Қайсар қазақ

0
208 қаралды
Қайсарлық әр қазақтың бойында бар. Десек те, бұл анықтаманы екінің біріне жапсыруға болмайды. Қазақтың шешендік өнерін (шешендік сөзін) қараңғы қалтарыстан жарыққа шығарып, ажарын ашуға күш салған Балтабай Адамбаевтың бұл жолда қиындық былай қалып қиянат көргенін, еңбегі еленбей, көзтүрткіге ұшырап, атақ-абыройдан шет қалғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Коммунистік қоғам делінетін социалистік жүйенің алып кемесі аяқ астынан төңкеріліп түскенін Бәкең көре алмай кетті. Ұлтымыздың киелі өнерін «тірілтем» деп жүріп қиянат көрген шікәтті жүрек жетпістен аса бергенде соғысын кілт тоқтатты. Мұның алдында ғалым ағамыз инсульт алып денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысына шығуға мәжбүр болған-ды. Күш-қайраты кемеліндегі ғалымның ғасыр сырқауы – қан қысымынан мүгедек боп қалуы ерік-жігері күшті Бәкеңді көзтасада қалдырды. Докторлық еңбегі қорғалмай ол қалды. Шешендік сөзді ел арасынан жинап теруді аяқтата алмады.
Ғалым ағамыз қазақ ауыз әдебиеті делінетін саланы біраз жүлгелеп шығып, халықтың сан-салалы рухани мұрасына ғылыми тұрғыда салиқалы еңбектер жазды. «Халық даналығы», «Мақал-мә­телдер» деген зерттеуінде қазақтың ше­шендік өнеріне тың барлау жасап дәйекті тұжырым, салмақты ойлар айтқан еді. Кеңестік солақай сая­саттың шаңдағына көміліп қалған қа­зақтың ше­шендік сөздерін шаң-тозаңынан арыл­тып, өңін ашудағы ғалымның жан­қиярлық еңбегіне баға жетпейді.
Балтабай АДАМБАЕВ – сан қырлы ға­лым болатын. Ол кісіге тілмәрлік пен шешендік жөргегінен біткен тегінде бар тума талант еді. Бәкеңнің ақынды­ғына қызығатын едім. «Сырларым» де­­­ген өлеңдер жинағы қолымнан түс­пей­­тін. «Ақбөбек» поэмасы төгіліп тұр­ған сұлу поэзия. Өлеңдегі шеберлігін кідіртіп әдебиет ғылымына бет бұрған ғалым ағаның қаламы қара сөзден де өрнек төгетін-ді. Адамбаевтың прозасы шымыр келеді. Кейіпкерлері шетінен шешен сөйлейді. Прозасы тұтқыр, өл­ең­дері ойлы көркемдік қуаты басым түсіп жатады. Оңтайына кеп тұрған проза мен поэзиядағы шеберлікті қа­зақ­­тың шешендік өнеріне саналы түрде бағыттап, бойындағы қарым-қабілетін талмай жұмсаған Бәкең өзін әдебиет ғы­лымның ауыр саласы фольклорға бейім­деген данышпан жазушы Мұхаң, Мұх­тар Әуезов екенін әр кез есіне алатын.
Бәкеңмен ашық пікірлесудің сәті жетпісінші жылдардың орта шенінде түсті. Ол жылдары Жаңаарқаның Ақтау орта мектебінде мұғалім едім. Өлеңнің жел күреңін біраз бусантып алып про­за­ға ойысқан кезім еді. 1975 жылдың қы­сында әкей дүниеден озды. Бәкең көңіл айта келіп, Ақтауда екі-үш күн аялдады. Қойымды сойып, қолымды қусырдым. Қасында жаңаарқалық жазу­шы Асан Жұмаділдин бар. Қадірлі қонақты сыйлап жіберуді Асекеңмен ақылдаса отырып шештік. Сойылған мар­қаның еті бар, қымыз бар. Ол жылдары жеңіл машина тапшы. Су таситын жаңа машина қонақтың жол көлігі. Асекең газет тілшісі. Ол кісіге парторг­тің салдырақ уазигі тиді. Екі машинамен Дарат тоғамына кеп тоқтадық. Суға түсіп салқындаған соң тал көлеңкесінде жайласып отырған біздер Бәкеңе ыңғай беріп қонақтың аузын бақтық. Бәкең сөйлеп отыр. «Сендер ауылда қалдық, Алматыға жете алмадық деп арман қы­ла­сыңдар. Менің негізгі мамандығым мұғалімдік. Жамбыл қаласында мектеп­те істегенмін. Сөз өнерінің дерті мені шыдатпай Алматыға апарды. Әдебиет пен өнер институтында Мұхаңның қа­ра­мағында кіші ғылми қызметкер боп істедім. Мұхаң мені жақсы көрді. Сенен үлкен ғалым шығады деп шешендік өнер­ге икемдеді. Ұлы адамның назарына іліккенімді тұстастарым көре алмады. Ағайын-туыс, жора-жолдастар да жұлдызымның жанғанын қаламады. Он адам қатар отырсақ, Мұхаң жарықтық сөзін маған қарата бастар еді. Мұхаңның назарына ілігу кім-кімге де арман. Бір жолы көпшілік бас қосқан аудиторияда Адамбаевтың ізденісіне тәнтімін деп айтып қалды. Айтып қана қоймай кіші-гірім басқосуларда қасына отырғызып алатын. Сөз берігізетін. Сөйлегенімді қош көріп мен сөйлей бастағанда басын изей түсетін. Үлкен адамның, ұлы адам­ның назарына ілігуім дос-жаранның дұшпандығын қоздырды. Маған жауығу­шылықтың бір ұшығы – ғалым Есмағам­бет Ысмайловпен достықта болуымда. Есақаң екеуара әңгімеде мені дос көріп ашық әңгімелесетін еді. Және өзінің Мұхаңмен ілік-шатыстығы бар. Есақаң қожаларға күйеу боп келеді. Содан да ол Мұхаңмен үй ішілік жағайда араласып жүреді. Есақаңның қарамағында бол­ғандықтан, әрі бір бөлмеде отырған­дық­тан қағаздан жалыққанда ұлы адам­­дардың ғұмырына байланысты мөл­тек сырлар әңгіме айтылып қала­ды.
Есақаң мейлінше жұмсақ кісі еді. Айтыс-тартысқа киліге берме, жойылып кетесің дейтін маған. Шығармашылық жолда басы дауға ілігіп жазықсыз жапа шеккенін айтатын. Бір мықтының итер­ме­леуі­мен Хамит Ерғалиевтің «Құрман­ғазы» поэмасын баспасөзде сынап жі­бер­генім бар. «Артықтау кеттің, – дейді ғалым аға. – Хамиттің бұл поэмасы тәуір дүние. Сын асығын солақайлау шиыр­ғанымды Ерғалиев кешпеді. Күні бүгін соңымнан қалмай келеді. Дұшпан­сыз адам болмайды ғой», – деп және бір сырдың ұштығын шығарды ғалым аға. Шетін жайды маған қарата отырып айт­ты. Жақсылықты да, жамандықты да ағайыннан көресің деп тұспалдады. «Ағайынның азары болса да безері бол­­­майды» деп және майдалады. «Өмір­де олай болмайды екен, шырақ­тарым. Жан тартқан туысың жауыңнан бетер боп шықса жасар қайраның бар ма?». Осылай дегенде ғалым ағаның қою тығыз шашы қобырап өре түре­гел­ген тәрізденді. Әрқилы ауандағы әңгіме тиегін ағытқанда ғалым аға айтар ойына алдымен өзін бейімдеп алатын сы­ңай­лы. Осы жаңа жайма-шуақ жадыраң­қы қалыпта отырған Бәкең сәтте ши­ры­ғып уыттана сөйлеп кететін еді. Бәкең біраз сөйлеп алды да аз тыныс жа­сады. Артықтау айтып қойдым ба дегендей Асекеңе сұраулы кейіпте жүз бұрды.
– Әлгі бір сөз ұштығынан ауытқып кет­тіңіз ғой? – деді Асекең ғалым аға­ның түйіліңкі қабағын баққан сыншыл назарда. – Бейбіт өмірдің шыр­ға­лаңы таусылып бітпейтін шайқас екені әлмисақтан белгілі. Біз мына ініңіз екеуміз түкпірде ауылдық жерде тұрып жатырмыз. Ағысы баяу ортада. Сіз бол­са­ңыз нағыз көбік шашқан асау толқын­ды ағыстың нақ ортасындасыз. Толқын­ға қарсы жүзген адамды туыс-туғаны де­меп, дос-жараны қолдап тілеулестік білдіргені қазақтық қасиетіміз емес пе?
«Сен де бір қадалған жерінен қан алмай қоймайтын көк сона болдың-ау, – деп Бәкең жүзіне күлкі үйірді, – Ағайын-туыс сенде де бар шығар. Қай­ып Айнабековтың термесін жаңаар­қа­лық әнші Игілік Омаров нәшіне келтіре орындап жүр. «Ақымақ бала алдыңда көрініп жүрген жынмен тең, кекесіні келіннің езіп берген умен тең. Жаман туыс бір масыл, арқалаған құммен тең», – дегенде көзіңе жас келеді. Туыстың жаманы болмайды, наданы баршылық. Сені жер қылып жігеріңді жасытатын сол надан туыс. Абай да ағайыннан шек­кі көрген. «Ағайын бек көп, айтамын ептеп, сөзімді ұғар бір жан жоқ», – деп түңілмей ме. Абайды тыңдамаған ағайын кімді оңдырады», – деп бір тоқ­тады да, Бәкең стөпкеге қол созды, – Бұл шіркін атамыздың асы емес, шарап шығыстан шыққан. Қардың басын қар алмай ма? Ащы заһар іштегі шеріңді басады.
Менің де ойым қозғала бастады. Әкем сексен төрт жасады. Айтқан басты өсиеті мынау: «Ұрлық қылма, кісіге қиянат жасама, өтірік айтпа». Содан соң­ғы бір сөзі құлағымда қалды. «Балам, ағайыннан сақ бол. Туыстан кетісіп опа таппайсың. Көтерімді бол, шыра­ғым». Менде жөнді туыс та жоқ.
Өзім бір әкеден жалғызбын. Шешем сегіз құрақ көтеріпті. Содан қалған жал­ғыз мен ғанамын. Әкем төрт әйел алған. Солардан тоғыз бала көрген. Тірі қалғаны мен ғана. Түп нағашым Бектұр­сын әулеті өскен ата. Әкемнің туған нағашысы Бектұрсынның Божанынан тоғыз бала тараған. Адамбаевтар да өскен әулет. Бәкең төрт ағайынды. Халық нақылында «Біреудің шығар-шықпас жаны бар, екеудің өкпе-бауыр жалы бар, үшеудің қорасанда қолы бар, төртеудің төрт тарапта жолы бар» демей ме. Бұл ағамыздың туыстан қорлық көрдім деп тым таусылғанына жол болсын?!».
Әңгіме байыздаған тұста тоспаға қар­мақ салдық. Бәкеңнің қармағын дөй-дөй сазандар қапты. Асекеңнің қармаққа ебі жоқ боп шықты. Іш пыстыратын шәруа деп расына көшті. Мен кәнігі балықшымын. Олжа балықтарды шопыр жігіттер «жіліктеуге» кірісті. Суға түсіп желпінген соң Бәкең әңгіме арнасын басқа арнаға бұрды. Шөп түр­лерін таратып кетті.
– Мынау қай өскін? – деп сұрады ме­нен, мен тосылдым. – Өзі болса жазушымын деп жұлқынады!, – деп жүзін теріс бұрды.
– Шыралжын емес пе, – деп Асекең араға түсті. – Мал жей қоймайды өзін. Аяққа оралғы, әншейін.
– Есесіне қыста қар ұстайды. Басқа өскіндердің жетілуіне септеседі, – деп Бәкең бастапқы әңгімеге ойысты. – Менің бір туысым болды. Туыс-туғанға шы­рал­жын құрлы септігі жоқ. Өзім деу­мен өзін де тоздырады. Өзгені де жайғайды.
Бәкең тағы да тоқталды. Сөйткенше шыжғырылған балықтың жағымды жа­саң исі танау түрте бастады. Балық­тан қарбытқан соң, Бәкең үзілген әңгімесін сабақтады.
– Мұхаңды алыс сапарға, Жапонияға шығарып салған қарсаңда, Есақаң ма­ған жазушы аға тапсырып еді деп бір конверт ұсынды. Конверт желімделген. Сыртына «Адамбаевтің жеке өз қолына» деп жазылған Мұхаңның қолтаңбасын тани кеттім. Танығанымды қайтейін, конвертті ашып жібергенде, Мұхаңның атына жазылған ұзақ-сонар арыздың нобайы көзіме жылан ізіндей суық ша­лын­ды да, бетімді баса қалдым. Бетімді басқаным – шарасыздықтан. Бүтін жан­дү­нием қан қақсап әкетіп барады. Өкініш­тен өзегім күйген мен өз басымды өзім қойғыштай бастадым. Есақаң­ның зәресі ұшып кетті.
– Не болды-ей саған!? – Хатты қо­лына ұстата бердім, – Білдім, білдім! – деді ол кісі жалалы шағымды көзімен жүгірте оқып шығып, – Әнебіреу ғой. Жа­қының емес пе ол?
Жақыным деп жан тартқан туыс­қа­ным аямас жаулыққа бекініпті. Өзінің жазуы мұншалықты мөрдей айқын болар ма. Әдемі сұлу әріптермен тіз­белен­ген сөз кестесі мейлінше қолапайсыз, тым зәрлі. «Мұха, сіз ұлы жазушысыз. Сізді жер жүзі таныған, – дей келіп сөз уытын менің атыма төгеді, – Адамбаевты жерлестері біздер жақсы білеміз. Ол қан майданда да опасыздық жасаған», – дей келіп қаңқу сөзге басқан. «Сіздің басқан-тұрғаныңызды дұшпандарыңыз­ға жеткізетін жансыз ол. Кітаптарыңыз­ды сынайды. Баяғы байшылдық сарынмен жазылған шығармалары ком­­­мунис­тік идеологияға жат деп бө­седі. Онымен де қоймай, сізді мора­льдық бейнесі таза емес деп майыстырады. Сіздің атағыңызға кір жағатын осындай жансыздардан аулақ болға­ныңыз жөн. Адамбаевтан сақта­ны­ңыз…». Шағымға аты-жөнін бадырайтып тұрып тіркеген. Қолын да қойып тастаған.
Бәкең әңгіменің осы тұсына келгенде босаңсыды. Көзінен жас тамшылары үзілді. Асекең ондай жағдай менің де басымнан өткен деп жайып-шуды. Менің де көңілім бұзылды.
– Сендер мені айыпқа бұйырмаңдар, – деді Бәкең шұғыл ширығып, – Қиыны алда болатын. Жапониядан көңілді оралған Мұхаңа көріну маған ауыр соқ­ты. Есақаң ақыл беріп алдынан өтсін деді. Бір күндері жазушы аға оңаша оты­рысқа шақырды мені. Есақаң қасым­да болды. Айтар сөзімді ойша пысықтап алғанымды қайтейін, ұлы жазушының алдына барғанда, не дерімді білмей абдырадым да қалдым. Ол жылдары мен қияпатты болатынмын. Отыз бен қы­рықтың арасында өткір шоттай лыпып тұрған кезім ғой. Қиянаттан қатты жа­сып қалсам керек, көзімнен жас төгіліп бара жатты. «Болды, болды! – деді ол кісі, – Бұл ойыншық әншейін. Есма­ғам­беттен естіп білдім. Болмашыға жұқар­ма. Ағың ақ, қызылың қызыл боп бұ­рын­­ғыша жүре бер. Бүлінген түк те жоқ».
– Содан былайғы жерде Мұхаңнан сырттап жүретін әдетке бастым, – деп жалғастырды Бәкең әңгімесін, – Туыс­қа­нымның жазықсыз жаласы уақыт ырқымен көмескі тартса да жүректе дақ қалдырды. Дұшпансыз адам болмайды. Туысқаным мені әдеби ортада бөжекей етіп шығарды. Мұхаңның атына жазған арызы Алматыға таралып кетті.
– Сонда ол сізге не қыл дейді? – де­ді Асекең шыдамсызданып.
Мен де аң-таңмын. Ілік мынадан шық­қан. Әулеттің бетке ұстар үлкені бол­ғандықтан Бәкең әлгі арызшы «іні­сымағына» өзімсініп ақыл айтпай ма. «Әке-шешең мені көрген сайын жылайды. Алматыны жерсіне алмаймыз дейді. Кейуаналарды кейіте бермей ауылға көшіріп сал. Өйтпесең олардың жағ­­-
да­йы­на қара. Қартаға салынғаныңды қой. Түгімізді қалдырмады, бар жиған-тер­генімізді қартаға салып жіберді деп налиды әке-шешең» демеймін бе. Ілік осыдан шықты.
Асан Жұмаділдин басын шайқай берген. Менің де қу жаным отыр. Бәкең ендігі кезекте бейбіт әңгімеге көшті. Бәкең Асанды сөйлете түседі. Сөзге қонақ беру тәртібін бұлжытпайды екен. Кісінің сөзін бөліп қисынсыз жерде киліге кететін қызбалығымды жақамай маған қабағын шытынады.
– Асан, сен айтшы. Түскен ақын кім? – деп сұрады одан, – Бірді-екілі өлең­дері қойын кітапшамда бар.
– Сартпастың Түскені ірі ақын. Ха­лық жауы боп ұсталып кеткен, – деп Асекең білгенін айта бастады. Бәкең қағазға түртіп отырды. «Жасасын сәбет жасасын, аспаннан шұға жауса да жия алмас кедей қасасын, сенде бір күн са­сарсың, басың жетсе бұтыңа сәқ­пайың­ды асарсың» деген керғайсаң өлеңі бар.
– Оны білем, – деді Бәкең бір түрлі ширығып, – Ел ішіндесің ғой. Өлеңдерін жиыстырып көрсеңші. Өзің кәдеге асыра алмасаң, маған жолда.
Тықыршыған мені сыншыл көзбен баққан Бәкең өңін жылытқан тілеулес ажарда:
– Сен Түскенге жолама. Кітаптарың шық­пай қалады, – деді бұйрықты үнмен. Шешендік сөздің азабы маған оңайға түсіп жүрген жоқ. «Үш әріп» назарында ұстайды. Адымымды жаздырмай, көзге көрінбейтін сиқырлы жіп­пен шырмап тастаған. Ел ішінен орал­ғанда қойын кітапшаларымды өз­деріне алдырып тексерістен өткізіп отырады. Екі-үш қойын кітапшам қолды боп кетті.
Балтабай Адамбаев сол жолғы сапарында бізге аздап ішін ашқандай болып еді. Асанға «Түскен ақынды зертте» деп тапсырды. Маған ең құры­ғанда аудан орталығына жылжы деп ақыл берді. Тұңғыш кітабым «Сарыбел сазы» жарық көрген соң, 1978 жылы жаңадан құрылған Ақадыр ауданына қоныс аудардым. Газетке тілші боп орналастым. Бейбіт те бұйығы ауыл тіршілігі көрген түстей боп көзден ғайып болды. Тілшілік мені алғашқы кезде қинады. Газет тойымсыз келеді екен. Аптасына үш рет орысша және қазақша жарық көретін үнқағаздың бетін төрт-бес тілші толтырады. Газет­тің бас-аяғы көрінбейтін таусылып бітпейтін өнімсіз жұмысынан жалығып біткен тілшілер шараппен шақырады шабыттарын. Араққа осал менің де ащы суға тәбетім ашыла бастады. «Тартып жібер, – дейді редактордан бастап, –ішімдік ішпенген тілшіден жөні түзу мақала шықпайды». Дал болып дағ­дарған мен Ақселеуге шығамын. «Тілші­лік саған қол емес, – дейді ол көңілімді сөзбен жұбатып, – Өзің діттеген тұсқа жете алмайсың, бұрлығып жолда қала­сың. Жазушылықпен қоштасасың. Га­зеттің бір мүйнетіне қиянат жасауға хақың жоқ».
Сол қарсаңда Алматыға жолым түс­ті. Балаларға арналған жинағым баспада жатқан. Жазушылар Одағына кіріп, шаруамды тиянақтаған соң, Бәкеңе сә­лем бере бардым. Түріме қарап жіберіп, қабағын шытынды. «Жүдеп кетіпсің» деді ызбарлы ажарда. Жағдайымды жа­сырмадым. Тыңдап болған соң «Әзір­ше газетте істей тұр. Әр жұмысқа бір сұ­­ғынып, сынапша сырғып жаман үй­ре­не­сің. Сенде түп нағашыларың біздің қанымыз бар. Қайсарлық керек қазақ баласына. Бұлай етпеймін десең, әкең қойшы болған ғой. Ауылға қайт та қой бақ. Қаладағы біздің күніміз де оңып тұрған жоқ. Ауыл қазағы өзімшіл ке­леді. Баса-көктеп төрге озады. Сыбаға дәметеді. Ішіп-жеп кетпекші. Жөндеп қарсы алмасаң, елге жамандап барады. Сенің де ойың сол шығар. Ағамыз от жаққан жерін көрсетпеді деп. «Таудың етегіне бар да, басына шықпа, жақсының өзін көр де үйіне барма» деген тәмсіл бар қазақта».
Ғалым ағаны үнсіз құптадым. Аудан орталығына орнағалы туған ауылым Қы­зылтаудан, Ортаудан дос-жаран же­рес­терім келіп кетіп жатады. Ішіп-жеп кетпесе сөзге қалдырады. Көлден шөл­ге кеп орнағанымды есепке алатын бірі жоқ. Ауылда ішімдік саябырлау еді. Аудан орталығын арақ тіке буып тұр екен. Жас та, кәрі де шарапқа балқып жү­реді. Соны айтқанымда Бәкең: «Ішім­дік қайда да басқа шығып алған», – деді суық кескінде, – Қала да оңып тұрған жоқ. Мұнда келгенде ішетіндер­ден қа­шық жүр. Сендей аңқауларды кейб­і­реулер «Ақшасы көп, ақылы жоқ» деп пайдаланғысы келеді. Айтпақшы, ақын-жазушылардан кімдерге жақын жүре­сің?». «Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұ­ма­ділов, Софы Сматаев, Тәкен Әлімқұлов, Оралхан Бөкейев сосынғы Ақселеу ғой», – деп шұбырта жөнелдім. «Дұрыс екен. Өлмес күніңді көретіндей дәрежеге жетіп қалыпсың», – деп аз отырды да, шаруа жайымды сұрады, мал-жанымның есебін алды, – Бала-шағалысың, бірді-екілі ірі қарадан айрылма. Оншақты қой ұста. Мал сүмесі өзек талдырмайды. Қо­­нақуар боп атағыңды шығармай-ақ қой. Қазаққа сый жүрмейді. Төріңе шы­ғып, текеметіңді түріп кетуге бар. Сөз өнерімен дерттенген біз сияқты пақыр­ларға ағайын-туыс қырын келеді. Күн­дейді, кекеп мұқайды. «Жүйріктің қызығын ел көреді, азабын өзі тартады», – деген емес пе. Суырылыған жүйрік болмасаң да, шаң қауып қалмайтыныңа сенімдімін. Ағайынды өзіңе тым жақын­дата берме. Жора-жолдасты көбейткен­нің қажеті шамалы. Ертеңгі күні соларың өзіңе қас боп шығады. Ненің болсын шақтылысы жақсы. Жарықтық, Мұхаң, Әуезовті айтамын, Академияда бір кабинетте отырдық. Ол кісіні Семейден, Абай ауылынан келген жерлестері көп мазалайтын еді. Кабинетке баса-көктеп кіріп келген ел адамына Мұхаң аса ше­шіле қоймайды, салқын назармен шы­ға­рып салады. Елден күн құрғатпай келе­тін­дер мені де мазалайды. Көбісі өзімнің жақындарым, томар бас туысқандарым. Мына жұмыстың бір жақсы жері ел ара­лау­ға жол ашық. Тынысым ашылады. Еркін көсіліп жазуға партия назары жібермейді. Қазақтың шешендік өнерін саясатпен тұсаулап тастаған. Соның тігісін жатқызумен діңкелеймін. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өсиеті бар мой­нымда. Жеңіл бір тақырыпты қау­за­ға­нымда ендігі докторлық атаққа жете­тін едім. Өлең жазылмай ол қалды. Қара сөзге де икемді едім. Ұстаздық қызмет­тен және қалыспын».
Содан кейінгі кезеңде Бәкеңмен те­ле­фон арқылы қысқа қайырым, аман­дықпен шектеліп жүрдім. Көңілін сұрай барғанда, ауруханада жатыр екен. Көп сөз болмады. Көз жанары орнында екен, содан үміттендім.
Баспада жатқан қолжазбаның жағ­дайымен (ұмытпасам сексен жетінші жыл шығар) Алматыға барғанымда, Бәкеңе телефон шалып, саушылығын сұрадым. Жақсымын деп еді. Жазушылар Одағына бас сұққанымда, Шона Сма­ханұлын ақтық сапарға шығарып са­лу­ға қам жасаған қаралы жиынға кез болдым. Одақтың екінші қабатында тұратын биік үстелге жайғасқан ақын мүрдесін қоршалғандар алма-кезек сөйлей бастады. Қаралы митінгі аяқ­тала бере, төменнен бір «бауырымдаған» дауыс естілді. Соншалықты зарлы күңі­реніс­ті үнмен жоқтау айтқан кәдімгі Бал­табай Адамбаев болатын. «Қайса­рым-ау, қадірлесім-ау! Тасқа салса қайт­пайтын, отқа салса жасымайтын жан­себілім-ау! Қазағымның тілі деп, ұлтым деп жүріп күйіп кеттің-ау, мезгіл­сіз… Қайсарым-ай! Ақ алмасым-ай! Арда бозым-ай!». Ғалым аға өкіре жыла­ған бойда ақынның ашық жатқан маң­дайы­на кеп бетін басты. Жиналған үл­кен-кішіде зәредей толқыныс болса не дейсің!? Бәкеңнің қазақы тәртіппен Шона Смаханұлын жоқтаған азалы күңі­рені­сін ерсі көргендердің қыбыр-жы­бы­рын жақамаған бірді-екілі әріп­тес­тері: «Адамбаевтікі жөн. Қайтсін, мұның да іші толған шер ғой», – десті.
Бәкеңнің қазақтың қайсар ақыны ұлтжанды азамат Шонаны жоқтап жан түбінде бұғынған зар-наласын ащы өксікпен сыртқа шығарғаны көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Заманынан шеккі көріп шеттеп қалғанын, әрі саушылығын жоғалтып ғаріптікке душар болғанын бақиға бет бұрған үзеңгілесіне шағынып ішін босатып алғаны былайша сөкет емес. Шындығына келгенде, Бәкеңнің сондағы тұстасын жоқтаған азалы күңі­ренісі жүрек түбінен қайнап шыққан бар қазақтың жан айқайы еді. Тотали­тарлық жүйенің сығымында жүріп те ұлт­қа қызмет етудің үлгісін көрсете біл­ген Шона Смаханұлы, Балтабай Адамбаев сынды қайсар қазақтар кейінгі жас буынға үлгі.
Осы естелікті қағазға түсіру барысында, Бәкеңнің артында қалған жары Жаңылхан Досыбекқызымен хабарлас­тым. Жасы сексеннің сегізіндегі жең­геміз үндемей жатып-ақ біраз шаруа тындырыпты. Бәкең дүниеден озған отыз жылға таяу уақытта өзінің (бұл кісі де ғалым, оқулықтар жазады) қалама­қысымен, зейнетақысымен Бәкеңнің еңбектерін шығарып келген. Әр жылдарда баспадан жарық көрген (тиражы аздау болса да) Балтабай Адамбаевтің сегіз кітабы менің де қолыма тиіп бір жасап қалдым. Жаңылхан Адамбаеваның мынадай қымбатшылықта, жасының келгеніне, денсаулығына да қарамастан, аузындағы асынан жырып қазақтың айтулы тұлғасы жар қосағының атын өшірмей еңбектерін жарыққа шығарып жатқаны ұрпаққа үлгі боларлық ересен ерлік. Ғылыми еңбектері бола тұра, өзін былай тастап, балаларының несібесінен жырып Бәкеңнің кітаптарын шығарған «жомарттығына» жүрегің езіледі, көзіңе жас келіп, көкірегіңді күрсініс кернейді. Жар жолдасының рухына адалдығынан танбаған қайсар әйелді бағалайтын жан бар ма екен өзі?! Кім қалталы болса, кім билікте жүрсе соны төңіректеп құлдық ұрған «өзімшіл тірліктің» сиқы құрысын! Айтулы ғалым қазақ ауыз әдебиетінің қара нары болған артына рухани мол мұра қалдырған ғалымның көзі кеткелі бір де бір еңбегі мемлекеттік тапсырыс­пен шыққан емес. Сонда біз кімдердің еңбегін дәріптеп жүрміз? Ойлануға тура келеді. 2019 жылы Бәкеңнің туғанына жүз жыл толады. Ғылыми еңбектерінің академиялық жинағын жұрт назарына ұсынатын уақыт жетті деп білеміз. Бәкең марқұмның ағайын-туыстарына да айтатын ескертуіміз бар. Ғалым аға қазақтың ауызша тарихы қазақ шежіре­сін бір ізге түсіруде де көп еңбектенді. Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты ұлысы­ның ата-тегін дәйектеудегі байсалды тұжырымдары еш дау туғызбайды. Бә­кең – кең тынысты ғалым болатын. Ал­ған тақырыбын шалағай-шарпы қарпып үстірт топшылауға әсте бармайтын еді. Еңбектері былай тұрыпты, қағазға тү­сір­ген жай мақалаларының өзі шы­мыр­лығымен сүйсіндіреді. Сақ дәуіріне барлау жасаған ғылыми ізденісіне дау айта алмайсың. Қазақтың мақал-мә­тел­дерін саралаған байсалды зерт­теуінде зәредей селкеу жоқ. Қазақтың от ауызды орақ тілді би-шешендерінің даналық ойларын пышыратпай «орамалға түйген сусардай» шымырландырып шығарған сарабдалдығына тәнті боласың. Ғалым­ның еңбектеріне жан-жақты баға беріп талдап шығу бүгінгі буынның еншісінде. Елбасымыз алға қойған рухани жаңғыру тұжырымдамасы ұлт руханиятына қыз­мет көрсетіп жүрген саналы буынға темір­қазықтай айқын бағдар. Елба­сының бұл пайымдаулары саналы азаматтарды қанаттандыратын тезис. Өткен­ді ман­сұқ­тап тарихқа үстірт баға беруге жол жоқ. Рухани дүниелерімізді уақыт шаң­дағынан аршып алып ұрпақ кәдесіне жаратуды бағдарға алу басты мақсат. Келешектің кемелденуі үшін ұлттық құндылықтардың аяқ асты қалмауын қарастыратын уақыт жетті. Ұлт жадын көмескілейтін дүмбілез жазылған ең­бек­терге сын көзімен қарау керектігі – Елбасы тұжырым­да­масында айрықша атап көрсетілген.
Балтабай Адамбаев – ұлт руханиятын байытатын татымды еңбектер қал­дырған ғалым. Бұл – жалғыз менің пікі­рім емес, көптің көкейіндегі ой.

Өмір КӘРІПҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.