«Өмір өткелдері» өркендей берсін
20.08.2015
1588
0

49e401b70e9f80b78eb7a220bf8

Нұрғожа ОРАЗ,
жазушы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

Алдымда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өмір өткелдері» деп аталған кітабы жатыр. Дереу оқуға кірістім. «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» болады деуші еді, Елбасының көркем әдебиеттегі тағы бір қырын көрейін деген ынтықтық жан-жағыма қаратпай қалың кітаптың ішіне енгізді де жіберді. Бұлай құныға ұмтылуымның бір ұшы кіріспесіндегі сілтемеден тұтанып от алған еді. Тарихта талай тарландар аттарын ғасырларға аттандырып кетті ғой. Ал қазіргі тарландар ерекше ұмтылып дүлдүл болуы керек сияқты көрінеді маған. Кеше ғана (1928 жылға дейін) көшпелілер цивилизациясын мақсат еткен қазақ қауымының генінде сол өткен өмірдің дағдысы тұр ғой. Жетпіс жыл бойы езгілегенде Кеңес үкіметі де бойларындағы сол дағдыны қуып шыға алмаған.

Ал КСРО-ның соңғы жылдарында ар­па­лысқан айтыс-тартыстың ішінде жүріп, өз­гелердің аңдызын байқап, сәті түскен күні Тәуелсіздіктің асыл ұранын еліне жет­кізіп, бұрын-соңды болмаған желпініске ие етіп еді. Бостандық бар, қазына бос! Мі­не, сондай елді алдында айқара ашылып жат­қан айнадай жол жоқ, «соқтықпалы соқ­пақсыз жерден» болашақтың өріне нық бас­тау – батыр да, ақыл да бір басқа біт­кен адамның қолынан ғана келер еді.
Кітаптың кіріспесін оқығанда алдым­да­ғы жазумен қатарласа осындай ой келді. Шын­дығы сол – қоғамдық дамудың бір-бі­рі­не ұқсамайтын екі өркениеті бары бел­гілі. Соның батыстық түрі адам ақылының прог­рессивті түрін таңдап алып биіктерге қа­рай алға басып кетті. Елбасының осы кі­табында сол озық елдерге халқын жет­кізу, онымен де тынбай көрінер көзге кө­бі­нен асып түсу.
Бұл шығарманы әрі қарай оқыған сайын осы кітап көркем әдебиеттің қай жанырына жатады деген ой туады. Енді ойланып көрелік – көркем әдебиетте басты кейіп­кер алғаш көрінгеннен бастап әр оқиға тұ­сында біртіндеп толыға, дами береді ғой. Мұн­да да сондай. Балалық шағындағы кө­ріністер кітаптың оқиға аренасына оқыр­ма­нын сүйсінердей іс-әрекетімен еркін ба­сып кіреді.
Дегенмен, бұл кітаптың бұрын-соңды кез­десе бермейтін құрылымы таңдан­ды­ра­ды. Бұл өзі анау-мынау сұхбат еместігі кө­­рініп тұр. Екі достың реті келгенде оңа­ша­да отырып сырласқанына жақындау, сыр­ласу болғанда да барша әлемге қатысы бар ел тағдырын екшеп, соған қандай сер­піліс жасалғаны еркін аңғарылады. Көркем әде­биет деудің де жөні бар, мұнда жеке тұл­ғалар тағдыры бастан-аяқ өрбігенін кө­ретін болсақ – Нұрсұлтан Әбішұлының сом тұлғасы, ұлы бейнесі жан-жақты әсем де әсерлі сомдалған. Екінші бір ұлы тұлға – қазақстандық халық өмірдің өзіндей өр­нектеліп көрсетілген. Тәуелсіздік алған тұста қолында ештеме қалмаған халық же­тімсіреп жан-жағына алақтаумен болса, көп кешікпей Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті сол жаутаңкөз халқына қолын соз­ды. Қорқынышты ой батпағынан жарық дү­ниеге суырып алды. Осы екі тұлға бұл кі­тапты ерекше қасиеттеп тұр. Оқыған сайын санаңдағы ой сарайың кеңи береді. «Осы қалай?» деп көңіліңде көмескілеу жүр­ген өмір қалтарысын алдыңа әкеліп ақ­­тарыла ашады. Сондықтан да бұл еңбек тек Президенттің жеке өмірін көрсету үшін жа­зылған кітап емес, жалпы республика ха­лықтарының өсу жолы, жаңа өмірді игеру жолы демекпіз.
Бұл кітап жанр жағынан мемуарлық ле­бі бар, сұхбат па деп те қалатын, деректі баян­дау ма деп те ойлайтын, шындап кел­ген­де соның бәрін бойына жинаған көркем әде­биеттің интерпретациялық жаңа түрі. Соз­бақтап отырып алатын әлді бір шы­ғар­малардай емес, ширақы, оқырманын қы­зық­тыра жетектеп отыратын туынды.
«Өмір өткелдері» өзінің алуан түрлі сын-сым­батымен дүниеге келді. Осылай кө­рінуі­нің өзі өмір талабына сай дер едік. Ха­лық алдында ақжарма ақтарылғанға не жет­сін! Кешегі күні демократия талап еткен Президент сайлауында елі бір ауыздан жа­была дауыс бергенде, Нұрсұлтан Әбішұлына ерекше сенім артып еді. Өйт­кені, осы кітапта көрсетілген алуан түрлі қиын­дықтарды жарып өткен Нұрекеңді хал­қы көріп отыр, әр асуда халқын соңына ері­тіп, жеңістерді Республикасына тарту ет­кенін бағып отыр, жай ғана бағып отыр­ған жоқ, онымен бірге талпынып келеді.
Ал бүгін сол ардагер асылымыз халық ал­дында жарияланбай келе жатқан ішкі сы­рын төгілте шындық күйінде ақтарып отыр. Осы кітапты сайлау алдында, бұ­ры­ны­рақ шығарса әлдебір әлжік оппозиция­нер­сымақ «халықтың назарын өзіне қа­ра­тып алу үшін кітабын жариялап отыр» дер еді. Ал қазір сондайлардың өзі кітап авторын жан-жақты жете тани отырып, «бай­қа­майды екенбіз ғой» дейтіні анық.
Біз жоғарыда бұл көлемді дүниені оқы­ғанда екі кейіпкері бар деген едік. Әділін айту керек – үшінші бір кітаптың жазылуына қатысы бар адамды айтқымыз келеді. Бұл туындының дүниеге келуіне жан ты­нысы­мен, жүрек лүпілімен бәйек болып отырған журналистің батыл да батыр сөз­дері оны кітаптың негізгі кейіпкерінің бірі демеске болмайды.
Саяси деңгейі озық, білім жоғары, шы­ғар­машылық жолына биік талғаммен же­тілген. Сондықтан да анау-мынау журналист батылданып кірісе алмайтын, кіріскен күн­де де жаңа қоғамды тану қабілеті жете бер­мейтін қалам ұстартқандар бар. Ал бұл жер­де тұлғалы дүниеге белсене кірісу жайын көріп отырмыз. Қоғамды, жаңа фор­мацияны айқын біліп, сол арқылы кітап авторының ой қазынасын түкпір-түкпіріне дейін жарық түсіруде аса шебер дәнекерлік сұраулар қояды.
Нарықтық қатынас сияқты әлемге жа­йыл­ған, бізге жаңа келіп жатқан қоғамдық құбылыстың идеологы, еліміздегі баспасөз кө­шінің басында келе жатқан, қазақ­стан­дық бірінші басылымның басшысы бол­ған­дықтан Сауытбек Абдрахмановтың қойған сұрақтары айтпасқа қоймайтындай айқын екен. Әрбір сауалы жік-жігімен, бірін-бірі то­лықтыра береді. Ілгері-кейін келетін ір­кісі жоқ. Халық атынан Елбасымызға сон­дай бірлестікке келіп дәнекер бола біл­ге­ні­не мың да бір алғысымызды айтуға тура ке­леді.
Міне, осындай бірлестік, адамның өзі­не қымбат жастық шақ естеліктеріне пейіл­ді саңылау түсіру қандай адамды бол­са да тебірентпей қоймайды. Көңіл көте­рің­кі кезде айтар ой да, жазылар жөн де көр­­кемдікке кенеліп, тілстан толқып кете­тіні бар. Бұл кітаптан сол бір ерекше тебі­ре­ністі танып, білуге болады. Президент өмі­рін өз аузынан естіп, оның кітабын сол сым­батты ойлармен өрнектеу үшін қойы­лар сұрау да салиқалы сөздермен білмекші бол­ған оқиғаларды көкейдің арғы, артта қал­ған жерінен оятып бері тартады. Сон­дықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы шер тар­қа­тып, халықтың алдында көкей көзіндегі ел басқарып келе жатқан іс-қимылдарының түпкі шындығын бір ақтарған екен. Хал­қы­ның күткені де сол еді.
Әрине, адамның азамат болып қалып­тасуы ата-ананың тәрбиесіне байланысты, оған қоса ата-баба жағынан тектіліктің де қатысы бар. Осы орайда Нұрекеңнің ше­шен­­дігі анасына тартқан екен де, еңбек­қор­лығы әке тәрбиесінен бойына сіңген екен­дігін сүйсіне атап өтеді. Ал мәртебесі жо­­ғары ұлылық дәрежеге жетуі тектілігі­нен. Тортай Сәдуақасов мұрағатпен көп жұмыс істеген, Омбының тарихи қоймасын діттеп атқарған ақын. Сонда Назарбай баба­мыз би болғандығын құжатпен дәлел­де­ген.
Мектепте оқып жүрген кезінен бола­шақ­тың нышаны көріне бастайды ғой. Оның сабаққа алғырлығы, пысықтығы маңа­йындағыларға таныла бастауы анық. Үлкендер жағы ондай баланы дәріптеп, «Түбінде осы баладан ел сүйсіндірер талант, халық қамқоршысы болу шығады» деп сүйсініп тұратын, әр ауылда сондай адам таныр ақсақалдар болады. Сол ауыл қарт­тары Нұрсұлтан балаға да әлгіндей жақсы тілек арнағаны белгілі.
«Толғауы тоқсан қызыл тілдің» адамды алға бастауға айбыны мол екені белгілі. Бұл туралы автор: «Ойды өлеңмен жеткізуге шебер кісілер менің әкем Әбіш пен анам Әлжан еді. Қарапайым адамдар болса да той-томалақтарда, тіпті үйде отырғанда да ұйқастырып отыратын» (12 бет). Сол сияқ­ты өмірде еркін жүріп еңсере басудың ар­ғы түбінде тектілік жатыр. Қарасай батырды жасынан арқа тұтып, сол бабасындай қайратты да қайсар, алған бетінен қайт­пайтын дәрежеге жеткенін риза­шы­лықпен атап өтеді. Одақтық Жоғары кеңес­тің депутаты болған тұста (Меркі сай­лау округінен республика Парламентіне, Леңгір сайлау округінен КСРО Жоғарғы кеңесіне) өзі сайланған жерлерде біраз құрылыстар салдырғанын, одақтық кеңес­тегі пәрменді сөздерінің нәтижелері халық үшін, сол кездегі республика үшін аса қа­жет істер. Сол атқарған жұмыстары ол кез­де республика басшыларының қолынан кел­мейтін кереметтер. Міне, сондай дәйек­ті де пәрменді жұмыстар атқару ке­зін­де арқасында тірегі бар тәрізді екпінмен сөйлеуі батыр атасының аруағы, өзі солай сезіну арқылы болатын құбылыс.
Нұрсұлтан Әбішұлын теледидар мамандары мартен пешінің жанында басына ба­тырлар киетін дулыға тәрізді бас киіммен көрсетеді. Сөйтсе ол Нұрекеңнің болашақ өмірге құрыштай шыңдалып шығатын от-жа­лынды жер екен. Кітапта сол алауға қақ­талып, шыңдалар оқу орынын, яғни Днеп­родзержинскийдегі болат қорыту­шы­лар даярлайтын училище екен. Ол жайында былай дейді: «Сабақтан келісімен та­мақ­қа тойып аласың да сәл демалып, за­водқа тартасың. Онда күн сайын төрт са­ғат өндірісте жұмыс істейміз… (61-бет). Жас кездегі қиындықтың өзі ләззат» (61-бет).
Міне, сол оқу кезінде шыныққан жас жі­­гіт кейіннен болатты ғана шыңдап қой­ған жоқ, қоғамды да – өз республи­ка­сын­дағы сан алуан жұмысты да жалындап жү­ріп атқарды. Оны біз осы кітаптың әр бе­тін ашқан сайын көріп, ризалықпен ойға түйе­міз. Өйткені, ол атқарған жұмыс біз үшін, қазақстандықтар үшін жасалып жатыр ғой.
Біздің қадірі жоғары Президентіміз кешегі бір Одақта бірге болған тағдырлас республикаларды шет көрмейді. Өз республикасын дамытумен бірге көршілес, тіл жағынан туыстас қырғыз елінде бүліншілік болып, соның салдарынан халық сорлап жатқанда ақыл айтып қана қоймай мате­риалдық, азық-түліктік көмек көрсетті. Бұл біздің қасиетті дінімізде де солай, тұрмысы әлсірегендерге Алланың атынан жәрдем беру парыз екенін Нұрекең хақ мұсылман ретінде жақсы білетіндігін танытты. Тарихта да солай – қырғыз, қарақалпақ ағайын­дар Әз Тәуке хан тұсында Қазақ хандығына қарап тұрған ғой.
Сол одақтас болған елдер ішінде Ук­раи­­надағы дағдарыс жайлы өз пікірін біл­діреді, тамыршыдай дәл басып, ол дағ­да­рыс­тардың себебін айтады. «…Украинадағы проблемалардың бір ұштығы саясатты эко­номиканың алдына шығарып жібер­ген­нен болған сияқты» – дейді. Шындығында да Абай айтқандай: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, кетірді ғой бүгінде елдің си­қын» болып шықты ғой украин ағайындар. Өз кітабында осылай жазып отырғанда Пре­зидентіміз халыққа бір үлкен сабақ бер­гендей түйін танытады.
Ел бірлігі – ел болып өркендеу үшін ең бас­ты міндет екенін өз Отандастарына да құ­лаққағыс етіп, алға өркендеуде қазақ­стан­дықтар бір денедей бірге болуын мег­зейді.
Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздікке жету жо­лында жастардың батыл да батыр қи­мыл­дарын қамқоршы ретінде еске алады. 1979 жылғы маусымда ол кездегі Целиноград деп аталатын қалада өткен СОКП Ор­та­лық комитетінің «Неміс автономиялық облысын» құру туралы шешім шығарға­ны­на, оған қарсы ереуілге шыққан жастардың табанды да батыл қимылы жеңіске жеткені аталып өтеді. Ал желтоқсан оқиғасы өте күр­делі еді. Сол күрделі оқиғаны жан-жақ­ты тарата келіп: «Желтоқсан – ұлт тари­хын­дағы ұлы оқиға». Қарлы қыстың қаһарлы күн­дерінде басқа түскен сынақ – өз билігің өз қолыңда болмауының салдары. Тәуел­сіздіктің қадіріне жетуіміз керек, бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады деп айтқаным содан», – дейді. Расында да, бүгінгі кейбір керауыздар тәуелсіздік әкел­ген бақытты сезінбейді, оның ел көркеюіне етер әсерін танып білмейді, Нұрекең соны ескерте айтып отыр.
Халқына қажеттің бәрін өтеп келе жат­қан Елбасы туған халқының қажетін еш уақытта шеткері ұстаған емес. Соған орай, тіл тағдырын шешу мәселесін де атап өтеді. Еліміз тәуелсіз ел болып жарияланған тұс­та Президентке арналған хаттар тобы мем­лекетіміздің тілі екі тілді болуын талап ет­кені айтылады. Қазақ тілінің қадірін арт­тыру кезінде өзінің ұстамдылығын, айбынын көрсетті. Бұра тартқан біреулердің қо­қанлоқысынан жасқанбады, сескенбеді. Сондай айбынымен алған жеңісін бүгінгі көп қазақ ескермейді, бағаламайды. Қа­зақ бір мақалында «ауру қалса да әдет қалмайды» дейді. Бұрынғы кеңес кезіндегі Одаққа қараған барлық халықты бір тілді ету кезінде үнемі орысша сөйлеп дағды­ланып қалған жұрт өзара – бірыңғай қа­зақтар тұрып орысша сөйлеседі, ескерту жасағанды жақтырмайды. Олардың ойы – қазақ жалғыз мен бе, өзгелер де бар ғой – деген ойда болатын тәрізді. Сонда әр қа­зақ солай ойласа арғы жағында кім қа­ла­ды? Қазір ана тіліміз өте қауіпті халде. Өз­гені қойып, қазақтың үйлену тойы да ара­лас тілде өтуді шығарды. Мен оған таяу­да куә болдым. Ақша табар асабаға жеріне жеткізе айттым, бірақ ол өз бағытында қал­ды, мені ешкім қолдап үн шығармады. Әр­бір қазақпын дейтін зиялы қауым өзі жүр­ген ортада үнемі, үздіксіз туған тілін қор­ғауы халықтығымыздың алдында, Пре­зидентіміздің алдында парызым деп білуі керек қой. Алдағы тарих асуларында қазақ тілі – өлі тілдер қатарына қосылмас үшін Нұрсұлтан Әбішұлының батылдықпен, ба­тырлықпен алып берген қадірі биікке кө­терілген тілімізді жан жүрегіміздей сақ­тайық, ағайын!
Үлкен тартыстан кейін ғана консти­туция­мызға қазақ тілі беделімен енгендігі осы ардақты кітапта айтылады. «1989 жыл­дың күзінде қазақ КСР-індегі тілдер ту­ралы заң қабылданды. Қазақ тілі мем­ле­кеттік тіл, орыс тілі ұлтаралық, қарым-қа­ты­нас тілі мәртебелеріне ие болды. Бұл іс­те маған зиялы қауым өкілдері көп кө­мек­тесті» дейді. Парламент жанында құ­рыл­ған тіл туралы комиссияда халық аты­нан Мемлекеттік сыйлықтың иегері, про­­фессор Жұмағали Исмағұлов екеуміз бол­ған едік. Көп екшеліп келіп Парламент оты­рысында тіл туралы заң қабылданған бо­латын.
Бұл кітаптағы оқырманымен сырласқан Президенттің алуан түрлі проблемаларды шеш­кенде көбіне ержүректілігіне риза бо­лып отырасың. Біз мақаланың басында айт­қандай Қарасай бабамыздың айбыны қа­нында лыпып тұрған тәрізді. Шет елдерге шығып, әр деңгейдегі елдердің басшыла­ры­мен кездескенде жанында отырған Пре­зидент Нұрсұлтан Әбішұлының алдында дәрежесі кіші адамдай құрмет көр­се­тетінін теледидардан көріп жүрміз. Ұлы ел­дер қатарындамыз дейтін мемлекеттерге барғанда олардың президенттерімен тең сөйлесіп, кейде асып түсіп отыратынын да байқап, өзіміз де өсіп қаламыз. Сөй­ле­ген­де қағазсыз шешендікпен төгілтіп сөй­лейді ғой. Бұл да бір ұтыс, ұлылықтың кө­рі­нісі.
Әрине, кітаптың айтар сыры көп, соның ішін­де Астана қаласының астана болуына бай­ланысты ойлар – Президентіміздің осы тұс­та тарихымыздың төріне өрлеген сөз­дері айтылады. Барша қазақстанның ұлан байтақ даласын бір орталықтан басқару үшін қажеттіліктің бәрін санамалап келіп Ақмола қаласына тоқтайды. Тарихтың көр­сеткішінде «…Тәуке мен Абылай дәуірінен ұлысымыздың туы тігілген. Осы жердегі Бо­зоқ қаласы бір кезде Қыпшақ хандығы­ның астанасы болған (546 бет)… Ақмола­ның өзімнің көңіліме қонған тағы бір тұсы – ерке Есілдің бойында тұрғаны. Өзен де­ген қаланың сәні ғой» (547 бет).
Бұл жерде астана орнату көп ойдың са­лыстырмалы шешімі. 1992 жылы ойына оралғанымен өзге адамдарға сыр шашпай тек 1994 жылы ғана комиссия құрып қа­ланың тұрған жерін жан-жақты зерттеу жүр­гізіп барып, толық шешімге келгенін ай­тады.
Сондай талғам-талаппен орнаған Астана қаласы әлемде кездесе бермейтін шап­­шаңдықпен, құрылыстағы үлкен тал­ғам­мен сәулетті де сәнді қала болып өсіп шы­қты. Бұл қалаға келгендер таңданбай қой­майды, республикамыздың әр тұсынан келу­шілер былай тұрсын, шет елдерден ке­ліп таңданып, тамсанып кетеді. Бұл әр­қырлы, әрсырлы қала Нұрсұлтан Әбішұлы­ның талғамы мен ой-сезімінен туған қала еке­ні айдай әлемге аян. Қаланың сыр­тын­дағы «Жа­сыл аймақ» та Астананы сыртынан тө­гілдіре киген шапанындай жарасып-ақ тұр. Қа­ла тұрғындарының бір ерекше демалыс орыны да сонда.
Бүгінде тартысқа түскенде, «ЭКСПО-2017-ні» жеңіп алған Президентіміздің та­ғы бір шетелдік өзі тұрғыластардан ар­тықшылығын көрсетеді. Лайымда абыройлы болғай!
Осы кітапты оқи отырып, халқымыз мо­­лы­нан таныс болуы үшін асыға қолда­ры­на алса деп тілек етемін. Өйткені, 80 жас­тың сыртына шығып кеткен мен өзім де жаңалықтарымен таныса отырып бір жа­сарып қалдым.
«Өмір өткелдерін» оқып танысқан адам көп өмірдің қалтарыс бұралаңынан көп дү­ниені бойына дарытар еді. Қысқасы, бұл кі­тап – бір университет, үстіміздегі өмір сү­ріп жатқан заманның әр қырынан мол мағ­лұмат алуға болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір