Өлке тарихы – ұрпақ мұрасы

0
166 қаралды

Туған жердің тарихы туралы кітап шыққанынан хабардар болған, Төле би ауданы Кеңесарық ауылының жас-кәрісі Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебінің акт залына жиналды. Мектепте қоғам қайраткерлерінің, ауыл ақсақалдарының, аудан әкімінің қатысуымен «Қарашаңырақ-Қарасора, құтты мекен Сайрамсу» атты екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Атауы айтып тұрғандай, кітапта ауыл­дың, өлкенің тарихы кеңінен баян­далған. Шымкент қаласындағы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шы­ныбекұлы он шақты жыл бойы із­деніп, туған жері туралы барлық де­рек­тер­ді жинақтапты. Құнды еңбектің оқыр­ман қауымға ұсынылуына Елба­сы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы не­гіз болған. Жергілікті тұрғындар үшін де, туған жерінің тарихын білуі тиіс өскелең ұрпақ үшін де құнды кі­тап­тың тұсаукесерінде сөз алған ауыл ақ­сақалдары, қоғам қайраткерлері автордың еңбегін жоғары бағалап, р­и­зашылықтарын білдірді. «Біздің ауыл Тянь-Шань тауының етегінде сұлу табиғаты мен сан алуан жануарлары, өсімдіктері бар Ақсу-Жабағылы қоры­ғына тиіп тұрған, Ұлттық парктің жа­нында Сайрамсу-Қасқасу-Қарасора өзен­дерінің бас жағында орналасқан. Бұл атақоныста Есімханның ордабиі бол­ған, тоғыз ұлды Құдайбердінің Тү­гелбай мен Данай атты ұлдарынан тара­ған ұрпақтар атам заманнан бері тұ­рып келеді. Құдайберді би оның атақ­ты ұлдары мен кейінгі ұрпақтары ел мен жер үшін болған соғыстар мен шай­қастарда ат үстінен түспегені тура­лы деректер тарихи құжаттардан мәлім. Есімханның әскерін басқарған Құдай­берді қалмақ пен Ташкент ханы Тұр-сын­ханға қарсы соғысқа осы жерден аттанған. Ал Екінші дүниежүзілік со­ғысқа осы ауылдан 189 боздақ қатысып, 119-ы майданда қаза болды. Бертін келсек, есімі әлемге танымал ауыл түлектері аз емес. Мысалы, был­ғары қолғап шебері Серік Қонақбаев, кеңес дәуірінде Тоқболат Тоғысбаев бастаған бүкілодақтық суретшілер одағына мүше болған 18 қылқалам шебері, Сальвадор Дали мен Пабло Пи­кассоның деңгейіне көтерілген Ер­болат Төлепбай мен Бексейіт Түлкиев бар. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кезінде Қазақ ССР-інің өкіметі төрағасының орынбасары, жоспарлау комитетінің төрағасы, ОҚО әкімі болған Қалық Абдуллаев, Шым­кент қаласы мен Жамбыл облысының әкімі болған, құрылыс министрлігін бас­қарған Амалбек Тшанов та осы ауыл­­дың азаматтары. Ауылымыздан 10-нан астам ғылым докторы, 20-дан ас­там ғылым кандидаттары шығыпты, – деді тұсаукесер рәсімінде сөз алған қо­ғам қайраткері, генерал Ержан Исақұлов. – Осы сынды фактілер, ауыл­дың қилы-қилы кезеңдердегі ты­ныс-тіршілігі туралы материалдар Өмір Шыныбекұлының кітабында кө­рініс тапқан. Кітап – шыққан тегімізді, же­рімізді, ауылымызды және тарихымыз­ды таныту арқылы өскелең ұрпақ­тың рухани санасын жаңғыртады».
Жоғары санатты ұстаз, Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесi Өмiр Шы­ныбекұлы «Ауыл тарихы – ел тари­хы» атты кiтабымен де оқырман қауым­ға жақсы таныс. «Әлем тарихын біл­генімен, ауылының тарихын біл­мей­­тіндер жоқ емес. Елбасы «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты ең­бегінде орта мектепте туған жердің та­рихын оқу патриотизмнің ең жақсы үлгісі екенін, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін атап өтті. Әрбір өлкенің хал­қына суықта пана, ыстықта сая бол­ған, есімдері ел есінде сақталған бір­туар перзенттері барын, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екенін де айтты. Осы талаптан шығуға ты­рыстым. Туған жеріміздің тарихын аға буын ақсақалдар айтып та отыратын. Дегенмен, тарихи деректерді табу, жи­нақтау, дәйекті дәлелдер келтіріп, сын­шы оқырманға ұсыну оңай болған жоқ», – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Ғалымжан Қамытбекұлы.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.