Екі елге бірдей етене қаламгер

1
170 қаралды

Құлбек ЕРГӨБЕК


…Өзбекстаннан қаламдас Ша­мыр­за телефондады. Хал сұрасар-сұ­рас­пастан «Насыр аға қайтыс…», – деді. Тө­бемнен біреу мұздай су құйып жі­бергендей бо­лып бойым тітіркеніп кет­ті. Телефон тұт­қасын құлағыма то­сып отырып қал­дым.
…1973 жылы сәуір айының 18 күні қа­­зақтың үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов қайтыс болды.
Әдебиеттің культке айналып, жазу­­шылықтың дәуірлеп тұрған дүр ша­ғы. Халық жазушысын ақтық сапар­ға шығарып салуға Қазақстанның түк­пір-түкпірінен бұхара халық «ат­ты­лы-жаяу» Алматыға ағылсын келіп. Қаралы тізбектің басы Кеңсайда, аяғы Абай атындағы академиялық Опера және Балет театрында. Қанаттас қа­лам­­дастары күллі КСРО-дан келіп жет­кен. Ығы-жығы нөпір халықтың ара­сынан сығылыса-сығылыса өте ал­саң топырақ саласың. Әйтпесе, қай-дан?! Содан ғой, Мұқағали Мақа­таев­тың күнделігіне Сәбеңді қазақ Балзагы атап, «Қазақ жазушысына бұрын-соң­ды мұндай құрмет көрсетілмеген еді. Бұл бақытты өлім!», – деп жазатыны.
Қаралы жиынды Ғабит Мүсірепов аш­ты. КПСС Орталық Комитеті Бас хат­шысы Л.И.Брежнев қара лента орал­ған азагүлін арнайы жіберіпті. Туыс­қан республика, одақтас ұлттар­дың жазушылары кезектесіп бақылдасу (хоштасу)сөзін сөйлеп жатыр.
Кезегінде ала тақия (төппә) киген екі жазушы шықты. Нәзір Сафаров пен Насыр Фазылов. Олар өліп жатқан Сәбит Мұқанов тіріліп кетердей келістіріп тұрып тебіреністі көркем сөз сөйледі. Сәбит жарықтықтың өз­бек әдебиеті классигі, Лениндік сый­лық­тың лауреаты, Ғафур Ғұламмен ба­қи­лық достығын әуезе етіп айта ке­ліп, қазақ жазушысы қазасын естіген бой­да жүгіріп Ғафур зиратына барға­нын, досының қазасын қиналып естір­тіп, апарып қабіріне салу үшін бір уыс топырақ алуға рұқсат сұрағанын жүрек тебірентерлік етіп жеткізді. Ақ матаға оралған түйіншекті шешіп Ғафур қабі­рінен алынған азатопырақ, қаратопы­рақ­ты «жайрап» жатқан Сәбең жарық­тық­тың қабіріне апарып ақырын сал­­ды…
Тебіренген қаралы қауым көз жа­сына ерік берді.
Жиделі-Байсын жерінің бір пұш­пағын қазақпен қатар жайлаған өз­бек­тің көрнекті жазушысы, Өзбекстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлы­ғының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бейбітшілік және ке­лісім» сыйлығының иегері, Бейімбет Майлин атындағы әдеби сыйлықтың иегері Насыр Фазыловты біздер – жас­тар сол жолы алғаш сыртынан көрдік.Ыстық ықыласты сөзін тыңдадық. Өш­пестей көңілде қалды.
…Түркістанның тумасы, өзбек жазу­шысы Насыр Фазыловпен ұзамай та­нысып, қызу араласып кеттім. Тіпті өз­бек әдебиетінің классигі (ол да Түр­кістан тумасы) Адыл Яқубов екеуі Ал­матыға Жазушылар съезіне келгенде де, қонақ үйінен орын алып қойып, Бейсекең (Кенжебайұлы) шаңырағына сағынып жетер еді. Балалық шағы Ташкентте жетімсіздеу өткен, Чулпон, Аб­долла Абланидың көзін көрген, Фит­ратпен жолығысып сөйлескен, өз­бек әдебиетінің классигі Айбекпен дос Бейсекең де сағынып отырады ол екі інісін. Жолығысқанда достары – ұлы жазушы Айбекті, тамаша суретші Орал Таңсықбаевты сұрағыштап оты­ратын, жарықтық. Өзі қатысқан бас­машылық туралы естелік айтар еді. Бауы­рында өскен Ғани Мұратбаев, Сұл­танбек Хожанұлы, Нәзір Төре­құлұлы, Садықбек Сапарбеков туралы айтқанда кемсеңдеп жылап та алатын. Бауырлас өзбектің екі жазушысы ақы­рындап Бейсекеңді 1937 жылы атылып кеткен ардақты ағаларына қарай же­телейді. Бейсекең Абдолла Аблани, Фитрат, Чулпан жайында әңгімелейді. Екі ағам және Мен құлағымызды үш­кірлеп алып, тыңдаймыз келіп, тың­даймыз келіп. «Чулпан – оның тақуал­ласы ғой, – дейді сосын, – шын есімі – Ғабделхамит Сүлейменов! Біздің Мағ­жан сықылды ой жүйрік ақын еді. Аты­лып кетті ғой». Бейсекең күрсініп салады. Тыңдап отырған екі жазушы да мұңайып қалады. Сондай арыстарды сақтай алмағанына мұңаяды. Олардың мұңын қоюлатқан үстіне қоюлатып Бейсекең маған кітапханасынан «Узбек адабияты намуналари» (Өзбек әдебиеті нұсқалары) (Ташкент 1928 ж.) аталатын жинақты алдырады да, төтенше өз­бек­шені оқытады. Менің өзбекшеме қа­нағаттанбай, өзі оқиды әрі-беріден соң. Екі жазушы елітеді. Сөйтеді де Бей­секең: «Міне, Сендер қандай адам­ды аттыңдар!?», – дейді. Бұл Фитрат ұйымдастырған жинақ.
Тұйықтау Адыл аға ойланып кетеді. Жылдамдау Насыр ака: «Мұндай ұлы ақынды атқанша мына бізді атып тастасашы…», – дейді ширақ сөйлеп.
Әрі қарай Сәбит, Ғабит шығар­ма­ларын өзбек тіліне тәржіма етуін әңгі­мелейді Насыр ака. «Сәбит ағаны, Қал­маханды қазақшадан қиналмай ау­дарамын өзбек тіліне, Ғабитіңіз көнің­кіремейді», – дейді ол таза қазақ ті­лінде. «Ғабит өзге тілге аударыл­май­тын жазушы – дейді Бейсекең, – Мүм­кін жетістігі шығар бұл. Шығар­ма­шы­лық мінез дағы. Есесіне Сәбит, Қал­­махан шығармалары өмірдің өзін­дей табиғи ғой….».
Арғы тегі Кәрездік (Түркістан) бол­ғандықтан ба, әйтеуір қазақ әде­бие­тін жан тартып өлердей жақсы кө­ре­тін. Керез Түркістан тағында отыр­­ған қазақ хандарының бір ставка­сы болған тарихи жер. Ол Бейсембай Кенжебайұлы, Әбділда Тәжібаев, Әбен Сатыбалдиевке іні бола білді. Қалаубек Тұрсынқұлов, Көбей Сейдехановпен ахиреттік дос еді.
Кешегі кеңестік кезеңде Насыр аға­мен осылай араласып кетіп едік. Сый­ластығымыз ағалы-інілікке сол күн­дерден бері сәтті ұласып келіп жетіп еді бүгінге! Бертінде Д.Исабеков, М.Байғұт, тіпті С.Досанов шығарма­ла­рын өзбек тіліне аударды. Менің Сә­бит Мұқанов жайында жазған «Жазу­шы шеберханасы» аталатын ғұ­мырнамалық-лабораториялық кі­табымды алғысөз жазып, аударысты. (Аударған Мехмонқұл Исламқұлов).
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсір­е­пов­тің жүз жылдығын өзбек ағайын біз­бен қатар Өзбекстанда тойлады. Қа­лаубек Тұрсынқұлов бастап бірсы­пыра қаламгер бардық Өзбекстанға. (Мен баяндама жасадым үшеуінде де). Ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Насыр, Адыл ағалар! «Акаларымыздың тойына үкаларымыз келді», – дейтін ондайда жаны қалмай қуанып. Ал­дындағы үш алып ағаларына деген сағы­нышын бізге – інілеріне деген сүйі­­­ніске ұластырып.
Екі ағамды, өзбек әдебиетінің екі тамаша жазушысы шығармаларын ал­дымен өзбекше, сосын қазақша оқы­дым. Оған себепкер болып жүрген Көбей Сейдеханов тәржіман. Көбей Сей­дехановтың өзбек әдебиетіне ықы­ласы ала-бөтен болатын. Екі жүйрік жазу­шымен және Сайд Ахмадпен дос еді. Адыл ағаның «Муқаддас» хикая­тын, «Ұлықбектің қазынасы» романын, Насыр ағаның «Қарға жазылған хат» (Қар хот) хикаятын бастатып әңгіме, хикаяларын «Түркістан хикаялары» атап қазақ тіліне тамылжыта аударды. (Сайд Ахмад шығармаларын да аудар­ды.) Көбей Сейдеханов менің аталас ағайыным. Аталас ағайын ықпалымен мен ол аударған шығармаларды өзара салыстырып «Тәржімашы мұраты – ой дәлдігі» («Қазақ әдебиеті», 8 маусым, 1984 ж.) секілді мақалалар жаздым. Жеке аударма кітап туралы жазған мақалаларым өздерімен танысқан соң Адыл Яқубов, Насыр Фазылов туралы тұтас-тұтас мақалаға айналды. Өзім қызмет еткен («Қазақ әдебиеті», «Еге­мен Қазақстан») газетері үшін асыл ағалардан талай мәрте сұхбат алдым. Сөйтіп жүріп екі ағамның кебіс қояр інісіне айналдым. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор бо­лып қызмет етіп тұрған кезінде бауыр­мал биязы адам, білімпаз жазушы Әбен Сатыбалдиев «Біздің Насыр» атап тұрып тәп-тәуір мақала жазған. Бәл­кім насыртану басы осы мақала бол­са кәдік! Сәбит Мұқанов шығар­ма­шылығы жайында ізденісте жүрген ке­зімде Ташкенге арнайы іздеп барып қа­зақ жазушысының аудармашысына жаз­ған бірсыпыра хаттарын алып қайт­тым. (Насыр ағаның Сәбит Мұқа­нов, Әбен Сатыбалдиев, Көбей Сей­де­хановпен жазысқан хаттары, өзбек ті­лінде ғана жарық көрген Әбділда Тә­жібаевпен сұхбаты менде сақтаулы.) Ең­бегімде пайдаландым. Риза болды.
Насыр Фазылов балалар жазушысы еді. «Қарға жазылған хат», «Тентек ба­ла» секілді шығармалары шынында үз­дік туындылар. Тағы бір ықтияттай жазатын тақырыбы Сәбит Мұқанов, Ғафур Ғұлам, Айбек, Міртемір өмірінің ең бір драмалы сәттерін ішкі иіріммен жазған ғұмырнамалық дүниелері. Кейін бұл арнадағы туындыларын «Таптым, бірақ жоғалтпадым» аталатын кітабына топтады. Ғұмырнамалық шы­ғарма Өзбекстан республикасы мем­лекеттік сыйлығына ұсынылған кез­де «Топтидиму, йуқотмадим» («Еге­мен Қазақстан» 17 қыркүйек, 2011 ж.) атап қолдау мақала жаздым.
Адыл аға, Насыр ака бастап өзбек ағайын менің Түркістанда өткен 50 жыл­дығыма да келді артынып-тар­тынып. Екеуі жарыса тілегін айтып сөз сөйледі. «Мені Сәбит ағам «Сары бала» деп еркелететін. Енді Мен «Сары шал» болып қалдым. «Сары бала» деген атты Саған арнайы алып келдім…», – деп қу­тыңдатты биік мінберден. Мен қуа­на қабылдадым. Шынымен маған кел­­ген екен деп ойлаппын жастық мак­симализммен. Кейін ойлап қара­сам, алдындағы ағаларына Мұқаң, Сәбең, Ғабең, Бейсекең, Әбекеңе де­ген құрметі екен. Маған қалатыны көз­көргендік шырайы ғана. Сосын «Са­ры бала» деген титулы… Оған да шү­кір.
Тағы бір келгенінде Сәбит Мұқанов шы­ғармашылық лабораториясы ту­ра­лы жазылған «Жазушы шебер­ха­насы» аталатын кітабымды қолқалап алып кетіп, Мехмонқұл Исламқұлов екеуі өзбек тіліне тәржіма жасады. Ақтолғай алғысөз жазды. Алғаусыз ағалығы. Жа­ным марқайды. «Өзбек ағайын кітап оқитын, оқымыш халық. Саудасын жасап отырып, кітап оқи береді… Мы­на «Қонақбай» Сайрамның өзбегі. Ол қазақ тілін жақсы біледі»-дейді әзілге шап­тырып. «Қонақбайы несі?» – деп мен отырмын. Сөйтсем, «Мехмон» – де­ген сөзді ойнатып отырғаны екен. «Мех­мон, мейман» сөзінің синонимі, әм қазақшасы «қонақ» қой… Кітап ау­дармашысы Мехмонқұлды Қонақбай атап, жұмбақтап отырғаны.
Өзара дос-жар екі ағаны біз де бө­ліп-жарып қарамайтын едік. Екеуін бір­ге Түркістанға шақырып шығар­ма­шы­лық кешін өткіздім. Қ.А.Иассауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің 800 кісілік кең залына адам сыймай қалды. Түр­кістанның айтулы қос перзентінің туған жерге деген сағынышқа оралған қызықты, қызулы әңгімелерін ұйып тыңдады. Екеуіне бірдей ат мінгіздік, шапан жаптық.
«Сендер Түркістанды кісі таны­мас­тай етіп өзгертіп, өсіріп жібе­ріп­сіңдер-деп қояды екеуі бір дауыспен. Ташкеннен несі кем мына Түркістан­ның?!».
Араға жылдар салып Адыл аға дү­ние салды. Өзбек әдебиеті қазынасы ор­тайып қалды. Түркістанның Таш­кент­тегі екі көзінің(жанары) бірі ағып кетті. Жыладық. Егіздің сыңарындай до­сы өмірден өткен соң Насыр ака құ­лағалы тұрған кесек үй секілді омы­рылып біртүрлі жасып қалды. Жиі сыр­қаттанатынды шығарды. Сонда да туған топырағы – Түркістанға жылына бір рет ат басын бұрудан жаңылған же­­рі жоқ. Бірсыпыра сырласамыз. Бір кел­генінде: «Адыл ағаң алғысөз жазып бе­ремін деп жүр еді. Үлгермеді білем. Қа­ласаң жаңа бастамаң – «Түрікстан жи­нағына» мен алғысөз жазып бе­рейін», – деді. Қуана келісемін, тіпті жа­лы­нып өтінемін дағы. «Түрік дүние­сін түгендейтін жинақ» (Түрікстан жинағы, 3-ші кітап, 2011) атап алғысөз жа­зып берді Насыр акам. Бек шат­тандым. Досының аманатын атқарды, маған ағалық жасап алқалады…
Ташкеннен хабар жеткен. «Насыр ағаң перзентін үйлендіріп, той жасап жатыр…». Қала әкімі орынбасары Сейіт Ертай, Ихан ауыл әкімі «Өзбек мәдени мәрказының төрағасы», Адыл, Насыр ағаларға ерекше қамқорлық жасап жүретін меценат Даныш Ман­натов үшеуміз бардық. Өзбек ағайын­ның бар игі-жақсысы жиналыпты мей­рамханаға. «Қазақ сөз сөйлейді, өз­бек би билейді…». Той думанды өтті. Сөз орайы келгенде: «Біз Түркістан рес­публикасынан келдік, – деп баста­дым. (Ондай республика 1920-25 жыл­дар аралығында астанасын Ташкент етіп өмір сүрген. Қ.Е.) – Ол түрік ха­лық­тарының бүгінгі алты республи­ка­сының үстінен қарап тұрған мемлекет! (Жұрт аңтарылды.) Ол алты мемлекетке қоғам және қалам қайраткерлерін дайын­дап береді. Бұдан бес жыл бұ­рын қайтыс болған Адыл ағаны да, бүгін келін алып шат-шадыман болып отырған Насыр аканы да «Түркістан республикасы» дайындап берген. (Пауза тыныс) Насыр ака да, Адыл ака да сол Түркістанның тумасы…». Жұрт алдымен ойланып қалып, соңынан мырс-мырс күлді. (Түркістанның орта ғасырларда күллі түрік халқының астанасы болғаны тағы тарихи шын­дық).
Тағы бір жол түскенде тікіленді.
– Адыл ағаң өмірден өтіп кетті. Енді мені өлсін деп жүрсің ғой, ә?
– Оу, ағатай қатты сөзіңізге не уәжіп? Мен сасқалақтадым.
– Алпысыңды неге тойламай­мыз?
– Алпысымда аяулы анам қайтты. Ана адамда біреу ғана болады емес пе?! Анасы көп кісі құсап, той-тойлап жат­сам ұят емес пе?!
– Ә, ә ондай да гәп бар. Бірақ, бізді жүре береді деп ойлайсың ба? Сенің тойың­ды көріп кетейін дегенім ғой… Ол бәсеңсіді.
– «Бір тойым болары сөзсіз ме­нің…» Бірақ, бірақ қашан екенін айта алмаймын… Тойламай Сізді бақилық дүниеге қайтармаймын…
– Е, бәсе… Есіңде болсын, Сенің бір тойыңды көрмей кетпеймін, бір тойыңды тойламай өлмеймін… Тө­леген мақамында тақпақтастық…
– Ниетіңізге жетіңіз, Насыр ака!
Алпыс жасты тойламаған біз На­сыр аға сияқты ағайынның ықыласын көріп білген соң 63 жасты атауға бел бай­ла­дық. Қызметтік ортам, Халықара­лық қазақ-түрік университеті басшы-қос­шылары «Құлбек Ергөбек және бүгін­гі түркология» атап халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйым­дастырды. ТҮРКСОИ аясында өткен конференцияға «Б.Кенже­байұлы­ның түріктану музейі», «Түрік тілдес халықтар кітапханасы», «Түрік халықтары өнер галереясы» презента­циясын қостық. Жеті томдық «Түрік­стан жинағы» тұсаукесері де осы жиын­ның ішінде! Жер-дүниеден түр­колог ғалымдар Түркістанға ағылды. Өбек­станнан шақырылған Насыр Фа­зы­лов келді. «Қонақбайы» қасын­да!
Насыр ағам алдымен аға тұтқан Бей­сембай Кенжебайұлының «Түрік­тану музейін» тамашалады. «Құп, лайық­­ты музей болған екен, – деді На­­сыр акам, – күллі түрік дүниесін Түр­­кістанға әкеліп, әкеңнің құшағына сый­ғызыпсың…». Мен марқайдым… «Ру­хани әкем, қазақ түріктануы ба­сында тұрған әзіз ұстаз алдындағы қа­рызым сәл де болса өтелді ме екен?» деп қуандым. Тұсауын шәкірті Мыр­затай аға Жолдасбеков пен академик Х.Ю.Миңнегулов (Татарстан) кесті.
Аяңдап «Түрік тілдес халықтар кі­тап­ханасына» келдік. Тұсауын Насыр Фа­зылов пен академик Өмірзақ Айт­байұлы кесті. Алуан тілді кітапхана қазынасын аралап, арғы – бергі та­рих­тан әңгіме шертті. Кейбір кітапты қо­лына алып, қарағыштады. Кенет бір кі­тапқа көзі түсті. «Чулпан. «Уйный са­зым» (Шырқа сазым). Казан, 2014». Кі­тап көзіне оттай басылды Насыр ака­ның. Қолына алды. Көрді. Оқыды. Та­тарша. Өзбек тілінен тәржімалаған татардың «махаббат жыршысы» атан­ған тамаша ақыны Рәдиф Гаташ. Ау­дар­машы қолтаңбасын оқыды: «Төр­кес­танга – Құлбек дуска Казандагы «ту­ранчы» Рәдиф Гаташтан. Август, 2015». Жүзімізге сеніммен үңілді. «Иә, солай»-деп бастап, қазақтың Мағ­жанын, өзбектің Чулпанын татар «на­ғашыма» (Бейсекеңнің жары, Миң­ка­мал Орынборлық татар қызы еді ғой) айтып, қолқалап жүріп, жырларын аудартып, жеке-жеке кітап етіп Қа­заннан шығаруға септігім тигенін баян еттім. Насыр ака құшақтады.
Аяңдап қайтып келеміз. Ол әңгіме айтады. «Кісі қартайған сайын туған же­ріне ынтыға түседі екен. Түркіста­ным­ды соншалық сағынамын. Тіпті кейде түсіме кіреді. Түсімде Түркістанда аяң­дап жүріп келе жатамын. «Қа­ра­шық» өзеніне шомылып жүремін… Адыл да жалғызсыратып кетті. Бүгінгі Түркістан баяғы Түркістан емес. Қай-да өскен. Ең қызығы – өзінің тарихи кел­бетін сақтап өсіп келеді екен. Оң­түстік Қазақстанның орталығына ай­налады деймісің? Жөн-ақ. Нұрсұлтан­ның сөзін есітіп қалдым: «Түркістан – түрік халықтарының рухани астана­сына» айналады деді ғой бір ретте. Сенің Түркістанға қоныс аударып бір­жолата келгенің қандай жақсы болды. Университет Түркістанды бір көтеріп еді. Енді Сен экспозициялап ашқан Бей­секеңнің «Түрік халықтары му­зейі», міне бір түрік жұртынан тараған нешеме ұлт-ұлыстың атақты ғалым түркологтарының кітапханасын жи­нақтап ашқан «Түрік тілдес халықтар кітапханасы», енді ағаң Берсінбектің рухына арнап ашқан «Түрік халықтары көркем өнер галереясы» бәрі де Пре­зидентіміз Нұрсұлтанның шақыруына үн қату емес пе? Бұлар Түркістанды шын мәнінде «Түрік халықтарының рухани астанасына» айналдыруға септеседі ғой… Осының бәрі дұрыс. Кө­бей досым кеткен соң өзбек жазу­шылары шығармаларын қазақ тіліне аударатын тәржіман қалмады. Түр­кістанда өзбек диаспорасы жетерлік. Сен ептеп өзбек тілін білесің. Тілге ден­деп кіріп Көбей ағаңның ісін жал­ғасаң қайтеді? Кезінде Көбей менің «Түркістан хикаяларымды» аударыс­қаныңды, қолғабыс жасағаныңды айтып еді…»…
Мен келістім. Аға әңгімесінің осы бір қайырмасына келгенде ұсыныс-тілегімді жеделдете айтып қалдым.
– Насыр ака, Өзбекстан Респуб­лика­сының Мемлекеттік сыйлығын екі мәрте көкпарша тартып тақымға бас­тыңыз. Мүмкін Сіз де жеке кітап­ханаңызды бізге берерсіз? Өмір бойы шығармашылық тағдырыңызға септес­кен, біліммен демеген, жебеген руха­ният байлығыңыз туған жеріңізге кө­зіңіз­дің тірі кезінде жетіп қалсын дә?
– Ойланайыншы… Өмір бойы жи­ған-терген кітаптарым. Мен кезінде оқы­ған кітаптарымды осы күні қай­талап парақтаймын. Кітаптарыммен сөй­лесемін, сырласамын… Қимай тұр­ғаным. Ойланайын «Сары бала».
Үйге келген соң өзі туралы «Мех­рин­гизни түйиб яшадим» (2015 ж.) ата­латын мақалалар жинағын «Құл­бекжан! Жеңгең жинап, құрастырған кітап. Ағаң туралы. 12.09.2015.», – де­ген қолтаңбамен сыйлап, Жиделі Бай­сын жерінің Байсын пұшпағына ат­танып кетті. Байқадым, сағыныштан ішіккен баладай артына қарайлай-қарайлай кетті.
Кітапты парақтап қарап отырмын. Өмірден «Түркістан хикаялары» атап Түркістанды жырлап өтіп келе жатқан өзбектің майталман жазушысы Насыр Фазылов екінші мәрте Мемлекеттік сый­лығына ұсынылған сәтінде біз жаз­ған «Топтидиму, йуқотмадым» («Егемен қа­зақстан» №440-444, 17 қыркүйек, 2011 ж.) – аталатын мақаламыз да осы жи­нақтан төбе көрсетті…
…Сол жолы, Насыр акам ала ба­ған­нан әрі қарай өткенше, тіпті үйіне жет­кенше артына қарайлай-қарайлай кет­кен-ау шамасы… Туған жерге деген жең­сік сезім билеп кеткен де болар, әй­теуір үйіне барған бойда, епсекті жі­гіттерді шақырып алып, өмірлік серігіне айналған кітапханасымен сөй­лесе жүріп, қағаз қорапқа қаттап-қат­тап қалап бізге жіберді, өзі туған, Түркістанына жолдады кітапханасын!. Қо­рап-қорап кітаптарды көтеріп кө­лік­ке артып әкетіп бара жатқан жігіт­терге қарата: «Сәбит ағам «Туған жер, жер жоқ сенен ыстық, Өйткені, сенде туып, сенен ұштық» деген еді. Кісіге кіндік қаны тамған жерден артық жер болмас. Менің туған жерім – Менің Мы­сыр шаһарым. Қимас қазынам ту­ған Түркістаныма аман жетсін, Құлбек ұйымдастырған «Түрік тілдес халықтар кітапханасына» аман барып, бүкіл ғұмырыма, жазушылық тағдырыма қыз­мет еткен қазына-байлығым ендігі жерде кейінгі ұрпағыма қызмет етсін!», – депті толқып тұрып… Сосын бетін сипапты…
…Енді міне, сол Насыр ака жоқ мы­нау жарық жалғанда!
Қаламдас Шамырза Мадалиев інім На­сыр аға қазасын есіттірген сәтте мен осы жайларды көз алдымнан өткіздім. Сөйт­тім де: «Жазушы туралы «жоқ» деп айтпау керек. Жазушының өзі дү­ниеден озғанымен, оның шығармалары кейінгі ұрпақпен бірге жасай береді емес пе?!», – деп шүкіршілік еттім, өзім­ді-өзім түзедім… Хош, аға, има­ныңыз пейіште шалқысын!

Түркістан.

1 пікір

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.