Табиғаттың тосын мінезі
26.01.2018
2885
0

Соңғы бір-екі аптада еліміздің кейбір облыстарында күн райы қатты суып кетті. Бұрын-соңды болмаған суық ауаның қайдан келгенін, табиғаттың тосын мінезінің сырын білу мақсатында География институтының директоры Ахметқал Рахметоллаұлымен және Астана қаласының Бас имамы Асқар Мұқанов мырзамен тілдескен едік.

Ахметқал Рахметоллаұлы,
География институтының
директоры:


– Ауа-райының күрт өзгеруі бірнеше жылда, тіпті ғасырда бір рет қайталанатын көрінеді. Соңғы бір-екі аптада еліміздің бірқатар аймағында ауа-райы қатты суытып кетті. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Иә, қазір еліміздің бірқатар ай­мақтарында аяз болып, ауа температурасы көп жылдық қа­лып­тан біршама төмендеп кетті. Аумаққа Сібір территориясында қалыптасқан ірі, суық әрі құрғақ ауа массаларын алып келетін, ан­тициклон дендеп енді. Бұл Арк­­тикадан келе жатқан суық ауа. Осындай аяз климатолог­тар­дың болжамы бойынша шамамен бір аптаға созылады.
Соңғы онжылдықтарда орын ал­ған ғаламдағы климаттық өз­герістер аймақтық климатқа да өз әсерін тигізіп отыр. Күрт құ­бы­латын ауа-райы әдеттегі жағ­дайға айналып барады. Нәти­же­сінде қыс мезгілінде қатты ая­з­дармен қатар ара-тұра жылымықтар, жы­лы мезгілде аса аптап ыс­тық­тармен жылы мезгілге тән емес суыну жиіленуде. Аралық ке­зең­дерде құбылмалылық тіптен жо­ғары, көктемде еліміздің жазық ай­мақтарында қардың аса қар­қынды еруі немесе қыстың ба­сындағы жылымықтардың әсе­рінен таулы аймақтардағы су тасу­лар осыған байланысты.
– Жалпы, мұндай тосыннан бо­латын климаттық өзгерістер ауыл­шаруашылығына, экономи­каға қаншалықты зиян келтіруі мүмкін?
– Ауа-райының күрт өзге­ріс­тері адамзат тіршілігінің қай са­ласына болса да кері әсер етеді. Ауа-райы жылы аймақтар таби­ғат­тың мұндай тосын құбылысын өз­ге аймақтардан ерекше сезі­не­ді.
Күрт құбылмалы климат – құр­ғақшылық, апатты су тас­қын­дары сияқты қауіпті табиғи құ­бы­лыстардың негізі. Жалпы, бұл құ­былыстардан зардап көр­мейтін ауыл шаруашылығы, эконо­ми­ка­ның басқа да салалары кемде-кем, бірі ауа-райының құбылма­лы­лығынан тікелей зардап көрсе, бірі сол ауа-райы алып келген құ­былыстарға байланысты зиян шегеді. Су ресурс­тары жеткіліксіз, климаты қатаң аймақтарда бәрі­нен бұрын сумен қамтамасыз ету мәселесі өрши түседі.


Асқар Мұқанов,
Астана қаласының Бас имамы:
– Еліміздің көптеген аймақ­та­рында ауа райы қат­ты суытып кет­ті. Осыған байланысты адам­дар­­дың тір­­шілігінде, өзара қарым-қа­тынасында біраз келеңсіздіктер жатыр. Жалпы, мұндай жағ­дайда адам­дар не істеуі керек?
– Иә, қалада күн суытқаннан бері оқыс оқиғалар орын алды. Қо­ғамдық көліктердің кешігіп қалуы мәселелерінің және т.б. сал­дарынан халықтың бір-біріне деген нара­зылығы өршіді. Осы се­бептен, біз Астана мешіттерінің аты­нан «Астана – мейірімді қа­л­а» атты акция ұйымдастыр­дық. Сол кезде үш нәрсе қамтылды. Бі­рінші, тегін такси, еріктілер шы­­ғып өздері халыққа қызмет ете­ді. Екінші, көше таза­лау­шы­ларға, құрылысшыларға тегін ыс­тық ас үлестіру, үшінші, жағ­дайы төмен отбасыларға отын, кө­мір түсіру. Осындай қысылтаяң кезде кейбір адамдар пен­де­шілікке бой алдыруда. Мәселен, такси жүргізушілері бес жүз тең­ге­мен баратын жерге екі есе құ­нын сұрайды. Бұл діни және ада­ми тұр­ғы­дан алып қарасақ та дұ­рыс емес. Пайға­­м­бары­мыз Мұ­хам­мед Мұстафа (с.ғ.с.): «Сен қайырымдылық жасамасаң, мейі­рімділікке бөленбейсің», – де­ген. Демек, біз бір-бірімізге адам­гершілік танытпасақ, еш уа­­қыт­та Алланың шапағатына бө­ле­не алмаймыз. Бұл – Алланың адам баласына жіберген сынақ­та­рының бірі. Сондықтан жылы­лық жоқ жерде бірлік те, татулық та болмайтыны анық. Жақсы­лық­қа жа­ны құмар кісі игі істер іс­теп, кешіре білуді үй­рену­ге тиіс. Қымбатшылық қысқан уа­қыт­та адамдар дүниеге құнығып, түрлі амалдар жасаса, шари­ғатта күнә болып саналады. Керісінше, Ислам діні мұндай кезде арзан­дату­ға, жеңілдетуге шақырады. Өкі­нішке қарай, кейбір азамат­та­рымыздың иманы әлсіз, адам­гер­шілігі төмен екендігі байқа­ла­ды. Әсі­ресе осындай тосыннан бо­латын қиын жағдайларда азаматты жанашырлыққа, жомарт­тыққа, қамқор болуға шақыра­мыз. Бұл біздің дініміздің негізгі принциптерінің бірі.

Әзірлеген Гүлім Нұрланқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір