әлі,
Торлады деп мені қайғы тұманы.
Өз кінәсін мойындамай бір жігіт,
«Ит тірлігің құрысын!» – деп жылады.

Жүрсе де жұрт сол өлкені мекендеп,
Өз-өзінен көрінді де бөтен боп.
Қаралады құмы ән салған өлкені,
«Ит байласа тұрғысыз жер екен! – деп.

Салсақ тағы өркениет көшіне із,
Айырдық па қайда дұшпан, досымыз?
Өз кеудеңде арпалысса ақ – қара,
Итке қандай кінә артамыз осы біз?!

Тірлік етіп адамдардың ішінде,
Балтырына батырмаған тісін де.
«Итпісің» деп жазғырамыз сосын кеп,
Қожайынға берілгені үшін де.

Бәлкім бұл сөз еріккеннің өсегі,
Әлде терең тағылым ба көшелі.
Адам ата, Хауа ананы Жаратқан,
Жұмақ жерден қуып шыққан деседі…

Өзіне ұқсас болғаннан соң, көрікті,
Жерде оларға мол ырыздық беріпті.
Адам ата, Хауа ананың ұрпағы,
Керек асын қиналмай-ақ теріпті.

Деді ме екен ғұмырларын жалғасын,
Жеміс біткен иіпті әкеп тал басын.
Қиналмай-ақ, тер төкпей-ақ адамдар,
Жеген екен жиделерін, алмасын.

Бәрі дайын,
қойсын жанын қинай кім,
Астығы мол, қамбаларға симайды ұн.
Оған себеп – шығады екен дәндері,
Сабағынан басқа дейін бидайдың.

Тойған адам көре алған ба қашықты?
Қамсыз тірлік пенделерді тасытты.
Кісілігі аз, кесірленген кейбіреу,
Нанды теуіп, төгіп, таптап, шашыпты.

Астамдыққа тәңір мұндай шыдай ма?
Қаһарына мінді осылай құдай да.
Адамдарды сабасына салуға,
Сосын келіп тапқан екен бір айла.

Бірден жөнге салу үшін асқақты,
Ен байлықтан елді мүлде жасқапты.
Сабағынан дәнін жойып бидайдың,
Жоғарыға көтеріле бастапты.

Қиын тартып енді адамның тірлігі,
Азап шеккен шығып жатты шыңға үні.
Аш – жалаңаш, амалы жоқ ақыры,
Апат жолға жеткен екен бір күні.

Осы кезде күңірентіп қыратты,
Құдайға кеп ит бейшара жылапты.
Өзіне емес, Жаратқаннан адамға,
Аяушылық жасай көр деп сұрапты.

«Адам досым,
адам менің тірегім,
Адамдарға қызмет қып жүр едім.
Пенделердің кесірлігін кеше көр,
Көрсете көр айығудың бір емін.

Адамдармен бірге ғұмыр жасадым,
Қиындықта қалайша енді қашамын.
Бәрін алмай, қалдыра көр бидайдың,
Тым болмаса бір қарыстай масағын».

Иттен көріп адамда жоқ жарықты,
Көк тәңірі көзіне жас алыпты.
Ит адамға адалдығын танытты,
Ит үшін сол бір қарыс дән қалыпты.

Дән бар жерде тоқшылық бар, тағам бар,
Ол болмаса тірлік жолын тәмамдар.
Әлі күнге иттің ырыздығын жеп,
Келеді екен жер бетінде адамдар…

«Итсің!» – дедің
бір адамға сен кеше,
Ит пе екен ол адамдыққа көнбесе.
Жамандар бар итке салса алғысыз,
Иттің арын былғамайық ендеше!

Ұлы бесін
Ұлы бесін,
келдің бе, Ұлы бесін,
Бесін келді деп неге түңілесің?!
Бұл бесінге өкпе айтып жүргенімде,
Соңыра кеп алмасын іңір өшін.

Ей, бесін,
келіп қалдың қай тұсымнан,
Астың ба алынбастай қайқы шыңнан?
Алпысты тал-түс қана деп білетін,
Не алайын деп едің байқұсыңнан?!

Беу, заман,
тағдыр қосқан ғасырым ең,
(Демеймін көкті тіліп, жасын ілем…)
Берекелі бір ісім бітпеді әлі,
Ей, бесін,
неге соншы асығып ең?!

Жүргенде тылсым дүние көшіне еріп,
Бұл заман тайраңдайды төсін керіп.
Сәскенің салтанатын қимай жүрсем,
Төріме жатып алды-ау, бесін келіп.

Көп көрдім дос-жақынның құбылғанын,
Алайда қайнаған жоқ зығыр қаным.
Табынған Тәңіріне Түркімін деп,
Намазға бесінде де жығылмадым.

Суындай шыңыраудың шөлге қойған,
Саз көрем сартап күні келген ойдан.
Іңірде ірі істерге бара алам ба,
Бесінде тимесе егер елге пайдам?!

Білмеймін,
кештім бе әлде бақыт кенен,
Әйтеуір өткен күннен жақұт терем.
Бел буып боз кілемге шықпасам да,
Отырмын жағаласып уақытпенен.

Ұлы бесін,
төрге шық, Ұлы бесін,
Не шығар түңілгенмен күніге шын.
Бекерге жетемін деп жүгіресің,
Уақыттың кім тоқтатқан Ұлы көшін!!!

Елден келген хатқа
Жазылып мекен-жайы,
нақ дерегі,
Ел жақтан мейрам сайын хат келеді.
Ақжарма ақтарылған тілектермен,
Лебізін туған жердің ап келеді.

Басылған бұрыштама,
мөріменен,
Осындай ақ тілекке шөлігер ем.
Жан едім арман қуып жырақ кеткен,
Туған жер шығарам деп төріне өлең.

Бойыма құйып берсе халқым нәрін,
Биіктен бекер болар тартынғаным.
Бұл хаттар еске салып ерке Ақсуды,
Балқаштың төске ұрады толқындарын.
Аршыған көкейдегі көмескі ойды,
Бұл хаттар өзге хатпен теңеспейді.
Матайдың бұйрат-бұйрат құмы болып,
Жазығы Егінсудың елестейді.

Қапалдың шыңдарына шыңдап арман,
Тылсымын табу үшін құмға барғам.
Хат болып сыбырлайды құлағыма,
Бір үн кеп сылқ-сылқ күлген жылғалардан.

Сағым боп қонса бірде сыр ақтарған,
Бәйшешек бүр жаратын қыраттардан.
Белесті енді бірде әкеледі,
Әкем мен Анам барып жырақ қонған.
Дей ме екен,
бойың пәстеу, ойың балғын,
Қалада ұға бермес жайыңды әркім.
Бұл хаттар сырластырар рухыменен,
Ілияс, Ақын Сара, Сайындардың.

Жазылып мекен-жайы,
нақ дерегі,
Ауданнан мейрам сайын хат келеді.
Туған жердің Құрметті азаматы,
Екеніңді есіңе сап береді,
Хатпен бірге көңілге бақ та енеді!…

Іле
Беу, Іле
қарт дария,
есіл іргем,
Толқынның тоқтамасын көші мүлдем.
Жағаңа жаңқадай бір ұлың келді,
Жалғанда қонақ ғұмыр кешіп жүрген.

Сабырлы ағысыңнан күй ақтарып,
Сабаңнан асып-тасып жиі аттанып.
Жаннат жер – Жетісуды аралайсың,
Бейне бір күретамыр сияқтанып.

Арудай,
жуып-шайған нұрға шашын,
Асыға,
шыңнан құлап, қырға асасың.
Ғасырлар қойнауынан тамыр тартып,
Ал, ертең, болашақпен сырласасың.

Бақытын баянды еткен сан отаудың,
Халқыма жағалауың жаннат-ау мың.
Сәлемін алып ұшып құлдилайсың,
Балқашқа асқаралы Алатаудың.

Нұр құйып туған жердің төсіне шын,
Енедей емірене көсілесің.
Суыңнан барша тірлік бастау алып,
Ұл-қызың теріп жейді несібесін.

Көшіріп көңілдегі сан күдікті,
Беу, Іле
оятасың таңғы үмітті.
Алғаусыз ағысыңа қарап тұрып,
Ұғамын Шексіздік пен Мәңгілікті!

ТАҢБАЛЫ
Жеткізген ғасырлардың жан дабылын,
Естілді, көне дәуір, самғап үнің.
Ей, болашақ, салғайсың назарыңды,
Тасына жақпар-жақпар Таңбалының.

Бақыт тапқан қия шың, маң даладан,
Қиналып, тас қашай ма аңғал адам?!
Ей, болашақ, бабалар бұл белгіні,
Бәлкім, саған жетсін деп таңбалаған.

Қайсы дәуір, қайсы бұл ғасыр екен?
Дей алмаймын әйтеуір заты бөтен,
Тасқа қашап қалдырған бұл суреттер,
Бабамның бізге жазған хаты ма екен?
Жауына табалатпай тауында өлген,
Қалған із бе қаһарлы жауынгерден.
Ей, болашақ, құлақ сал, естимісің,
Бүгінге жеткен үнді дәуірлерден.

Тіршілік тақағанда жанына мұң,
Біздерге жолдады ма сағым әнін?
Табынып тарыққанда Күн-құдайға,
Талғажау еткен түздің тағыларын.

Табиғат айналғанда ән бағына,
Тағдырды бабаларым таңдады ма?
Тілдесіп, тағзым жасап қайтам десең,
Ей, болашақ, келіп-кет Таңбалыға!

Әбен ағаны еске алу
Қашқан ойлар…
тақымдауға көнбеген,
Өлең – дертің
өн-бойыңды меңдеген.
Аңдып жүріп, ақыры алып тынған-ды,
Өлді деуге өзіңді, Әбе, сенбеп ем.

Сырлы жүрек,
самғап ұшар ой барда,
Сезіміңе сергелдең мұң бойлар ма?!
Тоқтағұл мен жырға қостың Жамбылды,
Әніңді айтпай тарқамайтын тойлар да.

Өрге тартып өлең-жырдың өлшемін,
Қайыспаушы ең қапелімде келсе мұң.
Жақын тартқан, жай сұрасқан жандарға,
«Менің атым Әбен аға…» – деуші едің.

Ерттеп мініп қара өлеңнін тор атын,
Әрі аласа,
әрі атандың зор ақын.
Әбен кетіп бара жатса көшемен,
Өлең кетіп баратқандай болатын!

Бойыңда алау,
лаулағанда зереңде от.
Ғұмыр-дәурен кеткен еді өлең боп.
Әлдеқайда сыбдыр қақса сырлы саз,
Өзің бе деп қарай берем елеңдеп.

Құйған едің жүректерге сезім-нұр,
Жадау жырдан жанымды, аға, безіндір.
Әбен рухы өлең болып әлі де,
Талдықорған көшелерін кезіп жүр!

Кабакта
Іңір ме еді,
әлде түн бе, беймәлім…
Шағайын деп шықтым ба әлде айға мұң?
Айдындағы қайық сынды бір жан ем,
Адасып қап іздеп жүрген айлағын.

Тағдырыңа көнбе мейлі,
көн мейлі,
Түнгі қала көңілімді тербейді.
Жымыңдайды мейрамхана оттары,
Шақырады мені өзіне,
«Кел!» – дейді…

Ойға оралып ұйқастар мен мақамдар,
Деп тұрғандай: «Кабактардан от ал, бар!»
Құпия әлем құшағына шақырып,
Қол бұлғайды шарап толы бокалдар.

Түсіп алған түлкі бұлаң түнгі ізге,
Түлен түрткен жөн айтады кім бізге?!
Жалаңаштап алған қыздар балтырын,
Ұяттарын қалдырғандай күндізге.

Ағытып сап төсіндегі түймені,
Тағы бірі мені ортаға сүйреді.
Мықындарын бұраңдата биледі,
Кірпігімен жүрегімді түйреді.

Періштенің қоздыратын құмарын,
Көз алдымда бұлаңдайды бұла күн.
Өрт боп жанып, жалындаған кеудені,
Басып қоям салқынымен сыраның.

Масаң оймен шолып қойсаң маңайды,
Асық ойлар ағзаңа кеп тарайды.
Ана отырған бір топ қыздың ішінде,
Бірі маған қос жанарын қадайды…

Ер салғандай ереуілді құр атқа,
Соңғы бокал жеткізердей мұратқа…
… Әңкі-тәңкі отырамын таңертең,
Сана – тұман,
Түнгі елес жоқ бірақта!…

ПІКІРЛЕР1
абжан 26.02.2018 | 15:02

Бәрін оқығам жоқ. Бірақ ақын екен. Бірден көрініп тұр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір